Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерін іске асыру қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 25 қазандағы № 763 Қаулысы
(2023.17.11. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
2021 жылғы 2 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Экология кодексі 386-бабының 7-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерін іске асыру қағидалары бекітілсін.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерін іске асыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы № 28 қаулысы;
2) «Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерін іске асыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы № 28 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 20 маусымдағы № 377 қаулысы.
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | А. Мамин |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2021 жылғы 25 қазандағы
№ 763 қаулысымен
бекітілген
Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерін іске асыру
қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерін іске асыру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) 2021 жылғы 2 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Экология кодексі (бұдан әрі - Кодекс) 386-бабының 7-тармағына сәйкес әзірленді және өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерін орындау жөніндегі талаптарды көздейді және оларды іске асыру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) импорттаушылар - Қазақстан Республикасының аумағына өнімді әкелуді жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар;