«Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының 2024 жылғы 5 шілдедегі № 110-VІІІ Заңы

Предыдущая страница

4. Құрамы, өкілеттіктері мен қызмет тәртібі көзделетін адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссия туралы ереже уәкілетті мемлекеттік органдардың бірлескен құқықтық актісімен бекітіледі.

5. Құрамы, өкілеттіктері мен қызмет тәртібі көзделетін адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік комиссиялар туралы ережелерді облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары жергілікті өкілді органдармен келісу бойынша уәкілетті мемлекеттік органдардың бірлескен құқықтық актісімен бекітілген адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік комиссия туралы үлгілік ережеге сәйкес бекітеді.

 

12-бап. Адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың негіздері

1. Адам саудасына қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар адам саудасына қарсы іс-қимыл саласында Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен, халықаралық құқық қорғау ұйымдарымен, сондай-ақ халықаралық және коммерциялық емес ұйымдармен ынтымақтасады.

2. Адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың негізгі бағыттары:

1) адам саудасына қарсы іс-қимыл саласында, оның ішінде адам саудасы құрбандарын қорғау және оңалту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын әзірлеу және жасасу;

2) адам саудасына байланысты қылмыстардың алдын алу, оларды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру, сондай-ақ жәбірленушілердің құқықтарын қорғау мақсатында шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен, оның ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерлердегі Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің өкілдері арқылы өзара іс-қимыл жасау;

3) адам саудасына қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыруға бағытталған ақпараттық жүйелерді және жедел хабарлау, ден қою мен бақылау құралдарын бірлесіп жасау және дамыту;

4) тәжірибе алмасу, қызметкерлердің біліктілігін арттыру.

3. Адам саудасына байланысты қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша халықаралық құқықтық көмек көрсету Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес, ал олар болмаған жағдайда Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде көзделген тәртіппен өзара түсіністік қағидаты негізінде жүзеге асырылады.

 

 

3-тарау. АДАМ САУДАСЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ҚЫЛМЫСТАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ, ОЛАРДЫ АНЫҚТАУ,

ЖОЛЫН КЕСУ, АШУ ЖӘНЕ ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУ

 

13-бап. Адам саудасының алдын алу жөніндегі шаралар

Адам саудасының алдын алу жөніндегі шаралар мыналарды қамтиды:

1) ұйымдастырушылық шаралар - Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін әзірлеу, бекіту және іске асыру, ақпараттық материалдарды дайындау мен тарату, адам саудасының профилактикасы бойынша іс-шараларды жүйелі негізде жүргізу;

2) құқықтық шаралар - адам саудасына қарсы іс-қимылда халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, адам саудасының ықтимал құрбандарын құқықтық қорғау;

3) зерттеу шаралары - адам саудасы проблемасын зерделеуге байланысты іздеу жұмыстары, кешенді, талдамалық жұмыстар, құқық қолдану практикасын талдау, ғылыми зерттеулер;

4) ақпараттық шаралар - Қазақстан Республикасы азаматтарының, қандастардың, шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың адам саудасы құрбандарының құқықтары, оларды қорғау және көмек көрсету шаралары, Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары, сондай-ақ адамдар, оның ішінде кәмелетке толмағандар саудасына, оларды қанауға қарсы іс-қимыл, жезөкшелік пен порнографияға төзбеушілік туралы хабардар болуын арттыру жөніндегі ағартушылық қызмет;

5) әлеуметтік-экономикалық шаралар - адам саудасының алдын алуға, адам саудасына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою мен азайтуға бағытталған әлеуметтік жобаларды дайындау және іске асыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әлеуметтік қолдау шараларын көрсету;

6) адам саудасына ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтауға және жоюға бағытталған өзге де шаралар.

 

14-бап. Адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы қауіп-қатерлерді бағалау

1. Адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы қауіп-қатерлерді бағалауды уәкілетті мемлекеттік органдар адам саудасы қатерлерін және осы проблеманы шешу мүмкіндіктерін айқындау, адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды іске асырудың кемшіліктерін анықтау мақсатында жүзеге асырады.

2. Адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы қауіп-қатерлерді бағалауды жүргізу қағидалары уәкілетті мемлекеттік органдардың бірлескен нормативтік құқықтық актісімен бекітіледі.

3. Адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы қауіп-қатерлерді бағалау нәтижелері және адам саудасының туындауына ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау мен жою жөніндегі қызметті жетілдіруге бағытталып тұжырымдалған ұсынымдар адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралады және адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілеріне жеткізіледі, сондай-ақ іс-шаралар жоспарын, стратегиялық, бағдарламалық және өзге де құжаттарды әзірлеу кезінде ескеріледі.

 

15-бап. Адам саудасына байланысты қылмыстарды анықтау, олардың жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру

1. Адам саудасына байланысты қылмыстарды анықтау және олардың жолын кесу мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес профилактикалық, жедел-іздестіру және өзге де іс-шаралар тұрақты негізде жүзеге асырылады.

2. Адам саудасына байланысты қылмыстарды анықтау, олардың жолын кесу шеңберінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен адам саудасы құрбандарын сәйкестендіру және оларға көмек көрсету және арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну үшін қайта бағыттау жүзеге асырылады.

3. Адам саудасына байланысты қылмыстарды ашу және сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

 

 

4-тарау. АДАМ САУДАСЫ ҚҰРБАНДАРЫНЫҢ

ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ОЛАРҒА КӨМЕК КӨРСЕТУ

 

16-бап. Адам саудасының құрбанын сәйкестендіру және оның мәртебесі

1. Адам саудасының ықтимал құрбанын сәйкестендіру адам саудасының құрбаны мәртебесін беру, қажетті қорғау мен көмекті көрсету, сондай-ақ адам саудасына қайта тарту қауіп-қатерін болғызбау үшін жүзеге асырылады.

2. Адам саудасының құрбанын сәйкестендіруді ішкі істер органдары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту саласындағы бағытты айқындайтын аудандардың, облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органымен, адам саудасы құрбандарына арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынатын субъектімен, коммерциялық емес ұйыммен бірлесіп жүргізеді.

3. Адам саудасының құрбаны мәртебесін беру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпке сәйкес адам саудасының құрбанын сәйкестендірудің нәтижелері бойынша жүзеге асырылады.

 

17-бап. Адам саудасының құрбаны ретінде сәйкестендірілген адамның құқықтары мен міндеттері

1. Адам саудасының ықтимал құрбанының адам саудасының құрбаны ретінде сәйкестендіруден өтуге жүгінуге құқығы бар.

2. Адам саудасының құрбаны ретінде сәйкестендірілген адамның:

1) құқықтары мен міндеттері, қорғалуы және адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілері және адам саудасы құрбандарына арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынатын субъектілер көрсететін көмек туралы ақпарат алуға;

2) «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес дербес деректер құпиялылығының сақталуына және олардың қорғалуына;

3) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді алуға жүгінуге;

4) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаж адам (отбасы) ретінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жергілікті өкілді органдардың шешімдері бойынша берілетін әлеуметтік көмекке жүгінуге;

5) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын медициналық көрсетілетін қызметтер тізбесіне сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға;

6) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен құқықтық консультация беру түрінде мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға, сондай-ақ кешенді әлеуметтік заң көмегін қабылдауға;

7) қорғалатын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін орган «Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен қылмыстық процесс барысында мемлекеттік қорғауға жататын адам деп таныған кезде мемлекеттік қорғалуға;

8) сотқа дейінгі тергеп-тексеру және қылмыстық істі сотта қарау шеңберінде кәмелетке толмаған адамнан куә немесе жәбірленуші ретінде жауап алу кезінде педагогтың және (немесе) психологтың қатысуына;

9) Қазақстан Республикасының Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы заңнамасына сәйкес өтемақы алуға;

10) шыққан елінің (өзі азаматы болып табылатын елдің) өкілдіктері мен консулдықтарына кіруін ұйымдастыру тұрғысынан жәрдем алуға;

11) Қазақстан Республикасының аумағында адам саудасының құрбаны ретінде анықталған және сәйкестендірілген шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасына сәйкес арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің кепілдік берілген көлемін алу үшін Қазақстан Республикасының аумағында уақытша тұруға;

12) Қазақстан Республикасының аумағында адам саудасының құрбаны болып анықталған және сәйкестендірілген көшіп келуші ретінде Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасына сәйкес өзіне арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсынылған, бірақ күнтізбелік отыз күннен кем болмайтын кезең ішінде құқық қорғау органдарына жүгіну және олармен ынтымақтасу туралы шешім қабылдауға;

13) Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасына сәйкес шетелдіктің өзі азаматы болып табылатын елге немесе азаматтығы жоқ адам тұрақты тұратын елге Қазақстан Республикасынан кетуге виза алу үшін ішкі істер органдарына жүгінуге;

14) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес адам саудасына байланысты нақты қылмыстық іс бойынша іс жүргізу аяқталғанға дейін шетелдік жұмыс күшін тартуға жергілікті атқарушы органдардың рұқсатынсыз еңбек қызметін жүзеге асыруға;

15) пана іздеген адам ретінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен босқын не азаматтығы жоқ адам мәртебесін алуға жүгінуге;

16) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен әкімшілік актіге, әкімшілік актіні қабылдауға байланысты әкімшілік әрекетке (әрекетсіздікке) шағымдануға;

17) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.

3. Адам саудасының құрбаны ретінде сәйкестендірілген адам:

1) Қазақстан Республикасының адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын сақтауға;

2) адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілерімен өзара іс-қимыл жасау кезінде қорғалу және көмек алу үшін психологиялық жай-күйі мен денсаулық жағдайын ескере отырып, өзі туралы толық және анық ақпарат беруге міндетті.

 

18-бап. Адам саудасы құрбандарын қайта бағыттау

1. Адам саудасы құрбандарына көмек көрсету және арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну үшін оларды қайта бағыттау ынтымақтастық жүйесін айқындайды, оның шеңберінде адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілері өз құзыреті шегінде адам саудасы құрбандарына жан-жақты және қолжетімді қолдау жүйесін қамтамасыз ету үшін адам саудасы құрбандарын, оның ішінде ықтимал құрбандарын анықтауға, қайта бағыттауға, қорғауға және оларға көмек көрсетуге қатысады.

2. Адам саудасы құрбандарына көмек көрсету және арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну үшін оларды қайта бағыттау тәртібі адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы өзге де мемлекеттік органдармен келісу бойынша уәкілетті мемлекеттік органдардың бірлескен нормативтік құқықтық актісімен бекітіледі.

 

19-бап. Адам саудасының құрбандары болған Қазақстан Республикасының азаматтарын, оның ішінде кәмелетке толмағандарды, Қазақстан Республикасы таныған босқындарды және Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдарды қайтару

Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемелері адам саудасының құрбандары болған Қазақстан Республикасының азаматтарына, оның ішінде кәмелетке толмағандарға, Қазақстан Республикасы таныған босқындарға және Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасына қайтып оралуға арналған куәлікті қысқа мерзімде беру және олардың оралуын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігімен және адам саудасына қарсы іс-қимылдың өзге де субъектілерімен ынтымақтасады.

 

20-бап. Қазақстан Республикасының аумағында адам саудасының құрбаны ретінде сәйкестендірілген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қайтару

1. Қазақстан Республикасының аумағында адам саудасының құрбаны ретінде сәйкестендірілген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну және (немесе) қылмыстық іс бойынша іс жүргізу аяқталғаннан кейін шыққан еліне (өзі азаматы болып табылатын елге) қайтарылуы ерікті түрде жүзеге асырылады.

2. Адам саудасына байланысты қылмыстардан жәбірленуші деп танылған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер шеңберінде шыққан еліне (өзі азаматы болып табылатын елге) оралуына жәрдем көрсетіледі.

3. Адам саудасы құрбандарын қайтару олардың қауіпсіздігіне қатер төндіреді деген қауіптену болған кезде олар өздерінің келісуімен қайтарылмауы және Қазақстан Республикасынан шығарып жіберілмеуі тиіс және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен босқын не азаматтығы жоқ адам мәртебесін алуға жүгіне алады.

 

 

5-тарау. АДАМ САУДАСЫНЫҢ КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАН ҚҰРБАНДАРЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН

ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ОЛАРҒА КӨМЕК КӨРСЕТУ

 

21-бап. Адам саудасының кәмелетке толмаған құрбандарының құқықтарын қорғау

1. Адам саудасының кәмелетке толмаған құрбандарының құқықтарын қорғау және оларға көмек көрсету олардың заңды мүдделері мен пікірі ескеріле отырып қамтамасыз етіледі.

2. Егер адам саудасы құрбанының жасы нақты анықталмаса және құрбан кәмелетке толмаған адам болып табылады деп пайымдауға негіздер болса, онда ол адам кәмелетке толмаған болып есептеледі және жасы анықталғанға дейін оған тиісті түрде қарау қажет деген презумпция қолданылады.

3. Егер адам саудасының құрбаны бірге жүретін адамы жоқ кәмелетке толмаған адам болып табылса, онда іс-қимылдар Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

 

22-бап. Кәмелетке толмағандар саудасының алдын алу

Адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілері:

кәмелетке толмағандармен және олардың заңды өкілдерімен профилактикалық жұмыс бойынша;

білім беру, тәрбиелеу және дамыту саласында, демалыс және сауықтыру, дене шынықтыру және спорт, медициналық қамтамасыз ету, арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну, мәдениет және өнер ұйымдарында кәмелетке толмағандармен жұмыс істейтін адамдар арасында адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы хабардар болу деңгейін арттыру бойынша;

адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі бағдарламаларды әзірлеу және білім беру ұйымдарына енгізу бойынша;

адам саудасының алдын алу мәселелерін немесе адам саудасына байланысты қылмыстарды ақпараттық салада жариялау, сондай-ақ кәмелетке толмағандар саудасына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою бойынша шаралар қабылдайды.

 

23-бап. Адам саудасының кәмелетке толмаған құрбанын қайтару немесе орналастыру

1. Қазақстан Республикасында шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам болып табылатын адам саудасының кәмелетке толмаған құрбаны анықталған жағдайда, бала тұрған жердегі қорғаншылық және қамқоршылық органдары ата-аналарының (ата-анасының) не өзге де заңды өкілдерінің бар-жоғы және тұратын жері туралы мәліметтерді алуға жәрдемдеседі, қажет болғанда баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдарға баланы орналастырады.

Кәмелетке толмаған адамды шыққан еліне (өзі азаматы болып табылатын елге) қайтару немесе Қазақстан Республикасында қалдыру туралы мәселені шешу кезінде шешім он жасқа толған кәмелетке толмаған адамның ата-аналарының (ата-анасының) не өзге де заңды өкілдерінің немесе қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган өкілінің қатысуымен берген келісімімен ғана қабылданады.

2. Адам саудасының кәмелетке толмаған құрбаны ата-аналары (ата-анасы) не өзге де заңды өкілдері немесе кәмелетке толмаған адамның шыққан елінің (өзі азаматы болып табылатын елдің) құзыретті органдары ол үшін өзіне жауапкершілікті алуға және оған тиісті көмек пен қорғауды ұсынуға келіскен жағдайда, шыққан еліне (өзі азаматы болып табылатын елге) қайтарылуы тиіс.

3. Егер осындай қайтару адам саудасының кәмелетке толмаған құрбанының қауіпсіздігіне қатер төндірсе және оның мүдделеріне сай келмесе, ол Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымға орналастырылуы тиіс.

 

 

6-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

 

24-бап. Қазақстан Республикасының адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

Қазақстан Республикасының адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.

 

25-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

 

 

Қазақстан Республикасының

    Президенті

 

Қ. ТОҚАЕВ

 

Астана, Ақорда, 2024 жылғы 5 шілде

   № 110-VIII ҚРЗ