Ғылыми-медициналық сараптама жүргізу қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2013 жылғы 10 шілдедегі № 397 бұйрығы
(2014.21.02. берілген өзгерістермен)
ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 8 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-239/2020 бұйрығымен күші жойылды
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Кодексінің 64-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Ғылыми-медициналық сараптама өткізу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ғылым және адами ресурстар департаменті (А.Ә. Сыздықова) осы бұйрықтың заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін.
3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң қызметі департаменті (Д.Е. Асаинова) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін, оның бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
4. «Ғылыми-медициналық сараптама өткізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2009 жылғы 12 қарашадағы № 696 бұйрығының күші жойылды деп танылсын (Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне № 5940 болып тіркелген, Қазақстан Республикасының Орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттiк органдарының актiлер жинағында жарияланған, 2010 ж., № 7).
5. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Е.Ә. Байжүнісовке жүктелсін.
6. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.