72-бап. Архитектуралық-үйлестіруші орталық
1. Архитектуралық-үйлестіруші орталық - Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлға.
Архитектуралық-үйлестіруші орталық мемлекеттік органдардың, мемлекеттік заңды тұлғалардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей немесе жанама түрде квазимемлекеттік сектор субъектілеріне тиесілі заңды тұлғалардың, сондай-ақ мемлекеттік басқару процестеріне қатысатын өзге де ұйымдардың цифрлық архитектурасының тұтастығын, үйлесімділігін және тиімділігін қамтамасыз етеді.
2. Архитектуралық-үйлестіруші орталық:
1) цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысады;
2) мемлекеттің цифрлық архитектурасын қалыптастыру, дамыту және мониторингтеу қағидаларына сәйкес мемлекеттің цифрлық архитектурасын қалыптастыруды, дамытуды және іске асыруды мониторингтеуді жүзеге асырады;
3) мемлекеттің цифрлық архитектурасын дамытуды және мемлекеттік басқарудың цифрлық трансформациясын ұйымдастырушылық-әдіснамалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады;
4) процестердің реинжинирингіне сараптаманы жүзеге асырады;
5) «смарт-қалаларды» және «смарт-өңірлерді» құру жөніндегі әдістемені әзірлейді;
6) цифрландыру саласында инвестициялық ұсынысқа, бюджеттік инвестициялардың қаржы-экономикалық негіздемесіне, сондай-ақ «цифрлық үкіметтің» цифрлық объектілерін құруға және дамытуға арналған техникалық тапсырмаға сараптама жүргізеді;
7) уәкілетті органға цифрландыру саласындағы тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуға арналған шығыстардың есеп-қисабына сараптамалық қорытынды береді;
8) цифрландыруды қолдану бойынша мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігіне бағалау жүргізуді және мемлекеттік қызметтер көрсетуді автоматтандыру процесін бағалауды сүйемелдейді;
9) «цифрлық үкіметтің» цифрлық объектілерін құру және дамыту жөніндегі жобаларды басқаруды, сондай-ақ стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды іске асыру жөніндегі жобаларды басқаруды жүзеге асырады;
10) «цифрлық үкіметтің» цифрлық объектілерін құру және дамыту, цифрлық деректерді, жасанды интеллектіні басқару, Қазақстан Республикасының мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын іске асыру шеңберінде жобалық басқару барысында мемлекеттік органдарға консультациялық, әдіснамалық және практикалық көмек көрсетеді;
11) мемлекеттің цифрлық объектілерінің архитектуралық порталында «цифрлық үкімет» цифрлық объектілерінің мәліметтерін және техникалық құжаттамасын есепке алуды жүзеге асырады;
12) «цифрлық үкімет» цифрлық объектілерінде қамтылған толық емес және жаңартылмаған мәліметтерді анықтау бөлігінде олардың интеграцияларын талдауды жүзеге асырады және оларды жою жөнінде ұсынымдар әзірлейді;
13) цифрландыру және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларындағы бірыңғай талаптардың сақталуын қамтамасыз етеді;
14) жасанды интеллект саласындағы стандарттау жөніндегі құжаттарды әзірлеуге қатысады;
15) мемлекеттік органдар, мемлекеттік заңды тұлғалар, квазимемлекеттік сектор субъектілері, дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей немесе жанама түрде квазимемлекеттік сектор субъектілеріне тиесілі заңды тұлғалар, сондай-ақ өзге де ұйымдар қалыптастыратын деректерге, оның ішінде ашық деректерге талдау жүргізеді;
16) цифрландырудың сервистік моделі бойынша цифрлық объектілерді құруды және дамытуды ұйымдастырады.
73-бап. Мемлекеттік органдардың қызметін цифрландыру
1. «Цифрлық үкіметтің» цифрлық объектілеріне мемлекеттік органдардың және өзге де адамдардың мемлекеттік органдардың қызметін жүзеге асыруға, мемлекеттік функцияларды орындауға және мемлекеттік қызметтер көрсетуге арналған цифрлық объектілері жатады.
2. Цифрландыру деп процестерді цифрлық нысанға ауыстыруға, мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен азаматтардың қызметін автоматтандыру үшін цифрлық технологияларды қолдануға бағытталған іс-шаралар жиынтығы түсініледі.
3. Мемлекеттік органның қызметін, оның ішінде мемлекеттік функцияларды және мемлекеттік қызметтер көрсетуді цифрландыру:
1) «цифрлық үкіметтің» цифрлық объектілерін құру, дамыту, сатып алу;
2) мемлекеттің цифрлық архитектурасына сәйкес және жүргізілген процестердің реинжинирингі ескеріле отырып, платформалық бағдарламалық өнімдерді әзірлеу және орналастыру;
3) цифрландырудың сервистік моделі бойынша цифрлық көрсетілетін қызметтерді сатып алу арқылы жүзеге асырылады.
Цифрландырудың сервистік моделі деп цифрлық шешімдерге рұқсат беру шарттарында немесе сервис форматында мемлекеттік органның оларды дербес әзірлеуінің қажеттілігінсіз, оның ішінде мұндай шешімдерді кейіннен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік органның балансына беру мүмкіндігімен цифрлық көрсетілетін қызметтерді ұсыну тәсілі түсініледі.
4. «Цифрлық үкіметтің» цифрлық объектілері оларды сәйкестендіру, санаттарға бөлу және уәкілетті орган қалыптастыратын «цифрлық үкімет» цифрлық объектілерінің сыныптауышында сипаттау арқылы жүйелендіруге жатады.
74-бап. «Цифрлық үкімет» операторы
1. «Цифрлық үкімет» цифрлық объектілерінің жұмыс істеуін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын оператор, заңды тұлға қамтамасыз етеді.
1) уәкілетті орган бекіткен тізбеге және оны қалыптастыру қағидаларына сәйкес «цифрлық үкіметтің» цифрлық инфрақұрылым объектілеріне жүйелік-техникалық қызмет көрсетуді және оларды сүйемелдеуді жүзеге асырады;
2) уәкілетті орган бекіткен тізбеге сәйкес мемлекеттік органдарға, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне цифрлық қызметтер көрсетеді;
3) мемлекеттік органдарға, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне платформалық бағдарламалық өнімдерді әзірлеуді жүзеге асырады;
4) «цифрлық үкімет» платформасында және «цифрлық үкіметтің» цифрлық инфрақұрылымында орналастырылған мемлекеттік цифрлық ресурстарды Қазақстан Республикасының киберқауіпсіздік туралы заңнамасына сәйкес сақтау және өңдеу кезінде сақтаудың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді;
5) цифрлық объектілерді және (немесе) платформалық бағдарламалық өнімдерді әзірлеу, дамыту және орналастыру үшін «цифрлық үкімет» платформасын ұсыну бойынша қызметтер көрсетеді;
6) «цифрлық үкіметтің» цифрлық объектілерін «цифрлық үкімет» шлюзіне және Қазақстан Республикасының ұлттық шлюзіне интеграциялайды және қосады, сондай-ақ мемлекеттік органдардың цифрлық объектілерін «цифрлық үкіметтің» цифрлық инфрақұрылымына қосады;
7) уәкілетті орган айқындаған цифрлық орта субъектілеріне олардың цифрлық ресурстары мен цифрлық жүйелерінің жұмыс істеуі үшін бірыңғай көліктік ортаны қосу қызметтерін және байланыс қызметтерін көрсетеді.
Байланыс қызметтерін көрсету үшін көрсетілетін қызметтердің қосалқы мердігерлері (бірлесіп орындаушылары) ретінде өзге тұлғаларды тартуға құқығы бар;
8) «цифрлық үкімет» платформасын, мемлекеттік органдардың бірыңғай көліктік ортасын құрады және дамытады;
9) Қазақстан Республикасының ұлттық шлюзін дамыту жөніндегі жобаларға жүйелік-техникалық қызмет көрсетуді, басқаруды сүйемелдейді және жүзеге асырады;
10) деректерді басқару жөніндегі талаптарға сәйкес цифрлық деректерді, цифрлық жазбаларды «цифрлық үкімет» платформасында жинауды, өңдеуді, сақтауды, беруді жүзеге асырады;
11) «цифрлық үкіметтің» цифрлық инфрақұрылымын дамыту үшін өзге тұлғалардың, сондай-ақ мемлекеттік органдардың цифрлық объектілерін сүйемелдеуді және оларға жүйелік-техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыру үшін басқа да тұлғалардың цифрлық инфрақұрылым объектілерін тартады;
12) деректерді басқару жөніндегі талаптарға сәйкес деректерді талдауды жүзеге асыру үшін цифрлық деректерді, цифрлық жазбаларды жинауды, өңдеуді, сақтауды, беруді, сондай-ақ цифрлық деректерді, цифрлық жазбаларды «цифрлық үкімет» платформасына беруді жүзеге асырады;
13) заңды тұлғаларға ақпараттық-анықтамалық және консультациялық қызметтер көрсету үшін цифрлық инфрақұрылымды ұсыну бойынша қызметтер көрсетеді;
14) деректерді басқару жөніндегі талаптарға сәйкес деректерді талдау бойынша қызметтер көрсетеді;
15) дербес деректерді қорғау саласындағы уәкілетті органнан алынған ақпарат негізінде дербес деректер субъектілерін дербес деректер қауіпсіздігінің бұзылуы туралы не дербес деректерді өңдеу туралы ақпаратты қысқа мәтіндік хабарлама түрінде «цифрлық үкімет» веб-порталындағы жеке кабинетке, «цифрлық үкіметтің» мобильдік қосымшасына және (немесе) олардың ұялы байланыс абоненттік нөміріне жіберу арқылы хабардар етуді жүзеге асырады.
75-бап. «Цифрлық үкіметтің» веб-порталы
1. «Цифрлық үкіметтің» веб-порталы - нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, мемлекеттік қызметтер көрсетуге қатысатын мемлекеттік органдар мен өзге де субъектілер орналастыратын шоғырландырылған ақпаратқа, сондай-ақ электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік және өзге де көрсетілетін қызметтерге қол жеткізудің «бірыңғай терезесін» білдіретін цифрлық объект.
2. «Цифрлық үкіметтің» веб-порталында жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік қызметтер көрсету, аталған тұлғалардың өтініштерін қарайтын субъектілерге жүгіну, сондай-ақ дербес деректерді пайдалану мәселелері бойынша қызметтер көрсету субъектілерімен өзара іс-қимылы жеке кабинет арқылы жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттік органдар мен мемлекеттік қызметтер көрсетуге қатысатын өзге де субъектілер операторға «цифрлық үкіметтің» веб-порталын ақпараттық толықтыруға арналған қажетті цифрлық деректер мен цифрлық жазбаларды ұсынады.
4. «Цифрлық үкімет» веб-порталының мазмұнына, жүргізілуіне және цифрлық деректермен және цифрлық жазбалармен ақпараттық толықтырылуына қойылатын талаптарды уәкілетті орган белгілейді.
5. Мемлекеттік және өзге де көрсетілетін қызметтер «цифрлық үкіметтің» веб-порталы, «цифрлық үкіметтің» мобильдік қосымшасы және (немесе) ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы арқылы көрсетіледі.
6. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер «цифрлық үкіметтің» веб-порталы және (немесе) «цифрлық үкіметтің» мобильдік қосымшасы арқылы оларға қол жеткізуді міндетті түрде қамтамасыз ете отырып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметтер туралы заңнамасында көзделген тәсілдермен ұсынылады.
7. Электрондық нысанда көрсетілетін өзге де қызметтер уәкілетті орган айқындаған тәртіппен белгіленетін өлшемшарттарға сәйкес келген кезде оларға «цифрлық үкіметтің» веб-порталы және (немесе) «цифрлық үкіметтің» мобильдік қосымшасы арқылы міндетті түрде қол жеткізу қамтамасыз етіледі.
8. Ұялы байланыс операторы ұсынған ұялы байланыс желісінің абоненттік нөмірін ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы арқылы мемлекеттік және өзге де көрсетілетін қызметтерді электрондық нысанда алу үшін «цифрлық үкіметтің» есептік жазбасына, веб-порталына тіркеу және қосу уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
9. Мемлекеттік және өзге де көрсетілетін қызметтерді «цифрлық үкіметтің» веб-порталы және ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы арқылы алу үшін Қазақстан Республикасының мобильді азаматтарының базасында тіркелген ұялы байланыс желісінің абоненттік нөмірі пайдаланылады.
Мобильді азаматтар базасы - «цифрлық үкімет» пайдаланушыларының ұялы байланыс желісі абоненттік нөмірлерінің цифрлық ресурсы.
1. Цифрлық оқиға - цифрлық орта субъектісінің іс-қимылдары немесе цифрлық объектінің жұмыс істеуі нәтижесінде туындаған және олардың цифрлық ортадағы өзара іс-қимыл параметрлерін көрсететін цифрлық нысанда тіркеп-белгіленген мән-жай.
2. Цифрлық оқиғалар туралы деректер цифрлық объектілердің жұмыс істеу процесінде сақталады және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету, техникалық ерекшеліктер мен шектеулер ескеріле отырып, қызметтер көрсету және операциялар журналдарын жүргізу үшін пайдаланылады.
3. Цифрлық оқиғалар туралы деректерді өңдеуге Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда:
заңды фактілерді растау үшін;
цифрлық ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол беріледі.
77-бап. Қазақстан Республикасы азаматының цифрлық кеңістігі
1. Қазақстан Республикасы азаматының цифрлық кеңістігі - Қазақстан Республикасы азаматының тіркеп-белгіленген цифрлық оқиғалар туралы мәліметтерге, оларды қарауға, басқаруға және пайдалануға қол жеткізуін қамтамасыз ететін «цифрлық үкімет» веб-порталындағы жеке кабинетінің бөлімі.
2. Оператор цифрлық кеңістікте қамтылған цифрлық оқиғалардың құпиялығын, тұтастығын және пайдаланылуын Қазақстан Республикасының азаматы тарапынан бақылау мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
3. Қазақстан Республикасы азаматының цифрлық кеңістігіне қойылатын талаптарды уәкілетті орган айқындайды.
4. «Цифрлық үкіметтің» цифрлық объектілерінен Қазақстан Республикасы азаматының цифрлық деректерін сұрату кезінде сұрау салу сол арқылы жіберілген цифрлық объектілер осындай деректерді пайдалану фактісі туралы цифрлық оқиғаны қалыптастыруға және оны азаматтың цифрлық кеңістігіне беруге міндетті.
1. Ашық үкімет - ашық деректердің, ашық бюджеттердің, ашық нормативтік құқықтық актілердің өзара байланысты интернет-порталдары арқылы мемлекеттің қызметі туралы ақпаратқа қол жеткізуді және Қазақстан Республикасы азаматтарының шешімдерді талқылауға және қабылдауға қатысуын қамтамасыз ететін цифрлық объект.
2. Ақпаратты ашық деректердің интернет-порталдарында орналастыру осы Кодекске және Қазақстан Республикасының ақпаратқа қол жеткізу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
79-бап. Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы
1. Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарын орналастыруға арналған цифрлық платформа мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы болып табылады.
2. Мемлекеттік органдар цифрлық ресурстарды мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасына міндетті түрде орналастырады, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ақпаратқа қол жеткізу туралы заңнамасына сәйкес олардың мазмұнының анықтығын және жаңартылып отыруын қамтамасыз етеді.
80-бап. «Цифрлық үкіметтің» төлем шлюзі
1. «Цифрлық үкіметтің» төлем шлюзі - өтеулі қызметтер көрсету шеңберінде төлемдер жүргізу туралы ақпаратты беру процестерін автоматтандыратын цифрлық объект.
2. «Цифрлық үкіметтің» төлем шлюзі мыналарды:
1) төлемдер жүргізуге сұрау салуларды беруді;
2) қызмет көрсеткені үшін төлемді жүзеге асыру туралы хабардар етуді қамтамасыз етеді.
3. Екінші деңгейдегі банктер, төлем ұйымдары және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар қызметтер көрсету шеңберінде төлемдерді қабылдау және жүргізу процестеріне қатыса отырып, осы процестерге тартылған меншікті цифрлық объектілердің «цифрлық үкіметтің» төлем шлюзімен тікелей не ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын басқару жөніндегі ұлттық орталықтың объектісі арқылы интеграциялануын қамтамасыз етеді.
81-бап. Мемлекеттік органдардың бірыңғай көліктік ортасы
1. Мемлекеттік органдардың бірыңғай көліктік ортасы - «цифрлық үкіметтің» инфрақұрылымына кіретін және киберқауіпсіздіктің талап етілетін қажетті деңгейі сақтала отырып, мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволық бағынысты ұйымдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, сондай-ақ уәкілетті орган айқындаған цифрлық ортаның өзге де субъектілерінің жергілікті (Интернетке қолжетімділігі бар жергілікті желілерді қоспағанда), ведомстволық және корпоративтік телекоммуникация желілерінің өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге арналған телекоммуникациялар желісі болып табылады.
2. Мемлекеттік органдар, олардың ведомстволық бағынысты ұйымдары және жергілікті өзін-өзі басқару органдары, сондай-ақ уәкілетті орган айқындаған цифрлық ортаның өзге де субъектілері жергілікті (Интернетке қолжетімділігі бар жергілікті желілерді қоспағанда), ведомстволық және корпоративтік желілердің өзара іс-қимылы үшін мемлекеттік органдардың бірыңғай көліктік ортасын ғана пайдалануға міндетті.
3. Киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органдардың бірыңғай көліктік ортасына қосылған жергілікті, ведомстволық және корпоративтік желілерді ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілеріне және басқа да телекоммуникация желілеріне қосу цифрландыру және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларындағы бірыңғай талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.
82-бап. «Цифрлық үкімет» платформасы
1. «Цифрлық үкімет» платформасы - оператордың платформалық бағдарламалық өнімдерді әзірлеуге, дамытуға, орналастыруға, интеграциялауға және (немесе) цифрлық объектілерді орналастыруға арналған цифрлық платформасы.
2. Әзірленген және «цифрлық үкімет» платформасында орналастырылған бағдарламалық қамтылым платформалық бағдарламалық өнім болып табылады.
3. Оператор цифрлық қызметтер көрсету арқылы платформалық бағдарламалық өнімді ұсынуға құқылы.
Цифрлық көрсетілетін қызмет цифрлық объектілерді құру, дамыту және орналастыру қағидаларына сәйкес цифрландырудың сервистік моделі арқылы осы көрсетілетін қызметтердің жұмыс істеуі қамтамасыз етілетін байланыс қызметтерін қоса алғанда, мүліктік жалдау (жалға алу, уақытша пайдалану) және (немесе) есептеу ресурстарын орналастыру, бағдарламалық қамтылымды, бағдарламалық өнімдерді, техникалық құралдарды пайдалануға беру жөніндегі көрсетілетін қызметтерді қамтиды.
4. Мемлекеттік функцияларды іске асыратын цифрлық объектілер және олардан туындайтын мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша уәкілетті орган бекітетін «цифрлық үкімет» цифрлық объектісінің қолданыста болу циклінің кезеңдерін іске асыру қағидаларына сәйкес әзірленеді және «цифрлық үкімет» платформасында орналастырылады, сондай-ақ деректерді басқару талаптарына сәйкес цифрлық деректерді «цифрлық үкімет» платформасына береді.
5. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе олардың арасындағы келісімде өзгеше көзделмесе, «цифрлық үкімет» платформасына меншік құқығы оның көмегімен құрылатын және (немесе) онда орналастырылған, басқа меншік иелеріне және (немесе) иегерлеріне тиесілі цифрлық деректер мен жазбаларға меншік құқығын тудырмайды.
6. Мемлекеттік органдардың қызметін, оның ішінде олардың мемлекеттік функцияларын цифрландыру және мемлекеттік қызметтер көрсету, сондай-ақ оператордың деректерге талдау жүргізу кезінде «цифрлық үкімет» платформасында орналастырылған цифрлық жазбаларды пайдалануы Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасының талаптары сақтала отырып, олардың меншік иелерінің және (немесе) цифрлық деректер иегерлерінің келісімінсіз жүзеге асырылады.
7. «Цифрлық үкімет» платформасы Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан цифрлық инфрақұрылымда жұмыс істейді.
83-бап. Цифрлық объектілерді интеграциялау
1. Цифрлық объектілерді интеграциялау - деректерді берудің стандартты хаттамалары пайдаланыла отырып, интеграциялық сервистер арқылы цифрлық объектілер арасындағы өзара іс-қимылды ұйымдастыру және қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар.
2. Интеграциялық сервистер - уәкілетті орган айқындаған стандартты интерфейстер, хаттамалар және қол жеткізу тетіктері арқылы цифрлық объектілер арасындағы өзара іс-қимылды, деректермен алмасуды және келісілген операцияларды орындауды қамтамасыз ететін функционалдық цифрлық объектілер.
3. «Цифрлық үкіметтің» цифрлық объектілерін интеграциялау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген киберқауіпсіздік және дербес деректерді қорғау талаптары сақталған жағдайда, киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органмен және Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетімен келісу бойынша уәкілетті орган бекітетін «цифрлық үкіметтің» цифрлық объектілерін интеграциялау қағидаларына сәйкес «цифрлық үкімет» шлюзі арқылы жүзеге асырылады
4. Мемлекеттік емес цифрлық объектілерді «цифрлық үкіметтің» цифрлық объектілерімен, оның ішінде өтеулі негізде интеграциялау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген киберқауіпсіздік және дербес деректерді қорғау талаптары сақталған жағдайда, «цифрлық үкіметтің» цифрлық объектілерін интеграциялау қағидаларына сәйкес «цифрлық үкіметтің» сыртқы шлюзі арқылы жүзеге асырылады.
5. «Цифрлық үкіметтің» цифрлық объектілерін өзге де цифрлық объектілермен интеграциялауға арналған цифрлық объект «цифрлық үкіметтің» шлюзі болып табылады.
6. Мемлекеттік органдардың бірыңғай көліктік ортасындағы цифрлық объектілердің мемлекеттік органдардың бірыңғай көліктік ортасынан тыс орналасқан цифрлық объектілермен өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге арналған «цифрлық үкімет» шлюзінің кіші жүйесі «цифрлық үкіметтің» сыртқы шлюзі болып табылады.
«Цифрлық үкіметтің» жұмыс істеу қағидалары мен сыртқы шлюзіне қойылатын техникалық талаптарды уәкілетті орган киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша айқындайды.
7. Цифрлық объектілердің халықаралық (мемлекетаралық) ақпараттық өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге арналған цифрлық объект Қазақстан Республикасының ұлттық шлюзі болып табылады.
8. Цифрлық технологияларды қолдана отырып халықаралық (мемлекетаралық) ақпараттық өзара іс-қимыл жасау Қазақстан Республикасының ұлттық шлюзі арқылы жүзеге асырылады.
9. Қазақстан Республикасының ұлттық шлюзі арқылы халықаралық (мемлекетаралық) ақпараттық өзара іс-қимыл жүзеге асырылатын цифрлық объектілердің тізбесін уәкілетті орган бекітеді.
15-тарау. ЦИФРЛЫҚ ОБЪЕКТІНІҢ ҚОЛДАНЫСТА БОЛУ ЦИКЛІ
84-бап. «Цифрлық үкімет» цифрлық объектісінің қолданыста болу циклі және оның кезеңдері
1. «Цифрлық үкімет» цифрлық объектісінің қолданыста болу циклі - оның тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған «цифрлық үкіметтің» цифрлық объектісін жоспарлау, құру, тәжірибелік пайдалану, киберқауіпсіздік талаптарына сәйкестігін сынау, өнеркәсіптік пайдалануға беру, дамыту, өнеркәсіптік пайдалануды тоқтату, модификациялау, архивтеу және есептен шығару кезеңдерінің жиынтығы.
2. «Цифрлық үкімет» цифрлық объектісінің қолданыста болу циклі «цифрлық үкімет» цифрлық объектісінің қолданыста болу циклінің кезеңдерін іске асыру қағидаларына сәйкес цифрлық объектінің түріне және оны пайдалану ерекшеліктеріне байланысты кезеңдердің барлығын немесе бір бөлігін қамтуы мүмкін.
85-бап. «Цифрлық үкіметтің» цифрлық объектісін жоспарлау, құру және дамыту
1. Жоспарлау - цифрлық объектінің қолданыста болу циклінің бастапқы кезеңі, ол оны құру қажеттігін негіздеу, цифрлық объектіні іске асырудың мақсаттарын, талаптарын, ресурстары мен шарттарын айқындау бойынша жұмыстар жиынтығын қамтиды.
«Цифрлық үкіметтің» цифрлық объектісін жоспарлау ағымдағы процестерді талдаудан, нормативтік құқықтық актілердің цифрлық сараптамасынан, жаңа процестерді жобалаудан тұратын процестердің реинжинирингін қамтиды және уәкілетті орган бекітетін цифрлық трансформациялау қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
2. «Цифрлық үкіметтің» цифрлық объектілерін жоспарлау, құру және дамыту кезінде әзірленген нормативтік-техникалық құжаттамаға, сондай-ақ «цифрлық үкімет» цифрлық объектісінің қолданыста болу циклінің кезеңдерін іске асыру қағидаларына сәйкес цифрландыру саласындағы тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуға арналған шығыстардың есеп-қисаптарына уәкілетті органның және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органның қорытындысын алу қажет.
3. Цифрлық объектілерді құру және дамыту Қазақстан Республикасының цифрлық және бюджет заңнамасына сәйкес нормативтік-техникалық құжаттамаға (мемлекеттік инвестициялық жоба, техникалық тапсырма, бағдарламалық өнімге қойылатын талаптардың өзіндік ерекшелігі, мемлекеттік жекешелік әріптестік жобасының құжаттамасы) сәйкес жүзеге асырылады.
4. «Цифрлық үкіметтің» цифрлық объектісін дамыту оны өнеркәсіптік пайдалануға бергеннен кейін жүзеге асырылады.
5. Осы бап Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының цифрлық объектілеріне қолданылмайды.
86-бап. «Цифрлық үкіметтің» цифрлық объектісін тәжірибелік пайдалануды өткізу және сынақтан өткізу
1. «Цифрлық үкіметтің» цифрлық объектісін тәжірибелік пайдалануды өткізу цифрландыру және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарға сәйкес, оның ішінде:
1) тәжірибелік пайдалануды өткізу рәсімдерін құжаттауды;
2) анықталған ақаулар мен кемшіліктерді кейіннен түзете отырып, оларды оңтайландыру мен жоюды;