Введите номер документа
Прайс-лист

«Қазақстан Республикасының Ұлттық биотехнология орталығын дамытудың 2006-2008 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 3 мамырдағы № 363 Қаулысы (2006.15.06. берілген өзгерістерімен)

Скачать в Word

Скачать документ в формате .docx

Информация о документе
Датасреда, 3 мая 2006
Статус
Действующийвведен в действие с
Дата последнего изменениясреда, 3 мая 2006

«Қазақстан Республикасының Ұлттық биотехнология орталығын дамытудың
2006-2008 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы»
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 3 мамырдағы № 363 Қаулысы

(2006.15.06. берілген өзгерістерімен)

 

Қазақстан Республикасының биотехнология саласында ғылымды дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етедi:

1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Ұлттық биотехнология орталығын дамытудың 2006-2008 жылдарға арналған тұжырымдамасы мақұлдансын.

2. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Ұлттық биотехнология орталығын дамытудың 2006-2008 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілсін.

3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

 

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

 

Д. Ахметов

 

Қазақстан Республикасы Үкіметінің

2006 жылғы 3 мамырдағы

№ 363 қаулысымен мақұлданған

 

Қазақстан Республикасының Ұлттық биотехнология орталығын дамытудың

2006-2008 жылдарға арналған

Тұжырымдамасы

 

МАЗМҰНЫ

 

Кіріспе

1.Биотехнологияның осы заманғы жай-күйін талдау

§ 1. Биотехнологиялық өнімнің әлемдік нарықтың жай-күйін және даму үрдісін талдау

§ 2. Биотехнологияның негізгі бағыттары

§ 3. Қазақстанда биотехнологияны дамытудың негізгі алғышарттары

§ 3.1. Қазақстанда биотехникалық өнімдерге деген сұраныс пен ұсынысқа баға беру

§ 3.2. Қазақстанда биотехнологияны дамытудың өзектілігi

§ 4. Қазақстанда ғылыми ұйымдастыру жүйесінің дамуының өткен тарихи шолу

§ 5. Қазақстанда және әлемде биотехнология саласындағы ғылыми-техникалық

әзірлемелердің коммерциялық өсуіне кедергі болатын мәселелерді талдау

2. Ұлттық биотехнология орталығын одан әрі дамуының мақсаты мен міндеттері.

Ұлттық биотехнология орталығының миссиясы

3. Тұжырымдаманы іске асырудың негізгі тетігі биотехнологиялар саласындағы мемлекеттік саясат

§ 1. Қазақстанда биотехнология саласындағы ғылыми ұйымдар мен

зерттемелерді басқарудың ең тиімді моделін анықтау

§ 2. Білім беру жүйесінде және кадрлық әлеуетті қалыптастыруда халықаралық стандарттарды енгізу

§ 3. Зияткерлік меншік құқығын қорғау мәселелерi

§ 4. Нормативтік-құқықтық базаны дамыту

4. Ғылыми және инновациялық қызметті басқарудың жаңа моделіне сәйкес

Ұлттық биотехнология орталығын дамыту

5. Тұжырымдаманы іске асырудан күтілетін нәтижелер және кезеңдер

§ 1. Тұжырымдаманы іске асырудың кезеңдерi

§ 2. Тұжырымдаманы іске асырудан күтілетін нәтижелер

6. Қажетті қаржыландыру көздері мен көлемi

7. Ұлттық биотехнология орталығын дамытудың 2006-2008 жылдарға

арналған тұжырымдамасын іске асыру бойынша іс-шаралар жоспары

 

Кіріспе

 

Жоғары дамыған елдерде экономиканың төрт деңгейлі салалық бөлуі қалыптасқан, атап айтқанда:

шикізатты өндіру және бастапқы қайта өңдеу салалары;

дәстүрлі өнеркәсіп салалары;

материалды және еңбекті салыстырмалы төмен қажетсінетіндігімен, бірақ қосымша құндағы ғылыми-зерттеулер және тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелерге (бұдан әрі - ҒЗТКӘ) арналған шығындардың өте жоғары үлесімен сипатталатын жоғары технологиялық салалар (high tесh);

бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу, жүйелік ықпалдасу, консалтинг, білім беру және т.б. сол сияқты "жұмсақ" (soft) технологиялар (қызметтер) саласы.

Экономиканың дәстүрлі салаларындағы қосымша құнның негізгі бөлігі шикізатты өндіру және бастапқы қайта өңдеу процесінде не өнімді өндіру процесінде (салалардың екінші тобы) құралады.

Инновациялық процесс тұтастай алғанда экономика мен қоғамды жаңғырту процесінің негізгі мазмұны болып табылады, ең алдымен зияткерлік еңбек нәтижелерін кеңінен пайдалануға негізделеді.

«Құнның жинақталу тізбегінің» құрылымын талдаудың осы заманғы тәсілі инновациялық циклдің «материалдық емес» құрамдас бөліктерімен байланысты сатылары болашақ пайдаға зор үлесін қосатынын айғақтайды. Қосымша құнның осы бөлігінің басты элементтері ҒЗТКӘ, зияткерлік меншікке арналған құқықтарды пайдалануда, тиімді басқару процесінде құралады.

Қазіргі уақытта әлемнің жетекші елдерінің экономикасының дәстүрлі индустриялықтан ұлттық индустриядан кейінгі, яғни білім мен жоғары технологияларға негізделген экономикаға ауысу тенденциясы айқын байқалады.

Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамуының 2003-2015 жылдарға арналған стратегиясы Қазақстанның экономика дамуының индустриялық-инновациялық жолына бейілділігін нақты айқындайды.

Келтірілген аргументтер Қазақстан экономикасының салалық құрылымын жоғары технологиялық, ғылыми салалардың үлесінің елеулі ұлғаю жағына өзгерту қажеттілігі туралы айғақтайды. Бұл республикада жүргізілген жүйелі реформалардың, сондай-ақ әлемдік рыноктағы қалыптасқан мұнайдың жоғары конъюнктурасының алғашқы тиімділігі екенін есте ұстауымыз керек. Экономиканың шикізаттық бағыты республиканың тұрақты өсу аймағына шығуына мүмкіндік бермейді. Тұрақтандырылған экономиканы құру үшін оны индустрияландыру қажет, ал тұрақты өсу аймағын қалыптастыру және тиімді экономиканы құру үшін жоғары технологияларды қолданатын ғылыми инновация енгізілуі тиіс. Қазақстанның жағдайында мынадай салалар өсу нүктелері болуы мүмкін:

ақпараттық;

аэроғарыштық;

биотехнологиялық;

ядролық.

Қазақстан Республикасының Ұлттық биотехнология орталығын дамытудың 2006-2008 жылдарға арналған тұжырымдамасы (бұдан әрі - Тұжырымдама) «Қазақстан Республикасының Ұлттық биотехнология орталығының» дамуы негізінде (бұдан әрі - ҰБО) Қазақстандағы биотехнология саласының дамуына бағытталған.

 

 

1. Биотехнологияның осы заманғы жай-күйін талдау

 

Биотехнология ғылыми-техникалық прогрестің маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Биологиялық және техникалық ғылымдар саласындағы генетикалық және клеткалық инженериядағы осы заманғы жетістіктерінің негізінде адамдардың өмір сүру деңгейін көтеру үшін мақсатты түрде жасалған тірі жүйелердің (ең алдымен микроорганизмдер) әлеуетті мүмкіндіктерін пайдалануға болады. Биотехнологиялық өнімнің көмегімен жақын перспективада да және стратегиялық тұрғыда да өндірістік-технологиялық, экологиялық және әлеуметтік-экономикалық проблемалар шешілуде.

Әр елдер, соның ішінде Қазақстан үшін де ұлттың салауаттылығы, экономикалық ауқаттылық немесе қорғаныс қабілеттілігі болса да болашағының даму мәселелері маңызды болып табылады. Бұл мәселелерді шешуде биотехнология маңызды роль атқарады, ол ғылымды барынша қажетсінетін салалардың жетістіктерін жинақтайды, сол арқылы олардың дамуын ынталандыра отырып, жеткен нәтижені барлық қалған салаларға таратып, оларға мүлдем басқаша сапалық деңгейге серпінді көтерілуіне мүмкіндік береді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының сарапшыларының қорытындысы бойынша ХХІ ғасырда биотехнология оның барлық қызмет салаларында және ең бірінші кезекте азық-түлік өнімдерін, медициналық препараттарды алуда, ауыл шаруашылығында, экология, энергетика салаларында адамзаттың дамуын анықтайтын болады.

Соңғы онжылдықта биологияда болған өзгерістер биотехнологияның дамуында қағидалы жаңа перспективаларды ашты, өндірісте биологиялық процестерді қолдану шектерін кеңейтті және «осы заманғы биотехнология» деген жалпы атауымен біріктірілген жаңа бағыттардың пайда болуына әкеліп соқты.

 

§ 1. Биотехнологиялық өнімнің әлемдік нарықтың жай-күйін талдау

және даму беталысы

 

Осы заманғы биотехнологияның әдістерін дамыту биотехнологиялық өнімдердің тауар рыногының өз бетінше қалыптасуына әкелді. Биотехнология макроэкономикалық маңызы бар өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамыту бағыттарының бірі болып табылады. Сондықтан, экономика үшін тиімділік жағынан елеулі маңызы ескеріле отырып, биотехнология бойынша әлемнің барлық жетекші елдерінде мемлекеттік және жеке капиталмен қаржыландырылатын ұлттық және халықаралық бағдарламалар әзірленген және қолданылуда.

Осылайша, әлемдегі биотехнологиялық өнеркәсіп рыногының жыл сайынғы өсімі шамамен 7% құрайды.

Әлемде биотехнологиялық препараттарды сатудың жылдық көлемі:

тамақ өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығында - $46 млрд.;

гендік-модификацияланған өсімдіктердің тұқымдық материалы - $30 млрд.;

фармацевтикалық препараттар - $27 млрд.;

жуу құралдарын өндіру үшін ферменттер - $21 млрд.;

өсімдік және жануарлар шикізатынан алынған емдеу-косметикалық құралдары - шамамен $40 млрд. құрайды.

2010 жылға биотехнологиялар рыногының жалпы көлемінің өсуі $2 трлн. болжанып отыр.

Осы заманғы әлемдік биоиндустрия айналымының жартысынан көбі АҚШ үлесіне тиеді. Салыстыру үшін, биотехнологияны қаржыландыру көлемі бір жылда АҚШ-та - $100 млрд., Қытайда - $1 млрд., Ресейде - $0,04 млрд. құрайды, ал сол уақытта Қазақстанда республиканың 2005 жылға арналған бюджетінде биотехнология саласында мақсатты зерттемелер мен әзірлемелерге $1 млн. (0,001 млрд.) сома жоспарланған.

Жапония биотехнология дамуының деңгейі бойынша АҚШ-тан кейін екінші орын алып отыр. Бұл саланың дәстүрлі салаларында, атап айтқанда ферменттер, антибиотиктер және аминоқышқылдар өндіруде күшті ұстанымдарға ие бола отырып, ең жаңа биотехнологияның әдістерін қолдануда АҚШ-тан едәуір артта қалып отыр. Қазіргі уақытта Жапонияның фармацевтикалық өнеркәсібінің ҒЗТКӘ-ге арналған тек 5 % жуық шығындар гендік инженериясы саласындағы зерттемелерге келеді және 120 жуық фирмалардың ең жаңа биотехнологияның әдістерін пайдаланумен дәрі-дәрмек құралдарын алу тәсілдерін әзірлеу бойынша өз бағдарламалары бар. Жапонияда биотехнологияны дамыту үшін мемлекеттік және жеке секторлар арасындағы тығыз ынтымақтастықтың елеулі маңызы бар, жекелеген биотехнологиялық бағдарламаларды іске асыруға елдің үкіметі қатысады.

Биотехнология АҚШ және Жапониямен бірге Батыс Еуропа елдерінде жылдам қарқынмен дамуда. Өз қызметін үйлестіріп алып, болашақта бұл елдер биотехнологиялық өнімдер рыногының конъюнктурасына елеулі әсерін тигізуі мүмкін. Батыс Еуропада биотехнологиялық фирмалар, негізінде бұрында іргелі ғылыми зерттемелер жүргізген зертханалар базасында пайда болды. Қазіргі уақытта олардың көбісі өнеркәсіптік корпорациялар және қаржылық мекемелермен қаржыландырылады, немесе үкімет тарапынан қаржылық көмекті пайдаланады.

Батыс Еуропалық елдерінің үкіметтері қаржыландыратын биотехнологияны дамытудың бағдарламалары мақсатты бағдарламаларды жүзеге асыруға немесе нақты коммерциялық мақсаттарға жетуге бағытталған (АҚШ-тан айырмашылығы, мемлекеттің күш-жігері көбінесе іргелі зерттемелерді қолдауға бағытталған, ал жеке сектордың кәсіпорындары мен ұйымдары мемлекеттің қаржылық қолдауынсыз дамиды).

Гендік инженериясы және биотехнологиялардың халықаралық орталығы (ІСGЕВ) ЮНЕСКО басшылығымен құрылған және Еуропаның, Азияның, Африканың, Латын Америкасының 45 елдерін біріктіреді. Ұйым мүшелері денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және экология салаларында биотехнологиялық өнімдердің ғылыми зерттеулері және әзірлемелерімен айналысады.

ІСGЕВ мақсаттары: бейбіт мақсатта гендік инженериясы мен биотехнологияны қолдану және дамыту саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа жәрдемдесу; дамушы елдерге гендік инженериясы мен биотехнология саласында олардың ғылыми-технологиялық әлеуетін нығайтуға көмек көрсету; мүше елдердің ғылым мен техника саласындағы мамандар арасында ақпарат, тәжірибе, ноу-хау алмасуды дамыту болып табылады.

Тұтастай алғанда биотехнологиялық өнеркәсіпті 3000 астам биотехнологиялық компаниялар, академиялық мекемелер, мемлекеттік биотехнологиялық орталықтар және әлемнің басқа да ұйымдары ұсынады.

 

АҚШ-тағы биоиндустрия

 

Биотехнологияның отаны АҚШ деп санауға болады.

1980 жылдан 1983 жылға дейінгі кезеңде Америкада 200 жуық ұсақ биотехнологиялық компаниялар құрылған болатын. Бұған салық жеңілдіктерін енгізу, құнды қағаздармен операциялардан түсетін жоғары пайда және жеке салымшылардың мүдделілігі әсер етті. Genentech биотехнологиялық фирмасының вице-президенті болған Сан-Францискодағы Калифорниялық университеттің ғылыми қызметкері Герберт Бойердің соңынан көптеген университеттік профессорлар өз компанияларын ашты.

1985 жылға қарай АҚШ-та 400-ден аса биотехнологиялық фирмалар қызмет еткен; олардың көбісі гендік-инженерлік цехқа жататынын көрсету үшін өз атауына "ген" сөзін енгізген: Biogen, Amgen, Calgene, Engenics, Genex, Cangene. Бүгінгі күні елде 1500-ден аса биотехнологиялық компаниялар бар. Сонымен қатар, молекулалық биотехнологияның дамуына барлық ірі халықаралық химиялық және фармацевтикалық компаниялар, соның ішінде Мonsanto, DuPont, Upjohn, American Cyanamid, Еli Lilly, SmithKline Beecham, Merck, Novartis, Hoffman-LaRoche зор үлес қосты.

80-ші жылдары биотехнологиялық бизнестің қарқынды дамуы кезеңінде ұсақ компаниялар бірлескен кәсіпорындар пайда болды. Мысалы, 1991 жылы Genentech компаниясының акцияларының 60 % Нoffmann-LaRoche фирмасына 2,1 млрд. долларға сатылған. Сол уақытта көптеген компаниялар банкротқа ұшыраған. Осында жылжымалылық-биотехнологиялық индустрияның ерекшелік сипаты.

Молекулалық-биотехнологиялық индустрияның табысы 1986 жылы 6 млн. доллардан 30 млрд. долларға артты, 1996 жылғы және бүгінгі күні бір жылға 160 млрд. доллар құрайды.

Алайда, тұтастай алғанда биотехнологиялық бизнестің табысы жоғары болмады, біз күткендей инвесторлардың ынта-ықыласы азаймады және бұл молекулалық биотехнология үлкен перспективаларға ие болғанын айғақтайды.

Мысалы, гендерді клондаумен айналысатын компаниялардан кейін АҚШ-та жұқпалы ауруларды, қатерлі ісікті және адамның басқа да ауруларын емдеуге арналған гендік-инженерлік әдістер арқылы алынатын антиденелерді шығаратын компаниялар пайда болды: Immunex, ImmuLogic, ImmunoGen, Immunomedics, Medlmmune, Immune Response.

Қазіргі уақытта биотехнологиялық кластерлер сияқты инновациялық құрылымдар өте маңызды болып отыр. АҚШ-тағы ең дамыған кластерлердің бірі Массачусетс штатында орналасқан. Онда дәрі-дәрмек препараттардан бастап ГМ-өсімдіктерге дейін әртүрлі өнімдерді шығаратын бірнеше ондаған биотехнологиялық фирмалар бар. Кластер үшін зертханалық зерттеулер атақты ғылыми орталықтарда, соның ішінде Массачусетс технологиялық институтында, Гарвард және Бостон университеттерінде жүргізіледі. Клиникалық зерттеулерді Бостон ауданындағы ауруханалар өзіне алады.

 

Еуропадағы биотехнологиялық сала

 

Еуропалық биотехнологиялық индустрия да үздіксіз дамуда. 1995 жылға қарай Еуропа елдерінде 600 астам биотехнологиялық компаниялар құрылды. АҚШ-тан басқа биотехнологиялық дәуірге кеш көшкен елдерде ұлттық молекулалық-биотехнологиялық индустрияны дамытудағы басты ролді мемлекет алды. Мұнда "ХХ ғасырдың барлық технологияларының ең үздік революциялық технологиясы" молекулалық биотехнология деген сенім стимул болды.

Еуропада сала үшін едәуір пайдалы рыноктық конъюнктура қалыптасты. Биотехнология саласында қызметшілерінің еңбек ақысы 30% жоғары АҚШ-қа қарағанда Еуропа елдерінің еңбек ақысы төмен деңгейі болып табылады. Еуропада білім берудің дамуының жоғары деңгейіне байланысты білікті қызметкерлерді іріктеу кезінде қиындықтар туындамайды. Еуропада негізгі айырмашылық көбіне заңмен жазылады, ал Америкада рынокпен анықталады.

 

Жапония мен Қытайдағы биоиндустрия

 

Жоғарыда айтылғандай, молекулалық биотехнология саласындағы коммерциялық әзірлемелердің үлкен бөлігі Құрама Штаттардың үлесіне тиеді. Инвестициялық ахуалы сонша қолайлы емес және бизнес белсенділігі төмен басқа елдерде молекулалық-биотехнологиялық кәсіпорындарды құруда ірі корпорациялар және мемлекет басты роль атқарады. Мәселен, Жапонияның үкіметі биотехнологияны "стратегиялық индустрия" және ұлттық басымдылық деп жарияланды. Ірі жапондық корпорациялар іске кірісті. Басында оларға өз кадрлары жетіспеді және алғашқы зерттеулер американдық университеттермен және компаниялармен ынтымақтастықта жүргізілді. Қазір бұл корпорациялар қажетті тәжірибені жинақтаған, өздері молекулалық-биотехнологиялық әзірлемелерді жүргізеді және гендік-инженерлік өнімдерді жасайды.

2002 жылы Жапонияның үкіметі қабылдаған 2010 жылға дейін жаңарған жоғары технологиялық салаларды дамытудың бағдарламасына сәйкес негізгі бағыттардың бірі биотехнологияның тәжірибелік қосымшасын дамыту деп танылған. Осы салада мамандандырылған компаниялар ішкі және сыртқы рынокқа өз өнімдерін жаппай жылжытуды жүзеге асыруда. Бұған мынадай факторлар әсер етеді:

ҒЗТКӘ жүргізу үшін қажетті техникалық жабдықталуы;

Жапонияның мемлекеттік органдарының тарапынан қолдауы. Қытайда биотехнологияның дамуының қарқыны жоғары. Қытайдың зерттеу институттары генетикалық модификацияланған өсімдіктердің 141 түрін әзірлеген, олардың 65 түрі өсіруге шешім қабылданған.

Солтүстік Америкадан тыс кез келген басқа елдерге қарағанда, Қытайда өсімдік өнімдерінің көп түрі биотехнологиялық жолмен жасалады. Қытайдың осы саладағы жетістіктері бірінші кезекте биотехнологиялық өнімдерді алуға мүдделі дамушы елдер батыстың технологияларын пайдалана алмайды деген ұғымды жоққа шығарды.

Қытайда генетикалық модификацияланған өсімдіктерді жасау толығымен мемлекеттік қаржыландыруда болады. Өкіметтің трансгендік азық-түлік өнімдерінің өндірісін дамытуда мүдделі екені түсінікті, өйткені дәстүрлі ауыл шаруашылығы әлемнің ең қыруар ұлтының тез өсіп келе жатқан халқын тамақтандыра алмайды.

 

Ресейдегі биоиндустрия

 

Ресейлік биотехнологиялық өнеркәсіптің дамуы ССРО Министрлер Кеңесінің жанындағы Микробиологиялық өнеркәсіптің бас басқармасының құрылуынан басталды. Алғаш рет әртүрлі қол жетімді және жеткілікті арзан шикізаттан жасалған өнімдердің ең кең ассортиментінің микробтық синтезге негізделген өнеркәсібі құрылды. Қазіргі уақытта биотехнологиялық өнеркәсіптің құрамына қырықтан астам кәсіпорындар мен ұйымдар кіреді.

1990 жылдардағы экономикалық дағдарыс елдің биотехнологиялық өнеркәсібіне де әсерін тигізді. Егер ССРО АҚШ-қа ғана жол беріп, биотехнологиялық саланың әлемдік өнімінің 3-5% шығарып, микробиологиялық өнеркәсіпті дамыту бойынша әлемде екінші орын алса, қазірде Ресей Федерациясы ондай өнімнің әлемдік көлемінің 1% кем өндіреді. Мұндағы негізгі өнімдердің қатарының: антибиотиктердің, витаминдердің өндірісі іс жүзінде тоқтатылды, ферменттерді өндіру 6 есеге,, антибиотиктер - 12 есеге, жем белогы - 25 есеге азайды. Медицина үшін Ресейдің үлесіне гендік-инженерлік препараттардың әлемдік өндірісінің 0,02% келеді. Биотехнологиялық өнім түрлерінің маңыздылығы бойынша Ресейдің импорттан тәуелділігі өте зор: мысалы, инсулин бойынша ол 100%, антибиотиктер бойынша - 90% астам құрайды.

2003 жылы Ресейде биотехнологиялық рыноктың көлемі $510,6 млн. жетті. Бұл цифр, мысалы, шамамен $2,5 млрд. ресейлік ІТ рыногының көлемімен салыстырғанда өте аз боп көрінеді.

Ресейде бұл өнеркәсіп саласы мүлдем жойылмағанына қарамастан, соңғы бір жарым жылда ішкі саясат оның дамуында елеулі сәйкессіздіктерге әкелді. Осылайша, этил спиртінің өндірісі сала өндірісінің көлемінде 70% жетті.

 

§ 2. Биотехнологияның негізгі бағыттары

 

10 жылдың ішінде жіңішке химия (биокатализаторлар, органикалық синтездің өнімдері), өндіру өнеркәсібі (биогеотехнологиялар, топырақ биоремедиациясы), жартылай өткізгіштерді өндіру (жаңа материалдар), ақпараттық технологиялар (микроэлектрондық жүйелер, биоинформатика құралдары, биологиялық қағидаттар негізіндегі құрылғылар, биокомпьютерлер) сияқты экономиканың маңызды салаларында биотехнологияны қолдау аясын елеулі кеңейту болжанып отыр. Жекелеген салаларда биотехнологиялық әдістерді енгізу өндірістік базаның сапалық өзгеруіне әкеліп соғады.

2010 жылға қарай биотехнологияларды қолданумен алынатын өнім әлемдік химикаттар рыногының шамамен 30% құрайды. Бұл рыноктың көлемі 1,5 трлн. долларға бағаланады. Генетикалық модификацияланған дақылдарды кеңінен тарату гербицидтер мен пестицидтердің сатылуын жыл сайын 30% кемуіне әкеліп соғады.

Әлемдік биотехнологияда гендік инженерия кең дамыған. Биоинженерия саласында барлық әлемдік зерттеулердің негізгі бағыты адам үшін пайдалы белгілерге ие генетикалық модификацияланған организмдерді (ГМО) жасауға шоғырландырылған. Гендік-инженериялық қызметтің кең мағынада үш негізгі мақсаты бар: фармакологиялық және тамақ өнеркәсібі үшін генетикалық модификацияланған (бұдан әрі - ГМ) өсімдіктерді, ГМ-жануарларды және ГМ-микроорганизмдерді жасау.

Гендік инженерия жолымен алынған дәрі-дәрмек препараттары (атап айтқанда, синтетикалық инсулин, рекомбинанттық интерферон, гепатитке қарсы екпелер) дүние жүзінде ғылыми ортада және тұтынушылардың тұрақты сұранысымен белгілі. Ең алдымен адам мен жануарлар белогының негізіндегі гендік-инженерлік дәрі-дәрмек препараттары көбіне тек биотехнологияның көмегімен ғана алынуы мүмкін және олар ауыр науқастарды емдеу кезінде айырбасталмайтын теңдессіз болады. Мысалы, проурокиназ - тромболитиканың төртінші шығарылған жаңа түрін пайдалану миокард инфаркттан өлімді бес есеге азайтады. Лактоферринді пайдалану "жасанды тамақтандырылған" балалардың гастроэнтериттермен ауруын 10 есеге азайтады.

Қазіргі уақытта әлемде 143 гендік-инженерлік дәрі-дәрмек субстанцияларын өндіруге рұқсат берілді және 26 - рұқсат алу кезеңінде. Өндірудің басталуын екі-үш жылдан кейін күтуге болатын адам геномының мағынасын ашу, таяу арада адамның жаңа реттеуіш белоктарының ашылып және олардың негізінде жаңа дәрі-дәрмек препараттары жасалынады деп болжам жасауға мүмкіндік береді. Сарапшылардың болжамы бойынша 10 жылдан кейін олар әлемдік фармацевтиканың 15 пайызын өзіне алады, 20 жылдан кейін барлық бүгінгі дәрі-дәрмек құралдарының ең кемінде жартысын алмастырады.

Бірінші рет гендік-инженерлік әдістерді ғалымдар микроорганизмдерге қолданды. ГМ-өнімдердің алғашқыларының бірі инсулин болды - дезоксирибонуклеиндік қышқыл бактериясыда (бұдан әрі - ДНК) оның синтезіне жауапты ген енгізілді. Қазір әлемде барлық инсулин трансгендік бактериялардан өнеркәсіптік тәсілмен алынады.

Кейінірек ғалымдар көптеген қажетті белоктарды бактериялар көмегімен алуға мүмкін емес екенін айқындап, пайдалы сапаларға ие трансгендік өсімдіктер мен жануарларды шығаруымен айналыса бастады. Дәрілік препараттарды өндіру трансгендік жануарлар көмегімен ғана емес, өсімдіктер арқылы да алуға болады.

Ғылыми әзірлемелердің басқа бағыты - ауруларға Қарсы жоғары тұрақтылығы не басқа да пайдалы қасиеттерге ие жануарлар мен өсімдіктерді шығару. Сарапшылардың пікірі бойынша, бұл ғылым және өнеркәсіптің дамуының өте пайдалы және перспективалы бағыты. Сарапшылардың бағалауы бойынша, 2010 жылы гендік-инженерлік технологияларды қолданудан дүниежүзілік табысы $1 трлн. құрайды.

Дүние жүзінде белсенді түрде таралып және бір елдер қатарында қарсылыққа кез болатын генетикалық модификацияланған өсімдіктер саласындағы жағдай мүлдем басқаша. ГМ-өсімдіктермен байланысты талқыланатын басты мәселе - олардың адам мен қоршаған орта үшін қаншалықты қауіпсіздігі.

 

Биоинженериядағы биотехнология

 

Генетикалық инженерия негізінде биотехнология мынадай бағыттарға ие:

белоктық және клеткалық инженерия;

инженерлік энзимология;

биосенсорика;

моно- және поликлондық антиденелер негізіндегі иммунодиагностика.

Биоинженерия негізіндегі биотехнологияның негізгі мәні - тірі организмдерді жетілдіру және жетілдірген қасиеттерге ие және табиғатта аналогы жоқ жаңа биологиялық белсенді қосылыстарды алу.

Биоинженерия негізіндегі биотехнология мынадай салаларда қолданылады:

денсаулық сақтау және фармацевтика (диагностикумдардың жаңа ұрпағын, рекомбинанттық белоктар, ферменттер, гормондар негізінде дәрі-дәрмек препараттарды жасау);

өнеркәсіптің әртүрлі салалары (өнеркәсіптік процестерді интенсификациялау үшін биокатализаторларды, рекомбинанттық ферменттерді, модифицикацияланған микроорганизмдерді жасау);

ауыл шаруашылығы (жетілген қасиеттермен және жоғары өнімділігімен трансгендік өсімдіктер мен жануарларды жасау, гендік-инженерлік өсім реттеуіштерін, био тыңайтқыштарды пайдалану);

қоршаған ортаны қорғау (қалдықтарды пайдаға асыру, ксенобиотиктердің биодеградациясы, суды тазалау).

Генетикалық өзгерілген не генетикалық модификацияланған өнімдер - бұл ДНК-на ерекше табиғаттан берілмеген ген енгізілген өсімдіктерден алынған өнімдер, оның арқасында олардың бойында әртүрлі жаңа қасиеттер пайда болады.

Өсімдіктердің жаңа түрлерін жасауда үш кезеңді бөледі.

Бірінші - вирустарға, паразиттерге немесе гербицидтерге қандай да бір жаңа тұрақтылық қасиеті бар өсімдіктерді жасау. Бірінші кезеңде өсімдіктің түрлерін жасауда салыстырмалы шапшаң жетістік енгізілген тұрақтылық қасиеті бір генмен айқындалатынымен түсіндірілді, ал гендер көзі өсімдіктердің вирустары немесе топырақ бактериялары (жәндіктерге, гербицидтерге тұрақтылық гендері) болды, яғни ген доноры ретінде жақсы зерделеген табиғатта бар қарапайым биологиялық объектілер пайдаланылды.

Қазіргі уақытта мүмкін бізге екінші кезеңнің шыңына шығуға екі-үш жыл қалған шығар - жаңа агрономдық функциялық қасиеттері бар өсімдіктерді жасау. Бірінші кезекте - бұл майлы дақылдарында өзгертілген май құрамы, сондай-ақ құрамында витаминдері көп жеміс пен көкөніс, құнарлығы жоғарылатылған бидай дақылдары және т.б.

Укажите название закладки
Создать новую папку
Закладка уже существует
В выбранной папке уже существует закладка на этот фрагмент. Если вы хотите создать новую закладку, выберите другую папку.
Сравнение редакции
Режим открытия документов

Укажите удобный вам способ открытия документов по ссылке

Включить или выключить функцию Вы сможете в меню работы с документом

Доступ ограничен
Чтобы воспользоваться этой функцией, пожалуйста, войдите под своим аккаунтом.
Если у вас нет аккаунта, зарегистрируйтесь
Обратная связь

Уважаемый пользователь! Мы стремимся постоянно улучшать качество наших услуг. Пожалуйста, поделитесь своими предложениями — Ваше участие поможет нам стать ещё удобнее и эффективнее для Вас!