Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта, арнаулы, техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын мемлекеттік білім беру ұйымдары үшін компьютерлік және интерактивті жабдыққа қойылатын ең төменгі талаптарды бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2025 жылғы 8 қыркүйектегі № 208 және Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2025 жылғы 16 қыркүйектегі № 475/НҚ бірлескен бұйрығы
«Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 13) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫЗ:
1. Осы бұйрыққа қоса беріліп отырған қосымшаға сәйкес Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта, арнаулы, техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын мемлекеттік білім беру ұйымдары үшін компьютерлік және интерактивті жабдыққа қойылатын ең төменгі талаптар бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Цифрландыру және мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бірлескен бұйрыққа қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына электронды түрде жіберуді;
2) осы бірлескен бұйрық ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бірлескен бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бірлескен бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі | Ж. Мадиев |