2025.24.06. № 196-VIII ҚР Заңымен 8) тармақша өзгертілді (2026 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8) Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы нормативтік құқықтық актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыруға міндетті.
2021.01.04. № 26-VII ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды
5. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы өндірістік бақылау қызметінің лауазымды адамдарының:
1) қауіпті өндірістік объектілері бар ұйымдарда және (немесе) қауіпті өндірістік объектілердегі жұмысқа тартылатын өзге де ұйымдарда өнеркәсіптік қауіпсіздіктің жай-күйін бағалау үшін қажетті құжаттар мен материалдарды алуға;
2) тәуліктің кез келген уақытында қауіпті өндірістік объектіге еркін кіруге құқығы бар.
8-тарау. ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖӨНІНДЕГІ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ ІС-ШАРАЛАРЫ
41-бап. Төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі азаматтық қорғаудың жалпы іс-шаралары
1. Төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі азаматтық қорғау іс-шаралары олардың туындау мүмкіндігі және олардан келтірілетін ықтимал нұқсан ескеріле отырып жүргізіледі.
2. Төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі азаматтық қорғаудың жалпы іс-шараларына:
1) мониторинг, оның ішінде жерді қашықтықтан зондтау құралдарын пайдалана отырып мониторинг жүргізу, азаматтық қорғаудың құлақтандыру, аумақтар мен объектілерді төтенше жағдайлардан қорғау жүйелерін ұйымдастыру;
2025.24.06. № 196-VIII ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2025 ж. 6 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, қалалардың, қала аудандарының:
төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі жоспарларын;
қауіпсіздік паспорттарын;
объектілердің жұмыс істеу орнықтылығын арттыру жөніндегі іс-шараларды;
ықтимал төтенше жағдайлар кезінде халықтың тіршілігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды әзірлеу;
3) су объектілері акваторияларының паспорттарын әзірлеу;
4) төтенше резервтерді құру және пайдалану, тиісті мемлекеттік органдарға ұсыныстар енгізу;
5) қаржы ресурстары резервін, азық-түліктің, дәрілік заттардың, материалдық-техникалық құралдардың запастарын және халық үшін уақытша тұрғын үй құру;
6) азаматтық қорғау саласында хабар беру және білімді насихаттау;
7) ықтимал төтенше жағдайларды ескере отырып, аумақтардағы құрылыс салуды жоспарлау;
8) 2025.24.06. № 196-VIII ҚР Заңымен алып тасталды (2025 ж. 6 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
9) төтенше жағдайлар мен олардың салдарларын жоюға азаматтық қорғаудың басқару органдарының, күштері мен құралдарының әзірлігін қамтамасыз ету;
10) төтенше жағдайлар мен олардың салдарларын жоюға әзірлік жөнінде іс-қимылдар жоспарларын әзірлеу және оқу-жаттығулар, жаттығулар, сабақтар өткізу;
11) азаматтық қорғау саласында азаматтарды кәсіптік оқыту, азаматтық қорғаудың басқару органдарының басшы құрамы мен мамандарын даярлау және азаматтық қорғау саласында халықты оқыту;
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 12) тармақша жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
12) ықтимал төтенше жағдайлардың, оның ішінде климаттың өзгеруінің әсер етуінен туындаған немесе ушыққан қауіптілігін, сондай-ақ олардың әлеуметтік-экономикалық салдарын ғылыми зерттеу, болжау және бағалау;
13) жер сілкінісін болжаудың жаңа әдістерін әзірлеу және енгізу жөніндегі тәжiрибелiк-экспериментальды жұмыстар мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындау;
14) қауіпті өндірістік объектілердегі қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсері мен олардың салдарларының алдын алу жөнінде шараларды әзірлеу және іске асыру;
2025.24.06. № 196-VIII ҚР Заңымен 15) тармақша өзгертілді (2025 ж. 6 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
15) осы Заңда айқындалған қауіпті өндірістік объектілердің өнеркәсіптік қауіпсіздігін міндетті декларациялау;
16) осы Заңда көзделген, төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі азаматтық қорғаудың өзге де іс-шаралары жатады.
2022.21.05. № 123-VII ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды (2022 ж. 24 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді)
3. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздік саласындағы заңнамасына сәйкес биологиялық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органға азаматтық қорғаудың патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуге және ықтимал қауіпті биологиялық объектілердің жұмыс істеуіне байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі жалпы іс-шаралары туралы статистикалық ақпаратты және өзге де есепке алу мен есептілік құжаттамасын (ақпаратын) береді.
42-бап. Су басулардан, тасқын сулардан, су жайылудан, теңіздер мен ірі су айдындарының таяздануынан, сел тасқындарынан, қар көшкіндерінен, шөгулерден, құламалардан азаматтық қорғау іс-шаралары
Су басулардан, тасқын сулардан, су жайылудан, теңіздер мен ірі су айдындарының таяздануынан, сел тасқындарынан, қар көшкіндерінен, шөгулерден, құламалардан азаматтық қорғау іс-шаралары халықтың, объектілердің, инфрақұрылымның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған және оған:
1) қорғайтын гидротехникалық және өзге де құрылыстарды жобалау, салу және пайдалану;
2) теңiздер мен iрi су айдындары деңгейлерi өзгеруінің, қоршаған ортаның жай-күйінің мониторингін, халықты және ұйымдардың жұмыскерлерін жағалау аймағындағы су деңгейінің көтерілу құбылыстары туралы құлақтандыруды ұйымдастыру;
3) сел және көшкін жағдайының мониторингін, халықты және ұйымдардың жұмыскерлерін сел қатері мен оның төнуі туралы тиісті құлақтандыруды ұйымдастыру;
4) тау баурайлары, биік таулы, моренді және мұздық көлдер қаупін азайту жөніндегі алдын алу іс-шараларын әзірлеу және жүзеге асыру;
5) тау арналарының, сел ошақтарының, көшкін қаупі бар аймақтардың фитомелиорациясын жүргізу;
6) қар көшкіндерін күштеп түсіру жұмыстарын жүргізу кіреді.
43-бап. Пайдалы қазбалардың кен орындарын игерумен байланысты төтенше жағдайлардан азаматтық қорғау іс-шаралары
Пайдалы қазбалардың кен орындарын игерумен байланысты төтенше жағдайлардан азаматтық қорғау іс-шараларына:
1) игеріліп жатқан кен орындары аудандарындағы бұрыннан бар ғимараттар мен құрылыстардың беріктігі мен орнықтылығын арттыру;
2) кен орындарын игерумен байланысты төтенше жағдайлардан келтірілуі мүмкін нұқсанды азайту жөнiндегi іс-шараларды ұйымдастыру, ал оларды жүргiзу мүмкiн болмаған кезде - қорғау іс-шараларының қажеттi кешенiн орындай отырып, өндiрудi тоқтату және кен орындарын консервациялау кіреді.
44-бап. Төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі азаматтық қорғау іс-шараларын орындау
Төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі азаматтық қорғау іс-шараларын орындау уәкілетті органның, орталық, жергілікті атқарушы органдардың, мемлекеттік мекемелердің, ұйымдардың басшыларына осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген құзыреттері шегінде жүктеледі.
Төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі іс-шараларды уақтылы және толық жүргізу мақсатында орталық, жергілікті атқарушы органдардың, мемлекеттік мекемелердің, объектілердің және ұйымдардың басшылары Қазақстан Республикасының халқын, объектілерін және аумағын қорғау жөнінде қосымша шаралар қабылдауға тиіс.
2025.24.06. № 196-VIII ҚР Заңымен 8-1-тараумен толықтырылды (2025 ж. 6 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
8-1-тарау. СЕЙСМИКАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК
44-1-бап. Сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету
Сейсмикалық қауіпсіздік сейсмикалық қауіпті және сейсмикалық қауіп-қатерге бағалауды жүзеге асыру мен сейсмологиялық мониторинг жүргізуді қоса алғанда, жер сілкінісінен қорғау жөніндегі іс-шараларды өткізу арқылы қамтамасыз етіледі.
44-2-бап. Жер сілкінісінен қорғау жөніндегі іс-шаралар
Адамдардың өмірі мен денсаулығын, инфрақұрылым объектілерін, ғимараттар мен құрылысжайларды жер сілкінісінен қорғау мақсатында мыналар жүргізіледі:
1) сейсмологиялық станциялар желісін және ерте құлақтандырудың автоматтандырылған жүйесін кеңейту және жаңғырту;
2) іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер, ғылыми болжау жүргізу;
3) сейсмикалық аймақтарға бөлудің (аудандастырудың) әртүрлі ауқымды карталарын ескере отырып, нормативтік құқықтық актілер мен нормативтік-техникалық құжаттарды әзірлеу;
4) сейсмикалық қауіпті өңірлерде ғимараттар мен құрылысжайларға паспорттауды жүргізу;
5) сейсмикалық қауіпті өңірлерде сейсмикалық берік құрылыс салуды және ғимараттар мен құрылысжайларды сейсмикалық жағынан күшейтуді жүргізу;
6) сейсмикалық аймақтарға бөлу (аудандастыру);
44-3-бап. Сейсмикалық қауіпті және сейсмикалық қауіп-қатерді бағалау
1. Сейсмикалық қауіпті және сейсмикалық қауіп-қатерді бағалауды ғылыми ұйымдар жүргізеді.
2. Сейсмикалық қауіпті бағалау жер үстіндегі тербелістердің қарқындылығын есептеуді және олардың пайда болу ықтималдығын бағалауды қамтиды.
Сейсмикалық қауіпті бағалау нәтижелері негізінде сейсмикалық аймақтарға бөлудің (аудандастырудың) әртүрлі ауқымды карталары жасалады.
3. Сейсмикалық қауіп-қатерді бағалау жер сілкінісінен туындауы мүмкін адам өлімі мен материалдық шығындардың ғылыми болжамын әзірлеу арқылы жүзеге асырылады.
Сейсмикалық қауіп-қатерді бағалау нәтижелері бойынша сейсмикалық қауіп-қатер карталарын әзірлеу жүзеге асырылады.
Сейсмикалық қауіп-қатер карталары жер сілкінісінің салдарын жою үшін қолданылады.
4. Сейсмикалық аймақтарға бөлудің (аудандастырудың) әртүрлі ауқымды карталарын және сейсмикалық қауіп-қатер карталарын әзірлеу және қолдану тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
9-тарау. АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУЛЕР, ОҚЫТУ, ХАБАР БЕРУ ЖӘНЕ БІЛІМДІ НАСИХАТТАУ
45-бап. Азаматтық қорғау саласындағы ғылыми зерттеулер
Азаматтық қорғаудың кешенді ғылыми негізін қалыптастыру және дамыту мақсатында уәкілетті орган азаматтық қорғау саласындағы ғылыми зерттеулерді ұйымдастырады және үйлестіреді.
Азаматтық қорғау саласындағы ғылыми зерттеулердің негізгі міндеттері табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың теріс әсерін азайту, азаматтық қорғау саласында тәуекелдерді бағалауды және басқаруды нормативтік-әдістемелік қамтамасыз ету жөнінде ұсынымдар әзірлеу болып табылады.
Азаматтық қорғау саласындағы ғылыми-техникалық қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аккредиттелген және аттестатталған ғылыми-зерттеу ұйымдары мен оқу орындары жүзеге асырады.
Азаматтық қорғау саласындағы ғылыми зерттеулерді қаржыландыру бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған басқа да көздер есебінен жүзеге асырылады.
46-бап. Азаматтық қорғау саласында оқыту
1. Азаматтық қорғау саласында азаматтарды кәсіптік оқыту уәкілетті органмен ынтымақтастық туралы келісім жасасқан Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттердің оқу органдарында, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген мамандықтар мен мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкес жүргізіледі.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2025.24.06. № 196-VIII ҚР Заңымен (2025 ж. 6 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Азаматтық қорғаудың басқару органдарының басшы құрамы мен мамандарын даярлау, азаматтық қорғау саласында халықты оқыту төтенше жағдайларда іс-қимыл жасау дағдыларын үйрету, авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргiзу, өзiн-өзі құтқарудың және өзара көмек көрсетудiң негiзгi тәсiлдерi мен әдiстерiн білу, халық арасындағы ықтимал шығындарды және материалдық нұқсанды барынша азайту мақсатында жүргiзiледi.
Уәкілетті орган айқындайтын тыңдаушылар санатына қатысты азаматтық қорғау саласында оқыту уәкілетті органның ұйымдарында, оқу орындарында және аумақтық органдарында жүргізіледі.
Азаматтық қорғау саласында оқытудан өткен тыңдаушыларға уәкілетті орган белгілеген бірыңғай үлгідегі сертификаттар беріледі.
3. Азаматтық қорғау саласында балаларды оқыту мектепке дейінгі тәрбие беру және оқыту және жалпы орта білім беру ұйымдарында, азаматтарды оқыту - жұмыс, оқу орны және тұрғылықты жері бойынша ұйымдарда жүргізіледі.
Сейсмикалық қауiптi өңірлерде орналасқан ұйымдарда, мектепке дейінгі тәрбие беру және оқыту ұйымдарында және оқу орындарында сейсмикалық жаттығулар тоқсан сайын жүргiзіледі.
Қауіпті өндірістік объектiлердің төтенше жағдайы таралатын есепті аймақта орналасқан ұйымдарда, мектепке дейінгі тәрбие беру мен оқыту ұйымдарында және оқу орындарында қатты әсер ететiн улы және радиоактивті заттардың шығарылуынан авариялар туындаған кезде персоналдың, балалардың, оқушылардың, студенттердiң әрекет етуі бойынша жаттығулар тоқсан сайын жүргiзіледі.
Сел қауіпті, шөгу, көшкін қаупі бар аудандарда, сондай-ақ су жайылу, су басу, тасқындар болуы ықтимал аймақтарда орналасқан ұйымдарда, мектепке дейінгі тәрбие беру мен оқыту ұйымдарында және оқу орындарында қауіпті кезеңнің басталуы алдында жаттығулар жүргiзіледі.
47-бап. Азаматтық қорғау саласында хабар беру және білімді насихаттау
1. Халыққа төтенше жағдайлар туралы хабар беру азаматтық қорғаудың құлақтандыру жүйесі және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы беріледi.
2. Азаматтық қорғау саласында хабар беруге және білімді насихаттауға:
1) халыққа бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, оның ішінде республикалық және облыстық (қалалық) телеарналарда арнайы бағдарламалар құру арқылы төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдар тәртібі туралы хабар беруді ұйымдастыру;
2) басылымдарда, интернет-ресурстарда азаматтық қорғау саласындағы білімді, тұрмыстағы және өндірістегі қауіпсіздік қағидаларын насихаттайтын тұрақты жарияланымдарды, телерадио хабарларын тарату желілері бойынша хабарларды ұйымдастыру кіреді.
3. Азаматтық қорғау саласындағы білімді насихаттауды уәкілетті орган, сондай-ақ мемлекеттік органдар, ұйымдар және қоғамдық бірлестіктер жүзеге асырады.
4. Орталық және жергілікті атқарушы органдар халыққа азаматтық қорғау саласында өздері қабылдаған шаралар туралы хабар беруге және білімдерін таратуға жәрдемдесуге тиіс.
5-БӨЛІМ. ТАБИҒИ ЖӘНЕ ТЕХНОГЕНДІК СИПАТТАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МЕН ОЛАРДЫҢ САЛДАРЛАРЫН ЖОЮ
10-тарау. ТАБИҒИ ЖӘНЕ ТЕХНОГЕНДІК СИПАТТАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫ ЖОЮ
2025.24.06. № 196-VIII ҚР Заңымен 48-бап өзгертілді (2025 ж. 6 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
48-бап. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялау
Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялауды:
жаһандық немесе өңірлік ауқымдағы төтенше жағдай кезінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі;
жергілікті ауқымдағы немесе объектілік ауқымдағы төтенше жағдайлар кезінде әкімшілік-аумақтық бірліктердің әкімдері жүзеге асырады.
49-бап. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою кезінде жүргізілетін іс-шаралар
Төтенше жағдайлар туындаған кезде оларға жедел ден қою мақсатында азаматтық қорғаудың басқару органдары өз құзыреті шегінде:
1) қалыптасқан жағдайды талдауды, төтенше жағдайдың таралу ауқымын анықтауды, адам шығыны мен материалдық нұқсанды алдын ала бағалауды;
3) төтенше жағдайдың даму ықтималдығын бағалауды, жағдай туралы деректерді қорытуды және талдамалық материалдар дайындауды;
4) төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимылдар жоспарына сәйкес азаматтық қорғау күштері мен құралдарын жедел жіберуді;
5) авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу кезінде азаматтық қорғау күштері мен құралдарын басқаруды, төтенше жағдайды жою мәселелері бойынша қажетті шұғыл шаралар мен басқарушылық шешімдер қабылдауды;
6) төтенше жағдайды жоюға тартылатын азаматтық қорғау күштері мен құралдарының іс-қимылдарын үйлестіруді және олардың өзара іс-қимыл жасауын ұйымдастыруды;
7) төтенше жағдайларда халықтың тіршілігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды, оның ішінде таралу ауқымына қарай төтенше жағдайларды жою үшін материалдық-техникалық ресурстардың запастарын пайдалануды;
8) төтенше жағдайды жою жөніндегі іс-қимылдар жоспарына сәйкес төтенше жағдайларды жоюға тартылатын азаматтық қорғау күштері мен құралдарының жай-күйін бақылауды жүргізеді.
2025.24.06. № 196-VIII ҚР Заңымен 49-1-баппен толықтырылды (2025 ж. 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді)
49-1-бап. Жаһандық немесе өңірлік ауқымдағы төтенше жағдайларды жою кезіндегі басшылық
1. Жаһандық немесе өңірлік ауқымдағы төтенше жағдайларды жою мақсатында Республикалық жедел штаб құрылады.
2. Республикалық жедел штаб Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы жаһандық немесе өңірлік ауқымдағы төтенше жағдайларды жою кезінде жалпы басшылықты жүзеге асыратын жұмыс органы болып табылады.
Республикалық жедел штаб туралы ережені Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
3. Республикалық жедел штаб Республикалық жедел штабтың басшысынан, басшысының орынбасарларынан және мүшелерінен тұрады.
Республикалық жедел штабтың құрамына басшы ретінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, басшының орынбасарлары ретінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары және уәкілетті органның басшысы, сондай-ақ мүшелері ретінде өзге де мүдделі мемлекеттік органдардың басшылары кіреді.
4. Республикалық жедел штабтың міндеттері:
1) жаһандық немесе өңірлік ауқымдағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі шараларды әзірлеу;
2) жаһандық немесе өңірлік ауқымдағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-шараларды өткізуді ұйымдастыру;
3) жаһандық немесе өңірлік ауқымдағы төтенше жағдайларды жою үшін орталық, жергілікті атқарушы органдар мен өзге де ұйымдардың қызметін үйлестіру;
4) жаһандық немесе өңірлік ауқымдағы төтенше жағдайларды жою кезеңінде жүргізілетін іс-шаралардың орындалуын бақылау болып табылады.
5. Республикалық жедел штабтың өкілеттіктері:
1) жаһандық немесе өңірлік ауқымдағы төтенше жағдайларды жою жөнінде, оның ішінде жаһандық немесе өңірлік ауқымдағы төтенше жағдай аймағынан тыс орналасқан азаматтық қорғаудың және өзге де ұйымдардың қосымша күштері мен құралдарын тарту жөнінде шешімдер қабылдау;
2) жаһандық немесе өңірлік ауқымдағы төтенше жағдайларды жою үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервін пайдалануға ұсыныстар енгізу;
3) Қазақстан Республикасының Президентіне жаһандық немесе өңірлік ауқымдағы төтенше жағдайларды жою үшін Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін қолдану және басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың күштері мен құралдарын тарту туралы ұсыныстар енгізу болып табылады.
6. Республикалық жедел штабтың шешімі хаттама түрінде ресімделеді, оған Республикалық жедел штабтың басшысы немесе басшысының орынбасарлары қол қояды және ол орталық және жергілікті атқарушы органдардың орындауы үшін міндетті болып табылады.
7. Республикалық жедел штаб өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
50-бап. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою кезінде авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарға басшылық
1. Авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды ұйымдастыруды және оған басшылықты, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жоюға тартылған күштер мен құралдарға басшылықты, олардың өзара іс-қимыл жасауын ұйымдастыруды төтенше жағдайды жою басшысы жүзеге асырады.
2. Төтенше жағдайды жою басшысы болып:
1) жаһандық немесе өңірлік ауқымдағы төтенше жағдай кезінде - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкімімен уәкілетті органның лауазымды адамы;
2025.24.06. № 196-VIII ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2025 ж. 6 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) жергілікті ауқымдағы немесе объектілік ауқымдағы төтенше жағдай кезінде - тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімінің шешімімен жергілікті атқарушы органның лауазымды адамы тағайындалады.
3. Төтенше жағдай аймағының шекарасын төтенше жағдайды жою басшысы айқындайды.
4. Төтенше жағдайдың сипатын бағалауды, төтенше жағдайды жою басшысына оны оқшаулау және жою жөнінде ұсыныстар әзірлеуді жедел штаб жүзеге асырады. Жедел штаб авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуге қатысатын азаматтық қорғау қызметтері мен құралымдарының іс-қимылдарын үйлестіреді.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2025.24.06. № 196-VIII ҚР Заңымен (2025 ж. 6 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 5-тармақ өзгертілді
5. Жедел штаб төтенше жағдайды жою басшысының шешімімен құрылады.
Жедел штаб бастығы болып төтенше жағдайды жою басшысының орынбасары болып табылатын, уәкілетті органның немесе оның аумақтық органының лауазымды адамы тағайындалады.
Жедел штаб бастығы төтенше жағдайды жою басшысымен келісу бойынша және төтенше жағдай ауқымы мен аймағына қарай жедел топтардың қажетті санын құрады және төтенше жағдай аймағындағы олардың жұмысын бөліп береді.
6. Төтенше жағдайды жою басшысын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мiндеттерiн атқарудан шеттетуден және басшылық етуді өзiне қабылдаудан немесе басқа лауазымды адамды тағайындаудан басқа кезде, оның қызметіне араласуға ешкiм де құқылы емес.
7. Төтенше жағдайды жою басшысы мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарға өзі қабылдаған шешімдер туралы дереу хабар беру жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.
8. Авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу мүмкін болмаған жағдайда, төтенше жағдайды жою басшысының, бірінші кезектегі тәртіппен төтенше жағдай аймағындағы адамдарды құтқару жөнінде барлық мүмкін болатын шараларды қолдана отырып, көрсетілген жұмыстарды тұтастай немесе олардың бір бөлігін тоқтата тұру туралы шешім қабылдауға құқығы бар.
9. Төтенше жағдайды жою басшысы:
1) қолда бар күштер мен құралдарды пайдалана отырып, төтенше жағдай аймағында барлауды және жағдайды бағалауды, адамдарды құтқаруды ұйымдастырады;
2) авариялық-құтқару жұмыстарын жүргiзу бойынша негізгі күш-жігерді жұмылдыру учаскелерін, күштер мен құралдардың қажетті санын, құтқару жұмыстарын жүргiзудiң әдiстерi мен тәсiлдерiн айқындайды;
3) төтенше жағдай аймағындағы объектiлерде және ұйымдардың аумақтарында авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргiзу туралы шешiм қабылдайды;
4) авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдарына мiндеттер қоюды жүзеге асырады, олардың өзара iс-қимыл жасауын ұйымдастырады, олардың қауiпсiздiгiн және алға қойылған мiндеттердiң орындалуын қамтамасыз етедi;
5) төтенше жағдай аймағындағы мән-жайдың өзгеруiне бақылауды жүзеге асырады;
6) қажет болуына қарай қосымша күштер мен құралдарды шақыртады, олардың кездесуін ұйымдастырады, олардың авариялық-құтқару жұмыстарын жүргiзу орнын (ауданын) айқындайды;
7) күштер мен құралдардың резервiн құруды ұйымдастырады, ауысым бойынша жұмыс істеу тәртiбiн айқындайды;
2025.24.06. № 196-VIII ҚР Заңымен 8) тармақша өзгертілді (2025 ж. 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8) Қазақстан Республикасының Үкiметiне, Республикалық жедел штабқа, уәкілетті органға жаһандық немесе өңірлік ауқымдағы төтенше жағдай аймағында қалыптасқан жағдай және авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды ұйымдастыру және жүргiзу жөнінде өзі қабылдаған шешiмдер туралы хабар береді;
9) төтенше жағдай орнынан күштер мен құралдардың кету тәртiбiн айқындайды.
10. Төтенше жағдайдың таралуы кезінде төтенше жағдайды жою басшысы аса қажет болған жағдайда (адамдардың өмiрi мен денсаулығына тiкелей қатер төнгенде):
төтенше жағдай аймағына адамдар мен көлiктiң кіруiн шектейдi;
төтенше жағдай аймағындағы ұйымдардың қызметiн тоқтата тұрады;
авариялық-құтқару жұмыстарын жүргiзуге азаматтық қорғаудың авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының күштері мен құралдарын және көрсетілген құралымдардың құрамына кiрмейтiн құтқарушыларды тартады;