«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 16 қаңтардағы № 258-VIII Заңы (2026.21.10. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)

Предыдущая страница

4) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізу мақсатында жасалатын шарттар бойынша міндеттемелердің орындалмауы туралы істер бойынша сот шешімдері негізінде өндіріп алуларды қоспағанда, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге арналған жинақтар түріндегі екінші деңгейдегі банктердегі банктік шоттардағы ақшаға;

5) жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғынжайға ақы төлеу мақсатында төлемдер мен субсидияларды есепке жатқызуға арналған, ұлттық даму институты мәртебесіне ие тұрғын үй құрылысы жинақ банкіндегі банктік шоттағы ақшаға;

6) нотариус депозиті шарттарында енгізілген ақшаға;

7) «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жасалған білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша банктік шоттардағы ақшаға;

8) банктік шоттардағы әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының активтеріне және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне бөлінетін трансферттерге;

9) инвестициялық портфельді басқарушының орындалмаған міндеттемелері бойынша осы инвестициялық портфельді басқарушы клиенттерінің ақшасын есепке алуға арналған банктік шоттардағы ақшаға;

10) номиналды ұстаушы функцияларын жүзеге асыратын тұлғаның орындалмаған міндеттемелері бойынша осы номиналды ұстаушы функцияларын жүзеге асыратын тұлға клиенттерінің ақшасын есепке алуға арналған банктік шоттардағы ақшаға;

11) қаржы құралдарымен жасалатын мәмілелер бойынша клирингтік қызметті жүзеге асыру үшін банктік шоттардағы ақшаға;

12) уәкілетті орган лицензиядан айырған және (немесе) мәжбүрлеп тарату процесіндегі банктердің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының ақшасына;

13) уәкілетті мемлекеттік орган лицензиядан айырған және қызметі мәжбүрлеп тоқтату процесіндегі Қазақстан Республикасының бейрезидент банктері филиалдарының, Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары филиалдарының ақшасына;

14) Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы заңнамасына сәйкес инвестициялық шығындардың өтемақысын есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы ақшаға;

15) жеке сот орындаушысының өндіріп алушылардың пайдасына өндіріп алынған сомаларды сақтауға арналған ағымдағы шотындағы ақшаға;

16) әлеуетті өнім берушілердің немесе өнім берушілердің «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік сатып алуға қатысу шеңберінде қамтамасыз ету шаралары ретінде ақша енгізуіне арналған мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың банктік шотындағы ақшаға;

17) өзіне қатысты «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес рәсімді қолдану туралы іс қозғалған немесе рәсім қолданылған азаматтың банктік шоттарындағы ақшаға;

18) «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сот арқылы банкроттық рәсімінде ақшаны есепке жатқызуға арналған қаржы басқарушысының ағымдағы шотындағы ақшаға;

19) Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 112-бабы 4-тармағының 1) тармақшасына сәйкес берілетін материалдық көмекті есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы ақшаға;

20) берілген банктік қарыздар бойынша кепіл нысанасы болып табылатын тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы түріндегі тұрғын үй құрылысы жинақ банктеріндегі банктік шоттардағы ақшаға;

21) табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен жеке тұлғаларға материалдық залалдың өтемақысын және мемлекеттік бюджеттен және (немесе) қайырымдылық ұйымдарынан қажетті көмекті есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы ақшаға;

2026.23.07. № 352-VIII ҚР Заңымен 22) тармақша өзгертілді (2026 ж. 21 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

2) ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымының жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін операторы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі не Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындаған операциялық, технологиялық жəне өзге де функцияларды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің заңды тұлғасы болатын төлем жүйелерінде есеп айырысулардың аяқталуын қамтамасыз етуге арналған банктердің ақшасына және (немесе) орталық депозитарийдегі және (немесе) клирингтік ұйымдағы бағалы қағаздарға тыйым салуды қолдануға жол берілмейді.

Осы тармақтың екінші бөлігінің 14) тармақшасының ережесі мемлекеттік кіріс органдары, сондай-ақ сот актілерінің негізінде соттар және сот орындаушыларының прокурор санкциялаған қаулылары негізінде сот орындаушылары қоятын, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 742-бабының 2-тармағында көзделген кезектілікке сәйкес бірінші, екінші және үшінші кезектерге жататын талаптар бар шектеулерге қолданылмайды.

Осы тармақтың екінші бөлігінің 15) тармақшасының ережесі атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган, оның аумақтық органдары лицензиясының қолданысы тоқтатыла тұрған немесе тоқтатылған не лицензиясынан айырылған немесе Республикалық палата мүшелігінен шығарылған жеке сот орындаушысының өндіріп алушылардың пайдасына өндіріп алынған сомаларды сақтауға арналған ағымдағы шоты бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы қойылатын шектеулерге қолданылмайды.

Атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған цифрлық жүйесі арқылы алынған, оңайлатылған іс жүргізу шеңберіндегі аумақтық әділет органының қаулысы негізінде атқарушылық құжаттың орындалуын қамтамасыз ету үшін тыйым салу кезінде тыйым салынатын ақша сомасы мен мүлік құны атқарушылық құжатта көрсетілген сомадан аспауға тиіс.

Атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған цифрлық жүйесі арқылы алынған, оңайлатылған іс жүргізу шеңберіндегі аумақтық әділет органының қаулысы прокурордың санкциялауына жатпайды.

Талап қою талаптарын қамтамасыз ету үшін тыйым салынған кезде тыйым салынатын ақша сомасы талап қою сомасы мен мемлекеттік баж мөлшерінен және соттың шешімдерін, үкімдерін, ұйғарымдары мен қаулыларын орындауға байланысты шығыстардан аспауға тиіс. Сот орындаушысы атқарушылық құжаттың орындалуын қамтамасыз ету үшін тыйым салған кезде тыйым салынатын ақша сомасы мен мүлік құны өндіріп алушыға ұйғарылған соманы өтеуге қажетті сомадан, сондай-ақ атқарушылық құжатты орындау процесінде борышкерге салынған айыппұлдардан, жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу сомаларынан және орындау жөніндегі шығыстардан аспауға тиіс.

Бұл ретте сот орындаушыларының прокурор санкциялаған қаулылары қағаз жеткізгіште немесе атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған цифрлық жүйесі арқылы электрондық нысанда жіберілуі мүмкін.

Жеке және заңды тұлғалардың ақшасына тыйым салу үшін соттар, анықтау және алдын ала тергеу органдары, сот орындаушылары және (немесе) аумақтық әділет органдары банктерге құжаттарды Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес жібереді.

Заңды тұлғаның, оның құрылымдық бөлімшелерінің, Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезиденттің, дара кәсіпкер немесе жеке практикамен айналысатын адам ретінде тіркеу есебінде тұрған жеке тұлғаның банктік шоттарындағы (корреспонденттік шоттарды қоспағанда) барлық шығыс операциялары Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда мемлекеттік кіріс органдарының өкімдері бойынша тоқтатыла тұруы мүмкін, ал өндіріп алу Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негіздер бойынша ғана қолданылуы мүмкін. Лицензиясының қолданысы тоқтатыла тұрған немесе тоқтатылған не лицензиясынан айырылған немесе Республикалық палата мүшелігінен шығарылған жеке сот орындаушысының өндіріп алушылардың пайдасына өндіріп алынған сомаларды сақтауға арналған ағымдағы шоты бойынша шығыс операциялары атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органның, оның аумақтық органдарының өкімі негізінде тоқтатыла тұруы мүмкін.

Жеке және заңды тұлғалардың банктік шоттары бойынша операциялар «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда және тәртіппен тоқтатыла тұрады.

Бұл ретте мемлекеттік кіріс органдарының, атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органның, оның аумақтық органдарының өкімдері банктерге қағаз жеткізгіште немесе телекоммуникациялар желісі бойынша беру не атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған цифрлық жүйесі арқылы электрондық нысанда жіберілуі мүмкін.

Қағаз жеткізгіште жіберілетін өкімге мемлекеттік кіріс органдарының бірінші басшысы қол қоюға және олардың мөрімен расталуға не атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органның құрылымдық бөлімшесінің, оның аумақтық органдарының басшысы қол қоюға және олардың мөрімен расталуға тиіс.

Мемлекеттік кіріс органдарының не атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органның, оның аумақтық органдарының электрондық нысанда жіберілетін өкімі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша уәкілетті мемлекеттік органдар белгілеген форматтарға сәйкес қалыптастырылады.

2. Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасының талаптарына сәйкес прокурордың келісімі болмаған жағдайда, банктер банктегі мүлікке билік етуді уақытша шектеу туралы актілерді орындаудан бас тартады.

Тыйым салынатын сома болмаған және (немесе) Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасында және Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасында көзделген келісулер не санкциялар болмаған жағдайда, банктер тыйым салу туралы актілерді орындаудан бас тартады.

3. Зейнетақы активтерін, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының активтерін және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне бөлінетін трансферттерді қоспағанда, жеке және заңды тұлғаның банктегі ақшасы мен басқа да мүлкін тәркілеу заңды күшіне енген сот шешімі (үкімі) негізінде ғана жүргізілуі мүмкін.

4. Банктерге қолданылатын осы баптың талаптары Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдарына және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға қолданылады.

 

 

5-БӨЛІМ. МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ, БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ ҚАДАҒАЛАУ

 

12-тарау. БАНКТІҢ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БЕЙРЕЗИДЕНТ БАНКІ ФИЛИАЛЫНЫҢ ҚАРЖЫЛЫҚ ОРНЫҚТЫЛЫҒЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

 

71-бап. Уәкілетті органның құзыреті

Уәкілетті орган осы Заңның 3-бабының 1 және 2-тармақтарында және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мақсаттар мен міндеттерге сәйкес Қазақстан Республикасының банктерін және банк секторының өзге де қатысушыларын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді.

Нормативтік құқықтық актілердің тізбесі Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген уәкілетті орган туралы ережеде айқындалады.

 

72-бап. Пруденциялық нормативтер мен лимиттер

1. Уәкілетті орган банктер, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдары, банк конгломераттары үшін олардың қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету және банктік көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында белгілейтін экономикалық шектеулер пруденциялық нормативтер мен лимиттер болып табылады.

Уәкілетті орган банктердің міндетті түрде сақтауы үшін белгілейтін пруденциялық нормативтердің құрамына мыналар кіреді:

1) банктің жарғылық және меншікті капиталының ең төмен мөлшерлері;

2) меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффиценттері;

3) бір қарыз алушыға жасалатын тәуекелдің ең көп мөлшері;

4) өтімділік коэффиценттері;

5) ашық валюталық позиция лимиттері;

6) залалдарды қамтудың (жабудың) жалпы қабілеттігін қамтамасыз ететін құралдар бойынша міндеттемелердің ең төмен мөлшері;

7) леверидж коэффициенті.

Әмбебап банк лицензиясы бар банк, базалық банк лицензиясы бар банк, ислам банкі үшін пруденциялық нормативтер, олардың шекті мәндері және есептеу әдістемелері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.

2. Уәкілетті орган банк конгломераттарының міндетті түрде сақтауы үшін белгілейтін пруденциялық нормативтердің құрамына мыналар кіреді:

1) жарғылық капиталдың ең төмен мөлшері;

2) меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффиценттері;

3) бір қарыз алушыға жасалатын тәуекелдің ең көп мөлшері.

Банк конгломераттары үшін пруденциялық нормативтер, олардың шекті мәндері және есептеу әдістемелері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.

3. Уәкілетті орган банктер, банк конгломераттары сақтауға міндетті, халықаралық банк практикасында және (немесе) банктердің, банк конгломераттарының тәуекелін барынша азайту және қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында пайдаланылатын қосымша пруденциялық нормативтер мен лимиттер белгілеуге құқылы.

Уәкілетті орган жүйелік маңызы бар банктерге меншікті капиталдың жеткіліктілігі бойынша қосымша талаптар белгілейді. Банкті жүйелік маңызы бар банкке жатқызу тәртібін уәкілетті органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындайды.

4. Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының резерв ретінде қабылданатын активтерін қалыптастырады.

Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде ашылған корреспонденттік шотта орналастырған ақша және (немесе) тізбесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленетін, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы Қазақстан Республикасының аумағында банк операцияларын және өзге де операцияларды жүргізуге лицензия алғаннан кейін сатып алатын қаржы құралдары Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының резерв ретінде қабылданатын активтері деп танылады.

Қазақстан Республикасының бейрезидент банктері филиалдарының резерв ретінде қабылданатын активтерін қалыптастыру тәртібін және олардың ең төмен мөлшерін қоса алғанда, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдары үшін пруденциялық нормативтер мен лимиттер, олардың шекті мәндері және есептеу әдістемелері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.

5. Банк, банк конгломераты, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне пруденциялық нормативтер мен лимиттердің орындалғаны туралы есептілікті ұсынады.

 

73-бап. Макропруденциялық нормативтер мен лимиттер

1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі банктердің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктері филиалдарының міндетті түрде сақтауы үшін белгілейтін макропруденциялық нормативтер мен лимиттердің құрамына мыналар кіреді:

1) контрциклдік капитал буфері;

2) секторлық контрциклдік капитал буфері;

3) қарыз алушының борыштық жүктемесінің коэффициенті;

4) қарыз алушының кірісіне борыш коэффициенті.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі банктер, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдары сақтауға міндетті, халықаралық банк практикасында пайдаланылатын қосымша макропруденциялық нормативтер мен лимиттерді белгілеуге құқылы.

Макропруденциялық нормативтер мен лимиттер, олардың нормативтік мәндері және есептеу әдістемесі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.

2. Уәкілетті орган банктердің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктері филиалдарының макропруденциялық нормативтер мен лимиттерді сақтауына бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады.

Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес банктерді, банктің ірі қатысушыларын, банк холдингтерін, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдарын және (немесе) олардың лауазымды адамдарын банктердің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктері филиалдарының макропруденциялық нормативтер мен лимиттерді бұзғаны үшін жауаптылыққа тарту жөніндегі шараларды қабылдайды.

3. Банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне макропруденциялық нормативтер мен лимиттердің орындалғаны туралы есептілікті ұсынады.

 

74-бап. Провизиялар (резервтер)

1. Жүзеге асырылатын операциялардың сипаты мен ауқымына сәйкес өз қызметін бақылаудың тиісті деңгейін және оның сенімділігін қамтамасыз ету мақсатында банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес провизиялар (резервтер) құруға міндетті.

2. Уәкілетті орган банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы құрған провизиялардың (резервтердің) жеткіліктілігін бағалауды, оның ішінде уәжді пайымдауды пайдалана отырып бағалауды халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкестігі, олардың сақталуы және қолданылуы тұрғысынан жүзеге асырады.

 

75-бап. Банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының есепке алуы мен есептілігі

1. Әмбебап банк лицензиясы бар банк, базалық банк лицензиясы бар банк, ислам банкі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне шоғырландырылған негіздегі қаржылық және өзге де есептілікті қоса алғанда, қаржылық және өзге де есептілікті ұсынады.

2. Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне бухгалтерлік есепке алу деректері бойынша есептілікті және өзге де есептілікті ұсынады.

3. Банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы операциялар мен оқиғаларды есепке алуды «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес жүзеге асырады.

4. Банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы уәкілетті органның және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сұратулары бойынша өздерінің қаражаттары, оның ішінде Қазақстан Республикасы шегінен тысқары жердегі қаражаттары, қабылданған депозиттер мен берілген кредиттердің мөлшері, жасалған және жасалып жатқан банк операциялары туралы кез келген ақпаратты және банк құпиясын құрайтын мәліметтерді қоса алғанда, өзге де мәліметтерді беруге міндетті.

75-бабының 5-тармағы 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі

5. Банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы қадағалау, тәуекелдерді ерте анықтау, сондай-ақ ақпаратпен қауіпсіз алмасу мақсаттары үшін өзінің ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымында деректер витринасын қалыптастыруды, жүргізуді және жаңартуды, сондай-ақ уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде айқындалған жағдайларда, тәртіппен, мерзімдерде және форматтарда уәкілетті органның деректер витринасына қол жеткізуін қамтамасыз етеді.

Деректер витринасында банк операциялары және өзге де операциялар, оның ішінде кредиттік портфель бойынша, ірі депозиторлар, ірі төлемдер, ірі ақша аударымдары, қолма-қол ақшаны алу жөніндегі ірі кассалық операциялар жөніндегі мәліметтер және тізбесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленетін өзге де мәліметтер болуға тиіс.

Банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы және деректер витринасына қол жеткізген өзге де тұлғалар деректер витринасын қалыптастыру, сақтау және оған қол жеткізу кезінде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес дербес деректердің қорғалуын және банк құпиясының сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.

 

76-бап. Банктің ірі қатысушыларының және банк холдингтерінің есептілігі

1. Банктің ірі қатысушысы, банк холдингі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне қаржылық және өзге де есептілікті ұсынады.

2. Қазақстан Республикасының резиденті болып табылатын банктің ірі қатысушысы-жеке тұлға осы баптың 1-тармағында көзделген есептіліктен басқа, Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық органына кірістер мен мүлік туралы декларацияны ұсынған күннен кейін бес жұмыс күні ішінде салық органына декларацияны ұсынғанын растай отырып уәкілетті органға оның көшірмесін ұсынуға тиіс.

 

77-бап. Құжаттардың сақталуы

1. Банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым есептілікті жасау кезінде бухгалтерлік есепте пайдаланылатын құжаттардың есепке алынуын және сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.

2. Сақталуға тиіс негізгі құжаттар тізбесі және оларды сақтау мерзімдері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.

 

78-бап. Қадағалап ден қою шаралары

1. Банк депозиторларының, өзге де кредиторларының, клиенттерінің және корреспонденттерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, банктің және (немесе) банк конгломератының қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету, олардың қаржылық жағдайының нашарлауына және банк қызметіне байланысты тәуекелдердің ұлғаюына жол бермеу мақсатында уәкілетті орган банкке, банк холдингіне, олардың басшы қызметкерлеріне, банк конгломераты құрамына кіретін ұйымдарға, банктің ірі қатысушыларына, банктің ірі қатысушысының немесе банк холдингінің белгілерін иеленуші тұлғаларға қадағалап ден қою шараларын қолданады.

2. Қадағалап ден қою шараларын қолдануға мыналар негіз болып табылады:

1) уәкілетті органның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуы;

2) уәкілетті орган бақылау және қадағалау жөніндегі функцияларды жүзеге асыру шеңберінде, оның ішінде уәжді пайымдауды пайдалана отырып анықтаған, банктің тұрақты жұмыс істеуіне және (немесе) оның депозиторларының және (немесе) өзге де кредиторларының және (немесе) клиенттерінің және (немесе) корреспонденттерінің мүдделеріне және (немесе) банк жүйесінің тұрақтылығына қатер төндіретін жағдайдың қалыптасуына алып келуі мүмкін банктің, банк конгломераты құрамына кіретін ұйымдардың қызметіндегі кемшіліктер және (немесе) тәуекелдер;

3) банктің, банк холдингінің басшы қызметкерлерінің олардың депозиторларының және (немесе) өзге де кредиторларының және (немесе) клиенттерінің және (немесе) корреспонденттерінің тұрақты жұмыс істеуіне және (немесе) мүдделеріне қатер төндіруі мүмкін құқыққа сыйымсыз әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) анықталуы;

4) басшы қызметкердің (басшы қызметкерлердің) әрекеттерін (әрекетсіздігін) уәкілетті органның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сай келмейді және (немесе) банкке және (немесе) оның депозиторларына және (немесе) өзге де кредиторларына және (немесе) клиенттеріне және (немесе) корреспонденттеріне залал келтіргені туралы куәландырады деп тану үшін жеткілікті деректер;

5) банктің ірі қатысушысының немесе банк холдингінің белгілерін иеленуші тұлғаның, сондай-ақ банктің ірі қатысушысының (оның ішінде ірі қатысушы бақылау жасайтын ұйымдардың), банк холдингінің немесе банк конгломераты құрамына кіретін ұйымдардың банкке залал келтірген немесе келтіруі мүмкін әрекеттер (әрекетсіздік) жасауы;

6) банктің ірі қатысушысының немесе банк холдингінің белгілерін иеленуші тұлғалардың, сондай-ақ банктің ірі қатысушыларының (оның ішінде банктің ірі қатысушысы бақылау жасайтын ұйымдардың), банк холдингінің немесе банк конгломераты құрамына кіретін ұйымдардың қаржылық жағдайының орнықсыздығы;

7) осы Заңға сәйкес қолданылған қадағалап ден қою шараларын орындамау;

8) уәкілетті органға немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне есептілікті немесе мәліметтерді, сондай-ақ уәкілетті орган немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі сұрататын өзге ақпаратты ұсынбау не оларды анық емес ұсыну;