Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының
Регламенті
(Регламентті Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты 1996 жылғы 8 ақпанда қабылдады)
(2009.11.12. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2016 жылғы 24 наурызда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
I БӨЛIМ
Жалпы ережелер
1. Сенаттың Регламенті Сенат отырыстарын өткізу, оның органдарын құру мен олардың қызметін ұйымдастыру, сондай-ақ Сенат депутаттары мен лауазымды адамдарының өкілеттігін жүзеге асыру шарттары мен тәртібін белгілейді.
Сенат Регламентіне өзгерістер мен толықтырулар Палата отырыстарында Сенат депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады және Сенат қаулысымен ресімделеді.
2. Сенат отырыстары ашық жүргізіледі. Осы Регламентте көзделген жағдайларда Палата жабық отырыстар өткізуге құқылы
3. Сенаттың ұйымдастырылуы мен қызметі, оның депутаттарының құқықтық жағдайы Қазақстан Республикасының Конституциясымен, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңымен, басқа да заң актілерімен және осы Регламентпен белгіленеді.
ҚР Парламенті Сенатының 2007.20.09. № 17-IV Қаулысымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Сенатта жұмыс қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Отырыстар, әдетте, мемлекеттік тілде өткізіледі.
II БӨЛIМ
Парламент Сенатының отырыстарын өткізу тәртібі
ҚР Парламенті Сенатының 2007.20.09. № 17-IV Қаулысымен 1-тарау өзгертілді (бұр.ред.қара)
1-тарау. Парламент Сенатының отырыстары
ҚР Парламенті Сенатының 2007.20.09. № 17-IV Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2009.11.12. № 526-IV Қаулысымен 5-тармақ өзгертілді
5. Палатаның отырысын, әдетте, Палата депутаттарын отырыс өткізілерден жеті күн бұрын хабардар ете отырып, Сенат Төрағасы шақырады. Жекелеген жағдайларда Сенат Төрағасы Палата отырысын өзге мерзімдерде шақыра алады. Жоғарыда аталған мерзімдерде депутаттар қажетті материалдармен қамтамасыз етіледі.