Поездар қозғалысымен байланысты терминдерді бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2011 жылғы 9 наурыздағы № 124 бұйрығы
ҚР Көлік министрінің м.а. 2025 жылғы 19 қыркүйектегі № 302 бұйрығымен күші жойылды
«Темір жол көлігі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабы 2-тармағының 32) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған поездар қозғалысымен байланысты терминдер бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Көлік және қатынас жолдары комитеті (Н.И. Қилыбай) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық қол қойылғаннан кейін күшіне енеді, таратуға жатады.
Қазақстан Республикасы
Көлік және коммуникация
министрінің 2011 жылғы
9 наурыздағы № 124
бұйрығымен бекітілген
Поездар қозғалысымен байланысты терминдер
1. Айналма маршрут - бір жүк жөнелтуші біртекті жүк тиеген бір жөнелту станциясынан бір жүк алушының атына бір станцияға тағайындалған және жүк түсіргеннен кейін бос вагондар бастапқы жөнелту станциясына жүз пайызды қайтарылатын бір жүк қағазымен ресімделген вагондардан тұратын белгіленген салмақты және ұзындықты поезд құрамы.
2. Аз тонналы жөнелтілім - бір жүк қағазымен тапсырылатын, массасы 10 тоннадан артық және 20 тоннаға дейін, төрт білікті вагондармен тасымалданатын, сыйымдылығы осындай вагон көлемінің жартысынан аспайтын жүк партиясы.
3. Аралық - іргелес станциялармен, разъездермен, басып озу пункттерімен немесе жол посттарымен шектелген темір жол желісінің бөлігі.
4. Арнайы жылжымалы құрам - темір жол жүрісіндегі алынбайтын жылжымалы бірліктер.
5. Арнайы өздіген жүретін жылжымалы құрам - мотовоздар, дрезиналар, жұмыстарды жүргізу үшін қажетті материалдарды тасымалдау немесе темір жол көлігі кәсіпорындарының қызметкерлерін жұмыс орнына жеткізу үшін қажетті арнайы автомотрисалар, көлік режиминдегі тартым жетегімен дербес қозғалтқышы бар теміржол-құрылыс машиналары.