Осы редакция 2019 жылғы 19 ақпанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2015 жылғы 19 қаңтардағы
№ 56 бұйрығына
8-қосымша
Мемлекеттік кірістер органдары экономикалық тергеу қызметі
қызметкерлерінің дербес деректері бар жеке істерді жүргізу
қағидасы
(2017.27.09. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
1. Осы қағида «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 қаңтардағы Заңының (бұдан әрі - Заң) 42-бабының 7-тармағына сәйкес әзірленді және мемлекеттік кірістер органдары экономикалық тергеу қызметі қызметкерлерінің (бұдан әрі - қызметкер) дербес деректері бар жеке істерді жүргізу тәртібін анықтайды.
ҚР Қаржы министрінің 2017.27.09. № 582 бұйрығымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Мемлекеттік кірістер органдарында жеке іс қызмет өткеру жері бойынша бір данада жүргізіледі. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті (бұдан әрі - Комитет) қызметкерлерінің, сондай-ақ аумақтық органдар басшыларының құқық қорғау қызметіне жетекшілік ететін орынбасарларының жеке істерінің түпнұсқаларын Комитеттің адам ресурстары бөлімшесінің (бұдан әрі - кадр қызметі) жұмыскерлері жүргізеді.
3. Жеке іс қызметкердің қызметтік және қоғамдық қызметін сипаттайтын материалдар жинақталатын негізгі құжат болып табылады. Жеке істе: қызметкердің мемлекеттік органдардағы, азаматтық ұйымдардағы еңбек қызметі, Қарулы күштерде, басқа әскери құрылымдарда, құқық қорғау органдарында қызмет өткеруі, сондай-ақ өмірбаяндық және өзге де деректері көрсетіледі.