(БҰРЫНҒЫ РЕДАКЦИЯ) «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БЮДЖЕТ КОДЕКСІ» 2025 ЖЫЛҒ...

Предыдущая страница

10) бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның осы Кодекстің 90-бабы 2-тармағының 4), 5), 6) және 7) тармақшаларында көзделген деректер мен материалдарды қалыптастыруын және оларды бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға жіберуін қамтиды.

2. Осы баптың ережелері Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің борышына қолданылмайды.

 

138-бап. Мемлекеттік борыш

1. Өзара талаптарды ескермей, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің борышына немесе мәслихаттардың шешімдерімен жергілікті атқарушы органдардың борышына жатқызылған, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, жергілікті атқарушы органдардың алынған (игерілген) және өтелмеген қарыздарының белгілі бір күнге сомасы, сондай-ақ борыштық міндеттемелердің белгілі бір күнге сомасы мемлекеттік борыш болып табылады.

2. Мемлекеттік борыш ішкі және сыртқы мемлекеттік борышты қамтиды.

Мемлекеттік ішкі борыш Қазақстан Республикасы Үкіметінің, жергілікті атқарушы органдардың Қазақстан Республикасының резиденттері алдындағы ішкі қарыздары мен басқа да борыштық міндеттемелері бойынша мемлекеттік борыштың құрамдас бөлігі болып табылады.

Мемлекеттік сыртқы борыш Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Қазақстан Республикасының заңнамалық актісінде айқындалған ерекше мәртебесі бар республикалық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының Қазақстан Республикасының бейрезиденттері алдындағы сыртқы қарыздары мен басқа да борыштық міндеттемелері бойынша мемлекеттік борыштың құрамдас бөлігі болып табылады.

3. Қазақстан Республикасының Үкіметі республикалық бюджет қаражатымен қамтамасыз етілетін үкіметтік борышты өтеу және оған қызмет көрсету жөніндегі міндеттемелерді алады.

Жергілікті атқарушы органдар жергілікті бюджеттердің қаражатымен қамтамасыз етілетін өз борышын өтеу және оған қызмет көрсету жөніндегі міндеттемелерді алады.

Жергілікті атқарушы органдардың үшінші тұлғалар үшін қарыздар бойынша міндеттемелерді кез келген түрде және кез келген нысанда қабылдауына жол берілмейді.

4. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдар бір-бірінің міндеттемелері бойынша жауап бермейді.

5. Қарыз берушілерге негізгі борыш сомасын қайтарған және борышқа қызмет көрсету бойынша төлемдерді толық мөлшерде төлеген кезде Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың міндеттемелері орындалды деп есептеледі.

6. Мемлекеттік борышты қайта қаржыландыру жаңа қарыз алу қаражаты есебінен борышты өтеу арқылы жүзеге асырылады.

7. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдар борышты қалыптастыру, өзгерту және оған қызмет көрсету процесін есепке алуды, талдауды және бақылауды жүзеге асыру арқылы тиісінше үкіметтік борыш пен жергілікті атқарушы органдардың борышына мониторингті жүзеге асырады.

 

139-бап. Үкіметтік борыш және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарыз алуы

1. Үкіметтік борыш - Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілі бір күнге алған және өтемеген мемлекеттік қарыздардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің борышына жатқызылған белгілі бір күнге борыштық міндеттемелердің сомасы.

2. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарыз алуы:

1) республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыру;

2) борыштық құралдардың ішкі нарығын дамытуға жәрдемдесу;

3) бюджеттік инвестициялық жобаны қаржыландыру және қоса қаржыландыру;

4) институционалдық жобаларды іске асыру арқылы саланы (салаларды) институционалдық дамыту мақсатында жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасының Үкіметі бюджет профициті кезінде үкіметтік борышты қайта қаржыландыру үшін қарыз алуды жүзеге асыра алады.

3. Институционалдық жоба - саланы (аяны) институционалдық тұрғыдан дамытуға бағытталған, бюджеттік бағдарламаның әкімшісі белгілі бір уақыт кезеңі ішінде тікелей іске асыратын, аяқталған сипаты бар және қарыз шартын жасасу арқылы мемлекеттік қарыз алу арқылы қаржыландырылатын іс-шаралар жиынтығы.

Мемлекеттік қарыздарды тарту есебінен іске асырылатын институционалдық жобаларды жоспарлау және іске асыру тәртібін бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.

4. Қарыз шартын жасасу арқылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан қарыздар тарту, сондай-ақ қарыз қаражатын пайдалану бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.

5. Мемлекеттік сыртқы қарыздар бойынша есептілікті ұсыну және республикалық бюджеттен қоса қаржыландыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

6. Мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды Қазақстан Республикасының Үкіметі мемлекеттік қазынашылық міндеттемелерді, мемлекеттік ислам бағалы қағаздарын немесе мемлекеттік «жасыл» облигацияларды шығару түрінде жүзеге асырады.

Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарының эмитенті болып табылады, ал мемлекеттік ислам бағалы қағаздарын шығару кезінде мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құратын мемлекеттік ислам арнаулы қаржы компаниясы эмитент болып табылады.

Қазақстан Республикасының Үкіметі қарыз алушы болатын қарызға қатысты бағалы қағазды ұстаушының құқықтарын куәландыратын мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаз мемлекеттік қазынашылық міндеттеме болып табылады.

Бағалы қағазды ұстаушының жалдау шарты негізінде активтерді пайдаланудан кіріс алуға құқықтарын куәландыратын мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаз мемлекеттік ислам бағалы қағазы болып табылады.

Қазақстан Республикасының экология заңнамасына сәйкес «жасылға» жатқызылған жобаларды қаржыландыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі қарыз алушы болатын қарызға қатысты бағалы қағазды ұстаушының құқықтарын куәландыратын мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаз мемлекеттік «жасыл» облигация болып табылады.

Қазақстан Республикасының Үкіметі ішкі нарықта шығаратын мемлекеттік қазынашылық міндеттемелерді шығару, орналастыру, айналысқа жіберу, қызмет көрсету және өтеу Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.

Мемлекеттік ислам бағалы қағазы Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамасына сәйкес белгіленген исламдық қаржыландырудың негізгі қағидаттарына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша шығарылады.

Мемлекеттік «жасыл» облигацияларды шығару, орналастыру, айналысқа жіберу, қызмет көрсету және өтеу Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.

Сыртқы нарықта несие капиталын орналастыруға байланысты мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар шығару Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар шығару туралы шешіміне байланысты тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға, сондай-ақ бұрын шығарылған мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды сатып алуға немесе шарттарын өзгертуге және шығарылатын және (немесе) бұрын шығарылған мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарға қатысты өзге де іс-шараларды жүзеге асыруға байланысты құқықтық қатынастарға Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасы қолданылмайды.

7. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарыз алуы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген үкіметтік борыш лимитімен және үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге жіберілетін бюджет қаражатының көлемімен шектеледі.

Тиісті қаржы жылына алынған және өтелмеген үкіметтік қарыздардың тіркеп-белгіленген сомасы үкіметтік борыш лимиті болып табылады, Қазақстан Республикасы Үкіметінің белгіленген күнге (тиісті қаржы жылының соңына) нақты борышы одан аспауға тиіс.

8. Қазақстан Республикасы Үкіметінің борышын өтеуді және оған қызмет көрсетуді, бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығында ол шығарған мемлекеттік бағалы қағаздарды сатып алуды бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган өзі айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі арқылы республикалық бюджет туралы заңда көзделген бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырады.

 

140-бап. Жергілікті атқарушы органдардың борышы және жергілікті атқарушы органдардың қарыз алуы

1. Жергілікті атқарушы органның борышы - жергілікті атқарушы органның белгілі бір күнге алынған және өтелмеген қарыздарының сомасы.

2. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының қарыз алуы:

1) республикалық бюджеттен бюджеттік кредиттер алу;

2) қаржы жылы ішінде қолма-қол ақшаны бақылау шотындағы қолма-қол ақшаның болжамды тапшылығын жабуға жоғары тұрған бюджеттен бюджеттік кредиттер алу;

3) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының қарыз алу мақсаттарының тізбесіне сәйкес шығыстарды қаржыландыру үшін ішкі нарықта айналысқа жіберуге мемлекеттік бағалы қағаздар шығаруы түрінде жүзеге асырылады.

Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының қарыз алу мақсаттарының тізбесін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген борыш саласында бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді;

4) республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін ішкі нарықта айналысқа жіберуге мемлекеттік бағалы қағаздар шығаруы;

5) Қазақстан Республикасының заңнамалық актісінде айқындалған ерекше мәртебесі бар республикалық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының «Астана» халықаралық қаржы орталығының аумағында айналысқа жіберу үшін ұлттық валютада мемлекеттік бағалы қағаздар шығаруы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының экология заңнамасына сәйкес «жасылға» жатқызылған жобаларды қаржыландыру үшін халықаралық қаржы ұйымдарынан ұлттық валютада қарыз алуы түрінде жүзеге асырылады.

Аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының қарыз алуы аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін облыстың жергілікті атқарушы органынан қарыз алуы түрінде жүзеге асырылады.

Аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының қарыз алуы тиісті жергілікті бюджеттің тапшылығын қаржыландыру үшін ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органынан қарыз алуы түрінде жүзеге асырылады.

3. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының қарыз алуы тиісті жергілікті атқарушы орган борышының белгіленген лимитімен және тиісті жергілікті атқарушы органның борышын өтеуге және оған қызмет көрсетуге бағытталатын жергілікті бюджет қаражатының көлемімен шектеледі.

Жергілікті атқарушы органның тиісті қаржы жылына алынған және өтелмеген қарыздарының тіркеп-белгіленген сомасы жергілікті атқарушы орган борышының лимиті болып табылады, жергілікті атқарушы органның белгіленген күнге (тиісті қаржы жылының соңына) нақты борышы одан аспауға тиіс.

Жергілікті атқарушы органдардың тиісті қаржы жылына борыштарының лимиті республикалық бюджет туралы заңда бекітіледі.

Жергілікті атқарушы органның тиісті қаржы жылына борыш лимитін сақтамағаны үшін жауаптылық осы Кодекстің 41-бабында белгіленген.

4. Жергілікті атқарушы органның борышын өтеуге және оған қызмет көрсетуге арналған шығыстар көлемі тиісті қаржы жылында жоғары тұрған бюджеттен берілетін нысаналы трансферттерді есепке алмағанда, жергілікті бюджет кірістерінің он пайызына тең мөлшерден аспауға тиіс.

Жергілікті атқарушы органдардың борышын өтеуді және оған қызмет көрсетуді олар бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен, жергілікті бюджеттерде көзделген қаражат есебінен жүзеге асырады.

5. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының ішкі нарықта айналысқа жіберу үшін бағалы қағаздар шығаруы бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.

Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының ішкі нарықта айналысқа жіберу үшін мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару шарттарын, көлемін және нысаналы мақсатын бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.

6. «Астана» халықаралық қаржы орталығының аумағында айналысқа жіберу үшін ұлттық валютада мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару және Қазақстан Республикасының экология заңнамасына сәйкес «жасылға» жатқызылған жобаларды қаржыландыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамалық актісінде айқындалған ерекше мәртебесі бар республикалық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының халықаралық қаржы ұйымдарынан қарыз алуы Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасының заңнамалық актісінде айқындалған ерекше мәртебесі бар республикалық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының Қазақстан Республикасының экология заңнамасына сәйкес «жасылға» жатқызылған жобаларды қаржыландыру үшін халықаралық қаржы ұйымдарынан сыртқы мемлекеттік қарыздарының шарттары, көлемі және нысаналы мақсаты бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша айқындалады.

Қазақстан Республикасының заңнамалық актісінде айқындалған ерекше мәртебесі бар республикалық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының қарыз алуы Қазақстан Республикасының экология заңнамасына сәйкес «жасылға» жатқызылған жобаларды қаржыландыру үшін халықаралық қаржы ұйымымен қарыз шартын жасасу арқылы, тиісті жергілікті атқарушы орган борышының белгіленген лимиті шегінде жүзеге асырылады.

7. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының шығарылатын мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша борышын өтеу міндетті түрде міндеттемелерде белгіленген мерзімде жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасының заңнамалық актісінде айқындалған ерекше мәртебесі бар республикалық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының қарыз шарттары бойынша борышын өтеу міндетті түрде қарыз шарттарында белгіленген мерзімде жүзеге асырылады.

 

141-бап. Мемлекет кепілдік берген борыш және мемлекеттік кепілдік

1. Мемлекеттік кепілдіктермен қамтамасыз етілген, белгілі бір күнге алынған және өтелмеген мемлекеттік емес қарыздар сомасы мемлекет кепілдік берген борыш болып табылады.

Қазақстан Республикасының қарыз алушы-резиденті одан тиесілі соманы белгіленген мерзімде төлемеген жағдайда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарыз берушінің алдындағы берешекті толық немесе ішінара өтеу міндеттемесі Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепілдігі болып табылады.

2. Мемлекеттік кепілдіктер қарыз берушілерге Қазақстан Республикасы резиденттерінің өздері алған мемлекеттік емес қарыздар бойынша міндеттемелерін орындауын қамтамасыз ету ретінде беріледі.

Мемлекеттік емес қарыз сомасы толықтай немесе оның бөлігі мемлекеттік кепілдікпен қамтамасыз етілуі мүмкін.

3. Квазимемлекеттік сектор субъектілерін қоспағанда, заңды тұлғалардың өзі қарыз алушы ретінде әрекет ететін қарыздар бойынша мемлекеттік кепілдік алуға үміткер осы заңды тұлғаларға мынадай талаптар қойылады:

1) кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының резиденті болу;

2) салалық уәкілетті органның, бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның, бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органның оң қорытындыларының болуы;

3) тиісті кезеңге мемлекеттік кепілдікпен берілген мемлекеттік емес қарыз қаражаты есебінен қаржыландыру ұсынылатын инвестициялық жобалар тізбесіне енгізілген жобаларды іске асыру;

4) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі орталық уәкілетті орган белгілейтін, қарыздардың қайтарымдылығын қамтамасыз ету талаптарын қанағаттандыратын екінші деңгейдегі банк кепілдігінің не сақтандыру шартының болуы;

5) бұрын алынған, мемлекет кепілдік берген қарыздарды өтеу және оларға қызмет көрсету бойынша берешегінің болмауы және кредиторлар алдында мерзімі өткен берешегінің болмауы;

6) жобаның жалпы құнын жаппайтын қарыз тартылған жағдайда, ұсынылатын инвестициялық жобаны қоса қаржыландыру жөніндегі міндеттемелерді қамтамасыз ету;

7) ұсынылатын инвестициялық жобаның құнына қатысты кемінде отыз пайызын құрайтын меншікті капиталының болуы;

8) төлем қабілетті болуы, таратылуға жатпауы, оның мүлкіне тыйым салу қойылмаған болуға тиіс, оның қаржы-шаруашылық қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тоқтатыла тұрмауға тиіс.

Мемлекеттік емес қарыз бойынша мемлекеттік кепілдік берілгені үшін қарыз алушыдан мемлекеттік кепілдік сомасының екі пайызы мөлшерінде алдын ала біржолғы төлем (алым) алынады.

4. Квазимемлекеттік сектор субъектілері қарыз алушы ретінде әрекет ететін қарыздар бойынша мемлекеттік кепілдік алуға үміткер осындай субъектілерге мынадай талаптар қойылады:

1) салалық уәкілетті органның, бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның, бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органның оң қорытындыларының болуы;

2) тиісті кезеңге мемлекет кепілдік берген мемлекеттік емес қарыз қаражаты есебінен қаржыландыру ұсынылатын инвестициялық жобалар тізбесіне енгізілген мемлекеттік инвестициялық жобаларды іске асыру;

3) бұрын алынған, мемлекет кепілдік берген қарыздарды өтеу және оларға қызмет көрсету бойынша берешегінің болмауы және кредиторлар алдында мерзімі өткен берешегінің болмауы;

4) таратылуға жатпауы, олардың мүлкіне тыйым салу қойылмаған болуға тиіс, олардың қаржы-шаруашылық қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тоқтатыла тұрмауға тиіс.

Тиісті кезеңге мемлекет кепілдік берген мемлекеттік емес қарыз қаражаты есебінен қаржыландыру ұсынылатын жобалардың тізбесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітіледі.

5. Бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган мемлекеттік кепілдіктер беру үшін инвестициялық жобаларды іріктеуді бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады.

Бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган мемлекеттік кепілдіктер беру үшін инвестициялық жобалар бойынша техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуге немесе түзетуге және оның экономикалық сараптамасына қойылатын талаптарды белгілейді.

Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлға мемлекеттік кепілдіктер беру үшін инвестициялық жобалардың экономикалық сараптамасын жүзеге асырады.

6. Қазақстан Республикасының Үкіметі қарыздар бойынша Қазақстан Республикасының атынан мемлекеттік кепілдіктер берудің айрықша құқығына ие болады.

Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы негізінде, бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен және нысанда мемлекеттік кепілдік беруді жүзеге асырады.

7. Мемлекеттік кепілдіктер беру осы Кодекстің 142-бабына сәйкес кепілгердің міндеттемелерін орындау кезінде Қазақстан Республикасының Үкіметі жұмсайтын бюджет қаражатын қарыз алушының қайтаруы шарттарымен жүзеге асырылады.

8. Мемлекеттік кепілдіктер республикалық бюджет туралы заңда белгіленетін лимит шегінде беріледі.

Тиісті қаржы жылына тіркеп-белгіленген, соның шегінде мемлекеттік кепілдіктер берілуі мүмкін сома мемлекеттік кепілдіктер беру лимиті болып табылады.

Мемлекеттік кепілдіктер беру лимитінің көлемі осы лимит белгіленген тиісті қаржы жылы шегінде ғана пайдаланылуы мүмкін.

Іске асыру мерзімі бір жылдан асатын инвестициялық жобалар бойынша бас келісімге қол қоя отырып, мемлекеттік кепілдікті транштармен (бөліктермен) беруге жол беріледі.

Мемлекеттік кепілдіктер жергілікті атқарушы органдардың қарыздарын қайтаруды қамтамасыз ету ретінде берілмейді.

Мемлекет кепілдік берген қарыз қаражатын қарыз талаптарында көзделмеген мақсаттарға, сондай-ақ мемлекеттік органдарға кредит беруге және заңды тұлғаның жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуына пайдалануға тыйым салынады.

9. Мемлекет кепілдік берген қарызды қайта құрылымдау Қазақстан Республикасының Үкіметі шешім қабылдаған жағдайда, қарыз беруші мен қарыз алушының келісімі бойынша жүзеге асырылады.

Қарыз берушінің талабы бойынша мемлекет кепілдік берген қарызды қайта құрылымдау кезінде бұрын берілген мемлекеттік кепілдікті Қазақстан Республикасының Үкіметі растай алады немесе жаңасымен ауыстыра алады.

Бұл ретте кепілдік берілетін қарыз сомасы бұрын берілген мемлекеттік кепілдік бойынша қарыз сомасынан аспауға тиіс.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі қабылданған жағдайда, қарыз шарты тараптарының келісімімен мемлекет кепілдік берген қарыз бойынша қарыз алушыны ауыстыруға жол беріледі.

Мемлекет кепілдік берген қарыз бойынша қарыз алушы ауыстырылған жағдайда, бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган мемлекеттік кепілдікті Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде қарыз берушінің талабы бойынша жаңасымен ауыстыра алады немесе растай алады.

Бұл ретте кепілдік берілетін қарыз сомасы бұрын берілген мемлекеттік кепілдік бойынша қарыз сомасынан аспауға тиіс.

Жаңадан берілген мемлекеттік кепілдікке осы баптың 9-тармағында белгіленген шектеулер қолданылмайды.

10. Мемлекеттік кепілдік:

1) қарыз алушы немесе кепілгер Қазақстан Республикасының Үкіметі кепілдік берген қарыз бойынша міндеттемелерін толық орындаған;

2) егер кепілдік шартында (кепілдік міндеттемесінде) өзгеше ескертілмесе, онда көрсетілген кепілдік мерзімі өткен;

3) қарыз шартында және (немесе) кепілдік шартында (кепілдік міндеттемесінде) арнайы ескертілген;

4) мемлекет кепілдік берген қарыз бойынша қайта құрылымдау және (немесе) қарыз алушыны ауыстыру кезінде кепілдік жаңасына ауыстырылған жағдайларда, қолданысын тоқтатады.

11. Берілетін мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілдік беретін қарыздар Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен мемлекеттік қазынашылықта тіркелуге және есепке алынуға жатады.

Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган мемлекет кепілдік берген борышты мониторингтеуді және оны басқаруды жүзеге асырады.

Мемлекет кепілдік берген қарызды алған қарыз алушының қаржылық жағдайын мониторингтеу, мемлекет кепілдік берген қарыз қаражатының пайдаланылуын бақылау бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.

 

142-бап. Мемлекеттік кепілдікті орындау

Егер қарыз шартының талаптарында өзгеше көзделмесе, қарыз алушы мемлекеттік кепілдікпен қамтамасыз етілген қарызды төлем мерзімі басталған күні және республикалық бюджет туралы заңда көзделген қаражаттар шегінде толық немесе ішінара өтемеген жағдайда, қарыз берушінің талабы бойынша мемлекеттік кепілдік төлем күні басталғаннан кейін орындалуға жатады.

Мемлекеттік кепілдік бойынша міндеттемелерді орындау республикалық бюджет туралы заңда көзделген қаражат шегінде мемлекеттік кепілдік бойынша міндеттемелерді орындау жөнінде талаптар қойылған күннен бастап он сегіз ай ішінде жүзеге асырылады.

Мемлекеттік кепілдік бойынша міндеттемелердің орындалуына бағытталған қаражаттарды қайтаруға, қарызды қайта құрылымдауға, борышкерді ауыстыруға, талап қою мерзімінің өтіп кетуіне, көрсетілген қаражатты қайтару бойынша талаптарды тоқтатуға осы Кодекстің 154 - 162-баптары қолданылады.

Мемлекеттік кепілдік бойынша міндеттемелерді орындауға бөлінген қаражат осы Кодекстің 154-бабының 15-тармағына сәйкес белгіленетін сыйақы мөлшерлемесі бойынша мемлекеттік кепілдік беру туралы келісімде айқындалған мерзім ішінде республикалық бюджетке қайтарылуға жатады.

Қазақстан Республикасының Үкіметі қарыз шартының талаптарына сәйкес және қарыз берушінің келісімімен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес банкрот деп танылған және (немесе) таратылған қарыз алушы үшін республикалық бюджет туралы заңда көзделген қаржы есебінен мемлекеттік кепілдікті орындау арқылы мемлекет кепілдік берген қарызды мерзімінен бұрын өтеуді жүзеге асыруға құқылы.

Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган республикалық бюджет туралы заңда өтелуіне және қызмет көрсетілуіне шығыстар көзделген мемлекет кепілдік берген қарыздар бойынша қарыз алушыларды есепке алуды жүргізеді.

 

143-бап. Экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік

1. Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі алдындағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің экспортты қолдау бойынша кепілдік шартының талаптарына сәйкес сақтандыру және кепілдік төлемдері бойынша оның берешегін толық немесе ішінара өтеу міндеттемесі Қазақстан Республикасының экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдігі (мемлекеттік кепілдік) болып табылады.

Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі сақтандыру және кепілдік төлемдерін жүзеге асырмаған, Қазақстан Республикасының экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдігімен қамтамасыз етілген сақтандыру шарттары және кепілдіктер бойынша өтелмеген міндеттемелердің белгілі бір күнгі сомасы экспортты қолдау бойынша мемлекет кепілдік берген міндеттеме болып табылады.