Республикалық және жергілікті бюджеттердің есебінен ұсталатын мемлекеттік
мекемелердің дебиторлық берешек туралы есептерді жасау және беру ережесін
бекіту туралы Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің
2003 ж. 23 шілдедегі № 282 бұйрығы
ҚР Қаржы министрінің 2004 ж. 24 желтоқсандағы № 461 бұйрығымен күші жойылды
Республикалық және жергілікті бюджеттердің есебінен ұсталатын мемлекеттік мекемелердің дебиторлық берешектің жай-күйі туралы жедел ақпаратты алу, сондай-ақ бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін талдауды жүзеге асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Республикалық және жергілікті бюджеттердің есебінен ұсталатын мемлекеттік мекемелердің дебиторлық берешек туралы есептерді жасау және беру ережесі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті, облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органдары Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік бюджеттің атқарылуын ұйымдастыру департаментіне дебиторлық берешек туралы есептердің уақытылы берілуін қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Министр
Қаржы министрінің
2003 жылғы 23 шілдедегі
№ 282 бұйрығымен
бекітілген
Республикалық және жергілікті бюджеттердің есебінен
ұсталатын мемлекеттік мекемелердің дебиторлық берешек туралы
есептерді жасау және беру ережесі
Осы Ереже "Бюджет жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 29-бабына сәйкес әзірленді және республикалық және жергілікті бюджеттердің есебінен ұсталатын мемлекеттік мекемелердің дебиторлық берешек туралы ай сайынғы жедел есептерді беру тәртібін, нысандары мен мерзімін анықтайды.
1. Дебиторлық берешек туралы есеп нысаны
1. Осы Ережеде дебиторлық берешек туралы есептің екі нысаны - 1ДЗ-М және 1ДЗ-жиынтық белгіленеді.
1ДЗ-М нысаны (1-қосымша) жеке мемлекеттік мекеменің, сондай-ақ әрбір бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің дебиторлық берешек туралы есеп нысанын білдіреді. 1ДЗ-жиынтық (2-қосымша) республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мен жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің дебиторлық берешек туралы жиынтық есеп нысанын білдіреді.