ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2016.27.05. № 239 бұйрығымен (бұр.ред.қара); 2023.28.07. № 277 бұйрығымен (2023 ж. 14 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) нұсқаулық жаңа редакцияда
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
2014 жылғы 10 қазандағы
№ 3-3/517 бұйрығына
5-қосымша
Өнімділіктің етті-майлы бағытындағы қойларды бонитирлеу жөніндегі
нұсқаулық
(2026.16.05. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Өнімділіктің етті-майлы бағытындағы қойларды бонитирлеу жөніндегі нұсқаулық (бұдан әрі - Нұсқаулық) «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының 4) тармақшасына сәйкес әзірленді және өнімділіктің етті-майлы бағытындағы қойларға (бұдан әрі - қойлар) бонитирлеу жүргізуді нақтылайды.
2. Қойларды бонитирлеуді бонитерлер (сыныптаушылар) жүргізеді.
2-тарау. Өнімділіктің етті-майлы бағытындағы қойларды бонитирлеуді ұйымдастыру
3. Қойлар таза тұқымды қойлар мен будандарға бөлінеді.
4. Таза тұқымды қойларға мыналар жатады:
1) бір тұқымның таза тұқымды ата-енелерін шағылыстыру нәтижесінде алынған жануарлар;
2) екі тұқымның біреуі бойынша қан құрамы кемінде 75 пайыз болған жағдайда тұқымдар генотипі бойынша жақын, туыс екі малды шағылыстыру нәтижесінде алынған жануарлар;
3) бір тұқымның қан үлесі кемінде 93,75 пайыз болған кезде туыс емес тұқымдарды будандастыру нәтижесінде алынған жануарлар;
4) екі және одан көп туыс емес тұқымдардың қатысуымен жаңа тұқым жасау нәтижесінде алынған жануар.
5. Осы Нұсқаулықтың 4-тармағында көрсетілмеген қойлар будандарға жатады.
6. Қойлар жеке немесе сыныптық бонитирлеуге жатады.