(БҰРЫНҒЫ РЕДАКЦИЯ) «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БЮДЖЕТ КОДЕКСІ» 2025 ЖЫЛҒ...

Предыдущая страница

1. Мемлекеттік инвестициялық жобалардың іске асырылуына мониторинг:

1) бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы мен нәтижелері туралы ақпаратты жинауын және өңдеуін;

2) орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы мен нәтижелері туралы есептерді тиісінше бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органға және бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органдарға ұсынуын көздейді.

Бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган немесе мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган мемлекеттік инвестициялық жобаларды мониторингтеу барысы мен нәтижелері туралы есептерді жинауға және талдауға Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе жергілікті атқарушы орган айқындаған заңды тұлғаны тартады.

2. Республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері республикалық мемлекеттік инвестициялық жобалардың іске асырылуына мониторингті жүзеге асырады.

3. Жергілікті мемлекеттік инвестициялық жобалардың, оның ішінде республикалық бюджеттен берілетін нысаналы даму трансферттері, бюджеттен тыс қорлар есебінен іске асырылатын жобалардың іске асырылуына мониторингті жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.

4. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының іске асырылуына мониторинг Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

5. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бюджеттік даму бағдарламаларының паспорттарында және мемлекеттік инвестициялық жобалар құжаттамаларында көзделген түпкілікті нәтижелерге қол жеткізілуіне мониторингті бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен бірлесіп бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен, жобалар аяқталғаннан кейін үш жыл ішінде жүзеге асырады.

6. Бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган есептілікті ұсыну тәртібі мен мерзімдерін және нысандарын, сондай-ақ мемлекеттік инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы мен нәтижелері туралы ұсынылатын ақпаратқа қойылатын талаптарды бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен бірлесіп айқындайды.

7. Бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган мен мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органдар осы баптың 2 - 5-тармақтарында көзделген мониторинг негізінде, қаржы жылының қорытындылары бойынша мемлекеттік инвестициялық жобалардың іске асырылуына мониторинг нәтижелері бойынша жиынтық есепті қалыптастырады.

8. Мемлекеттік инвестициялық жобалардың іске асырылуына мониторинг нәтижелері осы Кодекстің 45-бабына сәйкес қолданылады.

9. Мемлекеттік инвестициялық жобалардың іске асырылуына және бюджеттік даму бағдарламаларының паспорттарында көзделген түпкілікті нәтижелерге қол жеткізілуіне мониторинг жүргізу үшін жауаптылық осы Кодекстің 41-бабында белгіленеді.

 

153-бап. Мемлекеттік инвестициялық жобалардың іске асырылуын бағалау

1. Мемлекеттік инвестициялық жобалардың іске асырылуын бағалау жобалар аяқталғаннан кейін үш жылдан соң инвестиция салынғаннан кейінгі кезеңде жүзеге асырылады.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының іске асырылуын бағалау Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

2. Бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған заңды тұлғаны тарта отырып республикалық мемлекеттік инвестициялық жобалардың іске асырылуын бағалауды жүзеге асырады.

Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган жергілікті атқарушы органдар айқындаған заңды тұлғаны тарта отырып жергілікті мемлекеттік инвестициялық жобалардың, оның ішінде республикалық бюджеттен берілетін нысаналы даму трансферттері, бюджеттен тыс қорлар есебінен іске асырылуын бағалауды жүзеге асырады.

3. Бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының іске асырылуын бағалауды қоспағанда, мемлекеттік инвестициялық жобалардың іске асырылуына бағалау жүргізу тәртібін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша айқындайды.

4. Мемлекеттік инвестициялық жобалардың іске асырылуын бағалау нәтижелері осы Кодекстің 46-бабына сәйкес қолданылады.

 

 

30-тарау. БЮДЖЕТТІК КРЕДИТТЕУ

 

154-бап. Бюджеттік кредиттеу туралы жалпы ережелер

1. Бюджеттік кредиттеу бюджеттік кредитті беру, пайдалану, оған қызмет көрсету және оны өтеу туралы шешім қабылдау рәсімдерін қамтитын процесті білдіреді.

2. Бюджеттік кредиттер:

1) бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға;

2) мемлекеттің сыртқы экономикалық қызметін жүзеге асыруға;

3) қаржы агенттіктерінің мемлекеттік инвестициялық саясатты іске асыруына;

4) төмен тұрған бюджеттердің қолма-қол ақшаны бақылау шотындағы қолма-қол ақшаның тапшылығын жабуға;

5) республиканы немесе өңірді дамытудың әлеуметтік-экономикалық міндеттерін шешуге;

6) ауыл шаруашылығы өнімін сатып алу арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталады.

3. Бюджеттік кредиттер заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарына қатысу мақсаттарына, қарыз алушылардың шаруашылық қызметінің залалдарын жабуға, сенім білдірілген өкілдердің (агенттерге) көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеуге берілмейді.

Шаруашылық қызметтің залалдары деп шаруашылық қызмет нәтижесінде пайда болған, материалдық және ақшалай ресурстардың азаюына алып келетін ақшалай нысанда көрсетілген шығындар, заңды тұлға шығыстарының кірістерден асып кетуі түсініледі.

Қарыз алушыларға республикалық және жергілікті бюджеттерден қайтарымды негізде берілген бюджет қаражатын екінші деңгейдегі банктерде, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда депозиттерге және басқа да құралдарға орналастыруға тыйым салынады.

4. Бюджеттік кредиттерді беру мынадай:

1) өндіріп алу үмітсіз берешектерді қоспағанда, бюджеттік кредитті кредиттік шартқа сәйкес өтеу міндеттілігін көздейтін қайтарымдылық;

2) міндеттемелердің орындалуын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәсілдермен қамтамасыз етудің болуын көздейтін қамтамасыз етілу;

3) бюджеттік кредиттің берілгені үшін қарыз алушының сыйақы төлеуін көздейтін ақылылық;

4) бюджеттік кредитті беру мерзімін белгілеуді көздейтін мерзімділік қағидаттарына сәйкес жүзеге асырылады.

5. Бюджеттік кредиттер мынадай шарттары сақталған кезде:

1) салық берешегі болмаса;

2) қарыз алушының бюджеттік кредит бойынша міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету болса;

3) қарыз алушының бұрын берілген бюджеттік кредиттер бойынша мерзімі өткен берешегі болмаса, беріледі.

6. Бюджеттік кредиттер мынадай өлшемшарттар сақталған кезде беріледі:

1) іс-шараларды бюджеттік кредиттеу арқылы іске асырудың экономикалық және әлеуметтік тиімділігі;

2) бюджеттік кредит есебінен іске асырылатын іс-шаралардың өзін-өзі ақтауы;

3) бюджет саясаты жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын өлшемшарттарға сәйкес қарыз алушының кредит қабілеттілігі.

7. Кредитор, бюджеттік бағдарламаның әкімшісі және қарыз алушы арасындағы бюджеттік кредитті беру, пайдалану, оған қызмет көрсету және оны өтеу кезінде тараптардың құқықтық қатынастарын белгілейтін келісім кредиттік шарт болып табылады.

Кредиттік шарт ақпараттық жүйеде электрондық нысанда жасалады және шарт тараптарының электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы куәландырылады.

Кредиттік шарттарды электрондық түрде жасасу мүмкін болмаған жағдайда, кредиттік шартты қағаз жеткізгіште ресімдеуге жол беріледі.

8. Кредитор, бюджеттік бағдарламаның әкімшісі, қарыз алушы, соңғы қарыз алушы және сенім білдірілген өкіл (агент) бюджеттік кредиттеу субъектілері болып табылады.

Бюджеттік кредиттеу субъектілерінің құқықтары мен міндеттері осы Кодекске және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілеріне сәйкес кредиттік шарттарда және (немесе) тапсырма шартында айқындалады.

Қазақстан Республикасының бюджет және азаматтық заңнамасына сәйкес бюджеттік кредит беретін кредит шартының тарапы кредитор болып табылады.

Республикалық бюджеттен бюджеттік кредиттеу кезінде Қазақстан Республикасының Үкіметі кредитор болып табылады.

Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган бюджеттік кредиттеу кезінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан кредитор болады.

Жергілікті бюджеттен бюджеттік кредиттеу кезінде тиісті жергілікті атқарушы орган кредитор болып табылады.

Кредитор осы Кодекске және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бюджеттік кредиттеуді қамтамасыз етеді, кредит шарты талаптарының орындалуын бақылауды жүзеге асырады.

Бюджеттік бағдарламаның әкімшісі бюджеттік кредиттеу кезінде кредиттік шарттың тарапы болып табылады және:

1) қаржы агенттіктерін және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысатын агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ұлттық компанияны қоспағанда, мамандандырылған ұйымдар мен сенім білдірілген өкілдерді (агенттерді) конкурстық негізде айқындауды;

2) бюджеттік кредиттердің нысаналы әрі тиімді пайдаланылуын, өтелуін және оларға қызмет көрсетілуін бақылауды және мониторингтеуді;

3) бюджеттік кредиттерді қайтару бойынша талап-арыз жұмысын жүзеге асырады.

Бюджеттік кредитті алатын, кредиттік шартқа сәйкес негізгі борышты өтеу және сыйақыны, сондай-ақ басқа да төлемдерді төлеу жөніндегі міндеттемелерді алатын кредиттік шарт тарапы қарыз алушы болып табылады.

Мыналар қарыз алушылар бола алады:

1) мамандандырылған ұйымдар - Қазақстан Республикасының резиденттері болып табылатын банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, сондай-ақ акцияларының бақылау пакеті мемлекетке не ұлттық холдингке не ұлттық басқарушы холдингке тиесілі ұйымдар;

2) жергілікті атқарушы органдар, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерінің аппараттары;

3) шет мемлекеттер;

4) жеке тұлғалар.

Кредитор немесе қаржы агенттігі айқындаған талаптарда берілетін бюджеттік кредитті соңғы алушы соңғы қарыз алушы болып табылады.

Қазақстан Республикасының резиденттері болып табылатын, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар соңғы қарыз алушылар бола алады.

Соңғы қарыз алушыларды іріктеуді және кредиттеуді бюджеттік бағдарламаның нысаналы мақсатына, сондай-ақ өздерінің кредиттік саясатына сәйкес мамандандырылған ұйымдар немесе жергілікті атқарушы органның атынан қарыз алушы жүзеге асырады.

Тапсырма шартының негізінде кредитордың (сенімгердің) немесе бюджеттік бағдарлама әкімшісінің атынан және есебінен және оның нұсқауларына сәйкес бюджеттік кредиттеуге байланысты белгілі бір тапсырмаларды жасайтын тұлға сенім білдірілген өкіл (агент) болып табылады.

Қазақстан Республикасының резиденттері болып табылатын банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым немесе акцияларының бақылау пакеті мемлекетке немесе ұлттық холдингке не ұлттық басқарушы холдингке тиесілі ұйым сенім білдірілген өкілдер (агенттер) болады.

Сенім білдірілген өкілді (агентті):

республикалық бюджеттен бюджеттік кредиттеу кезінде - қаржы агенттігін қоспағанда, Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес, бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган немесе бюджеттік бағдарламаның әкімшісі;

жергілікті бюджеттен бюджеттік кредиттеу кезінде қаржы агенттігін қоспағанда, Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес, бюджеттік бағдарламаның әкімшісі айқындайды.

Сенім білдірілген өкілдің (агенттің) өкілеттіктерін, сенім білдірілген өкілдің (агенттің) тапсырмаларды орындағаны үшін сыйақы төлеу мөлшері мен тәртібін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган немесе бюджеттік бағдарламаның әкімшісі айқындайды.

9. Бюджеттік кредиттің негізгі шарттары бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның немесе тиісті жергілікті атқарушы органның шешімімен белгіленеді.

Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері тиісті бюджеттер бекітілгеннен кейін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға немесе тиісті жергілікті атқарушы органға кейіннен бекіту үшін бюджеттік кредиттің негізгі шарттарын жібереді.

10. Бюджеттік кредит беру тәсілдері:

1) біржолғы бюджеттік кредит - қарыз алушыға бюджет қаражатын бөлу қаржы жылы ішінде қаражатты аудару графигіне сәйкес біржолғы түрде не бөліктермен жүргізіледі;

2) бюджеттік кредиттік желі - қарыз алушыға қаражат бөлу бекітілген қаржылық-экономикалық негіздемеге сәйкес бірнеше қаржы жылы ішінде бөліктермен жүргізіледі.

Бюджеттік кредиттік желі шеңберінде қабылданған міндеттемелер бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері шығыстарының лимиттерін айқындау және тиісті бюджетті жоспарлау кезінде ескеріледі.

Бюджеттік кредиттік желі осы баптың 13-тармағының үшінші бөлігіне сәйкес қаржы агенттіктеріне ғана беріледі.

11. Қарыз алушы бюджеттік кредитті алатын, пайдаланатын, оған қызмет көрсететін және оны өтейтін уақыт кезеңі бюджеттік кредит мерзімі болып табылады.

Бюджеттік кредит мерзімі кредитор бюджеттік кредит қаражатын бюджеттік бағдарлама әкімшісінің шотынан аударған кезден бастап есептеледі.

Бюджеттік кредиттер беру мерзіміне қарай қысқа мерзімді, орта мерзімді және ұзақ мерзімді болып бөлінеді.

12. Қарыз алушы бюджеттік кредитті беру мақсаттарына сәйкес іс-шараларды іске асыру үшін бюджеттік кредитті пайдалана алатын уақыт кезеңі бюджеттік кредитті игеру кезеңі болып табылады.

13. Бюджеттік кредит бойынша міндеттемелердің орындалуы кепілмен, кепілдікпен, кепілгерлікпен немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе шартта көзделген басқа да тәсілдермен қамтамасыз етіледі.

Жергілікті атқарушы органдарға, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің аппараттарына, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысатын агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ұлттық компанияға және тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын қаржы агенттіктеріне республикалық бюджеттен бюджеттік кредиттер міндеттемелердің орындалуы қамтамасыз етілмей бөлінуі мүмкін.

Қаржы агенттіктерін республикалық бюджеттен қамтамасыз етілмейтін бюджеттік кредиттер алатын қаржы агенттіктерінің тізбесіне енгізу тәртібін бюджет саясаты жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.

Бюджеттік кредиттің қайтарылуын қамтамасыз ету құны өтеу графигіне сәйкес негізгі борышты бірінші жоспарлы өтеуге дейін есепке жазылатын сыйақы сомасы ескеріле отырып, бюджеттік кредит мөлшерінен кем болмауға тиіс.

Бюджеттік кредит бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етуді бағалау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Бюджеттік кредит бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етуді бағалау бойынша көрсетілетін қызметтерге ақы төлеуді қарыз алушы немесе соңғы қарыз алушы жүргізеді.

14. Қарыз алушы бюджеттік кредитті пайдаланғаны үшін жүзеге асыратын төлемақы сыйақы болып табылады.

15. Жылдық пайызбен көрсетілген сыйақы шамасы сыйақы мөлшерлемесі болып табылады.

Бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган сыйақы түрлерін, оның мөлшерлемелерін айқындау және белгілеу тәртібін бюджет саясаты жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша айқындайды.

16. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган бюджеттік кредит беру тәсілдерін, бюджеттік кредитті өтеу және оған қызмет көрсету графигін, бюджеттік кредитті қайта құрылымдау және қарыз алушыны ауыстыру рәсімдерін, талап қоюдың ескіру шарттарын, бюджеттік кредит бойынша борышты аудару шарттарын, кредиторлардың талаптарын тоқтатуды және бюджеттік кредиттер бойынша кепілдікті тоқтатуды, бюджеттік кредиттер бойынша бақылау рәсімдерін айқындайды.

Бюджеттік кредитті қайта құрылымдау бюджеті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның немесе жергілікті атқарушы органның жанындағы консультативтік-кеңесші органның оң қорытындысы болған кезде әрбір кредиттік шарт бойынша бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның немесе тиісті жергілікті атқарушы органның шешімі негізінде жүзеге асырылады.

 

155-бап. Бюджеттік кредит беру туралы шешім қабылдау рәсімдері

Бюджеттік кредит беру туралы шешім қабылдау:

1) бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органның немесе мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органның төмен тұрған бюджеттердің қолма-қол ақша тапшылығын жабуға бағытталатын бюджеттік кредиттерді қоспағанда, бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындаған тәртіппен бюджеттік кредиттеудің орындылығын айқындауын;

2) бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органдардың бюджеттік бағдарламаларның әкімшісі бюджеттік кредиттеу арқылы іске асыруды ұсынатын бюджеттік бағдарламаларды бюджеттік кредиттеу өлшемшарттарына сәйкестігі тұрғысынан қарауын қамтиды.

Бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органның бюджеттік инвестициялық жобаларды бюджеттік кредиттеудің және қаржы агенттіктерінің мемлекеттік инвестициялық саясатты іске асыруының орындылығын айқындауы Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлғаның экономикалық сараптамасының қорытындысы негізінде жүзеге асырылады.

Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органдардың техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуді талап ететін бюджеттік инвестициялық жобаларды бюджеттік кредиттеудің және қаржы агенттіктерінің жергілікті бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік инвестициялық саясатты іске асыруының орындылығын айқындауы экономикалық сараптаманың қорытындысы ескеріліп жүзеге асырылады;

3) бюджет комиссиясының бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның немесе мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органның бюджеттік сұранымы мен қорытындысын қарауын;

4) бюджет комиссиясының бюджеттік кредиттер беруге бағытталған бюджеттік бағдарламаны бюджет жобасына енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлеуін қамтиды.

 

156-бап. Бюджеттік кредит беру рәсімі

1. Бюджеттік кредит беру рәсімі мынадай кезеңдерді қамтиды:

1) бюджеттік кредиттің негізгі шарттарын айқындау;

2) қарыз алушыны, оның ішінде бар болса, соңғы қарыз алушыны айқындау;

3) кредиттік шартты және онымен байланысты шарттарды жасасу;

4) қарыз алушыға бюджеттік кредит беру.

2. Бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган бюджеттік кредиттерді беру жөніндегі рәсімдерді, оның ішінде оларды беру кезіндегі қажетті құжаттардың тізбесін бюджет саясаты жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша айқындайды.

3. Шет мемлекетті бюджеттік кредиттеудің тәртібі мен талаптары бюджеттік кредит беру туралы халықаралық шартта белгіленеді.

 

157-бап. Бюджеттік кредитті пайдалану

Қарыз алушы бюджеттік кредит қаражатын бюджеттік бағдарламада және кредиттік шартта көзделген мақсаттарға ғана пайдаланады.

Соңғы қарыз алушы бюджеттік кредит қаражатын бюджеттік бағдарламаға және Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес кредиттік шартта көзделген мақсаттарға ғана пайдаланады.

Қарыз алушы мен соңғы қарыз алушы бюджеттік кредитті нысаналы мақсаты бойынша пайдаланбаған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңдарына және кредиттік шарттың талаптарына сәйкес жауаптылықта болады.

 

158-бап. Бюджеттік кредитке қызмет көрсету

1. Бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органның, мемлекеттік қазынашылықтың немесе сенім білдірілген өкілдің (агенттің) бюджеттік кредит қаражатының пайдаланылуын есепке алу және қарыз алушының кредиттік шарт талаптарына сәйкес негізгі борышты, сыйақыны және басқа да төлемдерді өтеуге төлемдерді жүзеге асыру жөніндегі қызметі бюджеттік кредитке қызмет көрсету деп танылады.

Есепке жазылатын сыйақы, комиссиялық төлемдер, тұрақсыздық айыбы (айыппұлдар, өсімпұлдар) сомаларын есепке алмағанда, алынған және өтелмеген бюджеттік кредит сомасы негізгі борыш болып табылады.

2. Негізгі борышқа қызмет көрсету кредиттік шарт талаптарына сәйкес белгілі бір уақыт кезеңіндегі сыйақының, өзге де төлемдердің жиынтық төлемдерін білдіреді.

3. Бюджеттік кредитті өтеу және оған қызмет көрсету графигіне (кредиттік шартқа) сәйкес мерзімі басталған, қарыз алушы мен соңғы қарыз алушы төлемеген төлемдер сомасы берешек (мерзімі өткен берешек) болып табылады.

4. Сыйақыны есепке жазу тәртібі кредиттік шартта белгіленеді.

 

159-бап. Бюджеттік кредитті өтеу

1. Қарыз алушының кредиттік шартқа және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бюджеттік кредит бойынша негізгі борышты өтеуі бюджеттік кредитті өтеу болып табылады.

2. Қарыз алушы мен соңғы қарыз алушы бюджеттік кредитті өтемеген, уақтылы өтемеген жағдайда, Қазақстан Республикасының заңдарына және кредиттік шарттың талаптарына сәйкес жауаптылықта болады.

3. Бюджеттік кредитті өтеу талаптарын бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.

 

160-бап. Кредитордың бюджеттік кредитті өтеу жөніндегі талаптарының тоқтатылуы және кепілдіктің тоқтатылуы

1. Кредитордың бюджеттік кредитті өтеу жөніндегі талабы қарыз алушы мен кредитор бір тұлға болған жағдайда, қарыз алушы кредиттік шарт бойынша міндеттемелерді тиісінше орындаған кезде не қарыз алушы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес немесе сот актісі негізінде таратылған кезде тоқтатылады.

Өндіріп алу үмітсіз деп танылған бюджеттік кредиттер бойынша берешекті өтеу жүзеге асырылмайды.

Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган бюджеттік кредиттерді өндіріп алу үмітсіз деп тану тәртібін айқындайды.

Қарыз алушы қайтыс болған не ол қайтыс болды деп жарияланған жағдайда, кредитордың мемлекеттік білім беру және студенттік кредиттер бойынша талаптарын тоқтату сенім білдірілген өкілдің (агенттің) деректері негізінде бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның шешімі бойынша жүзеге асырылады.

2. Қарыз алушы таратылған жағдайда, кредитордың бюджеттік кредитті өтеу жөніндегі талабының тоқтатылуы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген міндеттемелердің орындалуын бағалау жөніндегі алдын ала рәсімдер жүргізілгеннен кейін:

1) республикалық бюджеттен берілген бюджеттік кредиттер бойынша - кредитордың шешімі негізінде;

2) жергілікті бюджеттен берілген бюджеттік кредиттер бойынша мәслихат шешімінің негізінде жүзеге асырылады.

3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген, таратылған қарыз алушылардың берешегі, кредитордың немесе бюджеттік бағдарлама әкімшісінің талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту немесе ішінара қанағаттандыру туралы заңды күшіне енген сот шешімінің негізінде талаптар тоқтатылған қарыз алушылардың берешегі, сондай-ақ өндіріп алу үмітсіз деп танылған бюджеттік кредиттер бойынша берешек кредитордың есептен шығаруына жатады.

 

161-бап. Бюджеттік кредиттерді бақылау

1. Кредитор, бюджеттік бағдарламаның әкімшісі және (немесе) сенім білдірілген өкіл (агент) бюджеттік кредиттің нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылуын және ол бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етудің болуын бақылауды бюджет саясаты жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырады.

2. Бюджеттік кредитті нысаналы мақсаты бойынша пайдаланбау фактілері анықталған кезде кредитор, бюджеттік бағдарламаның әкімшісі немесе сенім білдірілген өкіл (агент) қарыз алушыдан кредиттің құқыққа сыйымсыз пайдаланылған сомасын кредиттік шартта белгіленген мөлшерде айыппұл ала отырып өндіріп алады.

 

162-бап. Бюджеттік кредиттерді мониторингтеу және есепке алу

1. Бюджеттік кредиттер бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган белгілеген тәртіппен міндетті түрде тіркелуге, есепке алынуға және мониторингтелуге жатады.

Бюджеттік кредиттер бойынша осы Кодекске сәйкес бюджеттік мониторинг және нәтижелерді бағалау жүзеге асырылады.

2. Кредиторлар қарыз алушылар мен сенім білдірілген өкілдер (агенттер) бөлінісінде берілген барлық бюджеттік кредиттердің тізілімдерін жүргізеді.

3. Қарыз алушылар, сенім білдірілген өкілдер (агенттер), соңғы қарыз алушылар ақпарат нысандарын бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган белгілеген тәртіппен береді.

 

 

31-тарау. ГРАНТТАР

 

163-бап. Байланысты және байланысты емес гранттар туралы жалпы ережелер

1. Грант - донорлар Қазақстан Республикасының мемлекеттік ұйымдарына беретін өтеусіз қаржылай немесе техникалық көмек.

Өтеусіз қаржылай көмек - донорлардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік ұйымдарына тауарлар беруді, жұмыстар орындауды және қызметтер көрсетуді қаржыландыру үшін ақша беруі.

Өтеусіз техникалық көмек - донорлардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік ұйымдарына тауарлар беруді, жұмыстар орындауды және қызметтер көрсетуді жүзеге асыруы немесе ұйымдастыруы.

Донорлар - шет мемлекеттер, олардың үкіметтері мен агенттіктері, халықаралық және шетелдік мемлекеттік ұйымдар, қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясына қайшы келмейтін шетелдік үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар мен қорлар.

2. Байланысты емес гранттар - Қазақстан Республикасы Үкіметінің грант берген донордан одан әрі қарыз алуын немесе республикалық және жергілікті бюджеттерден қоса қаржыландыруды көздемейтін гранттар.

Байланысты емес гранттарды тарту, пайдалану, мониторингтеу және пайдаланылуын бағалау бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.

3. Байланысты гранттар - Қазақстан Республикасы Үкіметінің грант берген донордан одан әрі қарыз алуын немесе байланысты грантты іске асыруға бағытталған тиісті бюджеттік бағдарлама шеңберінде республикалық және жергілікті бюджеттерден қоса қаржыландыруды көздейтін гранттар.

Байланысты грант туралы келісім - Қазақстан Республикасына өтеусіз қаржылай немесе техникалық көмек беру көзделген, мемлекеттік орган мен донор арасындағы шарт.

 

164-бап. Байланысты гранттарды жоспарлау

1. Орталық мемлекеттік органдардың донорлардың өтеусіз қаржылай және техникалық көмек беру туралы ұсыныстарына негізделген байланысты гранттар тартуға арналған өтінімдерді қалыптастыру, беру және іріктеу жөніндегі қызметі байланысты гранттарды жоспарлау болып табылады.

2. Байланысты гранттарды тартуға арналған өтінімдерді орталық мемлекеттік органдар жергілікті өкілді және атқарушы органдардың өтінімдерін ескере отырып, бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсынады.