Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2011 - 2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспары туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 19 ақпандағы № 158 Қаулысы
(2013.31.12. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 62-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2011 - 2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспары бекітілсін.
2. Осы қаулы 2011 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
| Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
ҚР Үкіметінің 2011.23.04. № 439 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2011.30.12. № 1735 Қаулысымен (бұр.ред.қара) стратегиялық жоспар өзгертілді; ҚР Үкіметінің 2012.30.01. № 173 Қаулысымен (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2013.05.08. № 784 Қаулысымен (бұр.ред.қара) стратегиялық жоспар жаңа редакцияда
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 19 ақпандағы
№ 158 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң
2011 - 2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспары
1-бөлiм. Миссиясы мен пайымдауы
Миссиясы
Агроөнеркәсіптік кешенде мемлекеттің саясатын тиімді қалыптастыру және жүзеге асыру арқылы бәсекеге қабiлеттi агроөнеркәсiптік кешенді құру.
Пайымдауы
Бәсекеге қабiлеттi агроөнеркәсiптік кешенді құру.
2-бөлiм. Ағымдағы жағдайды және қызметтің тиiстi салаларының (аялар) даму үрдiстерiн талдау
1-стратегиялық бағыт. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту
Ауыл шаруашылығы жалпы өнім өндірісінің көлемі 2011 жылы
27 %-ға өсті және 2,2 трлн. теңгеден асты. Ауыл шаруашылығы өндірісінің осындай өсуі соңғы 10 жылдың ішінде ең жоғары көрсеткіш болып табылады.
2011 жылы ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі 4,4 мың АҚШ долларын құрады.
2011 жылы ауыл шаруашылығының негізгі капиталына инвестициялардың келуі 22,4 %-ға өсіп, 107,4 млрд. теңгені құрады.