Республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың шаруашылық жүргізуіндегі немесе жедел басқаруындағы мүлікті, оның ішінде жекешелендіруге жатпайтын мемлекеттік меншік объектілерін мүліктік жалға беру ережесін бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 ж. 7 наурыздағы № 336 қаулысы (2005.18.08. берілген өзгерістері мен толықтырулармен) (күші жойылды)

Республикалық мемлекеттік кәсiпорындардың шаруашылық  жүргiзуiндегі немесе жедел басқаруындағы мүлiктi, оның ішiнде
жекешелендiруге жатпайтын мемлекеттік меншiк объектiлерiн  мүлiктiк жалға беру ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 ж. 7 наурыздағы № 336 қаулысы

(2005.18.08. берілген өзгерістері мен толықтырулармен)

 

ҚР Үкіметінің 2011 жылғы 28 қыркүйектегі № 1102 Қаулысымен күші жойылды

 

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 31 наурыздағы № 482 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік мүлiктi жекешелендiрудің және басқарудың тиiмділiгiн арттырудың 1999-2000 жылдарға арналған бағдарламасын iске асыру жөніндегі 2000 жылға арналған шаралар жоспарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:

1. Қоса берiлiп отырған Республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың шаруашылық жүргiзуіндегі немесе жедел басқаруындағы мүлiктi, оның iшiнде жекешелендiруге жатпайтын мемлекеттік меншiк объектілерiн мүлiктiк жалға беру ережесi бекітілсiн.

2. Министрлiктер, агенттiктер мен ведомстволар:

1) ведомстволық бағыныстағы республикалық мемлекеттік кәсiпорындардың шаруашылық жүргiзудегi немесе жедел басқарудағы мүлiктi, оның iшiнде жекешелендiруге жатпайтын мемлекеттік меншiк объектiлерiн мүлiктiк жалға беру кезiнде осы қаулының 1-тармағында көрсетiлген Ереженi сақтауын;

2) ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік кәсiпорындардың өздерiнiң шаруашылық жүргiзуіндегі немесе жедел басқаруындағы мүлiктi мүлiктiк жалға беруi жөніндегі тоқсан сайынғы жиынтық есептi Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінiң Мемлекеттік мүлiк және жекешелендiру комитетiне қосымшаға сәйкес есептi мерзiмнен кейiнгi айдың бесiнен кешiктiрмей беруiн қамтамасыз етсiн.

3. Мыналарға:

1) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiне ведомстволық бағыныстағы республикалық мемлекеттік кәсiпорындар шаруашылық жүргiзудегi немесе жедел басқарудағы мүлiктi мүлiктiк жалға беру кезiнде осы қаулының 1-тармағында көрсетiлген Ереженiң сақталуын қамтамасыз ету;

2) облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдеріне коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындардың шаруашылық жүргізуіндегі немесе жедел басқаруындағы мүлікті, оның ішінде жекешелендіруге жатпайтын мемлекеттік меншік объектілерін мүліктік жалға беру шарттарын осы қаулының 1-тармағында көрсетілген Ереже негізінде анықтау ұсынылсын.

4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және жариялауға жатады.

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

И.Тасмағамбетов

Қазақстан Республикасы Үкіметінiң

2001 жылғы 7 наурыздағы

№ 336 қаулысымен

бекітілген

 

 

Республикалық мемлекеттік кәсiпорындардың шаруашылық жүргізуiндегі немесе жедел басқаруындағы

мүлiктi, оның iшiнде жекешелендiруге жатпайтын мемлекеттік меншiк объектілерiн мүлiктiк жалға беру

ЕРЕЖЕСI

 

 

1. Жалпы ережелер

 

1. Осы Ереже Қазақстан Республикасы Yкіметінiң 2000 жылғы 31 наурыздағы № 482 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік мүлiктi жекешелендiрудің және басқарудың тиiмдiлiгiн арттырудың 1999-2000 жылдарға арналған бағдарламасын iске асыру жөніндегі 2000 жылға арналған шаралар жоспарын орындау мақсатында, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне, Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік-құқықтық кесiмдерiне сәйкес әзiрлендi әрi республикалық мемлекеттік кәсiпорындардың шаруашылық жүргiзуіндегі немесе жедел басқаруындағы мүлiктi, оның iшiнде жекешелендiруге жатпайтын мемлекеттік меншiк объектiлерiн мүлiктік жалға беру ерекшелiктерiн регламенттейдi.

2. Осы Ереже республикалық мемлекеттік кәсiпорындардың шаруашылық жүргiзуіндегі немесе жедел басқаруындағы мемлекеттік мүлiктi, оның iшiнде жекешелендiруге жатпайтын мемлекеттік меншiк объектiлерiн мүлiктiк жалға беру тәртібін айқындайды.

ҚР Үкіметінің 27.09.01 ж. № 1263 қаулысымен 3-тармақ өзгертілді; ҚР Үкіметінің 21.01.03 ж. № 67 қаулысымен 3-тармақ жаңа редакцияда; ҚР Үкіметінің 14.09.04 ж. № 963 қаулысымен 3-тармақ толықтырылды

3. Республикалық мемлекеттік кәсiпорындардың шаруашылық жүргізуіндегі немесе жедел басқаруындағы мүлiк, оның iшiнде жекешелендiруге жатпайтын мемлекеттік меншiк объектiлерiнiң мүлкiн мүлiктiк жалға беру:

1) Қазақстан Республикасы Үкiметінiң жекелеген шешiмдерi негiзiнде жүзеге асырылатын республикалық мемлекеттік кәсiпорындардың стратегиялық маңызы бар объектiлерiн мүлiктiк жалға беру;

2) алаңы 100 шаршы метрге дейiн үй-жайларды, теңгерiмдiк құны 150 есе ең төменгi есептiк көрсеткiштен аспайтын жабдықты және мемлекеттік басқару органдарының ұсынысы бойынша уәкiлеттi органның немесе оның аумақтық бөлiмшелерiнiң жазбаша келісімiмен жүзеге асырылатын курстық сабақтар, конференциялар, семинарлар, концерттер және спорттық iс-шаралар өткізу үшiн бiр айдан аспайтын мерзiмге оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың үй-жайларын беру;

ҚР Үкіметінің 2005.18.08. № 846 қаулысымен 3) тармақша толықтырылды

3) мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес мемлекеттік мекемелер, сондай-ақ акцияларының (үлестерiнiң) елу және одан астам пайызы немесе акцияларының бақылау пакетi мемлекетке тиесiлi мемлекеттік кәсiпорындар мен заңды тұлғалар өткiзетiн мүлiктiк жалға алу жөніндегі қызметтердi сатып алуға арналған конкурстарға қатысу жағдайларын қоспағанда, тендерлiк негiзде жүргізіледі.

ҚР Үкіметінің 21.01.03 ж. № 67 қаулысымен 3-1-тармақпен толықтырылды

3-1. Жалға алынған мүлiктi пайдаланғаны үшiн ақы төлеу ақшамен жүргізіледі.

Жалдау ақысының есептiк ставкалары аймақтық жағдайларды ескере отырып анықталады және оларды уәкiлеттi органмен немесе оның аумақтық бөлiмшелерiмен келісім бойынша жалға берушi бекiтеді.

4. Республикалық мемлекеттік кәсiпорындардың шаруашылық жүргiзуіндегі немесе жедел басқаруындағы мемлекеттік мүлiктi, оның iшiнде жекешелендіруге жатпайтын мемлекеттік меншiк объектілерiн мүлiктiк жалға беру кейiннен сатып алу құқығынсыз жүзеге асырылады.

2. Жалға берушi

5. Республикалық мемлекеттік кәсiпорындардың шаруашылық жүргiзуіндегі немесе жедел басқаруындағы мемлекеттік мүлiктi, оның iшiнде жекешелендiруге жатпайтын мемлекеттік меншiк объектiлерiн мүлiктiк жалға беру кезiнде республикалық мемлекеттік кәсiпорындар жалға берушi болады.

ҚР Үкіметінің 21.01.03 ж. № 67 қаулысымен 6-тармақ өзгертілді

6. Республикалық мемлекеттік кәсiпорындар өзiнiң шаруашылық жүргiзуіндегі мүлiктi үш жылға дейiнгi мерзiмге мүлiктiк жалға беру туралы шешiмдi өзi қабылдайды.

Республикалық мемлекеттік кәсiпорынның шаруашылық жүргiзуіндегі мүлiктi, сондай-ақ, республикалық мемлекеттік кәсiпорынның жедел басқаруындағы мүлiктi үш жылдан астам мерзiмге жалға берудi кәсiпорын тек қана мемлекеттік басқару органымен келiскеннен кейiн және уәкiлеттi органның жазбаша келісімiмен жүзеге асыра алады.

7. Жалға берушi мынадай функцияларды жүзеге асырады:

1) мүлiктi мүлiктiк жалға беру туралы және тендер өткізу туралы шешiм қабылдайды;

2) тендер өткiзiлетiн күн мен орнын, оның шарттарын, сондай-ақ тендер жеңiмпазын таңдау өлшемдерiн белгiлейдi;

3) тендерлiк құжаттаманы бекiтедi;

4) тендерлiк комиссия құрады;

5) кепiлдiк жарналарды қабылдайды;

6) тендерлiк комиссия отырыстарының хаттамаларын бекiтедi;

7) тендер жеңiмпазымен мүлiктi жалға беру шартын жасасуды қамтамасыз етедi;

8) тендер аяқталғаннан кейiн тендерге қатысушыларға заң кесiмдерiмен белгiленгеннен басқа жағдайларда кепілдiк жарналарын қайтарады;

9) тендердi өткізуге қажеттi өзге функциялар.

8. Тендердi ұйымдастырушы ретiнде тендерлiк комиссия не жалға берушiнiң тапсырмасы бойынша тендер ұйымдастырушы әрекет етедi.

ҚР Үкіметінің 21.01.03 ж. № 67 қаулысымен 9-тармақ жаңа редакцияда

9. Тендерлiк комиссия жалға берушiнiң және уәкiлеттi органның немесе оның аумақтық бөлiмшелерiнiң өкiлдерiнен құралады. Тендерлiк комиссияның құрамына сол сияқты жалға берушiнiң мемлекеттік басқару органының және өзге де мүдделi ұйымдардың өкiлдерi енгiзiлуі мүмкiн.

10. Тендерлiк комиссия мынадай функцияларды жүзеге асырады:

1) тендердi хабарлау үшiн тендерлiк құжаттамаларды және басқа да қажеттi құжаттарды дайындайды;

2) тендерге қатысушыларды тендерлiк құжаттамалармен және тендер объектiсiмен таныстыру жүргiзедi;

3) тендердiң өткiзiлуi туралы хабарлама жариялауды жүзеге асырады;

4) ұсынылған өтiнiмдердi қабылдауды, тiркеудi және сақтауды жүргiзедi;

5) өтiнiмдердi қабылдау және тiркеу аяқталғаны туралы хаттама әзiрлейдi;

6) қажет болған жағдайда, тендерлiк және басқа қажетті құжаттамаларды дайындау, өтiнiмдердi жинау және талдау бойынша жұмыстарды жүргiзу жөнiнде мамандар мен сарапшылар тартады;

7) тендерлiк комиссия отырысының тендер қорытындылары бойынша тендер жеңiмпазын анықтаған тұжырымы немесе өзге шешiмi бар хаттамасын ресiмдейдi.

11. Тендерлiк комиссияның шешiмi комиссия мүшелерiнiң жәй көпшiлiк дауысымен қабылданады, дауыстар тең болған ретте тендерлiк комиссия төрағасының дауысы шешушi болып табылады.

12. Тендерлiк комиссияның отырыстары, егер оларға тендерлiк комиссия мүшелерiнiң 2/3-сi қатысса, заңды болып табылады.

13. Жалға берушi тендердi ұйымдастырушыны белгіленген жағдайда, ол тендерлiк комиссия функцияларының осы Ереженiң 10-тармағының 1), 2), 3) және 6) тармақшаларында көрсетiлген бөлiгiн орындайды.

3. Тендерлiк құжаттама

14. Тендерлiк құжаттаманы дайындаудың нақты тәртібін, құрамын және шарттарын жалға берушi белгiлейдi.

15. Тендер өткізу туралы хабарламаны тендер өткізуге дейiн кемiнде 15 күн бұрын тендер ұйымдастырушы бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауы тиiс.

ҚР Үкіметінің 21.01.03 ж. № 67 қаулысымен 16-тармақ өзгертілді

16. Тендер өткізу туралы хабарламада:

1) жалға берушінің атауы;

2) мүлiктiк жалдың мерзiмi және жалдау ақысының бастапқы ставкасының мөлшерi (осы Ереженiң 3-1-тармағына сәйкес жалға берушi бекiткен есептiк ставкасынан төмен болмауы тиiс);

3) тендердiң шарттары және жеңiмпазды таңдау өлшемдерi;

4) тендер объектiсiнiң қысқаша сипаттамасы;

5) тендерге қатысуды ресімдеу тәртібі туралы мәлiмет;

6) тендерге қатысу үшiн қажеттi құжаттар тiзбесi;

7) мүлiктiк жалға беру шартын жасасу мерзiмi;

8) тендерлiк құжаттаманы алатын және тендер объектiсiмен танысатын мекен-жай, мерзiмдерi мен шарттары;

9) тендер өткiзiлетiн күн, уақыты және орны туралы мәлiметтер;

10) өтiнiмдер қабылдау басталатын және аяқталатын күн мен уақыты болуы тиiс.

17. Тендерлiк құжаттама тендерге қатысушының жазбаша сұрауы бойынша, тендер комиссиясы белгiлеген тәртiппен жиынтықта ұсынылады.

18. Тендерлiк құжаттама мынадай негiзгi бөлiмдерден тұруы тиiс:

1) тендер объектiсi туралы мәлiмет;

2) өтiнiмнiң және онымен бiрге ұсынылатын құжаттардың мазмұны бойынша талаптар;

3) тендер өткізудiң шарттары мен тәртібі;

4) тендер жеңiмпазын таңдау өлшемдерi;

5) мүлiктiк жалға беру шартының жобасы;

6) тендерге қатысуға өтiнiмнiң үлгiсi.

4. Тендерге қатысуға өтiнiмдер

19. Тендерге қатысуға ниет бiлдiрген тұлғаның тендер объектiсiн қарауға, сондай-ақ тендер өткізу шарттары мен тәртібі туралы ақпарат алуға құқылы.

20. Тендерге қатысуға ниет білдiрген тұлға мына құжаттарды тендер комиссиясына ұсынуы тиiс:

1) үмiткердің тендерге қатысуға келісімi және оның тендер шарттарын орындау мен мүлiктiк жалға беру шартын жасасу жөніндегі мiндеттемесi көрсетiлген өтінімi;

2) жарғының және мемлекеттік тiркеу туралы куәлiктің (заңды тұлғалар үшiн) нотариалдық куәландырылған көшiрмелерi;

3) кепiлдiк жарнасын аударғанын растайтын төлем тапсырмасының көшiрмесi;

4) тендер шарттары жөнiнде желiмделген конвертке салынған өзiнiң ұсынысы;

5) ақпараттық хабарда көрсетiлген өзге де құжаттар.

21. Өтiнiм тендерлiк құжаттамада белгiленген талаптар мен шарттарға сәйкес дайындалуы тиiс. Өтiнiмдер қос конвертте қабылданады. Сыртқы конвертте:

1) өтiнiмнiң өзi;

2) жарғының және мемлекеттік тiркеу туралы куәлiктiң (заңды тұлғалар үшiн) нотариалдық куәландырылған көшiрмелерi;

3) кепiлдiк жарнасын аударғанын растайтын төлем тапсырмасының көшiрмесi;

4) ақпараттық хабарда көрсетiлген өзге де құжаттар болуы тиiс.

Iшкi конвертте үмiткердiң өзiнiң ұсыныстары болуы тиiс.

Өтiнiм беру кезiнде iшкi конверт жабық әрi үмiткер оған мөр басқан болуы тиiс.

22. Тендерлiк комиссия өтiнiмдердi қабылдау кезiнде iшкi конверттегiнi қоспағанда, қажеттi құжаттардың түгелдiгiн тексередi. Егер құжаттар осы Ереженiң 21-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, тендерлiк комиссия өтiнiмдi қабылдау мен тiркеуден бас тартатыны туралы, бас тарту себебiн көрсете отырып, сол күнi үмiткерге жазбаша хабарлайды.

23. Барлық қажеттi құжаттар болған ретте тендерлiк комиссия қабылдау күнiн және сағатын көрсете отырып, өтiнiмдi тiркеуге мiндеттi. Бұл кезде iшкi конверт ашылмайды.

24. Тендерге қатысуға ниет бiлдiрген тұлға оның өтiнiмi тiркелгеннен кейiн тендердiң қатысушысына айналады.

25. Тендерге қатысушы қосымша мәлiметтердi, тендерге шығарылған объектi бойынша нақтылауды тегiн алуға құқылы.

26. Өтiнiмдердi қабылдау мен тiркеу аяқталған күнi тендер комиссиясы өтiнiмдер қабылдау мен тiркеудiң аяқталғаны туралы хаттамаға қол қояды.

Өтiнiмдер қабылдау аяқталғаны туралы хаттамада мынадай мәлiметтер болуы тиiс:

1) тендер объектiсi туралы мәлiмет;

2) тiркеуге алынған өтiнiмдер саны мен тiзбесi;

3) қайтарылып алынған өтiнiмдер (олар болған жағдайда) саны мен тiзбесi.

5. Тендер рәсiмi

27. Егер өтiнiмдер қабылдау мерзiмiнiң аяқталу сәтiнде бiр ғана өтінім тiркелген болса (екiншi және келесi тендерлердi қоспағанда), тендер өтпедi деп танылады.

28. Тендер өтетiн күнi отырыста тендерлiк комиссия тендерге қатысушылардың ұсыныстары бар конверттердi ашады және олардың ұсыныстарын жариялайды. Конверттердi ашу алдында комиссия олардың бүтiндiгiн тексередi, бұл тендер комиссиясы отырысының хаттамасында көрсетiледi.

Конверттердi ашу және ұсыныстарды жариялау кезiнде тендерге қатысушылардың немесе олардың тиiстi дәрежеде уәкілеттiк берiлген өкiлдерiнің қатысуға құқықтары бар.

29. Тендерлiк комиссия ұсынылып отырған ұсыныстардың тендерлiк құжаттамада көрсетiлген талаптарға сәйкестiгiн тексередi. Ұсынылып отырған ұсыныстар тендерлiк құжаттамада көрсетiлген талаптарға сәйкес болмаған жағдайда көрсетiлген ұсыныстар одан әрi қарауға жатпайды және мұндай өтiнiм берген тұлға тендерге қатысушы мәртебесiн жоғалтады, бұл тендерлiк комиссия отырысының хаттамасында көрсетiледi.

30. Тендерлiк комиссия конверттердi ашып, ұсыныстарды жариялағаннан кейiн ұсыныстарды талқылау және бағалау үшiн кеңесуге кетедi.

Тендерге қатысушылардың (олардың өкiлдерiнiң) ұсыныстарды талқылау және бағалау кезiнде қатысуға құқықтары жоқ.

31. Тендер объектiсiн пайдалану үшiн ең жоғары ақы ұсынған, тендердiң басқа да шарттарын орындау жөнiнде өзiне мiндеттемелер алған және ұсыныстары тендерлiк құжаттамадағы барлық талапқа жауап беретiн тендердiң қатысушысы тендер жеңiмпазы деп танылады.

6. Тендер нәтижелерiн ресiмдеу

32. Тендерлiк комиссияның тендер қорытындылары бойынша тендер жеңiмпазын анықтайтын тұжырымы немесе өзге шешiмi тендерлiк комиссия мүшелерi қол қоятын және жалға берушi бекiтетiн хаттамамен ресiмделедi.

Тендер жеңiмпазын айқындайтын хаттамаға тендердi жеңiп алушы тұлға да қол қояды.

33. Хаттамада:

1) тендер объектiсi туралы мәлiмет;

2) тендер қорытындылары бойынша тендер жеңiмпазы туралы мәлiмет немесе жеңiмпаздың болмау себептерiн көрсете отырып, өзге шешiм;

3) жеңiмпаз тендердi жеңiп алған шарттар болуы тиiс.

34. Тендерлiк комиссия қатысушыларды тендер нәтижелерi туралы жазбаша хабардар етедi.

35. Тендер қорытындыларын шығарғаннан кейiн жеңiмпаз болмаған тендерге қатысушыларға кепілдiк жарнасы қайтарылады.

36. Тендер нәтижелерi туралы хаттама негiзiнде жеңiмпаз тендер жеңiмпазының ұсыныстарына жауап беретiн шарттарда мүлiктiк жалға беру шартын жасасуға мiндеттi.

37. Тендер жеңiмпазы енгiзген кепiлдiк жарнасының сомасы мүлiктiк жалға беру туралы жасалған шарт бойынша тендер объектiсiн пайдаланғаны үшiн ақы есебiне жатқызылады.

38. Тендер жеңiмпазының ұсыныстарына жауап беретiн шарттарда тендер объектiсiн мүлiктiк жалға беру шартын жасасудан жеңiмпаз бас тартқан жағдайда кепiлдiк жарна тендер жеңiмпазына қайтарылмайды.

39. Тендер жеңiмпазының ұсыныстарына жауап беретiн шарттарда тендер объектiсiн мүлiктiк жалға беру шартын жасасудан жеңiмпаз бас тартқан жағдайда, жалға берушi жеңiмпазды тендерге қатысушылардың қалғандарының iшiнен (егер қалғандарының саны кемiнде 2 болса) анықтауға не жаңадан тендер өткізу туралы шешiм қабылдауға құқылы.

7. Мүлiктiк жалға беру шартының мазмұны

40. Мүлiктiк жалға беру шартына тараптар тендер өткізу туралы хабарламада көрсетiлген мерзiмде қол қоюлары тиiс.

ҚР Үкіметінің 21.01.03 ж. № 67 қаулысымен 41-тармақ өзгертілді

41. Мүлiктiк жалға беру шартында мiндеттi түрде мынадай ережелер болуы тиiс:

1) мүлiктiк жалға берiлетiн объектiнiң техникалық сипаттамалары туралы деректер;

2) жалға берiлген мүлiктiң жалдаушыға тапсырылатын мерзiмi;

3) жалдауға алынған мүлiктi пайдалану ақысын енгізу тәртібі және мерзiмдерi;

4) жалдаушының мiндеттерi:

объектiнi тиiстi тәртiпте ұстау, объектiге немесе онда орналасқан инженерлiк коммуникацияларға зақым келтiруi мүмкiн әрекеттер жасамау, сондай-ақ өз есебiнен ағымдағы жөндеудi жүргiзу және жалға алынған мүлiктi ұстау жөніндегі шығыстарды көтеру;

объектiге өзiнiң кiнәсi бойынша зақым келтiрiлген жағдайда, оны өз есебiнен жөндеудi қамтамасыз ету;

жалға берушiнің алдын-ала жазбаша рұқсатынсыз объектiнi, онда орналасқан желiлер мен коммуникацияларды қайта жоспарлауды немесе қайта жабдықтауды жүзеге асырмау;

жалға берушiнiң, санитарлық қадағалау қызметiнiң және ғимараттарды пайдалану және ұстау-күту тәртібіне қатысты заңнама мен өзге де нормалардың сақталуын бақылайтын басқа да мемлекеттік органдар өкiлдерiнiң объектiге және оған жақын орналасқан жер учаскесiне кiруiне рұқсат беру, көрсетiлген олқылықтарды олар белгiлеген мерзiмде жою;

объектiнi қосалқы жалгерлікке тек жалға берушiнiң келісімiмен беру;

мүлiктік жалға беру шарты бойынша өздерiнiң құқықтары мен мiндеттерiн басқа тұлғаға беруге (қайта жалдауға) жол бермеу, сондай-ақ осы құқықтарды кепiлдiкке бермеу және оларды шаруашылық серiктестiктердiң, акционерлік қоғамдардың жарғылық капиталына салым немесе өндiрiстiк кооперативке жарна ретiнде енгiзбеу;

5) шартты мерзiмiнен бұрын бұзудың негiзi және ережесi.

42. Сәулет, тарих және мәдениет ескерткіштерiн мүлiктiк жалға беру кезiнде мүлiктiк жалға беру шартына объектiнi сәулет, тарих және мәдениет ескерткiшi ретінде сақтауға бағытталған ережелер қосымша қосылады.

43. Шарт ол жасалған кездегi қолданыстағы заңнамаға сәйкес жасалады және жасалатын мәмiле заңнамаға қайшы келмейтiн ерекшелiктерiн көрсете алады.

44. Тараптар мүлiктiк жалға беру шартының ережелерiн бұзғаны үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасына және шартқа сәйкес жауапты болады.

8. Қорытынды ережелер

45. Осы Ережемен реттелмейтiн мәселелер Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледi.

46. Объектіні мүлiктiк жалға беру кезiнде туындайтын даулар тараптардың өзара келісімi бойынша немесе заңнамада белгiленген тәртiпте қаралады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің

2001 жылғы 7 наурыздағы № 336

қаулысына қосымша

ҚР Үкіметінің 21.01.03 ж. № 67 қаулысымен қосымша жаңа редакцияда

__________________________________________200____жылдың ______(айы)

       (министрліктің, агенттіктің, ведомствоның)

үшін ведомстволық бағыныстағы республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың

шаруашылық жүргізуіндегі немесе жедел басқаруындағы мүлікті олардың

мүліктік жалға беруі жөніндегі

ЖИЫНТЫҚ ЕСЕБІ

Р/с
№  
   
   
   
   
   
   
Кәсіп-
орын- 
ның   
атауы 
      
      
      
      
Жалдау шар- 
тының № және
күні (ұзар- 
тылған жағ- 
дайда жаңа  
шарттың     
№ және күні)
            
Жалға  
алушы- 
ның    
атауы  
(тегі, 
аты-   
жөні)  
       
Мүліктік жал-
дау шартының 
әрекет ету   
мерзімі      
Үй-жай   
алаңы    
немесе   
жабдық   
саны     
         
         
         
Жалға алын- 
ған мүлікті 
пайдалан-   
ғаны үшін   
ақының      
мөлшері     
(мың        
теңге)      
Есептелген
ақы       
(мың      
теңге)    
          
          
          
          
Аударылған
сома      
(мың      
теңге)    
          
          
          
          
Мүлікті      
пайдаланғаны 
үшін төлемдер
бойынша      
берешек      
             
             
             
Ескерту 
        
        
        
        
        
        
        
баста-
луы   
      
аяқ-  
талуы 
      
 1 
  2   
     3      
  4    
  5   
   6  
    7    
   8        
    9     
    10    
     11      
   12