Алматы облысы Талдықорған қаласының бас жоспары туралы (негізгі ережелерді қоса алғанда)
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 15 қыркүйектегі № 568 Қаулысы
ҚР Үкіметінің 2025 жылғы 31 желтоқсандағы № 1213 Қаулысымен күші жойылды
«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 19-бабына сәйкес және Алматы облысы Талдықорған қаласын кешенді дамытуды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Алматы облыстық және Талдықорған қалалық мәслихаттары мақұлдаған Алматы облысы Талдықорған қаласының бас жоспарының жобасы (негізгі ережелерді қоса алғанда) бекітілсін.
2. «Талдықорған қаласының бас жоспары туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 16 қарашадағы № 1206 қаулысының күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | Б. Сағынтаев |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2017 жылғы 15 қыркүйектегі
№ 568 қаулысымен
бекітілген
Жоба
Алматы облысы Талдықорған қаласының
бас жоспары
(негізгі ережелерді қоса алғанда)
1. Жалпы ережелер
Алматы облысы Талдықорған қаласының бас жоспары (бұдан әрі - Бас жоспар) «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы», «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы заңдарының, Жер, Экология кодекстерінің және қала құрылысын жобалау саласына қатысты Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілері мен нормативтік құжаттарының талаптарына сәйкес әзірленген.
Талдықорған қаласының бас жоспарын әзірлеу кезінде Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық, аумақтық-кеңістікте және инфрақұрылымдық дамуының мемлекеттік, өңірлік және облыстық бағдарламалары мен схемалары ескерілді.