«Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамытудың 2006-2010 жылдарға
арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары туралы»
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 30 маусымдағы № 654 Қаулысы
ҚР Үкіметінің 2007.05.10 № 908 қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың 2005 жылғы 18 ақпандағы «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамытудың 2006-2010 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары (бұдан әрі - Жоспар) бекітілсін.
2. Жоспарда көзделген шығыстар сомасы 2006 және кейінгі жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде нақтылануға және түзетілуге тиіс деп белгіленсін.
3. Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқарушы органдары, өзге де мемлекеттік органдары және мүдделі ұйымдар (келісім бойынша) жылына екі рет жарты жылдықтың қорытындылары бойынша 10 қаңтарға және 10 шілдеге Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне Жоспардың орындалу барысы туралы ақпарат берсін.
4. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстан Республикасының Үкіметіне жылына екі рет жарты жылдықтың қорытындылары бойынша 25 қаңтарға және 25 шілдеге Жоспардың орындалу барысы туралы жиынтық ақпарат берсін.
5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің агроөнеркәсіп кешені мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.