Ғылыми дәрежелер беру ережелерін бекіту туралы Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрінің 2003 жылғы 10 қаңтардағы № 16 бұйрығы
(ҚР Білім және ғылым министрлігінің 01.03.04 ж. № 159; 09.06.04 ж. № 535
бұйрығымен енгізілген өзгерістерімен)
Осы редакция 2005 ж. 12 сәуірдегі енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Жоғары білікті кадрларды аттестаттаудың нормативтік құқықтық базасын жетілдіру мақсатында бұйырамын:
1. Қоса беріліп отырған Ғылыми дәрежелер беру ережелері бекітілсін.
2. Жоғары аттестациялық комитет (Құсайынов А.Қ.) жоғары білікті ғылыми және ғылыми-педагогтік кадрларды аттестаттау мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық құжаттарын осы бұйрыққа сәйкес келтірсін.
3. Құқықтық қамтамасыз ету және аудит басқармасы (Күзембаев М.М.) осы бұйрықты белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеуден өткізуге тапсырсын.
4. Осы бұйрық 2003 жылғы 1 наурыздан қолданысқа енгізіледі.
5. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрі міндетін атқарушының 2001 жылғы 4 маусымдағы "Ғылыми дәрежелер беру ережелерін бекіту туралы" № 422 бұйрығы күшін жойды деп саналсын.
6. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау бірінші вице-министр Ғ.М.Мұтановқа жүктелсін.
Министр
Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым Министрінің
2003 жылғы 10 қаңтардағы
№ 16 бұйрығымен бекітілген
ҒЫЛЫМИ ДӘРЕЖЕЛЕР БЕРУ ЕРЕЖЕЛЕРІ
1. Жалпы қағидалар
1. Осы Ережелер ғылыми және ғылыми-педагогтік кадрлардың біліктілігін бағалаудың құқықтық негіздерін және ғылыми дәреже алу үшін ұсынылған диссертациялар жауап беруге тиісті критерийлерді анықтайды.
2. Ғылымның әр саласы бойынша ғылыми дәрежелер беру жөніндегі біртұтас мемлекеттік саясатты мемлекеттік аттестаттау органы - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Жоғары аттестациялық комитеті (бұдан әрі - ЖАК) қамтамасыз етеді.