Байланыс саласындағы қызметтi лицензиялаудың кейбір мәселелерi туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 29 қыркүйектегі № 998
Қаулысы
Осы редакция 2005 ж. 20 шілдедегі енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Байланыс саласындағы қызметтi лицензиялау тәртібін реттейтiн нормативтік құқықтық базаны жетiлдiру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған:
1) байланыс саласындағы қызметтi лицензиялау кезiндегі біліктiлiк және қосымша (арнайы) талаптар;
2) байланыс саласындағы кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға лицензиялар беру шарттары;
3) Байланыс саласындағы қызметті жүзеге асыруға лицензиялар алу үшiн конкурстар өткізу ережесi;
4) байланыс саласындағы лицензиялауға жататын қызметтер тiзбесi бекітілсін.
2. Қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінiң кейбір шешiмдерінiң күшi жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
| Премьер-Министрі | Д.К. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкiметінің
2004 жылғы 29 қыркүйектегi
№ 998 қаулысымен
бекітілген
Байланыс саласындағы қызметтi лицензиялау кезіндегі біліктілік және
қосымша (арнайы) талаптар
1. Өтініш берушi сай болуы тиiс байланыс саласындағы лицензияланатын қызмет түрлеріне қойылатын біліктiлiк талаптары мыналардың:
1) штатында инженерлiк-техникалық қызметкерлер - байланыс және ақпараттық технологиялар саласында бейiнi бойынша тиiсті жоғары немесе орта арнайы білімi бар жауапты орындаушылардың, сондай-ақ біліктiлiгiне сәйкес үш жылдан кем емес жұмыс стажының;
2) бақылау-өлшеу және сынау жұмыстарын жүргiзу үшiн метрологиялық базаның (тиісті шарт болған жағдайда жеке меншiк құқығында өтiнiш берушiге не өзге жеке немесе заңды тұлғаға тиесілi);
3) өтiнiш берушiнiң лицензияны алған сәттен бастап қызметтердi ұсынудың басталуы көрсетiлген бизнес-жоспарының болуын қамтиды.
2. Қосымша (арнайы) талаптар лицензия сұратылып отырған қызмет түрi бойынша түсiндiрме жазба түрiнде ресiмделедi.