Білім беру мониторингін жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2014 жылғы 12 қарашадағы № 459 бұйрығы
Осы редакция 2021 жылғы 20 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 8-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса берiлiп отырған Бiлiм беру мониторингін жүзеге асыру қағидалары бекiтiлсiн.
2. Стратегиялық жоспарлау және үйлестіру департаменті (Д.Ж.Каленова):
1) осы бұйрықты белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізуді;
2) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін осы бұйрықтың мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Білім және ғылым вице-министрі Е.Н. Иманғалиевке жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2014 жылғы 12 қарашадағы
№ 459 бұйрығымен
бекітілген
Білім беру мониторингін жүзеге асыру
қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Білім беру мониторингін жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Бiлiм туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 5-бабының 8-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және білім беру мониторингін жүзеге асыру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай терминдер пайдаланылады:
1) білім беру мониторингі - білім беру процестерін жүзеге асырудың жай-күйін және нәтижелері мен шарттары өзгеруінің серпінін, білім алушылар контингентін, білім беру ұйымдары желісін, сондай-ақ олардың қызметі жетістіктерінің рейтингілік көрсеткіштерін жүйелі түрде байқау, талдау, бағалау және болжау;