Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2020 - 2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 8 қазандағы № 742 Қаулысы
ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 31 қаңтардағы № 63 Қаулысымен күші жойылды
Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласын әлеуметтік-экономикалық дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2020 - 2025 жылдарға арналған кешенді жоспары (бұдан әрі - Жоспар) бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдары және Шығыс Қазақстан облысының жергілікті атқарушы органдары Жоспарда көзделген іс-шаралардың уақтылы орындалуын қамтамасыз етсін және жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 15 қаңтардан және 15 шілдеден кешіктірмей Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігіне олардың іске асырылу барысы туралы ақпарат берсін.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 1 ақпаннан және 1 тамыздан кешіктірмей Қазақстан Республикасының Үкіметіне Жоспардың іске асырылу барысы туралы жиынтық ақпарат берсін.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігіне жүктелсін.
5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | А. Мамин |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2019 жылғы 8 қазандағы
№ 742 қаулысымен
бекітілген
Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың
2020 - 2025 жылдарға арналған
кешенді жоспары
Ағымдағы жағдай
Семей қаласы - Шығыс Қазақстан облысының (бұдан әрі - ШҚО) өнеркәсіптік дамыған, орман, су және энергетикалық ресурстар, минералды шикізаттың едәуір қоры бар өңірлердің бірі.
Бас жоспарға сәйкес Семей қаласының әкімшілік бөлігіне Степной, Восход, Бобровка, Восточный, Ұшақтар, Мирный, Пристань кенттері кіреді.