Кеден органдарының лауазымды адамдары нысанды киімінің және нысанды киімінің (погонсыз) үлгілерін, онымен қамтамасыз етудің заттай нормалары мен айырым белгілерін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 15 қыркүйектегі № 1062 Қаулысы
(2013.12.09. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 15 шілдедегі № 523 Қаулысымен күші жойылды
«Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 30 маусымдағы Кодексі 483-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған:
1) кеден органдарының лауазымды адамдары нысанды киімінің және нысанды киімінің (погонсыз) үлгілері;
2) кеден органдарының лауазымды адамдарын нысанды киіммен және нысанды киіммен (погонсыз) қамтамасыз етудің заттай нормалары;
3) кеден органдарының лауазымды адамдары нысанды киімінің және нысанды киімінің (погонсыз) айырым белгілері бекітілсін.
2. «Қазақстан Республикасы кеден органдарының лауазымды адамдарының нысанды киімі мен айырым белгілерінің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 12 тамыздағы № 1247 қаулысының күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 15 қыркүйектегі
№ 1062 қаулысына
1-қосымша
Кеден органдарының лауазымды адамдары нысанды киімінің және
нысанды киімінің (погонсыз) үлгілері
Қазақстан Республикасы кеден органдарының жоғарғы басшы
құрамының үлгі нысанды киімі
ҚР Үкіметінің 2013.12.09. № 950 Қаулысымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Ерлерге арналған нысанды киім:
1) қаракөлден тігілген сұр түсті папаха;
2) төбесінің шеттерінде ашық көгілдір түсті жиегі бар, кокарда айналасының айнала жиектері алтын түспен зерленген, күнқағарының жиегіне зерленген таспа жүргізілген көгілдір-сұр немесе көк түсті күнделікті киетін фуражка;
3) теріден тігілген қара түсті күрте;
4) көк түсті жеңіл күрте;
4-1) көгілдір-сұр немесе көк түсті плащ;
5) көк түсті свитер;