36-тарау. САЛЫҚТЫ ЕСЕПТЕУ ЖӘНЕ ТӨЛЕУ ТӘРТІБІ
266-бап. Салық салынатын айналым бойынша бюджетке жарна ретінде қосылған құн салығы
Салық салынатын айналым бойынша бюджетке жарна ретінде қосылған құн салығының сомасы осы Кодекстің 268-бабына сәйкес салық салынатын айналым бойынша есептеп шығарылған қосылған құн салығының сомасы мен осы Кодекстің 256-бабына сәйкес есепке жатқызылған салық сомасы арасындағы айырма ретінде есептеледі.
267-бап. Жекелеген жағдайларда қосылған құн салығын төлеу тәртібі
1. Ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеуді жүзеге асыратын ұйымдар осы баптың 3-тармағында белгіленген тәртіппен қосылған құн салығын төлейді.
2. Осы баптың мақсатына орай ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеуді жүзеге асыратын ұйымдарға бір мезгілде мынадай шарттарға сай келетін:
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2009 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
1) қоғамдық тамақтандыру саласындағы қызметті қоспағанда, жылдық жиынтық табысының кемінде 90 процентін мына қызмет түрлерін:
ет және ет өнімін өндіруді;
жемістер мен көкөністерді қайта өңдеуді және консервілеуді;
өсімдіктер мен жануарлар майын өндіруді;
сүтті қайта өңдеу мен ірімшік өндіруді;
ұн-жарма өнеркәсібі өнімін өндіруді;
жануарлар үшін дайын жемшөп өндіруді;
нан өндіруді;
балалар тағамын және емдәмдік тағам өнімін өндіруді;
крахмал-cірне өнеркәсібі өнімін өндіруді жүзеге асыру нәтижесінде алынуға жататын (алынған) табыстар құрайтын;
Осы тармақтың 1) тармақшасын қолдану мақсатында қызмет түрлерiн айқындау техникалық реттеу саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік орган бекiткен Экономикалық қызмет түрлерiнiң жалпы сыныптауышына сәйкес жүзеге асырылады;
2) шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимін қоспағанда, арнаулы салық режимдерін қолданбайтын;
2010.30.06. № 297-ІV ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2010 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) акцизделетін тауарларды өндіру, қайта өңдеу және өткізу бойынша қызметті жүзеге асырмайтын ұйымдар жатады.
3. Осы Кодекстің 266-бабына сәйкес есептелген қосылған құн салығына салық сомасы 70 процентке азайтылады.
4. Ауыл шаруашылығы өнімін өндіретін заңды тұлғалар мен селолық тұтыну кооперативтері үшін арнаулы салық режимін қолданатын қосылған құн салығын төлеушілер осы Кодекстің 451-бабында белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып, қосылған құн салығын есептейді.
268-бап. Қосылған құн салығының ставкалары
1. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, қосылған құн салығының ставкасы 12 процентті құрайды және салық салынатын айналым мен салық салынатын импорттың мөлшеріне қолданылады.
2. Осы Кодекстің 242 - 245-баптарында көрсетілген тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулерді өткізу бойынша айналымдарға қосылған құн салығы нөлдік ставка бойынша салынады.
Осы Кодекстің 243 - 245-баптарына сәйкес нөлдік ставка бойынша салық салынатын тауарлар мен қызмет көрсетулерді өткізу бойынша айналым расталмаған жағдайда, тауарлар мен қызмет көрсетулерді өткізу бойынша аталған айналым осы баптың 1-тармағында аталған ставка бойынша қосылған құн салығын салуға жатады.
3. Жеке тұлғалар оңайлатылған тәртіппен алып өтетін тауарлар импорты кезінде қосылған құн салығын жиынтық кедендік төлем құрамында төлей алады, оның мөлшері Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес айқындалады.
2010.30.06. № 297-ІV ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылады (2011 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі)
Күнтізбелік тоқсан қосылған құн салығы бойынша салық кезеңі болып табылады.
2010.30.06. № 297-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2010 ж. 1 шілдеден бастап, екінші бөлігі 2009 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, қосылған құн салығын төлеуші қосылған құн салығы жөніндегі декларацияны орналасқан жері бойынша салық органына есепті салық кезеңінен кейінгі екінші айдың 15-нен кешіктірмей әрбір салық кезеңі үшін табыс етуге міндетті.
Осы Кодекстiң 271-1-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларда, оператор жай серіктестіктің (консорциумның) барлық қатысушылары бойынша жиынтық түрде келісімшарт қызметі бойынша қосылған құн салығы жөніндегі декларацияны табыс етеді.
2009.04.07. № 167-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Декларациямен бір мезгілде декларацияға қосымша болып табылатын, салық кезеңі ішінде сатып алынған және өткізілген тауарлар, жұмыстар, көрсетілген қызметтер бойынша шот-фактуралар тізілімдері табыс етіледі. Сатып алынған және өткізілген тауарлар, жұмыстар, көрсетілген қызметтер бойынша шот-фактуралар тізілімдерінің нысанын уәкілетті орган белгілейді.
Шот-фактураның нөмірін көрсетуге арналған ұялардың саны электронды түрде мыналарды:
1) есепті салық кезеңі ішінде сатып алынған тауарлар, жұмыстар, қызмет көрсетулер бойынша шот-фактуралардың тізілімін (мемлекеттік материалдық резервтен тауарлар шығару құжаттары);
2) есепті салық кезеңі ішінде өткізілген тауарлар, жұмыстар, қызмет көрсетулер бойынша шот-фактуралардың тізілімін табыс ету кезінде шектелмейді.
3. Осы Кодекстің 256-бабы 2-тармағының 11) тармақшасында көзделген жағдайларда, мемлекеттік материалдық резервтер жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган уәкілетті орган белгілеген тәртіппен, мерзімде және нысан бойынша оларға мемлекеттік материалдық резервтен тауарларды шығаруға жазылған құжаттардың тізілімін табыс етеді.
2010.30.06. № 297-ІV ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды (2010 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
4. Осы Кодекстiң 571-бабының 4-тармағында көзделген жағдайларда салық органының шешімі бойынша тіркеу есебінен шығарылған салық төлеуші, осындай есептен шығару жүргізілген есепті салық кезеңінен кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірмей, қосылған құн салығы бойынша тарату декларациясын орналасқан жері бойынша салық органына табыс етуге міндетті. Тарату декларациясы салық төлеуші тіркеу есебінен шығарылған салық кезеңінің басынан бастап оны осындай есептен шығарған күнге дейінгі кезең үшін толтырылады.
271-бап. Қосылған құн салығын төлеу мерзімі
1. Қосылған құн салығын төлеуші бюджетке жататын жарнаға салықты орналасқан жері бойынша есепті салық кезеңінен кейінгі екінші айдың 25-нен кешіктірмей әрбір салық кезеңі үшін төлеуге міндетті.
2. Импортталатын тауарлар бойынша қосылған құн салығы Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында кеден төлемдерін төлеу үшін айқындалатын күні төленеді.
2010.30.06. № 297-ІV ҚР Заңымен 271-1-баппен толықтырылды (2011 жылғы 1 қаңтарынан қолданысқа енетін 4-тармақты қоспағанда, 2009 ж. 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілді)
271-1-бап. Жай серіктестік (консорциум) құрамында өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) бойынша қызметті жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылардың қосылған құн салығы бойынша салық міндеттемесін орындауының ерекшеліктері
1. Өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) бойынша қызметтің шеңберінде қосылған құн салығы бойынша салық нысандарын жасау мен табыс ету жөніндегі салық міндеттемесін:
қосылған құн салығының жай серіктестіктің аталған қатысушысына келетін үлесі бөлігінде қатысушының әрқайсысы;
не өнімді бөлу туралы келісімнің (келісімшарттың) шеңберінде жүзеге асыратын қызметінің жиынтығы бойынша, егер өнімді бөлу туралы келісімнің (келісімшарттың) талаптарында оператор осындай салық міндеттемесін орындауға уәкілетті болса, оператор орындауға тиіс.
2. Жай серіктестіктің (консорциумға) әрбір қатысушысының қосылған құн салығы бойынша салық нысандарын жасау мен табыс ету жөніндегі салық міндеттемесін орындауы кезінде:
тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу (сатып алу) бойынша шот-фактуралар осы Кодекстің 235-бабының талаптарына сәйкес жазып беріледі;
қосылған құн салығы бойынша декларация мен декларацияға қосымша болып табылатын шот-фактуралардың тізілімін жай серіктестіктің (консорциумның) қатысушысының үлесіне келетін бөлігінде осындай қатысушының әрқайсысы тапсырады;
қосылған құн салығының есептелген, есепке жазылған (азайтылған), аударылған және төленген (есепке жатқызылғандары және қайтарылғандары ескеріле отырып) сомалары жай серіктестіктің аталған қатысушысының үлесіне келетін бөлігінде қатысушының әрқайсысының дербес шотында көрсетіледі;
қосылған құн салығының асып түскен бөлігін қайтару декларацияны табыс еткен жай серіктестіктің (консорциумның) қатысушысына жүргізіледі;
салықтық әкімшілік ету тәртібі, оның ішінде нұсқаманы, хабарламаны және салықтық тексеру актісін тапсыру осы Кодексте белгіленген тәртіппен жай серіктестіктің (консорциумның) қатысушысына әрқайсысына қатысты қолданылады.
3. Оператор өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) шеңберінде жүзеге асыратын қызметінің жиынтығы бойынша қосылған құн салығы бойынша салық нысандарын жасау мен табыс ету жөніндегі салық міндеттемесін орындаған кезде:
тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу (сатып алу) бойынша шот-фактуралар осы Кодекстің 263-бабының талаптарына сәйкес жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен оператордың деректемелері көрсетіле отырып, жазып беріледі;
қосылған құн салығы бойынша декларация мен декларацияға қосымша болып табылатын шот-фактуралардың тізілімін өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) шеңберінде жүзеге асыратын қызметінің жиынтығы бойынша оператор тапсырады;
қосылған құн салығының есептелген, есепке жазылған (азайтылған), аударылған және төленген (есепке жатқызылғандары және қайтарылғандары ескеріле отырып) сомалары оператордың дербес шотында көрсетіледі;
қосылған құн салығының асып түскен бөлігін қайтару операторға жүргізіледі;
салықтық әкімшілік ету тәртібі, оның ішінде нұсқаманы, хабарламаны және салықтық тексеру актісін тапсыру осы Кодексте салық төлеушілер (салық агенттері) үшін көзделген тәртіпке сәйкес операторға қатысты қолданылады және бұл ретте көрсетілген құжаттар өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) бойынша салық төлеуші ретінде жай серіктестіктің (консорциумның) әрбір қатысушысына тапсырылды деп есептеледі.
4-тармақ 2011 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
4. Осы бапқа сәйкес қосылған құн салығы бойынша салық нысандарын жасау мен табыс ету жөніндегі салық міндеттемесін орындаудың таңдап алынған әдісі салықтық есепке алу саясатында көрсетілуге және өнімді бөлу туралы келісімнің (келісімшарттың) қолданылу кезеңі аяқталғанға дейін өзгермеген күйінде қалуға тиіс.
37-тарау. ҚОСЫЛҒАН ҚҰН САЛЫҒЫ БОЙЫНША БЮДЖЕТПЕН ӨЗАРА ҚАТЫНАС
272-бап. Қосылған құн салығын қайтару
1. Егер осы тарауда өзгеше белгіленбесе, мыналар:
2008.10.12 № 100-IV ҚР Заңына сәйкес 272-бабы 1-тармағының 1) тармақшасы бірінші абзацының қолданысы 2010 жылдың 1 шілдесінен бастап 2012 жылдың 1 қаңтарына дейін тоқтатылды, тоқтата тұру кезеңiнде аталған абзац Заңның 42-бабының редакциясында қолданылады
1) есепке жатқызылатын қосылған құн салығы сомасының осы Кодекстің 273, 274-баптарында белгіленген тәртіппен есепті салық кезеңінің аяғында декларация бойынша өсу қорытындысымен қалыптасқан есептелген салық сомасынан асып түсуі (бұдан әрі - қосылған құн салығы бойынша асып түсуі);
2008.10.12 № 100-IV ҚР Заңның 42 бабына сәйкес 272-бабының 1-тармағы 1) тармақшасының екінші, үшінші, төртінші, бесінші және алтыншы абзацтары және 4-тармағы 2011 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылады
Айналым мақсатында пайдаланылмайтын, нөлдік ставка бойынша салық салынатын тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулерді сатып алуға байланысты қалыптасқан, осы тармақшаның бірінші бөлігінде көрсетілген қосылған құн салығының асып түсуін қайтару:
2008.10.12 № 100-IV ҚР Заңына сәйкес 272-бабы 1-тармағы 1) тармақшасының үшінші және бесінші абзацтары 2010 жылдың 1 шілдесінен бастап тоқтатылды
тауарлар импорты кезінде төленген;
Қазақстан Республикасында қосылған құн салығын төлеуші болып табылмайтын және қызметін филиал, өкілдік арқылы жүзеге асырмайтын резидент еместен осы Кодекстің 241-бабына сәйкес жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде төленген;
қосылған құн салығының асып түсуін қайтару туралы талап көрсетіле отырып, қосылған құн салығы жөніндегі декларация табыс етілген салық кезеңінің соңындағы пайдалануға берілетін негізгі құралдар, жылжымайтын мүлікке инвестициялар, сатып алынған биологиялық активтер бойынша есепке жатқызылған қосылған құн салығының сомасы шегінде жүргізіледі.
Осы тармақшаның екінші бөлігінің ережесі осы Кодекстің 274-бабында көзделген қосылған құн салығының асып түсуін қайтарудың жеңілдетілген тәртібін қолдануға құқығы бар салық төлеушілерге қолданылмайды;
2) грант қаражаты есебінен сатып алынған тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулерді ұсынушыларға осы Кодекстің 275-бабында белгіленген тәртіппен төленген қосылған құн салығы;
2010.30.06. № 297-ІV ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2010 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық және оларға теңестірілген шет мемлекеттердің өкілдіктері, шет мемлекеттердің консулдық мекемелері, дипломатиялық және осы өкілдіктердің әкімшілік-техникалық персоналына жататын адамдар, олармен бірге тұратын отбасы мүшелерін қоса алғанда, консулдық лауазымды адамдар, консулдық қызметшілер - олармен бірге тұратын отбасы мүшелерін қоса алғанда, Қазақстан Республикасының аумағында сатып алған тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулерді ұсынушыларға осы Кодекстің 276-бабында белгіленген тәртіппен төлеген қосылған құн салығы;
4) бюджетке артық төленген қосылған құн салығының сомасы осы Кодекстің 599 және 602-баптарында белгіленген тәртіппен салық төлеушіге бюджеттен қайтарылуға жатады.
2. 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін сатып алынған тауарлар, жұмыстар, қызмет көрсетулер бойынша қалыптасқан, осы баптың 1-тармағы 1) тармақшасының бірінші бөлігінде көрсетілген қосылған құн салығының асып кетуі, нөлдік ставка бойынша салық салынатын айналымдар мақсатында пайдаланылған немесе пайдаланылатын тауарларға, жұмыстарға, қызмет көрсетулерге байланысты қалыптасқан асып түсуді қоспағанда, бюджеттен қайтарылуға жатпайды.
Осы тармаққа сәйкес бюджеттен қайтарылуға жатпайтын қосылған құн салығының асып түсуі қосылған құн салығы бойынша алдағы төлем шотына есептеледі. Импорт кезінде төлеуге жататын, сондай-ақ осы Кодекстің 241-бабында көзделген қосылған құн салығын төлеу шотының есебіне жатқызу жүргізілмейді.
3. Есепті салық кезеңінің соңында өсетін қорытындылар декларациясы бойынша қалыптасқан, есептелген салық сомасынан есепке жатқызылатын қосылған құн салығы сомасының асып кетуі нөлдік ставка бойынша салынатын айналымдар бойынша, егер бір мезгілде мынадай талаптар орындалса:
1) қосылған құн салығын төлеуші нөлдік ставка бойынша салық салынатын тауарлар өткізуді, жұмыстар орындауды, қызмет көрсетулерді тұрақты жүзеге асырса;
2) нөлдік ставка бойынша салық салынатын айналымдар жасалған және декларацияда ол бойынша қосылған құн салығының асып кеткенін қайтару туралы талап көрсетілген салық кезеңі ішінде нөлдік ставка бойынша салық салынатын өткізу бойынша айналым өткізу бойынша жалпы салық салынатын айналымда кемінде 70 процент құрайтын болса, қайтарылуға жатады.
2008.10.12 № 100-IV ҚР Заңның 42-бабына сәйкес 272-баптың 4-тармағы 2011 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылады
4. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы баптың 3-тармағының 1) тармақшасында көзделген нөлдік ставка бойынша салық салынатын тауарлар өткізуді, жұмыстар орындауды, қызмет көрсетулерді тұрақты өткізуге жатқызу өлшемдерін белгілеуді және мынадай:
1) осы баптың 3-тармағында белгіленген талаптар орындалмаған жағдайда, нөлдік ставка бойынша салық салынатын айналымға байланысты;
2) осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасының екінші бөлігінде көзделген қайтарылуға жататын қосылған құн салығының асып кеткен сомасын айқындау тәртібін белгілейді.
273-бап. Қосылған құн салығының асып кеткен сомасын қайтару
1. Қосылған құн салығының асып кеткен сомасын салық төлеушіге қайтару:
1) егер осы Кодектің 274-бабында өзгеше белгіленбесе, осы бапта белгіленген тәртіппен және мерзімде;
2008.10.12 № 100-IV ҚР Заңның 48 бабына сәйкес 274-бапта көзделген қосылған құн салығының асып кеткен сомасын қайтарудың оңайлатылған тәртібін қолданбайтын және (немесе) нөлдiк ставка бойынша салық салынатын айналымдарды жүзеге асырмайтын салық төлеушiлер үшiн 273-баптың 1-тармағы 2) тармақшасыныын колдануы 2009 жылғы 1 шiлдеге дейiн тоқтатылды
2) салық кезеңі ішінде қосылған құн салығы жөніндегі декларацияда аталған қайтару туралы оның талабының негізінде жүзеге асырылады.
2. Егер қосылған құн салығын төлеуші салық кезеңі ішінде қосылған құн салығы жөніндегі декларацияда қосылған құн салығының асып кеткен сомасын қайтару туралы талапты көрсетпесе, онда бұл асып кеткен сома алдағы қосылған құн салығы бойынша төлемдер есебіне жатқызылады немесе қайтарылуға ұсынылуы мүмкін.
Бұл ретте қосылған құн салығын төлеушінің осы Кодекстің 46-бабында белгіленген талап қою мерзімі ішінде, 2009 жылдың 1 қаңтарынан кейін қалыптасқан қосылған құн салығының асып кеткен сомасын қайтаруға құқығы бар.
3. Егер осы баптың 4-тармағында және осы Кодекстің 274-бабында өзгеше белгіленбесе, салықтық тексеру нәтижелерімен расталған қосылған құн салығының асып кеткен сомасын қайтару салық кезеңі ішінде қайтару туралы талап көрсетілген қосылған құн салығы жөніндегі декларация табыс етілген күннен бастап күнтізбелік жүз сексен күн ішінде жүргізіледі.
Осы тармақтың мақсатында:
1) қайтаруға ұсынылған қосылған құн салығының асып кеткен сомасының дұрыстығын растайтын салықтық тексеру актісі;
2) осы Кодекстің 635-бабының 10-тармағында көзделген жағдайда, ресімделген салықтық тексеру актісіне қорытынды;
2010.30.06. № 297-ІV ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2010 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) нөлдік ставка бойынша салық салынған айналым болған кезде, осы Кодекстің 243 - 245-баптарына, сондай-ақ 276-11 - 276-13-баптарына сәйкес нөлдік ставка бойынша салық салынатын айналымдарды растайтын құжаттар қосылған құн салығының асып кеткен сомасын қайтару үшін негіз болып табылады.
4. Осы Кодекстің 274-бабының 2-тармағында аталғандарды қоспағанда, салық кезеңі ішіндегі өткізу бойынша жалпы салық салынатын айналымда кемінде 70 процентті құрайтын нөлдік ставка бойынша салық салынатын айналымдарды жүзеге асыратын қосылған құн салығын төлеушіге, қайтару туралы талап көрсетілген қосылған құн салығы жөніндегі декларация табыс етілген кезден бастап алпыс жұмыс күні ішінде қайтару жүргізіледі.
Осы тармақтың мақсатында:
1) қайтаруға ұсынылған қосылған құн салығы сомасының дұрыстығын растайтын салықтық тексеру актісі;
2010.30.06. № 297-ІV ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2010 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) осы Кодекстің 243-245-баптарына, сондай-ақ 276-11 - 276-13-баптарына сәйкес нөлдік ставка бойынша салық салынатын айналымдарды растайтын құжаттар;
3) осы Кодекстің 634-бабының 10-тармағында көзделген жағдайда, ресімделген салықтық тексеру актісіне қорытынды қосылған құн салығының асып кеткен сомасын қайтару үшін негіз болып табылады.
2008.10.12 № 100-IV ҚР Заңының 2-бабына сәйкес 273-бабының 5-тармағының қолданылуы 2010 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатылған
5-тармаққа өзгерістерді қара 2010.21.01. № 242-IV Заңы (2011 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі)
5. Қосылған құн салығының асып кетуі:
шағын бизнес субъектілері;
шаруа немесе фермер қожалықтары;
ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші-заңды тұлғалар және селолық тұтыну кооперативтері үшін белгіленген арнаулы салық режимдерінде бюджетпен есеп айырысуды жүзеге асыратын салық төлеушіге;
2) осы Кодекстің 267-бабының ережелерін қолданатын салық төлеушіге қайтарылмайды.
6. Бюджеттен қайтарылуға жататын қосылған құн салығының асып кеткен сомасын салық төлеушіге осы Кодекстің 603-бабында белгіленген тәртіппен қайтарылады.
Бюджеттен қайтарылуға жатпайтын қосылған құн салығының асып кеткен сомасы қосылған құн салығы бойынша алдағы төлемдердің шотына есептеледі. Импорт кезінде төлеуге жататын, сондай-ақ осы Кодекстің 241-бабында көзделген қосылған құн салығын төлеу шотына есепке жатқызу жүргізілмейді.
7. Салық төлеушінің декларацияда қосылған құн салығын қайтару талабы көрсетілген, бюджеттен қайтарылған және құжаттық салықтық тексеру жүргізу барысында расталмаған қосылған құн салығының асып кеткен сомасы салық төлеушінің салықтық тексеру нәтижесі туралы хабарлама негізінде бюджетке төлеуіне жатады.
Егер салық төлеушіге қосылған құн салығының асып кеткен сомасын қайтару осы Кодекстің 603-бабының 4-тармағына сәйкес осы салық төлеушінің пайдасына бұрын өсімпұл есебіне жатқызу және аудару арқылы жүргізілген болса, салықтық тексеру кезінде расталмаған, салық төлеушіге бұрын аударылған және қайтарылған қосылған құн салығының асып кеткен сомасына келетін өсімпұл салықтық тексерулердің нәтижесінде хабарлама негізінде бюджетке төленуге жатады.
8. Осы баптың 7-тармағында көрсетілген сомалар осы Кодекстің 603-бабының 4-тармағында көрсетілген мөлшерде салық төлеушінің осы сомаларды аударған күнінен бастап әр күн үшін өсімпұл есептен шығарыла отырып бюджетке төленуге жатады.
274-бап. Қосылған құн салығының асып кеткен сомасын қайтарудың оңайлатылған тәртібі
1. Қосылған құн салығының асып кеткен сомасын қайтарудың оңайлатылған тәртібі алдын-ала салықтық тексеру жүргізбей қосылған құн салығын қайтаруды жүзеге асыру болып табылады.
2. Қосылған құн салығының асып кеткен сомасын қайтару туралы талапты көрсете отырып, қосылған құн салығы жөніндегі декларацияны табыс еткен:
1) ірі салық төлеушілер мониторингінде кемінде он екі ай қатарынан тұрған және қосылған құн салығының асып кеткен сомасын қайтару туралы талапты көрсете отырып, қосылған құн салығы жөніндегі декларацияны табыс ететін күні салық есептілігін табыс ету бойынша орындалмаған салық міндеттемелері жоқ қосылған құн салығын төлеушілердің қосылған құн салығының асып кеткен сомасын қайтарудың оңайлатылған тәртібін қолдануға құқығы бар.
Мониторингке жататын, осы тармақшада көзделген талаптарға сай келетін ірі салық төлеуші бөліну, бөлініп шығу, қайта құрылу жолымен қайта ұйымдастырылған кезде қосылған құн салығының асып кеткен сомасын қайтарудың оңайлатылған тәртібін қолдану құқығы қайта ұйымдастырылған тұлғаның құқықтық мирасқорына (құқықтық мирасқорларына) өтеді.
Мониторингке жататын, осы тармақшада көзделген талаптарға сай келетін ірі салық төлеушілер қосылу немесе бірігу жолымен қайта ұйымдастырылған кезде, қосылу немесе бірігу жолымен қайта ұйымдастырылған барлық заңды тұлғалар қайта ұйымдастырылуға дейін мониторингке жататын ірі салық төлеушілер болып табылған жағдайда, қосылған құн салығының асып кеткен сомасын қайтарудың оңайлатылған тәртібін қолдану құқығы құқықтық мирасқорға өтеді.
Осы тармақшаның екінші және үшінші абзацтарында аталған құқықтық мирасқорға (құқықтық мирасқорларға) қатысты қосылған құн салығының асып кеткен сомасын қайтарудың оңайлатылған тәртібін қолдану құқығы мониторингке жататын ірі салық төлеушілердің жаңа тізбесі қолданысқа енгізілгенге дейін әрекет етеді.
Осы кодексті қолданысқа енгізу туралы 2008.10.12 № 100-IV ҚР Заңның 27 бабын қара
2008.10.12 № 100-IV ҚР Заңның 48-бабына сәйкес 274-баптың 2-тармағының 2) тармақшасының қолданылуы 2012 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатылды (2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшін жояды)