«Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі» Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 9 қаңтардағы № 253-VIII Кодексі (2026.26.07. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)

Предыдущая страница

2. Сараптама ұйымдары мемлекеттік тіркелгеннен кейін:

1) сараптама ұйымдарын аккредиттеу қағидаларына сәйкес аккредиттеуден өтуге;

2) іс қағаздарын жүргізу шеңберінде құрылыс жобаларының ведомстводан тыс кешенді сараптамасына құрылыс жобасының келіп түскен күні мен сараптама қорытындылары берілген күннің есебін жүргізуге міндетті.

 

114-бап. Мемлекеттік сараптама ұйымы

1. Мемлекеттік сараптама ұйымына басшылықты сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.

2. Мемлекеттік сараптама ұйымы осы Кодекстің 104-бабында көзделген мемлекеттік монополияға жататын жобалардың сараптамасын жүзеге асырады.

3. Мемлекеттік сараптама ұйымы оператор ретінде сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган айқындаған қағидаларға сәйкес «бір терезе» қағидаты бойынша жобалардың әзірленуі мен сараптамасын ұйымдастыруға арналған порталды жүргізуді жүзеге асырады.

4. Мемлекеттік сараптама ұйымы осы Кодекстің 104-бабында көзделген мемлекеттік монополияға жататын құрылыс жобалары бойынша жобалау саласында консультациялық қызметтер көрсетеді.

 

115-бап. Сараптама қорытындыларын кері қайтарып алу және сараптама жұмыстарын тоқтату

1. Мемлекеттік сараптама ұйымы немесе сараптама ұйымдары бұрын берілген сараптама қорытындысын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мынадай жағдайларда:

1) тапсырыс беруші кері қайтарып алынған сараптама қорытындысының тұжырымдарында көрсетілген шарттарды (талаптарды) орындамаған;

2) сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың және өзге де уәкілетті мемлекеттік органдардың актілерін, сондай-ақ мыналарды:

құрылыс жобасын, қала құрылысы жобасын әзірлеу немесе жобаның сараптамасын жүргізу кезеңінде жобалау құжаттамасын немесе мемлекеттік органның бастапқы материалдарды беруге негіз болған актісін әзірлеу үшін негіз болып табылған бастапқы материалдардың өзгергенін немесе күші жойылғанын;

құрылыс жобасын немесе қала құрылысы жобасын әзірлеу үшін негіз болып табылған бастапқы материалдардың анық еместігін (бұрмаланғанын, жалған екенін, қолдан жасалғанын және басқаларды) растайтын заңды күшіне енген сот актілерін алған;

3) жоба сараптамасының сапасыз жүргізілу фактілері анықталған жағдайларда кері қайтарып алады.

2. Жобалардың сараптамасы барысында сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың және өзге де уәкілетті мемлекеттік органдардың актілері, сондай-ақ осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген заңды күшіне енген сот актілері алынған жағдайда сараптама жұмыстары тоқтатылады және құрылыс жобасы мен қала құрылысы жобасы одан әрі қаралмай тапсырыс берушіге қайтарылуға жатады.

3. Сараптама қорытындысындағы техникалық қателер (арифметикалық, грамматикалық қателер, жаңсақ жазылулар, қате жазулар) сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен оған толықтыру түрінде түзетіліп жазылуы мүмкін.

 

 

5-БӨЛІМ. ҚҰРЫЛЫС ОБЪЕКТІЛЕРІН САЛУ (РЕКОНСТРУКЦИЯЛАУ), ПАЙДАЛАНУ ЖӘНЕ КЕЙІННЕН КӘДЕГЕ ЖАРАТУ (СҮРУ)

 

15-тарау. ҚҰРЫЛЫС (РЕКОНСТРУКЦИЯЛАУ) ПРОЦЕСІН МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ

 

116-бап. Тапсырыс берушілер және мердігерлер (бас мердігерлер)

1. Құрылыстағы мердігерлік жұмыстарға байланысты, мемлекеттік сатып алуға жатпайтын (құрылысқа арналған жобалауды, іздестіру, сараптама, зерттеу жұмыстарын, тапсырыс бойынша құрылыс материалдарын, бұйымдары мен конструкцияларын дайындауды (жасап шығаруды) қоса алғанда) қатынастардың негізгі қатысушылары тапсырыс беруші не оның уәкілетті адамы және мердігер (бас мердігер) болып табылады.

2. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыруға арналған лицензиясы бар жеке және (немесе) заңды тұлғалар (бірлескен кәсіпорындарды қоса алғанда) мердігерлер (бас мердігерлер) болып табылады.

3. Құрылыс объектілерін, оның ішінде бірегей құрылыс объектілерін және ірі инвестициялық жобаларды салу үшін және мемлекеттік сатып алуды қазынашылық сүйемелдеуді ендіру шеңберінде іске асырылатын «пилоттық» жобалар үшін құрылыс жобасының (бағдарламасының) тапсырыс берушісі жобаны басқару бойынша инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыратын аккредиттелген заңды тұлғаларды тарта алады.

4. Мердігерлік жұмыстары мемлекеттік сатып алуға жатпайтын құрылыс жобаларын іске асыру үшін тапсырыс беруші инженер-консультанттардың халықаралық қоғамдастықтары әзірлеген құрылыс келісімшарттарының үлгілік нысандарын қолдана отырып, құрылыс мердігерлігіне арналған шарт жасасуға құқылы.

5. Орындалған мердігерлік жұмыстар үшін есеп айырысу тәртібі мемлекеттік нормативтік құжаттарда және (немесе) құрылыс мердігерлігі шартында айқындалады.

 

117-бап. Тапсырыс берушінің құқықтары мен міндеттері

1. Тапсырыс беруші:

1) мердігер (бас мердігер) орындап жатқан мердігерлік жұмыстардың барысы мен сапасына және олардың орындалу мерзімдерінің сақталуына бақылауды жүзеге асыруға;

2) мердігерден құрылыс мердігерлігі шартында, құрылыс жобасында, мемлекеттік (мемлекетаралық) нормативтік құжаттарда көзделген талаптарды және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде көзделген өзге де талаптарды бұза отырып орындалған мердігерлік жұмыстарды қабылдамауға;

3) техникалық қадағалауды және авторлық сүйемелдеуді жүзеге асыратын тұлғалардың немесе жобаны басқару бойынша инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыратын аккредиттелген заңды тұлғаның қызметін бақылауға;

4) техникалық қадағалауды және авторлық сүйемелдеуді жүзеге асыратын тұлғалардан немесе жобаны басқару бойынша инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыратын аккредиттелген заңды тұлғадан алынатын тиісті құжаттарда сәйкессіздіктер анықталған жағдайда оларды алудан бас тартуға;

5) құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы хабарламаны берген кезде құрылысты «бір терезе» қағидаты бойынша жүргізуді ұйымдастыруға арналған портал мен цифрлық жүйелер арқылы құрылыс кезеңінде құрылыс объектісіне барудың жоспар-графигін ұсынуға құқылы.

Құрылыс кезеңінде құрылыс объектісіне барудың жоспар-графигі астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органымен келісуге жатады.

Құрылыс кезеңінде құрылыс объектісіне барудың жоспар-графигін келісу тәртібін, оның нысанын сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекітеді;

6) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.

2. Тапсырыс беруші:

1) мердігерлік жұмыстарды жүргізу басталғанға дейін мердігерге (бас мердігерге) бекітілген жобалау-сметалық құжаттаманы беруге;

2) құрылыс объектісін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген барлық қажетті рұқсат беру құжаттарымен қамтамасыз етуге;

3) техникалық қадағалаудың және авторлық сүйемелдеудің немесе жобаны басқару бойынша инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыратын аккредиттелген заңды тұлғаның қатысуымен құрылыс объектісін салуды қамтамасыз етуге;

4) техникалық қадағалауды және авторлық сүйемелдеуді жүзеге асыратын тұлғалардың немесе жобаны басқару бойынша инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыратын аккредиттелген заңды тұлғаның нұсқауларын орындамағаны не уақтылы орындамағаны және сапасыз орындағаны үшін мердігерге (бас мердігерге) шаралар қолдануға;

5) техникалық қадағалауды және авторлық сүйемелдеуді немесе жобаны басқаруды жүзеге асыратын тұлғалар үшін жұмыс істеу жағдайларын қамтамасыз етуге;

6) мемлекеттік бақылау және қадағалау органдары нұсқамаларының орындалуын қамтамасыз етуге;

7) техникалық қадағалауды және авторлық сүйемелдеуді жүзеге асыратын тұлғалардың немесе жобаны басқару бойынша инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыратын аккредиттелген заңды тұлғаның қызметін бақылау бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын және қадағалауын жүзеге асыратын лауазымды адамдардың құрылыс объектісіне кіруін қамтамасыз етуге;

8) құрылыс объектісі бойынша жобалау және атқарушылық техникалық құжаттаманы не өзге де құжаттарды мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын мемлекеттік органға танысу үшін ұсынуға;

9) құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алу актісі бекітілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде құрылыс объектісі орналасқан жердегі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган әзірлеген және бекіткен нысандарға сәйкес құрылыс объектісінің техникалық сипаттамаларын, инженерлік желілердің және (немесе) құрылыс объектілерінің нақты жағдайының атқарушылық геодезиялық түсірілімін, сәйкестік туралы декларацияны және құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы мен орындалған жұмыстардың бекітілген құрылыс жобасына сәйкестігі туралы қорытындыларды қоса бере отырып, құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алудың бекітілген актісін және объектінің өрт қауіпсіздігінің талаптарына сәйкестігі туралы қорытындыны жіберуге;

10) «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес көппәтерлі тұрғын үй кондоминиум объектісінің ортақ мүлкінің түгендеу тізбесін міндетті түрде жасай отырып, пайдалануға қабылдап алынған көппәтерлі тұрғын үйдің кондоминиум объектісін тіркеуді жүзеге асыруға;

11) көппәтерлі тұрғын үйдің пәтерлерін, тұрғын емес үй-жайларын, орынтұрақ орындарын, қоймаларын жеке (бөлек) меншікке сату басталғанға дейін көппәтерлі тұрғын үйдің мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етуге;

12) пайдалануға қабылдап алынған құрылыс объектісі тіркелген кезден бастап алты ай ішінде жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес құрылыс объектісінің сыртқы инженерлік желілері мен құрылысжайларын коммуналдық меншікке өтеусіз беруді қамтамасыз етуге;

13) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жер учаскесін көппәтерлі тұрғын үй кондоминиум объектісінің ортақ мүлкінің құрамына немесе құрылыс объектісінің ортақ мүлкінің құрамына енгізуді өз қаражаты есебінен қамтамасыз етуге;

14) мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесінде жобалау алдындағы және жобалау құжаттамасын, сондай-ақ инженерлік ізденістер материалдарын (қала құрылысы жобаларының топографиялық түсірілімін, жобалау сатысындағы топографиялық түсірілімді және құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алу сатысындағы атқарушы геодезиялық түсірілімді) тіркеуді қамтамасыз етуге;

15) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асыруға міндетті.

 

118-бап. Мердігердің (бас мердігердің) құқықтары мен міндеттері

1. Мердігер (бас мердігер):

1) жасалған құрылыс мердігерлігі шарты шеңберінде тапсырыс берушіден жұмыстарды орындау үшін қажетті шарттардың ұсынылуын талап етуге;

2) тапсырыс берушіден құрылыс объектісін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген барлық қажетті рұқсат беру құжаттарымен қамтамасыз етуді талап етуге;

3) тапсырыс беруші осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында белгіленген талаптарды екі айдың ішінде орындамаған жағдайда құрылыс мердігерлігі шартын бұзуды талап етуге;

4) құрылыс мерзімі бір жылдан асатын құрылыс жобасының (жобалау-сметалық құжаттаманың) құрамында алты ай ішінде қаржыландыру болмаған не қаржыландыру құрылыс-монтаждау жұмыстарын қаржыландырудың графигіне сәйкес келмеген жағдайда құрылыс мердігерлігі шартын бұзуды талап етуге;

5) сараптама қорытындылары, бастапқы материалдар негізсіз кері қайтарып алынған және олардың күші жойылған кезде залалды (келтірілген тікелей шығындарды) өтеуді талап етуге;

6) мердігерлік жұмыстың тоқтап қалуынан не оның орындалу мерзімін ауыстырудан не мердігерлік жұмыс құнының ұлғаюынан туындаған қосымша шығасыларды қоса алғанда, келтірілген залалдарды өтеуді тапсырыс берушіден талап етуге;

7) тапсырыс беруші ұсынған материалдар, жабдық, техникалық құжаттама жарамсыз немесе сапасыз болған, тапсырыс беруші үшін мердігерлік жұмысты орындау тәсілі туралы оның нұсқауларын орындаудың ықтимал қолайсыз салдары, сондай-ақ орындалып жатқан мердігерлік жұмыс нәтижелерінің жарамдылығына немесе беріктігіне қауіп төндіретін не оны мерзімінде аяқтауға мүмкіндік бермейтін, мердігерге (бас мердігерге) байланысты емес өзге де мән-жайлар орын алған жағдайларда құрылыс мердігерлігі шартынан бас тартуға және оның тоқтатылуынан келтірілген залалды өтеуді талап етуге;

8) тапсырыс берушіден Қазақстан Республикасының заңдарында немесе құрылыс мердігерлігі шартында көрсетілген жағдайларда және мөлшерде өзіне аванс не кепілақы төлеуді талап етуге;

9) қосымша мердігерлік жұмыстар мердігердің (бас мердігердің) кәсіптік қызмет саласына кірмейтін не мердігер (бас мердігер) өзіне байланысты емес себептер бойынша оларды орындай алмайтын жағдайларда мұндай жұмыстарды орындаудан бас тартуға;

10) тапсырыс берушіден, егер өзіне байланысты емес себептер бойынша мердігерлік жұмыстардың құны сметадан кемінде он пайызға асып кетсе, сметаны қайта қарауды талап етуге;

11) жобалау-сметалық құжаттама мердігердің (бас мердігердің) тапсырысы бойынша жасалған жағдайлардан басқа, тапсырыс берушіден мұндай құжаттамада ақаулардың анықталуына және оларды жоюға байланысты шеккен ақылға қонымды шығыстарын өтеуді талап етуге;

12) тапсырыс беруші ұсынған материалдарды (бөлшектерді, конструкцияларды) немесе жабдықты орындалып жатқан мердігерлік жұмыстардың сапасын нашарлатпай пайдаланудың мүмкін еместігі анықталған және тапсырыс беруші мердігердің (бас мердігердің) оларды ауыстыру туралы талабын ақылға қонымды мерзімде орындамаған жағдайларда құрылыс мердігерлігі шартынан бас тартуға және тапсырыс берушіден мердігерлік жұмыстардың орындалған бөлігіне пропорционалды түрде шарттың бағасын төлеуді, сондай-ақ бұл сомамен жабылмаған залалды өтеуді талап етуге;

13) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.

2. Мердігер (бас мердігер):

1) мердігерлік жұмыстарды тапсырыс беруші ұсынған бекітілген жобалау-сметалық құжаттамаға, Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асыруға;

2) құрылыс сапасын өзіндік өндірістік бақылаудың барлық түрлері мен нысандарын (кіру, операциялық, аралық, қабылдау, зертханалық, геодезиялық және басқа да) жүзеге асыруға;

3) құжаттаманы тиісінше және уақтылы жүргізуді қамтамасыз етуге;

4) құрылыс процесінде анықталған кемшіліктерді (ақаулар мен шалағайлықтарды) уақтылы жоюға;

5) мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауы органдарының сұрау салуы бойынша орындалып жатқан (орындалған) мердігерлік жұмыстардың және қолданылатын құрылыс материалдарының, бұйымдары мен конструкцияларының сапасына зертханалық бақылау жүргізуге;

6) техникалық қадағалауды және авторлық сүйемелдеуді немесе жобаны басқару бойынша инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыратын адамдардың құрылыс объектісіне кіруін қамтамасыз етуге;

7) техникалық қадағалауды және авторлық сүйемелдеуді жүзеге асыратын адамдардың немесе жобаны басқару бойынша инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыратын аккредиттелген заңды тұлғаның қызметін бақылау бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын лауазымды адамдардың құрылыс объектісіне кіруін қамтамасыз етуге;

8) құрылыс объектісі бойынша жобалау және атқарушылық техникалық құжаттаманы не өзге де құжаттарды мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын мемлекеттік органға танысу үшін ұсынуға;

9) мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын мемлекеттік органның нұсқамаларын, техникалық қадағалауды және авторлық сүйемелдеуді жүзеге асыратын тұлғалардың немесе жобаны басқару бойынша инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыратын аккредиттелген заңды тұлғаның нұсқауларын орындауға;

10) мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын мемлекеттік органның жұмысына кедергі келтіруге және араласуға жол бермеуге;

11) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асыруға міндетті.

 

119-бап. Мердігерді таңдау

1. Тапсырыс берушінің не оның уәкілетті адамының мемлекеттік сатып алуға жатпайтын мердігерлік жұмыстарды орындау үшін мердігерді (бас мердігерді) таңдауы:

1) егер осы жоба (бағдарлама) үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, конкурс өткізілмей;

2) жабық немесе ашық конкурстың (тендердің) нәтижелері бойынша;

3) конкурсқа (тендерге) қатысуға үміткерлердің алдын ала біліктілігі арқылы немесе онсыз жүзеге асырылуы мүмкін.

2. Мыналар мердігерлік жұмыстарға конкурстардың (тендерлердің) негізгі қатысушылары болып табылады:

1) тапсырыс берушінің не тапсырыс беруші өкілеттіктерінің негізінде әрекет ететін оның уәкілетті адамының атынан конкурстарды (тендерлерді) ұйымдастырушы (өткізуші);

2) конкурс жюриі (тендер комиссиясы) - конкурсты (тендерді) ұйымдастырушының (өткізушінің) тұрақты немесе уақытша алқалы жұмыс органы;

3) үміткерлер - конкурстарды (тендерлерді) ұйымдастырушыға (өткізушіге) ашық конкурсқа (тендерге) қатысу ниеті туралы өтінім беріп, ресми түрде жүгінген, конкурсқа (тендерге) қатысуға жіберілген тұлғалар, сондай-ақ жабық конкурсқа (тендерге) қатысуға шақыру алған тұлғалар.

3. Мердігерді (бас мердігерді) таңдау жөнінде конкурс (тендер) өткізу туралы шешім қабылдау кезінде, сондай-ақ құрылыс жобасын (бағдарламаны) іске асыру басталған кезде тапсырыс берушінің:

1) құрылыс үшін қажетті қаржыландыру көздері немесе құрылыс жобасын (бағдарламаны) іске асыру үшін талап етілетін уақыт кезеңінде қажетті сомаға билік ету құқығы болуға тиіс. Бұл ереже құрылысты мердігердің (бас мердігердің) қаржыландыруы жөніндегі талап конкурс (тендер) шарттарына енгізілген жағдайда қолданылмайды;

2) жер учаскесіне (құрылысқа арналған алаңға немесе трассаға) тиісті құқықтары немесе жергілікті атқарушы органның оны беру туралы шешімі болуға тиіс.

4. Егер мердігерді (бас мердігерді) таңдау жөніндегі конкурстың (тендердің) шарттарында инвестициялардың негіздемелерін жасау және жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу тапсырыс берушінің міндеттеріне кіретіні айқындалса, онда мердігерлік жұмыстарға конкурс (тендер) өткізу кезінде тапсырыс берушіде құрылыс жобаларының белгіленген тәртіппен бекітілген инвестициялардың негіздемесі және ведомстводан тыс кешенді сараптамасынан өткен жобалау-сметалық құжаттамасы болуы міндетті.

5. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының аумағы мердігерді (бас мердігерді) таңдау жөніндегі ашық конкурс (тендер) ұйымдастырылатын және өткізілетін жер болып табылады.

6. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, конкурстың (тендердің) тәртібі мен шарттарын тапсырыс беруші немесе оның тапсырмасы бойынша конкурсты (тендерді) ұйымдастырушы (өткізуші) айқындайды.

7. Мыналар конкурстарға (тендерлерге) қатысуға жіберілмейді:

1) Қазақстан Республикасының аумағында шаруашылық қызметті жүргізуге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен рұқсат етілмеген жеке және заңды тұлғалар;

2) банкрот деп жарияланған заңды тұлғалар;

3) конкурсты (тендерді) ұйымдастырушылар (өткізушілер) не конкурс жюриінің (тендер комиссиясының) мүшелері болып табылатын адамдар.

8. Тапсырыс беруші не конкурсты (тендерді) ұйымдастырушы (өткізуші) және конкурс жюриі (тендер комиссиясы) үміткерден оның коммерциялық құпиясы болып табылатын ақпаратты міндетті түрде беруді талап етуге құқылы емес.

9. Мердігерлік жұмыстарға өткізілген конкурсты (тендерді) өтті деп жариялау және тапсырыс берушінің конкурсқа (тендерге) қатысушылардың бірін жеңімпаз деп бекітуі (тануы) олардың арасында конкурс (тендер) талаптарында көзделген мердігерлік жұмыстарды орындауға құрылыс мердігерлігі шартын жасасуға негіз болып табылады.

10. Тапсырыс беруші, мердігерлік жұмыстарға арналған конкурсты (тендерді) ұйымдастырушы (өткізуші) және конкурс жюриі (тендер комиссиясы) өз міндеттемелерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

11. Мемлекеттік сатып алуға жатпайтын мердігерлік жұмыстар тапсырыс беруші не оның уәкілетті адамы мен өздері таңдаған мердігер (бас мердігер) арасында жасалатын құрылыс мердігерлігі шартының негізінде орындалады.

Осы баптың 9-тармағына сәйкес жасалған құрылыс мердігерлігі шартында мердігер (бас мердігер) қосалқы мердігерлердің орындауына беруге ниеттеніп отырған мердігерлік жұмыстардың (көрсетілетін қызметтердің) түрлері мен көлемдері міндетті түрде көрсетіледі. Бұл ретте барлық мердігерлік жұмыстардың құрылыс мердігерлігі шартында көзделген құнының (мердігерлік бағаның) жиынтығында үштен екісінен астамын қосалқы мердігерлікке беруге жол берілмейді.

Мемлекеттік сатып алу шеңберінде орындалатын мердігерлік жұмыстарды (көрсетілетін қызметтердің) орындау не қызметтерді көрсету үшін қосалқы мердігерлерге (бірлесіп орындаушыларға) берілуі мүмкін осындай жұмыстардың шекті көлемдері Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес айқындалады.

12. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, тапсырыс берушінің мердігер (бас мердігер) алдындағы және мердігердің (бас мердігердің) тапсырыс беруші алдындағы міндеттері мен жауапкершілігі құрылыс мердігерлігі шартында белгіленеді.

13. Құрылыс мердігерлігі шартында мердігердің (бас мердігердің) қаржылық жауаптылығын айқындайтын, құрылыс объектісі пайдалануға берілгеннен кейін оның орнықты жұмыс істеуінің кепілдік мерзімдері белгіленеді.

Құрылыс мердігерлігі шартында кепілдік мерзімдер белгіленбеген жағдайда осы Кодекстің 122-бабы 1-тармағының екінші бөлігінде көзделген норма қолданылады.

 

120-бап. Құрылыс процесіне қойылатын негізгі талаптар

1. Құрылыс процесінің тиісті кезеңдерінде осы бапта белгіленген рәсімдер орындалуға және талаптар сақталуға тиіс.

Құрылысты қаржыландыру мерзімдері мен сомалары белгіленген тәртіппен бекітілген жобалау-сметалық құжаттамада көрсетілген мердігерлік жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) мерзімдері мен сомаларына сәйкес келуге тиіс.

Құрылыс-монтаждау жұмыстарының құрамындағы мердігерлік жұмыстар (көрсетілетін қызметтер) түрлерінің тізбесін сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекітеді.

2. Құрылыс объектісін салуды жүзеге асыруға ниеті бар тапсырыс беруші Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, аудандардың және облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдарынан жерге тиісті құқық беру туралы шешімді алуға міндетті. Тапсырыс берушінің жер учаскесіне тиісті құқығы және бекітілген қала құрылысы жобаларына сәйкес функционалдық аймағы болған жағдайда құрылыс объектісін салу үшін астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, аудандардың және облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдарынан қосымша шешім алу талап етілмейді.

Құрылыс объектісінде мердігерлік жұмыстарды жүргізуге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті жер пайдалану құқығы не жеке меншік құқығы берілген жер учаскелерінде ғана жол беріледі.

Ұялы немесе спутниктік байланыс жабдығына арналған антенна-діңгек құрылысжайларын және (немесе) тіректерді салуға, оның ішінде ұялы немесе спутниктік байланыс жабдығына арналған орынды салуға жер учаскесінің нысаналы мақсатына қарамастан, жер учаскесінің меншік иесімен жасалған жер учаскесін және (немесе) оның бір бөлігін жалдау шарты болған кезде жол беріледі.

Жануарлардың өріс аудару жолдары ескеріле отырып, республикалық және жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы туризм объектілеріне, сондай-ақ елді мекендерден тыс жердегі туризм объектілеріне және туристерді орналастыру орындарына дейін инженерлік инфрақұрылымды (жолдарды, көпірлерді, электр беру желілерін және басқа да коммуникацияларды) жобалауға, салуға және оларға қызмет көрсетуге, табиғат қорғау ұйымымен жасалған, туризм объектілеріне инженерлік инфрақұрылымды жобалау, салу және оларға қызмет көрсету үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың учаскелерін ұзақ мерзімді пайдалануға беру туралы шарттың негізінде жер пайдалану құқығы не жеке меншік құқығы берілмей рұқсат етіледі.

Туризм объектілеріне инженерлік инфрақұрылымды (жолдарды, көпірлерді, электр беру желілерін және басқа да коммуникацияларды) жобалау, салу және оларға қызмет көрсету үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың учаскелерін ұзақ мерзімді пайдалануға беру туралы шарт Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін үлгілік шарттың негізінде жасалады.