Жекелеген көмір түрлерінің экспортына айрықша құқық берудің кейбір мәселелері туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 17 қарашадағы № 1011 Қаулысы
(2026.07.02. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
«Сауда қызметін реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабының 2 және 4-тармақтарына, «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 2) тармақшасына, Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 29 және 47-баптарына, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа 7-қосымшаның 10-бөліміне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған:
1) экспортына айрықша құқық берілген жекелеген көмір түрлерінің тізбесі;
2) айрықша құқық берілген сыртқы сауда қызметіне қатысушылардың тізбесі;
3) Жекелеген көмір түрлерінің экспортына арналған айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұру немесе тоқтату қағидалары бекітілсін.
ҚР Үкіметінің 2026.23.01. № 30 Қаулысымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2026 ж. 7 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті осы қаулының 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген жекелеген көмір түрлерінің экспортына айрықша лицензия беруді жүзеге асыратын лицензиар болып айқындалсын.
3. Жекелеген көмір түрлерінің экспортына арналған айрықша лицензияның қолданылу мерзімі оның қолданылуы басталған күнінен бастап бір жылды құрайды және сыртқы сауда шартының (келісімшартының) қолданылу мерзімімен немесе айрықша лицензия беру үшін негіз болып табылатын құжаттың қолданылу мерзімімен шектелуі мүмкін.
4. Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.
5. Осы қаулы 2023 жылғы 1 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | Ә. Смайылов |
Қазақстан Республикасы