Дене шынықтыру және спорт саласындағы азаматтық қызметшілерді аттестаттаудан өткізу мен шарттарының ережесін,
сондай-ақ Жаттықтырушыларға, әдіскерлерге, нұсқаушыларға біліктілік санаттарын беру ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің міндетін атқарушының 2011 жылғы 5 наурыздағы № 02-02-18/29 бұйрығы
(2013.26.09. берілген өзгерістермен)
Осы редакция 2014 жылғы 29 шілдеде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 2007 жылғы 15 мамырдағы 233-бабына және Қазақстан Республикасының «Дене шынықтыру және спорт туралы» 1999 жылғы 2 желтоқсандағы Заңының 22-1-бабының 3 және 4 тармақшаларына сәйкес, сонымен қатар «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы № 1400 қаулысын іске асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған:
1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Дене шынықтыру және спорт саласында азаматтық қызметшілерді аттестаттаудан өткізу мен шарттарының ережесі;
2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Жаттықтырушыларға, әдіскерлерге, нұсқаушыларға біліктілік санаттарын беру ережесі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт жөніндегі агенттігі төрағасының 2002 жылғы 26 шілдедегі «Жаттықтырушы-оқытушылар құрамына біліктілік санаттарын беру ережесін бекіту туралы» № 06-2-2/163 бұйрығының (2002 жылғы 24 тамызда нормативтік-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеудің тізімінде № 1961 болып тіркелген, Қазақстан Республикасының орталық атқару және өзге де мемлекеттік органдарының нормативтік-құқықтық актілері бюллетенінде 2002 жылы, № 36, 686-бетте жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
3. Стратегиялық жоспарлау департаменті (Д.Ү. Қамзебаева) заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуге ұсынылсын.