2. Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімді даму болжамы үш жылда бір рет он жылдық кезеңге әзірленеді.
3. Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімді даму болжамында:
әлеуметтік-экономикалық дамудың сыртқы және ішкі жағдайларының нұсқалары;
бюджет қаражатын және мемлекеттің міндеттері мен функцияларын қаржыландырудың өзге де көздерін пайдаланудан нақты және (немесе) күтілетін әлеуметтік-экономикалық әсерді бағалауды, нәтижелер көрсеткіштерінен ауытқулар және олардың себептері туралы ақпаратты, таңдалған мақсаттардың, нысаналы индикаторлардың, міндеттердің, нәтижелер көрсеткіштерінің шынайылығын талдауды қамтитын әлеуметтік-экономикалық әсерді бағалау;
ұзақ мерзімді кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық даму тәуекелдері;
ағымдағы салық-бюджет саясатының орнықтылығын бағалауды, барлық болашақ өзгерістер салдарының бюджетке әсерін бағалауды, мемлекеттік сектордың борышын бағалауды қамтитын мемлекеттік қаржының орнықтылығын бағалау;
ұзақ мерзімді кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық даму тәуекелдері ескерілген және жүргізіліп жатқан инвестициялық саясатпен, экономика салалары бойынша саясатпен, өңірлік саясатпен, мемлекеттік активтерді басқару саясатымен, мемлекеттік қолдау шараларымен байланыстырылған Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімді кезеңге арналған даму болжамының нұсқалары және дамудың сыртқы және ішкі жағдайларының өзгеруі есепке алынатын басқа да нұсқалар;
мемлекеттік қаржының жай-күйінің болжамы;
өзге де ережелер қамтылады.
4. Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімді даму болжамын бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен, бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен бірлесіп әзірлейді, оны Қазақстан Республикасының Үкіметі мақұлдайды және ол осы Кодекстің 40-бабына сәйкес жариялануға жатады.
5. Бюджетті нақтылау және түзету кезінде Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімді даму болжамын нақтылауға немесе түзетуге болмайды.
6. Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімді даму болжамын әзірлеу тәртібін, мерзімдерін, құрылымы мен мазмұнын, мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл жасау тәртібін бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.
7. Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімді даму болжамын әзірлеу кезінде мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіруді бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган жүзеге асырады.
51-бап. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы
1. Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімді даму болжамы негізінде Қазақстан Республикасының, астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың әлеуметтік-экономикалық даму параметрлерін айқындайтын құжат әлеуметтік-экономикалық даму болжамы болып табылады.
Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму болжамы жылжымалы негізде жылына бір рет жоспарлы кезеңге әзірленеді.
2. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамында міндетті түрде есепті қаржы жылында мақұлданған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының болжамды деректерімен және Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімді даму болжамымен салыстырғанда болжамды деректердің ұқсас кезеңдегі алшақтық сомалары мен себептері туралы ақпарат қамтылады.
3. Астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың әлеуметтік-экономикалық даму болжамы Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму болжамының параметрлері ескеріле отырып, жылжымалы негізде жылына бір рет жоспарлы кезеңге әзірленеді.
4. Әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің болжамы экономиканы дамытудың ішкі және сыртқы жағдайларының өзгерістері ескеріле отырып нақтылануы мүмкін.
5. Жоспарлы кезеңнің екінші және үшінші жылдарына арналған әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің және бюджеттік параметрлердің болжамы индикативтік сипатта болады және негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер болжамының өзгерістері, мониторинг және нәтижелерді бағалау, басқа да ішкі және сыртқы факторлар ескеріле отырып, кезекті жоспарлы кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамында мақұлданады.
6. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамының, оның ішінде астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың әлеуметтік-экономикалық даму болжамның бөлімдерін әзірлеу тәртібін, мерзімдерін және құрылымын бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.
Әлеуметтік саланың жоспарлы кезеңге арналған болжамды көрсеткіштеріне қойылатын талаптарда гендерлік аспект ескеріле отырып, олардың міндетті түрде көрініс табуы қамтылады.
Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы көрсеткіштерінің есеп-қисаптарын әдіснамалық қамтамасыз етуді осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген әлеуметтік-экономикалық даму болжамын әзірлеу тәртібіне сәйкес тиісті орталық уәкілетті мемлекеттік органдар жүзеге асырады.
7. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамын тиісінше бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган және астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органы әзірлейді, оны Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы мақұлдайды және ол осы Кодекстің 40-бабына сәйкес жариялануға жатады.
8. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы бюджетті жоспарлау процесінде қолдану үшін бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға немесе мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органға ұсынылады.
52-бап. Бюджет түсімдерін болжау
1. Мемлекеттік және республикалық бюджеттерге, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына, жергілікті бюджетке түсетін түсімдерді болжауды бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган немесе мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган әлеуметтік-экономикалық даму параметрлері, алдыңғы және ағымдағы жылдардағы бюджеттің атқарылуын талдау, осы баптың 3, 4, 5 және 6-тармақтарында айқындалған уәкілетті мемлекеттік органдар ұсынатын мәліметтер және басқа да деректер негізінде жүзеге асырады.
Бюджет түсімдерін талдау мемлекеттік кірістер органдары мен салықтық емес түсімдер жөніндегі уәкілетті органдар ұсынған деректер негізінде жүзеге асырылады.
2. Бірыңғай бюджеттік сыныптаманың санаттары, сыныптары және кіші сыныптары бойынша мемлекеттік және республикалық бюджеттерге, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына кірістерді болжауды бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган жүзеге асырады.
Бюджет кірістерін болжау бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлейтін және бекітетін бюджет кірістерін болжау әдістемесі негізінде жүзеге асырылады.
Бірыңғай бюджеттік сыныптаманың санаттары, сыныптары және кіші сыныптары бойынша жергілікті бюджетке түсетін түсімдерді болжау осы тармақтың екінші бөлігіне сәйкес әзірленетін әдістеменің негізінде астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Салықтық және салықтық емес түсімдерді мемлекеттік кірістер органдары және салықтық емес түсімдер жөніндегі уәкілетті органдар қамтамасыз етеді және әкімшілендіреді.
4. Бюджеттік кредиттерді өтеуден түсетін түсімдерді бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган немесе бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті орган айқындайды.
5. Мемлекеттің қаржылық активтерін сатудан түсетін түсімдерді бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен немесе бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органмен бірлесіп айқындайды.
6. Қарыздардың түсімдерін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органмен немесе бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органмен бірлесіп айқындайды.
7. Мемлекеттік кірістер органдары, салықтық емес түсімдер жөніндегі уәкілетті органдар және негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдерді, бюджеттік кредиттерді өтеу сомаларын, мемлекеттің қаржылық активтерін сатудан түсетін түсімдерді, қарыздарды алуға жауапты және олардың түсуін бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдар:
төлемдердің, алымдардың, баждардың, айыппұлдардың және басқа да төлемдердің республикалық немесе жергілікті бюджетке уақтылы әрі толық түсуін қамтамасыз етеді;
олардың түсуіне, түсімдердің артық (қате) төленген сомаларының қайтарылуына немесе олардың берешектерді өтеу есебіне бюджетке есепке жатқызылуына бюджеттік мониторингті жүзеге асырады;
олардың түсімдері туралы есептілікті, оның ішінде талдамалық есептілікті жинақтау және тиісті бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепке енгізу үшін бюджетті атқару жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті органға ұсынады.
Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган салықтық емес түсімдер бөлінісінде республикалық бюджетке, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына, Жәбірленушілерге өтемақы қорына, Арнаулы мемлекеттік қорға түсетін салықтық емес түсімдер жөніндегі уәкілетті органдардың және негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдерді, трансферттерді, бюджеттік кредиттерді өтеу сомаларын, мемлекеттің қаржылық активтерін сатудан түсетін түсімдерді, қарыздарды алуға жауапты және олардың түсуін бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдар тізбесін айқындайды.
Астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) тиісті жергілікті атқарушы органы салықтық емес түсімдер бөлінісінде жергілікті бюджеттің салықтық емес түсімдер жөніндегі уәкілетті органдарының және негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдерді, трансферттерді, бюджеттік кредиттерді өтеу сомаларын, мемлекеттің қаржылық активтерін сатудан түсетін түсімдерді, қарыздарды алуға жауапты және олардың түсуін бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдар тізбесін айқындайды.
53-бап. Бюджеттік тәуекелдер туралы талдамалық есеп
1. Бюджеттік тәуекел - бұл орта мерзімді перспективада ішкі және (немесе) сыртқы экономикалық және (немесе) макроэкономикалық және басқа да факторлардың әсері салдарынан мемлекеттік қаржыны басқаруды қиындататын және бюджеттің шынайылығын төмендететін белгісіздік.
2. Бюджеттік тәуекелдер туралы талдамалық есепті жыл сайын кезекті жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын әзірлеу кезінде бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен, бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесіп, олар айқындаған тәртіппен қалыптастырады және бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға жібереді.
2025.17.07. № 213-VIII ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2025 ж. 29 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Бюджеттік тәуекелдер туралы талдамалық есеп:
макроэкономикалық, квазифискалдық тәуекелдерді, қаржы секторының тәуекелдерін, мемлекеттік сектордың борыштық міндеттемелерімен, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары, «толық бітіріп берілетін» құрылыс жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелермен байланысты тәуекелдерді және басқа да ерекше тәуекелдерді қамтиды;
салық және (немесе) бюджет саясатының негізгі бағыттарын қалыптастыру, ұзақ мерзімді және орта мерзімді болжау, кезекті жоспарлы кезеңге бюджетті жоспарлау кезінде ескеріледі;
бюджеттік тәуекелдердің бюджеттік параметрлерге әсерін бағалау үшін қолданылады;
республикалық бюджет туралы заң жобасына қоса берілетін материалдардың құрамына енгізіледі;
осы Кодекстің 40-бабына сәйкес жариялануға жатады.
54-бап 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
54-бап. Салықтық шығыстар туралы талдамалық есеп
1. Салықтық шығыстар - бұл Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық төлеушілерге берілетін салықтық жеңілдіктер.
2. Салықтық шығыстар туралы талдамалық есепте салықтық жеңілдіктердің тиімділігін және оларды одан әрі қолданудың орындылығын бағалау қамтылады.
3. Салықтық шығыстар туралы талдамалық есептің құрамына салықтық алшақтық көрсеткіші енгізіледі.
Салықтық алшақтық - бұл салықтық әлеует пен нақты түскен салықтар арасындағы айырма.
Салықтық әлеует - салықтық шығыстар мен қадағаланбайтын экономиканы қоса алғанда, салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер түсімдерінің ықтимал сомасы.
Салықтық алшақтық есепті қаржы жылы бойынша есептеледі және салық саясатын, салықтық әкімшілендіруді және салықты жинаудың тиімділігін талдау үшін пайдаланылады.
4. Талдамалық есепті қалыптастыру мақсатында жыл сайын ағымдағы жылдың 1 маусымынан кешіктірмей салық саясаты саласындағы орталық уәкілетті органға:
уәкілетті мемлекеттік органдар - жетекшілік ететін салалар бойынша салықтық шығыстарды мониторингтеу және бақылау жөніндегі мәліметтерді;
бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган - салық төлеушілер қолданған салықтық жеңілдіктердің көлемі және олардың бюджетке түсетін түсімдерге әсері туралы мәліметтерді ұсынады.
Салықтық алшақтық салықтық түсімдердің толық жиналуын талдау кезінде қолданылады және салық саясаты саласындағы орталық уәкілетті орган жүзеге асыратын экономиканың дамуына саланың әсерін талдау өлшемшарттарының бірі болып табылады.
Мемлекеттік кірістер органдары мен салық саясаты саласындағы уәкілетті орган қызметінің нәтижелері көрсеткіштерінің бірі салықтық алшақтықты азайту (қысқарту) болып табылады.
5. Салықтық шығыстар туралы талдамалық есеп:
Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тәртіппен салық саясаты саласындағы орталық уәкілетті орган кезекті жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын әзірлеу кезінде жыл сайын қалыптастырылады және бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға жіберіледі;
салық және (немесе) бюджет саясатының негізгі бағыттарын қалыптастыру, ұзақ мерзімді және орта мерзімді болжау, бюджетті кезекті жоспарлы кезеңге жоспарлау кезінде ескеріледі;
осы Кодекстің 73-бабының 2-тармағына сәйкес енгізілетін нормативтік құқықтық актілердің жобаларын қарау кезінде талдамалық ақпарат ретінде қолданылады;
республикалық бюджет туралы заң жобасына қоса берілетін материалдардың құрамына енгізіледі;
осы Кодекстің 40-бабына сәйкес жариялануға жатады.
55-бап. Мемлекеттік органдар мен мемлекеттік мекемелердің бюджеттен тыс қызметі
1. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында жеке немесе заңды тұлғалардың мемлекетке немесе өңірге мүліктік және мүліктік емес игіліктер, оның ішінде ақшалай нысанда беруге бағытталған міндеттемелері көзделсе, уәкілетті салалық мемлекеттік органдар және (немесе) жергілікті атқарушы органдар:
орталық салалық мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен сомаларын көрсете отырып, жоспарланған іс-шараларды іске асырудың тиісті есептілігін қалыптастыру арқылы мониторингтеуді;
мониторинг пен есептілік нәтижелерін тиісті бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепке қосуды;
мониторинг пен есептілік нәтижелерін ресми интернет-ресурста жариялауды жүзеге асырады.
2. Орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функциялары Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасына сәйкес бәсекелес ортаға берілген жағдайда, тиісті орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдар аутсорсинг, мемлекеттік тапсырма, заңды тұлғаларға арналған трансферттерді беру, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, пайдаланушылар есебінен беру, міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеуді енгізу арқылы орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдар функцияларының тізіліміне сәйкес бәсекелес ортаға берілген функциялардың жүзеге асырылуын мониторингтеу нәтижелерін тиісті бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепке қосады.
Орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органның функцияларын бәсекелес ортаға беру нәтижесінде қызметтер көрсететін және қоғамдық маңызы бар мақсаттарды көздейтін жекелеген заңды тұлғалардың (бұдан әрі осы тармақта - заңды тұлға) пайдасына жеке және заңды тұлғалар төлейтін, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленетін міндетті нысаналы төлемдер парафискалдық төлемдер болып табылады.
Заңды тұлғаның өкілеттіктері және қызметінің мазмұны, функциялары, парафискалдық төлемдердің мақсаты және олардың жұмсалуы Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
Заңды тұлға және парафискалдық төлемдерді алып қою тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
Салық саясаты саласындағы орталық уәкілетті орган және тиісті жергілікті атқарушы орган түсімдердің сомаларын көрсете отырып, парафискалдық төлемдердің тізілімін жүргізеді және олардың сақталуы, таратылуы немесе бюджетке берілуі тұрғысынан оларды талдауды жүзеге асырады.
Парафискалдық төлемдердің тізілімі Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік басқару жүйесін дамыту саласындағы орталық уәкілетті орган қалыптастыратын, парафискалдық төлемдерге алып келетін, орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға берілген функцияларының тізілімі негізінде жүргізіледі.
Мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл тәртібін және осы тармақтың алтыншы бөлігінде көрсетілген тізілімді салық саясаты саласындағы орталық уәкілетті органға ұсыну мерзімдерін мемлекеттік басқару жүйесін дамыту саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
56-бап. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің бюджет процесіне қатысуы туралы жалпы ережелер
1. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің бюджет процесіне қатысуы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы Кодекстің 8-тарауында көзделген тәртіппен әзірленетін квазимемлекеттік сектор субъектілерінің даму жоспарлары немесе оларды іске асыруға арналған іс-шаралар жоспарлары арқылы жүзеге асырылады.
Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің даму жоспарлары немесе оларды іске асыруға арналған іс-шаралар жоспарлары бойынша құжаттама осы Кодекстің 40-бабына сәйкес жариялануға жатады.
2. Жалғыз акционері (қатысушысы) мемлекет болып табылатын квазимемлекеттік сектор субъектісі акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығын жүзеге асыратын тиісті саланың уәкілетті органдары мен жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен акционерлердің (қатысушылардың) жылдық жалпы жиналыстарын өткізу кезінде - квазимемлекеттік сектор субъектісінің жылдық қаржылық есептілікте, ал еншілес ұйым (еншілес ұйымдар) болған жағдайда шоғырландырылған жылдық қаржылық есептілікте көрсетілген, таза кіріс сомасының кемінде жетпіс пайызын дивидендтерді (кірісті) төлеуге бағыттау және оларды уақтылы аудару үшін шаралар қабылдайды.
Тиісті саланың уәкілетті органы немесе жергілікті атқарушы орган не аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің, Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы мен оның ведомстволарының өздеріне жүктелген функцияларды жүзеге асыруына ықпал ететін салада қызметін жүзеге асыратын, сондай-ақ әлеуметтік салада қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіп орындарды қоспағанда, мемлекеттік кәсіпорынның таза кірісі сомасының кемінде елу пайызы мөлшерінде таза кірістің бөлігін мемлекеттік кәсіпорындардың бюджетке толық және уақтылы аударуын бақылауды жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі құрған мемлекеттік кәсіпорындардың таза кірісінің бір бөлігін аудару нормативін өздері айқындайды.
Әлеуметтік салада қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорындардың таза кірісінің бір бөлігін аудару нормативін тиісті саланың уәкілетті органы немесе жергілікті атқарушы орган не аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты белгілейді.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің күші мемлекеттің «Астана» халықаралық қаржы орталығының қолданыстағы құқығына сәйкес тіркелген заңды тұлғалардың құрылтайшысы (қатысушысы, салымшысы, акционері, мүшесі) ретінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының актілеріне қайшы келмейтін бөлікте әрекет етуі жағдайларына қолданылады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі Ұлттық әл-ауқат қорына қатысты акциялары (қатысу үлестері) Ұлттық әл-ауқат қорына тиесілі заңды тұлғалардан есепті кезеңдегі алынған дивидендтердің кемінде елу пайызы мөлшеріндегі сомаларды дивидендтер ретінде бағыттау және оларды уақтылы аудару үшін шаралар қабылдайды.
Ұлттық әл-ауқат қорының республикалық бюджетке дивидендтер төлеу сомасын есептеу кезінде Ұлттық әл-ауқат қоры жалғыз акционерінің шешімдеріне сәйкес жобаларды қаржыландыру қаражатының көлемі ескеріледі.
3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген төлемдердің мөлшерін азайту немесе түсімдерді төлеуден босату:
1) акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) мемлекеттік пакеттері республикалық меншіктегі мемлекеттік кәсіпорындарға, акционерлік қоғамдарға, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге қатысты - бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органмен бірлесіп, мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган;
2) Ұлттық әл-ауқат қорына қатысты - Қазақстан Республикасының Үкіметі;
3) акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) мемлекеттік пакеттері коммуналдық меншіктегі мемлекеттік кәсіпорындарға, акционерлік қоғамдарға, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге қатысты - жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісу бойынша тиісті жергілікті атқарушы орган немесе аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты айқындайтын тәртіппен және тізбе бойынша тиісті бюджет комиссиясының міндетті қарауына жатады.
4. Квазимемлекеттік сектор субъектілері тиісті бюджетке дивидендтер немесе аударымдар төленгеннен кейін қалған таза кіріс қаражатының пайдаланылуы туралы ақпаратты тиісті бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есептің құрамына қосу үшін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығын жүзеге асыратын тиісті мемлекеттік органға, жергілікті атқарушы органға немесе аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппаратына ұсынады.
Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің тиісті бюджетке дивидендтер немесе аударымдар төленгеннен кейін қалған таза кіріс қаражатының пайдаланылуы туралы ақпаратты беру тәртібі мен нысанын мемлекеттік активтерді басқару саласындағы бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды және бекітеді.
5. Республикалық меншікті жекешелендіруден, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың және олардың еншілес, тәуелді және олармен үлестес болып табылатын өзге де заңды тұлғалардың активтерін бәсекелес ортаға беруден түсетін түсімдер толық көлемде номиналды мәнде Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына есепке жатқызылады.
6. Коммуналдық меншікті жекешелендіруден түсетін түсімдер толық көлемде номиналды мәнде жергілікті бюджетке есепке жатқызылады.
7. Квазимемлекеттік сектор субъектілері қарыз алуды Қазақстан Республикасының заңнамасына және осы Кодекске сәйкес жүзеге асырады.
Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қарыз алуы осы Кодекстің 137-бабына сәйкес белгіленетін, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыртқы борышының лимитімен шектеледі.
Квазимемлекеттік сектор субъектілері борышының жай-күйі туралы, оның ішінде борышқа қызмет көрсетуге және оны өтеуге арналған шығыстардың көлемдері туралы ақпарат осы Кодекстің 40-бабына сәйкес жариялануға жатады.
Қарыз қаражатын пайдалану кезінде квазимемлекеттік сектор субъектісінің бірінші басшысы осы Кодекстің 41-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
8. Мемлекеттік мүлік жөніндегі орталық уәкілетті орган жыл сайын мемлекеттік активтер мен квазимемлекеттік секторды басқару тиімділігін кешенді талдауды қамтитын Мемлекеттік активтер мен квазимемлекеттік секторды басқару жөніндегі ұлттық баяндаманы қалыптастырады.
Мемлекеттік активтер мен квазимемлекеттік секторды басқару жөніндегі ұлттық баяндаманы қалыптастыру тәртібін бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітеді.
Мемлекеттік мүлік жөніндегі орталық уәкілетті орган Мемлекеттік активтер мен квазимемлекеттік секторды басқару жөніндегі ұлттық баяндаманы республикалық бюджет туралы заң жобасына және республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепке қоса берілетін материалдардың құрамына енгізу үшін бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға және бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға жібереді.
Мемлекеттік активтер мен квазимемлекеттік секторды басқару жөніндегі ұлттық баяндама туралы ақпарат осы Кодекстің 40-бабына сәйкес жариялануға жатады.
9. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қалдықтарды толық пайдалану және бюджетке қайтару осы Кодекстің 115-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
Осы Кодекстің 113-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыйақы алу мақсатында бюджет қаражатын және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан алынған қаражатты депозиттерге және басқа да қаржы құралдарына, оның ішінде шетелдегі қаржы құралдарына орналастыруына тыйым салынады.