Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйені пайдалану қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2021 жылғы 30 сәуірдегі № 357 бұйрығы
(2025.21.11. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
ҚР Әділет министрінің 2025.22.05. № 134 бұйрығымен кіріспе жаңа редакцияда (2025 ж. 10 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
«Нотариат туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 4-1-бабының 6-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйені пайдалану қағидалары осы бұйрықтың қосымшасына сәйкес бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Әділет вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасының Әділет министрі | М. Бекетаев |
Келісілді
Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі
ҚР Әділет министрінің 2025.03.11. № 606 бұйрығымен қағида жаңа редакцияда (2025 ж. 21 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасы
Әділет министрінің
2021 жылғы 30 сәуірдегі
№ 357 Бұйрыққа
1-қосымша
Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйені пайдалану
қағидалары
1 - тарау. Жалпы ережелер
1. Осы бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйені пайдалану қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 4-1-бабының 6-тармағына сәйкес әзірленді және Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйені (бұдан әрі - БНАЖ) пайдалану тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
1) биометриялық сәйкестендіру - жеке басты физиологиялық және биологиялық өзгермейтін белгілері негізінде сәйкестендіретін шаралар кешені;