ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ЗАҢЫ
Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Қазақстан Республикасының астанасы
2-бап. Астананың мәртебесі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы
3-бап. Астананың өңірлік нышаны
4-бап. Қала атынан берілетін атақ және көтермелеу түрлері
5-бап. Астананың аумағы мен қала маңындағы аймағы
2-тарау. АСТАНАДАҒЫ ЖЕРГІЛІКТІ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
6-бап. Астананың жергілікті мемлекеттік басқару органдарының міндеттері
7-бап. Астана мәслихатының өкілеттігі
8-бап. Астананың жергілікті атқарушы органының өкілеттігі
9-бап. Астананың әлеуметтік-экономикалық дамуына, туризмді дамытуға, сондай-ақ астананы халықаралық іс-шаралар мен көрмелерге дайындауға жәрдем көрсететін ұйым
10-бап. Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығаруды, оларды ғимараттардан (құрылыстардан, құрылысжайлардан) босатуды қамтамасыз ету саласындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын
11-бап. Астанада жол жүрісін ұйымдастыру орталығы
12-бап. Астана әкімі
13-бап. Астананың коммуналдық меншігі
14-бап. Астанадағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі
15-бап. Астананың бірыңғай сәулеттік келбеті мен дизайн-коды
16-бап. Астананың орманды саябақ аймағы режимінің ерекшеліктері
17-бап. Астананың инфрақұрылымы
3-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
18-бап. Осы Конституциялық заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Конституциялық заң Қазақстан Республикасы астанасының жұмыс істеуі саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оның қызметінің құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайды.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Қазақстан Республикасының астанасы
1. Қазақстан Республикасының елордасы - Астана қаласы.
2. Қазақстан Республикасының астанасы (бұдан әрі - астана):
1) мемлекеттің саяси және әкімшілік орталығы;
2) Қазақстан Республикасы Президентінің «Ақорда» резиденциясында сақталатын Қазақстан Республикасының Конституциясы мәтінінің түпнұсқасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының эталондары орналасқан жер.
3. Астанада Қазақстан Республикасы Президентінің «Ақорда» резиденциясы, Қазақстан Республикасының Құрылтайы, Үкіметі, Жоғарғы Соты және өзге де орталық мемлекеттік органдары орналасқан.
Қазақстан Республикасының жекелеген орталық мемлекеттік органдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес астанадан тыс жерде орналасуы мүмкін.
2-бап. Астананың мәртебесі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы
Астананың мәртебесі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Конституциялық заңнан, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардан тұрады.
3-бап. Астананың өңірлік нышаны
Астананың өз өңірлік нышаны бар.
Өңірлік нышанның сипаттамасын және оны пайдалану тәртібін астананың мәслихаты айқындайды.
4-бап. Қала атынан берілетін атақ және көтермелеу түрлері
1. Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетелдік азаматтарға және азаматтығы жоқ адамдарға астананың экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымы мен мәдениетін дамытуға сіңірген айрықша еңбегі үшін астана әкімінің ұсынуымен астана мәслихаты «Астана қаласының құрметті азаматы» атағын беруі мүмкін.
2. Астананың жергілікті өкілді органы (мәслихаты) және жергілікті атқарушы органы (әкімдігі) көтермелеудің өзге де түрлерін белгілеуге және қолдануға құқылы.
5-бап. Астананың аумағы мен қала маңындағы аймағы
1. Астананың шекарасындағы жер, су объектілері астана аумағын құрайды, оны Қазақстан Республикасының Үкіметі астананың шекарасын өзгерту туралы жергілікті өкілді және атқарушы органдардың ұсыныстарын ескере отырып белгілейді және өзгертеді.
2. Қаламен біртұтас әлеуметтік, табиғи және шаруашылық аумақты құрайтын қала аумағынан тысқары жерлер астананың қала маңындағы аймағы болып саналады, оның көлемі мен шекарасын Қазақстан Республикасының Үкіметі астана мәслихаты мен әкімдігінің және аумағы қала маңындағы аймаққа қосылған облыс мәслихаты мен әкімдігінің бірлескен ұсынысы бойынша белгілейді және өзгертеді.
Астананың қала маңындағы аймағына қосылған жерлерді пайдаланудың тәртібі мен режимін Қазақстан Республикасының Үкіметі астана мәслихаты мен әкімдігінің бірлескен ұсынысы бойынша айқындайды, бұл ұсыныс аумағы қала маңындағы аймаққа қосылған облыстың мәслихатымен және әкімдігімен, сондай-ақ жергілікті агломерация кеңесімен келісіледі.
2-тарау. АСТАНАДАҒЫ ЖЕРГІЛІКТІ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
6-бап. Астананың жергілікті мемлекеттік басқару органдарының міндеттері
Астананың жергілікті мемлекеттік басқару органдарының астана функцияларын қаланың орындауын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттері:
1) астананың Қазақстан Республикасының саяси, әкімшілік, мәдени және экономикалық орталығының рөлін атқаруы үшін жағдай жасау;
2) астананың әлемдегі басқа астаналар арасындағы бәсекелестік мүмкіндіктерін арттыру, орнықты дамыған қаланы құру;
3) астананы халықаралық қатынастар орталығы ретінде дамыту;
4) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Құрылтайының, Үкіметінің, Жоғарғы Сотының, өзге де орталық мемлекеттік органдарының, сондай-ақ шет мемлекеттердің дипломатиялық және оларға теңестірілген өкілдіктерінің, халықаралық ұйымдардың және (немесе) олардың өкілдіктерінің, шет мемлекеттердің консулдық мекемелерінің қызметін жүзеге асыру үшін жағдай жасау;
5) астанада жалпымемлекеттік және халықаралық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу үшін жағдай жасау;
6) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де міндеттерді атқару.
7-бап. Астана мәслихатының өкілеттігі
Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өкілеттікпен қатар, астананың мәслихаты өз құзыреті шегінде:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес басқа мемлекеттердің жергілікті өкілді органдарымен халықаралық байланыс орнатады;
2) мыналарды:
астананы дамытудың жоспарларын, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын, астана бюджетін және олардың атқарылуы туралы есепті;
астананың бас жоспарын іске асыру үшін әзірленетін астана аумағын қала құрылысы үшін игеру схемаларын;
астана аумағының қала құрылысы регламентін;
астананың орманды саябақ аймағын басқару және оның аумағындағы қызметтің шектеулі режимі қағидасын;
астана аумағында тұрғылықты жері және уақытша болатын (тұратын) жері бойынша тіркеу нормативтерін;
астанада жол жүрісін ұйымдастырудың кешенді схемасын бекітеді;
3) жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару туралы шарттардың жобаларын келіседі.
8-бап. Астананың жергілікті атқарушы органының өкілеттігі
Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өкілеттікпен қатар, астананың жергілікті атқарушы органы өз құзыреті шегінде:
1) коммуналдық заңды тұлғаларға бекітіліп берілмеген коммуналдық мүліктің тізбесін бекітеді;
2) астананың сәулет-қала құрылысы кеңесі үшін алдын ала қорытындылардың материалдарын дайындайды;
3) реконструкциялау объектілерін жобалау, салу және пайдалануға беру мерзімін бақылайды;
4) жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын, қызметінің негізгі нысанасы астананың әлеуметтік-экономикалық дамуына, туризмді дамытуға, сондай-ақ астананы халықаралық іс-шаралар мен көрмелерге дайындауға жәрдемдесу болып саналатын заңды тұлғаны айқындайды;
5) астанаға бірыңғай сәулеттік келбет беру мен оның дизайн-кодын сақтауға бағытталып жөнделуге тиіс көппәтерлі тұрғын үйлердің тізбесін айқындайды;
6) астананың жергілікті атқарушы органының шешімімен құрылған, жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғалар қатарынан астанаға бірыңғай сәулеттік келбет беру мен оның дизайн-кодын сақтауға бағытталған көппәтерлі тұрғын үйлерді жөндеуді ұйымдастыру жөніндегі уәкілетті ұйымды (бұдан әрі - уәкілетті ұйым) айқындайды;
7) астанаға бірыңғай сәулеттік келбет беру мен оның дизайн-кодын сақтауға бағытталған, астананың көппәтерлі тұрғын үйлерін жөндеуді ұйымдастыру және жүргізу қағидаларын бекітеді;
8) авариялық жағдайдағы көппәтерлі тұрғын үйлерді сүруді ұйымдастырады;
9) жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын, астана тұрғындарының тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету жүйесінің қалалық операторын айқындайды;
10) жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын, астанада арнаулы трассаларды және автомобиль жолдарының оларға іргелес жатқан жекелеген учаскелерін, көшелерді және көше-жол желісін жинау және санитариялық тазарту жөніндегі заңды тұлғаны айқындайды;
11) ішкі сауда және тұрмыстық қызмет көрсету объектілерін дамыту және олардың жұмыс істеуі саласындағы саясатты іске асырады;
12) қалалық шаруашылық объектілерінің, абаттандыру элементтерінің біртұтастығын және олардың сақталуын қамтамасыз ету және қаланы дамыту жөніндегі шараларды жүргізеді;
13) мүдделі мемлекеттік органдармен келісу бойынша транзиттік автомобиль көлігінің жүру схемалары мен тәртібін айқындайды;
14) мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығаруды, оларды ғимараттардан (құрылыстардан, құрылыс-жайлардан) босатуды қамтамасыз ету саласындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынды құру, қайта ұйымдастыру, тарату туралы шешім қабылдайды, сондай-ақ оның қызметін үйлестіреді;
15) астананың көліктік инфрақұрылымы объектілерін басқаруға беру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
16) астананың көліктік инфрақұрылымы объектілерін басқару функцияларын жүзеге асыратын компанияны айқындайды;
17) жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын, астанада жол жүрісін ұйымдастыруға, орынтұрақ кеңістігін басқаруға жауап беретін заңды тұлғаны (бұдан әрі - астанада жол жүрісін ұйымдастыру орталығы) айқындайды;
18) астананың көліктік инфрақұрылымы объектілерін басқаруға беру жөніндегі іс-шараларды жүргізеді;
19) жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйелерін ендіру және пайдалану қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
20) көліктік инфрақұрылымды басқару және пайдалану қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
21) астана аумағының қала құрылысы регламентін әзірлейді;
22) астананың бас жоспарын іске асыру үшін әзірленетін астана аумағын қала құрылысы үшін игеру схемаларын әзірлейді;
23) астананың жазғы алаңдарын орнату қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
24) астананың орманды саябақ аймағын күтіп-ұстау және дамыту үшін жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғаны айқындайды;
25) астананың орманды саябақ аймағын басқару және оның аумағындағы қызметтің шектеулі режимі қағидаларын әзірлейді;
26) астана аумағында тұрғылықты жері және уақытша болатын (тұратын) жері бойынша тіркеу нормативтерін әзірлейді;
27) астанада ұлттық қолөнерді және оның инфрақұрылымын құру және дамыту жөніндегі қызметті үйлестіреді;
28) астанада жол жүрісін ұйымдастырудың кешенді схемасын әзірлейді.
9-бап. Астананың әлеуметтік-экономикалық дамуына, туризмді дамытуға, сондай-ақ астананы халықаралық іс-шаралар мен көрмелерге дайындауға жәрдем көрсететін ұйым
Астананың әлеуметтік-экономикалық дамуына, туризмді дамытуға, сондай-ақ астананы халықаралық іс-шаралар мен көрмелерге дайындауға жәрдем көрсететін ұйым:
1) астананың брендін ілгерілетуге бағытталған іс-шараларды өткізу жөнінде ұсыныстар әзірлеп, оларды астана әкімдігінің қарауына енгізеді және осы іс-шараларды іске асырады;
2) астананың әкімдігіне астананың брендін ілгерілету бойынша қызмет көрсетеді;
3) инвестиция тартады және туристік дестинацияны дамыту шеңберіндегі жобаларды іске асырады;
4) жаңартылатын энергия көздері саласында өнеркәсіптік-инновациялық қызметті дамытады;
5) астанада туризмді дамытуға ықпал ететін іс-шараларды ілгерілетеді;
6) жергілікті және шетелдік туристерге астана туралы қажетті ақпарат береді;
7) туризм саласындағы инновациялық шешімдерді қарастырады, зерделейді, тартады және ендіреді;
8) астана әкімдігіне астананың туристік әлеуетін дамыту жөнінде ұсыныс енгізеді;
9) астана әкімдігі айқындайтын өзге де қызметті атқарады.
10-бап. Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығаруды, оларды ғимараттардан (құрылыстардан, құрылысжайлардан) босатуды қамтамасыз ету саласындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын
1. Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығаруды, оларды ғимараттардан (құрылыстардан, құрылысжайлардан) босатуды қамтамасыз ету саласындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес:
1) меншік иелерін немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушыларды мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы хабардар етуді қамтамасыз етеді;
2) мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін алып қоюға байланысты мәжбүрлі түрде иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын айқындауды қамтамасыз етеді, өтем мөлшерін айқындайды;
3) мәжбүрлі түрде иеліктен шығарылатын жер учаскелерін ғимараттардан (құрылыстардан, құрылысжайлардан) босатудың сметалық құнын дайындауды қамтамасыз етеді;
4) мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін алып қоюға байланысты мәжбүрлі түрде иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің меншік иелерімен немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушыларымен келіссөздерді, келісу рәсімдерін жүргізуді қамтамасыз етеді;
5) мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін алып қоюға байланысты жер учаскелерін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару мәселелері бойынша соттарда астана әкімдігінің мүдделерін білдіреді;
6) мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін алып қоюға байланысты мәжбүрлі түрде иеліктен шығарылатын жер учаскесі немесе өзге де жылжымайтын мүлік құнының және өтелуге тиіс залалдардың өтемін бюджет қаражаты есебінен төлеуді қамтамасыз етеді;
7) мәжбүрлі түрде иеліктен шығарылатын жер учаскелерін ғимараттардан (құрылыстардан, құрылысжайлардан) босатуды қамтамасыз етеді.
2. Астананың жергілікті атқарушы органы мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығаруды, оларды ғимараттардан (құрылыстардан, құрылысжайлардан) босатуды қамтамасыз ету саласында көрсетілетін қызмет пен жұмысты осы баптың 1-тармағында айқындалған мемлекеттік кәсіпорыннан сатып алады.
11-бап. Астанада жол жүрісін ұйымдастыру орталығы
1. Астанада жол жүрісін ұйымдастыру орталығы:
1) көше, шеткері және коммуналдық автомобиль тұрақтарын (орынтұрақтар, паркингтер), арнаулы (күзетілетін) үй-жайларды, алаңдар мен тұрақтарды, орынтұрақ кеңістіктерін ұйымдастырады және басқарады;
2) паркингтер мен орынтұрақтардың пайдаланылуын мониторингтейді;
3) Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес ұсталған көлік құралдарын арнаулы алаңдар мен тұрақтарға жеткізумен (эвакуациялаумен), оларды уақытша сақтаумен, жеткізу (эвакуациялау) және сақтау құнын төлеумен, арнаулы (күзетілетін) үй-жайларда, алаңдар мен тұрақтарда тұрған, әкімшілік құқық бұзушылық жасалған кездегі көлік құралдарын, тасталған немесе иесіз көлік құралын, заттай дәлелдемелер деп танылған көлік құралдарын, сондай-ақ тыйым салу қолданылған көлік құралдарын қайтарумен байланысты қызметті ұйымдастырады;
4) бағдаршамдарды басқарады;
5) жол жүрісін ұйымдастыру жобалары мен схемаларын әзірлейді;
6) көлік ағынын талдайды, болжайды және басқарады;
7) интеллектуалдық көлік жүйелерінің жұмыс істеуін ұйымдастырады;
8) көліктік инфрақұрылым объектілерін басқарады;
9) жол жүрісін және аумақтық-көліктік жоспарлау жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырады;
10) жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша есептер дайындайды;
11) жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде ұсыным әзірлейді;
12) жолдарда жол жүрісін ұйымдастыру жөніндегі іс-шараларды әзірлейді және іске асырады;
13) қала құрылысы құжаттамасының аумақтық-көліктік жоспарлауға және жол жүрісін ұйымдастыруға қатысты ұсынымдар әзірлейді;
14) жол-көлік оқиғаларынан болған шығындарды және жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмсалған бюджет шығындарын, сондай-ақ жолдардағы авариялар деңгейін төмендету үшін қабылданатын шаралардың тиімділігін мониторингтеуге қатысады;
15) елді мекендерге көлік жүктемесін азайту бойынша шараларды:
жол жүрісін ұйымдастырудың кешенді схемаларын және көлік жүйесін кешенді дамыту бағдарламаларын әзірлеу;
қалалардағы жол жүрісін ақпараттық қамтамасыз ету арқылы орындайды;
16) ауыр салмақты және ірі габаритті жүк көлік құралдарының жүруін ұйымдастырады, оның ішінде олардың көше-жол желісі бойынша жүруін әкімшілендіреді;
17) бұқаралық мәдени, спорттық және өзге де іс-шараларға көліктік қызмет көрсету схемаларын келіседі;
18) қоғамдық көлік жүрісінің маршруттары мен параметрлерін және аялдау пункттерінің орналасуын келіседі.
2. Астанада жол жүрісін ұйымдастыру орталығы осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген көлік құралдарын жол жүрісі қағидаларында реттелмеген бөлігінде Астана қаласында жол жүрісін ұйымдастыру қағидаларына сәйкес ақылы негізде жеткізеді (эвакуациялайды), сақтайды.
12-бап. Астана әкімі
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өкілеттіктермен катар, астана әкімі өз құзыреті шегінде:
1) Қазақстан Республикасының Президентімен, Қазақстан Республикасының Құрылтайымен, Үкіметімен, өзге де орталық мемлекеттік органдарымен, халықаралық ұйымдармен және шет мемлекеттердің өкілдерімен қатынаста астананың атынан өкілдік етеді;
2) астананың мүдделерін тікелей қозғайтын Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келіседі;
3) Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына астананың жұмыс істеуі және оны дамыту мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық актілердің жобаларын және басқа да ұсыныстарды енгізеді;
4) астанада жалпымемлекеттік және халықаралық сипаттағы іс-шараларды өткізу мәселелерін шешуге қатысады;
5) Қазақстан Республикасының тиісті мемлекеттік органдарына астана аумағында орналасқан, республикалық меншіктегі, қаланың астана функцияларын орындауын қамтамасыз ету үшін зор маңызы бар объектілерді қаланың коммуналдық меншігіне беру туралы ұсыныстар енгізеді.
13-бап. Астананың коммуналдық меншігі
Астананың коммуналдық меншігі - Қазақстан Республикасы мемлекеттік меншігінің құрамдас бөлігі, ол:
1) жеке меншіктегі жер учаскелерін қоспағанда, астана аумағындағы жер меншігінен;
2) астана әкімдігі акционері (қатысушысы) ретінде әрекет ететін акционерлік коғамдардағы акцияларға меншік құқығынан, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердегі қатысу үлесінен;
3) астана көшелерінен, жылжымайтын мүлік меншігінен;
4) астана әкімдігі меншік иесі ретінде әрекет ететін мемлекеттік мекемелер мен коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар мүлкінен;
5) өзге де мүліктен, оның ішінде мүліктік құқықтан тұрады.
14-бап. Астанадағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі
1. Астананың аумағында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі астананың бас жоспарына, қала құрылысы және сәулет-құрылыс құжаттамасына, нормативтік құжаттардың мемлекеттік жүйесіне (мемлекеттік нормативтік құжаттарға), астананың бірыңғай сәулеттік келбетіне, дизайн-кодына койылатын талаптарға және Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына сәйкес жүргізілуге тиіс.
2. Бірыңғай қала құрылысы саясатын іске асыру жөніндегі іс-қимылды үйлестіру, адам өмір сүретін және тіршілік ететін ортаның сапасын арттыру, астананың орнықты дамуын қамтамасыз ету және заманауи сәулеттік келбетін калыптастыру үшін астана әкімдігі жанынан сәулет-қала құрылысы кеңесі құрылады, оның құрамын астананың жергілікті өкілді органы қалыптастырады.
Астананың сәулет-қала құрылысы кеңесі туралы ережені астана әкімі бекітеді және оны өзі басқарады.
Астананың сәулет-қала құрылысы кеңесінің құрамына жергілікті атқарушы органның өкілдері, сәулетшілер мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының мамандары, жобалау, қоғамдық және өзге де ұйымдардың, оның ішінде мүгедектігі бар адамдардың мүдделерін білдіретін ұйымдардың өкілдері кіреді.
Астананың сәулет-қала құрылысы кеңесі:
1) астананың аумағы мен қала маңындағы аймағындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс жобаларын қарайды;
2) астананың сәулеттік-көркем келбеті мәселелері бойынша ұсынымдарды қарайды және енгізеді;
3) сәулет-қала құрылысы кеңесі туралы ережеге сәйкес өзге де өкілеттіктерді атқарады.
Сәулет-қала құрылысы кеңесі отырыстарының жиілігін астана әкімі айқындайды.
3. Астанаға бірыңғай сәулеттік келбет беру мен оның дизайн-кодын сақтау үшін астананың жергілікті атқарушы органы көппәтерлі тұрғын үйлерге техникалық зерттеп-қарауды жүргізеді.
Астананың жергілікті атқарушы органы техникалық зерттеп-қарау актілері негізінде астанаға бірыңғай сәулеттік келбет беру мен оның дизайн-кодын сақтауға бағытталып жөнделуге тиіс көппәтерлі тұрғын үйлердің тізбесін айқындайды.
4. Астанаға бірыңғай сәулеттік келбет беру мен оның дизайн-кодын сақтауды қамтамасыз ету үшін уәкілетті ұйымға:
1) астанаға бірыңғай сәулеттік келбет беру мен оның дизайн-кодын сақтауды қамтамасыз етуге бағытталған көппәтерлі тұрғын үйлерді жөндеуді ұйымдастыру;
2) мыналармен:
көппәтерлі тұрғын үй мүлкінің меншік иелері бірлестігімен, пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері кондоминиум объектісін басқарудың тікелей бірлесіп басқару түріндегі нысанын таңдаған кезде кондоминиум объектісін басқару субъектісімен;
мердігер ұйыммен шарттар жасасу;
3) орындалған жұмыстарға ақы төлеу;
4) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне қатысты мердігер ұйымдардың орындайтын жұмыстарын мониторингтеу және бақылау өкілеттіктері берілген.
15-бап. Астананың бірыңғай сәулеттік келбеті мен дизайн-коды
1. Астананың бірыңғай сәулеттік келбеті мен дизайн-кодына койылатын талаптар дизайн-код объектілеріне қолданылады, оларға астананың ғимараттары мен құрылысжайлары, инженерлік және көлік коммуникациялары, стационарлық емес объектілері, инфрақұрылым объектілері, астананың тұрғын, коғамдық (коғамдық-іскерлік), өнеркәсіптік (өндірістік), рекреациялық және басқа да функционалдық аймақтарындағы олардың кешендері, аяқталмаған құрылыс объектілері, көше-жол желісі, сондай-ақ сыртқы безендіру, жарықтандыру және иллюминация объектілері, жарнама объектілері, маңдайшалар мен нұсқағыштар да жатады.
2. Астананың аумағын дамыту мен онда құрылыс салуды ұйымдастыру, қала құрылысын жоспарлау астананың бірыңғай сәулеттік келбеті мен дизайн-кодына койылатын талаптар ескеріле отырып жүргізіледі.
3. Дизайн-код объектілерін салу, кеңейту, жаңғырту, техникалық қайта жарақтандыру, реконструкциялау, реставрациялау, күрделі жөндеу, консервациялау және кейіннен кәдеге жарату, уақытша немесе тұрақты орналастыру, сондай-ақ осы жұмыс түрлерін ұйымдастыру, аумақты инженерлік жағынан дайындау, абаттандыру, көгалдандыру және сыртқы безендіру астананың бірыңғай сәулеттік келбеті мен дизайн-кодына қойылатын талаптарға сәйкес астананың дизайн-кодын әкімшілендіру қағидаларында көзделген тәртіппен жүргізіледі.
4. Астананың дизайн-кодын калыптастыру мен әкімшілендіруге жауапты ұйым астананың бірыңғай сәулеттік келбеті мен дизайн-кодына койылатын талаптардың сақталуын бағалайды.
5. Қалалық инфрақұрылымды ұйымдастыру кезінде астананың жол-көлік және әлеуметтік инфрақұрылымының тиісті түрдегі жай-күйін көрсететін қолжетімді орта қалыптастырылуға және аталған инфрақұрылым жол жүрісіне қатысушыларды, мүгедектігі бар адамдарды, кәмелетке толмағандар мен зейнеткерлерді қоса алғанда, азаматтардың барлық санаттарының оған жайлы қол жеткізуін қамтамасыз етуге тиіс.
16-бап. Астананың орманды саябақ аймағы режимінің ерекшеліктері