«Адвокаттық қызмет және білікті заң көмегі туралы» Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 5 шілдедегі № 176-VІ Заңы (2026.01.07. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)

Предыдущая страница

22-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

Қазақстан Республикасының Үкіметі білікті заң көмегін көрсету саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді.

 

23-бап. Уәкілетті органның құзыреті

Уәкілетті орган:

2023.19.04. № 223-VІІ ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (2023 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1) білікті заң көмегін көрсету саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырады және іске асырады;

2) мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегін көрсететін тұлғалардың қызметін үйлестіреді;

3) білікті заң көмегін көрсету мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлейді;

4) Қазақстан Республикасының адвокаттық қызмет және білікті заң көмегі туралы заңнамасына, білікті заң көмегін көрсету көлемінің толықтығы мен сапасына мониторинг жүргізеді;

5) білікті заң көмегін көрсету саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;

6) білікті заң көмегін көрсету стандарттарын келіседі;

7) білікті заң көмегін көрсету сапасының өлшемшарттарын келіседі;

8) мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегін көрсету сапасының өлшемшарттарын әзірлейді және бекітеді;

9) мемлекет кепілдік берген заң көмегінің барлық түрі бойынша бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі болып табылады;

10) мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегі жүйесінің жұмыс істеуі мен дамуын қамтамасыз етеді;

2023.19.04. № 223-VІІ ҚР Заңымен 10-1) тармақшамен толықтырылды (2023 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді)

10-1) адвокат, заң консультанты көрсеткен, мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегіне ақы төлеудің және құқықтық консультация беруге, қорғау мен өкілдік етуге, сондай-ақ татуластыру рәсімдерін жүргізуге байланысты шығыстарды өтеу мөлшерлерін белгілейді;

11) мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегін көрсетудің жүйесі және негізгі қорытындылары туралы ақпараттың жылына кемінде бір рет Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында жариялануын және өзінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етеді;

2022.20.06. № 128-VII ҚР Заңымен 12) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

12) адвокат, заң консультанты көрсеткен, мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегін есепке алу тәртібін әзірлейді және бекітеді;

2022.20.06. № 128-VII ҚР Заңымен 13) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

13) адвокат, заң консультанты көрсететін, мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегіне ақы төлеу және құқықтық консультация беруге, қорғауға және өкілдік етуге, сондай-ақ татуластыру рәсімдерін жүргізуге байланысты шығыстарды өтеу қағидаларын бекітеді;

14) мемлекет кепілдік берген көрсетілетін білікті заң көмегінің сапасын бақылауды жүзеге асырады;

15) заң консультанттары палаталарының қызметін бақылауды жүзеге асырады;

16) халыққа білікті заң көмегін көрсететін тұлғалар, білікті заң көмегін көрсету тетіктері, негіздері мен шарттары туралы құқықтық ақпарат беруді қамтамасыз етеді;

17) заң консультанттары палатасының үлгілік жарғысын әзірлейді және бекітеді;

18) заң консультанттары палаталарының тізілімін жүргізеді;

2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 19) тармақша өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

19) Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша адвокаттардың кәсіптік жауапкершілігін сақтандырудың үлгілік шартын әзірлейді және бекітеді;

2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 20) тармақша өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

20) Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша заң консультанттарының кәсіптік жауапкершілігін сақтандырудың үлгілік шартын әзірлейді және бекітеді;

21) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

 

2021.09.06. № 49-VІІ ҚР Заңымен 24-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)

24-бап. Білікті заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесі

Адвокаттық қызметті және заң консультанттарының қызметін автоматтандыруға арналған ақпараттық жүйе білікті заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесі болып табылады.

Білікті заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесі жұмыс істеген кезде құпиялылықты сақтау қамтамасыз етіледі.

Білікті заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесінің ақпараттандыру объектілері «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен Республикалық адвокаттар алқасына және Республикалық заң консультанттары алқасына сенімгерлік басқаруға беріледі.

 

 

2-БӨЛІМ. МЕМЛЕКЕТ КЕПІЛДІК БЕРГЕН БІЛІКТІ ЗАҢ КӨМЕГІ

2-тарау. МЕМЛЕКЕТ КЕПІЛДІК БЕРГЕН БІЛІКТІ ЗАҢ КӨМЕГІНІҢ ЖҮЙЕСІ

 

25-бап. Мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегін көрсететін тұлғалар және оны көрсету тәртібі

Мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегін:

1) мемлекеттік органдар «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен, өз құзыреті шегінде құқықтық ақпарат беру түрінде өтеусіз;

2) адвокаттар осы Заңда белгіленген тәртіппен;

2022.20.06. № 128-VII ҚР Заңымен 2-1) тармақшамен толықтырылды

2-1) заң консультанттары осы Заңда белгіленген тәртіппен;

3) нотариустар «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген жағдайларда және тәртіппен өтеусіз;

4) жеке сот орындаушылары «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген жағдайларда және тәртіппен, әлеуметтік маңызы бар істер санатын орындау кезінде өтеусіз көрсетеді.

Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегін өзге тұлғалар өтеусіз көрсете алады.

 

2022.20.06. № 128-VII ҚР Заңымен 26-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

26-бап. Мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегін алуға құқығы бар тұлғалар

1. Құқықтық ақпарат беру түріндегі мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегін тегін алуға барлық жеке және (немесе) заңды тұлғалардың құқығы бар.

2. Құқықтық консультация беру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегі:

1) алименттер өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақылар тағайындау, ақтау, босқын немесе қандас мәртебесін алу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандарға;

2) мәртебесіне немесе жағдайына байланысты құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету және қорғау мәселелері бойынша сексуалдық зорлық-зомбылық, адам саудасы, терроризм актісі құрбандарына не азаптауларға ұшыраған құрбандарға;

3) асыраушысының қайтыс болуынан келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға;

4) жұмысына байланысты денсаулығының зақымдануынан келтірілген не қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға;

5) Ұлы Отан соғысына қатысушылар, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, жасы бойынша зейнеткерлер болып табылатын, кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша жеке тұлғаларға;

6) кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша көпбалалы отбасыларға;

7) кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша жан басына шаққандағы орташа айлық кірістері облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен төмен табысы аз адамдарға (отбасыларға) осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен көрсетіледі.

3. Соттарда, қылмыстық қудалау органдарында, өзге де мемлекеттік органдарда және мемлекеттік емес ұйымдарда жеке тұлғалардың мүдделерін қорғау және білдіру түріндегі мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегі:

1) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартылатын адамға;

2) Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес талап қоюшыға не жауапкерге және Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасына сәйкес талап қоюшыға;

3) Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға, сотталған адамға, ақталған адамға, жәбірленушіге осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен көрсетіледі.

4. Осы баптың 1, 2 және 3-тармақтарында көрсетілген тұлғалар Қазақстан Республикасының аумағында мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегін тұрғылықты жеріне және тұрған жеріне қарамастан алуға құқылы.

5. Мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегіне мұқтаж тұлғаның мүддесіне орай оның өкілі заңдарда белгіленген тәртіппен осындай көмек көрсету туралы өтінішхатпен жүгіне алады.

 

27-бап. Мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегіне мұқтаж тұлғаның құқықтары мен міндеттері

1. Мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегіне мұқтаж тұлғаның:

1) мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегіне теңдей қол жеткізуге;

2) өз құқықтары, міндеттері және мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегін көрсету шарттары туралы ақпарат алуға;

3) мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегін көрсететін тұлғаларға тегін білікті заң көмегін көрсету үшін өтініш жасауға;

4) мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен алуға немесе оны алудан бас тартуға;

5) мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегін көрсететін тұлғалардың әрекеттеріне не әрекетсіздігіне осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен шағым жасауға;

6) мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегі көрсетілген мәселенің құпиялығына құқығы бар.

2. Өзіне осы Заңның 15-бабының 2) және 3) тармақшаларында көзделген, мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегін көрсету туралы өтінішхатпен жүгінген тұлға:

1) өзінің мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегін алуға құқығын растайтын, тізбесін уәкілетті орган бекітетін құжаттарды ұсынуға;

2) мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегін көрсету шарттарына ықпал ететін мән-жайлардың өзгергені туралы уақтылы хабарлауға;

3) мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегін көрсету қажеттігіне негіз болған ақпараттың анықтығын қамтамасыз етуге міндетті.

 

2026.11.06. № 306-VIII ҚР Заңымен 28-бап өзгертілді (2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

28-бап. Адвокаттар көрсететін мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегін ұйымдастыру, оны көрсету тәртібі және есепке алу

2021.09.06. № 49-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

1. Адвокаттардың мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегін көрсетуге қатысуын астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың адвокаттар алқасы уәкілетті органмен келісу бойынша, Республикалық адвокаттар алқасы айқындаған тәртіппен білікті заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы ұйымдастырады.

Астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың адвокаттар алқасы жыл сайын бірінші желтоқсаннан кешіктірмей аумақтық әділет органына мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегін көрсету жүйесіне қатысатын адвокаттардың тізімін жібереді.

2. Мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегін көрсету жүйесіне қатысу үшін адвокаттарды іріктеудің өлшемшарттарын Республикалық адвокаттар алқасы бекітеді.

3-тармақтың бірінші бөлігі 2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді

3. Мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегін көрсету жүйесіне қатысатын адвокаттар тізіміне қосудың артықшылықты құқығы кешенді әлеуметтік білікті заң көмегін көрсететін адвокаттарға беріледі.

Тізімде адвокаттың тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болған жағдайда), адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның нөмірі мен берілген күні, адвокаттық қызметті ұйымдастыру нысаны, адвокаттық қызметтің атауы және оны жүзеге асыру орны көрсетіледі.

2021.09.06. № 49-VІІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

4. Адвокаттар алқасының төралқасы адвокаттардың тізімін кезең-кезеңімен жаңартып отырады және жаңартылған күйде ұстайды.

Қылмыстық процесті жүргізетін органдардың, соттардың немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарауға уәкілеттік берілген органдардың (лауазымды адамдардың) тағайындауы бойынша білікті заң көмегін көрсету үшін адвокатты таңдау заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесінің көмегімен жүзеге асырылуы мүмкін.

5. Аумақтық әділет органы жыл сайын он бесінші желтоқсаннан кешіктірмей, адвокаттармен мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегін көрсету туралы келісім жасасады.

Уәкілетті орган Республикалық адвокаттар алқасының ұсынымдарын ескере отырып әзірлейтін және бекітетін келісімнің нысанында адвокаттардың астана, облыс, республикалық маңызы бар қала аумағында тұратын халықты білікті заң көмегімен толыққанды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттері және оның шарттары қамтылуға тиіс.

2021.09.06. № 49-VІІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2022.20.06. № 128-VII ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 6-тармақ өзгертілді

6. Аумақтық әділет органы жыл сайын жиырма бесінші желтоқсаннан кешіктірмей мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегін көрсету жүйесіне қатысатын адвокаттардың тізімін өзінің интернет-ресурсына орналастырады.

Республикалық адвокаттар алқасы жиырма бесінші желтоқсаннан кешіктірмей білікті заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесінде мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегін көрсету жүйесіне қатысатын адвокаттардың тізімін орналастырады.

7. Құқықтық консультация беру түріндегі, мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегін көрсету өтініш иесі өтініш жасаған кезде бірден адвокаттың қызметтік үй-жайында жүзеге асырылады. Білікті заң көмегін өтініш иесі өтініш жасағаннан кейін бірден көрсету мүмкін болмаған кезде, ол үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімде көрсетілуге тиіс. Адвокат өтініш иесіне қабылдау күні мен уақыты туралы қолжетімді нысанда хабарлайды.

8. Егер өтініш иесі жүріп-тұруындағы қиындықтарға байланысты ауыр науқасы, мүгедектігі немесе өзге де мән-жайлар салдарынан адвокат белгілеген қабылдау орнына келе алмайтындай жағдайда болса, құқықтық консультация беру оның болатын жерінде жүргізіледі.

Тұлға сол бір мәселе бойынша мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегін бір рет ала алады.

9. Мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегін есепке алуды осындай көмек ұсынған адвокат уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүргізеді.

2021.09.06. № 49-VІІ ҚР Заңымен 10-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

10. Адвокаттар ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың бесінші күнінен кешіктірмей, өздері көрсеткен мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегі туралы есепті білікті заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы қалыптастырады.

Есеп нысанын Республикалық адвокаттар алқасының ұсынымдарын ескере отырып, уәкілетті орган бекітеді.

2021.09.06. № 49-VІІ ҚР Заңымен 11-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

11. Астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың адвокаттар алқасы жыл сайын бесінші шілдеден және бесінші қаңтардан кешіктірмей, білікті заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы аумақтық әділет органына уәкілетті орган Республикалық адвокаттар алқасының ұсынымдарын ескере отырып бекітетін нысан бойынша адвокаттар көрсеткен, мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегі туралы жиынтық есеп ұсынады.

Астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың адвокаттар алқасының жиынтық есебінде ауылдық елді мекендердің мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегімен қамтамасыз етілуі туралы ақпарат қамтылады.

 

2022.20.06. № 128-VII ҚР Заңымен 28-1-баппен толықтырылды

28-1-бап. Заң консультанттарының мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегін көрсету тәртібі

Заң консультанттарының мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегін көрсетуге қатысуын заң консультанттарының палаталары уәкілетті орган айқындаған тәртіппен ұйымдастырады.

 

29-бап. Мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегін көрсетуден бас тарту

1. Егер өтініш иесі жүгінімнің құқықтық сипаты болмаса, құқықтық ақпарат беру түріндегі мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегін көрсетуден бас тартылады.

2. Мынадай негіздердің бірі болған кезде:

2022.20.06. № 128-VII ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

1) өтініш иесі мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегін алуға құқығы бар, осы Заңның 26-бабының 2 және 3-тармақтарында көзделген тұлғалар санатына жатпаса;

2) өтініш иесі жүгінімнің құқықтық сипаты болмаса, құқықтық консультация беру, қорғау және өкілдік ету түріндегі мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегін көрсетуден бас тартылады.

2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен 3-трамақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

3. Мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегін көрсетуден бас тарту уәжді болуға тиіс және оған уәкілетті органға, сотқа Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.

 

30-бап. Мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегін қаржыландыру

Мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

 

 

3-БӨЛІМ. АДВОКАТТЫҚ ҚЫЗМЕТ

3-тарау. АДВОКАТУРА ЖӘНЕ АДВОКАТТЫҢ МӘРТЕБЕСІ

 

31-бап. Адвокатураның мақсаты

1. Қазақстан Республикасындағы адвокатура адамның өз құқықтарын, бостандықтарын сот арқылы қорғауға және білікті заң көмегін алуға мемлекет кепілдік берген және Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген құқықтарын іске асыруға жәрдемдесуге, сондай-ақ дауды бейбіт жолмен реттеуге жәрдемдесуге арналған.

2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен 2-трамақ өзгертілді (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

2. Адвокаттар алқасы адвокаттардың қылмыстық істер, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша қорғау, сондай-ақ қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер мен әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша өкілдік ету, сондай-ақ жеке тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, сондай-ақ заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және оларды іске асыруда жәрдемдесу мақсатында білікті заң көмегінің өзге де түрлерін көрсету жөніндегі қызметін ұйымдастырады.

3. Адвокаттар өздері жүзеге асыратын адвокаттық қызмет шеңберінде көрсететін білікті заң көмегі кәсіпкерлік қызмет болып табылмайды.

 

32-бап. Адвокат

1. Жоғары заң білімі бар, адвокаттық қызметпен айналысуға лицензия алған, адвокаттар алқасының мүшесі болып табылатын және осы Заңмен регламенттелетін адвокаттық қызмет шеңберінде кәсіптік негізде білікті заң көмегін көрсететін Қазақстан Республикасының азаматы адвокат болып табылады.

2021.09.06. № 49-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

2. Сот әрекетке қабілетсіз не әрекет қабілеті шектеулі деп таныған не заңда белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған сотталғандығы бар адам адвокат бола алмайды.

Мыналар:

қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған адам - осындай оқиғалар басталғаннан кейін үш жыл бойы;

теріс себептер бойынша мемлекеттік және әскери қызметтен, құқық қорғау органдарынан, арнаулы мемлекеттік органдардан шығарылған, сондай-ақ судья лауазымынан босатылған адам - шығарылған (босатылған) күннен бастап үш жыл бойы;

әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған адам - осындай оқиғалар басталғаннан кейін үш жыл бойы;

осы Заңның 44-бабы 4-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензиядан айырылған адам - сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап үш жыл бойы;

теріс себептер бойынша заң консультанттары палатасының тізілімінен шығарылған адам - шығарылған күннен бастап үш жыл бойы адвокат бола алмайды.

 

33-бап. Адвокаттың құқықтары мен міндеттері

1. Адвокат көмек сұрап өтініш жасаған тұлғаға ол мұқтаж болып тұрған кез келген білікті заң көмегін көрсетуге құқылы.

2021.09.06. № 49-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

2. Осы Заңның 63-бабының 7-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, адвокат өзіне өтініш жасаған тұлғамен білікті заң көмегін көрсету туралы өз атынан жазбаша шарт жасасады.

2021.09.06. № 49-VІІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

3. Адвокат қорғаушы немесе өкіл ретінде әрекет ете отырып:

1) білікті заң көмегін сұрап өтініш жасаған тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін құзыретіне тиісті мәселелерді шешу кіретін барлық соттарда, мемлекеттік, өзге де органдар мен ұйымдарда қорғауға және білдіруге;

2) барлық мемлекеттік органдардан, жергілікті өзін-өзі басқару органдары мен заңды тұлғалардан адвокаттық қызметті жүзеге асыруға қажетті мәліметтерді сұратуға және алуға;

3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және шектерде, білікті заң көмегін көрсетуге қажетті нақты деректерді өзі дербес жинауға және оларды мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға ұсынуға;

4) процестік құжаттарды, тергеу және сот істерін қоса алғанда, көмек сұрап өтініш жасаған тұлғаға қатысты материалдармен танысуға және оларда қамтылған ақпаратты Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған кез келген тәсілмен тіркеп алуға;

2025.17.12. № 241-VIIІ ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (2025 ж. 29 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

5) іске кіріскен кезден бастап жолығулардың санын, ұзақтығын шектемей және мұндай жолығулардың құпиялығын қамтамасыз ететін жағдайларда өзі қорғайтын адаммен оңаша жолығып тұруға ие болуға;

6) білікті заң көмегін көрсетуге байланысты туындайтын және ғылым, техника, өнер саласында және басқа да қызмет салаларында арнайы білімді талап ететін мәселелерді түсіндіру үшін шарттық негізде мамандардың қорытындыларын сұратуға;

7) мемлекеттік билік, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілердің көмек сұрап өтініш жасаған тұлғалардың құқықтарына және заңмен қорғалатын мүдделеріне қысым жасайтын шешімдеріне және әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) өтінішхаттар мәлімдеуге, белгіленген тәртіппен шағымдар келтіруге;

2021.09.06. № 49-VІІ ҚР Заңымен 8) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)

8) егер бұл анықтау алдын ала тергеу сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу кезінде, сотта қорғауды немесе өкілдік етуді жүзеге асыру үшін қажет болса, мемлекеттік құпияларды құрайтын, сондай-ақ әскери, коммерциялық, қызметтік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны қамтитын ақпаратпен Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен танысуға;

9) білікті заң көмегін сұрап өтініш жасаған тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың заңда тыйым салынбаған барлық құралдары мен тәсілдерін пайдалануға;

10) татуластыру рәсімдерін жүргізуге;

11) тармақша 2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді

11) кешенді әлеуметтік білікті заң көмегін көрсетуге;

12) заңнамаға қайшы келмейтін өзге де әрекеттерді жасауға құқылы.

4. Мемлекеттік орган немесе лауазымды адам, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, адвокаттың білікті заң көмегін сұрап өтініш жасаған тұлғаның мүдделерін білдіру құқығын танудан бас тарта алмайды.

Адвокат соттардың, прокуратураның, қылмыстық процесті жүргізетін органдардың әкімшілік ғимараттарына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен, адвокат куәлігін көрсету арқылы еркін кіру құқығын пайдаланады.

Адвокаттың ұстап алынғандарды, күзетпен ұсталатындарды және жазасын өтеп жатқандарды ұстау орындарына кіруі белгіленген өткізу режиміне сәйкес жүзеге асырылады.

2023.20.04. № 226-VІІ ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)