«Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі» 2025 жылғы 15 наурыздағы № 171-VIII Кодексі (2026.01.01. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)

Предыдущая страница

1. Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры:

1) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферт түрінде;

2) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке берілетін нысаналы трансферттер түрінде;

3) нысаналы талаптарды төлеу және нысаналы жинақтарды аударуға, есепке жатқызу мен төлеуге байланысты банктік көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды жабу түрінде;

4) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқаруға және жыл сайын аудит жүргізуге байланысты шығыстарды жабуға жұмсалады.

2. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын жұмсау:

осы Кодекстің 47-бабы 1-тармағының үшінші бөлігіне сәйкес бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлейтін құжаттарда белгіленген нысаналы бағдарлармен;

нысаналы талаптар көлемімен шектеледі.

2025.17.07. № 213-VIII ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2025 ж. 29 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

3. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын:

жеке және заңды тұлғаларға кредит беруге;

мемлекеттік және мемлекеттік емес қарыздар бойынша борыштық міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету ретінде;

қазақстандық эмитенттерді ішкі қаржы құралдарына орналастыруға;

ұлттық жобаларды іске асыру шеңберінде тартылатын қарыздарды субсидиялауға бағытталатын Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін нысаналы трансферттерді қоспағанда, республикалық бюджеттің ағымдағы шығыстарын Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін нысаналы трансферттер түрінде қаржыландыруға және (немесе) қоса қаржыландыруға пайдалануға болмайды.

Осы тармақтың ережелері Ұлттық әл-ауқат қорының және даму институттарын, қаржы ұйымдарын басқару жүйесін оңтайландыру және ұлттық экономиканы дамыту жөніндегі шаралар шеңберінде құрылған Ұлттық басқарушы холдингтің жалпы ел үшін маңызы бар жобаларды іске асыру үшін эмиссияланатын борыштық бағалы қағаздарын Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражаты есебінен сатып алуға қолданылмайды.

Ұлттық әл-ауқат қорының және даму институттарын, қаржы ұйымдарын басқару жүйесін оңтайландыру және ұлттық экономиканы дамыту жөніндегі шаралар шеңберінде құрылған Ұлттық басқарушы холдингтің борыштық бағалы қағаздарын сатып алу арқылы Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражаты есебінен қаржыландыруға ұсынылатын жалпы ел үшін маңызы бар жобалар осындай жобаларды қаржыландырудың балама көздерінің бар-жоғы тұрғысынан қаралуға және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын және бекітетін тәртіппен сараптамаға жатады.

Ұлттық әл-ауқат қорының және даму институттарын, қаржы ұйымдарын басқару жүйесін оңтайландыру және ұлттық экономиканы дамыту жөніндегі шаралар шеңберінде құрылған Ұлттық басқарушы холдингтің борыштық бағалы қағаздарын сатып алу арқылы Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражаты есебінен қаржыландыруға ұсынылатын жалпы ел үшін маңызы бар жобалар сараптама қорытындыларымен бірге Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңестің қарауына жатады.

Ұлттық әл-ауқат қорының және даму институттарын, қаржы ұйымдарын басқару жүйесін оңтайландыру және ұлттық экономиканы дамыту жөніндегі шаралар шеңберінде құрылған Ұлттық басқарушы холдингтің борыштық бағалы қағаздарын сатып алу арқылы Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражаты есебінен іске асырылатын жалпы ел үшін маңызы бар жобалардың тізбесі Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітіледі.

4. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінген қаражаттың нысаналы, заңды және тиімді пайдаланылуын мониторингтеуді Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша құрылатын Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінген қаражаттың жұмсалуын мониторингтеу жөніндегі комиссия жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінген қаражаттың жұмсалуын мониторингтеу жөніндегі комиссияның құрамын, ережесін және жұмыс тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

 

60-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферт

1. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке түсетін өтеусіз және қайтарымсыз түсімдер Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферт болып табылады.

2. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферттің мөлшерін осы Кодекстің 48-бабында айқындалған кепілдендірілген трансферт туралы бюджет қағидасына сәйкес және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңестің ұсынысын ескере отырып, абсолюттік тіркелген мәнде бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.

Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін кепілдендірілген трансферттің мөлшері және кесімді баға Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму болжамында белгіленеді.

Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін кепілдендірілген трансферттің мөлшері республикалық бюджет туралы заңда бекітіледі.

3. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке тартылатын кепілдендірілген трансферттің ай сайынғы көлемінің мөлшерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісілген тәртіппен мемлекеттік қазынашылық белгілейді.

 

61-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке берілетін нысаналы трансферттер

2025.17.07. № 213-VIII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2025 ж. 29 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1. Қаржыландырудың балама көздері болмаған кезде Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша осы Кодекстің 148-бабы 8-тармағының жетінші, сегізінші және тоғызыншы бөліктеріне сәйкес айқындалатын аса маңызды объектілер мен жалпы ел үшін маңызы бар жобаларды қаржыландыруға жіберілетін, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке түсетін түсімдер Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін нысаналы трансферттер болып табылады.

2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген бағыттар бойынша жобалар және оларды қаржыландыру көлемдері Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңестің ұсынысы ескеріле отырып айқындалады және Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен бекітіледі.

3. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін нысаналы трансферттерді бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері тек олардың нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланады.

4. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан нысаналы трансферттер түрінде бөлінген бюджет қаражатын пайдалану мен толық пайдаланудың ерекшеліктері осы Кодекстің 115-бабында реттеледі.

5. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін нысаналы трансферттерді пайдаланғаны үшін жауаптылық осы Кодекстің 41-бабында белгіленеді.

 

62-бап. Нысаналы талаптар және нысаналы жинақтар

1. Есепті жылдың алдындағы он сегіз жылдағы орташаланған Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының инвестициялық кірісінің елу пайызы есебінен жыл сайын есепке жазылатын, мемлекеттің он сегіз жасқа толмаған Қазақстан Республикасының азаматтары алдындағы міндеттемелері нысаналы талаптар болып табылады.

2. Өткен жылдардың нысаналы талаптарына жыл сайын есепті жылдың алдындағы он сегіз жылдағы орташаланған инвестициялық кіріс есепке жазылады.

3. Жыл сайын нысаналы талаптардың бір бөлігі ағымдағы күнтізбелік жылы он сегіз жасқа толған (толатын), есепті жылы қайтыс болған не заңды күшіне енген сот актісімен қайтыс болды деп жарияланған Қазақстан Республикасының азаматтарына төлемдер жүргізу үшін нысаналы жинақтарға аударылады.

Нысаналы жинақ шотынан нысаналы жинақтарды алушыға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мұрагерлерге төленетін нысаналы жинақтардың сомасы нысаналы жинақтар төлемі болып табылады.

4. Нысаналы талаптарды, нысаналы жинақтарды және нысаналы жинақтар төлемін қалыптастыру және есепке алу, сондай-ақ нысаналы талаптарды есепке жазу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

 

63-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңестің Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын пайдалану мәселелерін қарау ерекшеліктері

Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын пайдалану мәселелерін Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңес:

Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры активтерінің жай-күйін;

Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының жинақталған қаржылық активтерін инвестициялаудан түсетін инвестициялық кірісін;

кепілдендірілген трансферт туралы бюджет қағидасын;

осы Кодекстің 47-бабы 1-тармағының үшінші бөлігіне сәйкес бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлейтін құжаттарда белгіленген нысаналы бағдарларды;

мәлімделетін бюджеттік инвестициялардан түсетін бюджеттік инвестициялардың экономикалық сараптамасының нәтижелерін;

нысаналы талаптар көлемдерін;

Ұлттық әл-ауқат қорының борыштық бағалы қағаздарын сатып алу жолымен Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражаты есебінен қаржыландыруға ұсынылатын жалпы ел үшін маңызы бар жобаларға сараптама нәтижелерін;

Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінген қаражаттың нысаналы, заңды және тиімді пайдаланылуын мониторингтеу нәтижелерін ескере отырып, бетпе-бет және (немесе) сырттай өткізілетін отырыстарда қарайды.

 

64-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру мен пайдалану туралы жылдық есепті жасау, ұсыну және бекіту

1. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқаруға байланысты қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын аудит жүргізіледі.

Аудиторлық ұйымды таңдау Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен конкурстық негізде жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының жыл сайынғы аудитінің жүргізілуін ұйымдастыруды қамтамасыз етеді.

Аудит жүргізу нәтижелері осы Кодекстің 40-бабына сәйкес жариялануға жатады.

2. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру мен пайдалану туралы жылдық есепті Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесіп, Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры аудитінің нәтижелерін қоса алғанда, жыл сайын есепті қаржы жылынан кейінгі жылдың 1 мамырына дейін жасайды.

3. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесе отырып, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру мен пайдалану туралы жылдық есепті жыл сайын ағымдағы жылдың 1 маусымынан кешіктірмей Қазақстан Республикасының Президентіне бекітуге ұсынады.

4. Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру мен пайдалану туралы жылдық есепті бекіткеннен кейін Қазақстан Республикасының Үкіметі оны ақпарат ретінде Қазақстан Республикасының Парламентіне ұсынады.

5. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру мен пайдалану туралы жылдық есепті жасаудың нысандары мен тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша бекітеді.

6. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру мен пайдалану туралы жылдық есеп осы Кодекстің 40-бабына сәйкес жариялануға жатады.

7. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру мен пайдалану туралы жылдық есепті жасау шеңберінде Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры активтерінің жай-күйі туралы, жинақталған қаржылық активтерді инвестициялаудан түсетін инвестициялық кіріс туралы, нысаналы талаптарды есепке жазу және оларды төлеу туралы ақпаратты қалыптастырады, ол есепті жылдан кейінгі жылдың 1 сәуіріне дейінгі мерзімде бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға жіберіледі.

 

 

13-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БЮДЖЕТТЕН ТЫС ҚОРЛАРЫ

 

65-бап. Қазақстан Республикасының бюджеттен тыс қорлары туралы жалпы ережелер

1. Қазақстан Республикасында бюджеттен тыс қорлар құрылады, олар мынадай өлшемшарттарға сәйкес келуге тиіс:

қатаң нысаналы бағыттылығы болады;

бюджетке енгізілмеген шығыстарды қаржыландыру үшін пайдаланылады;

қорлардың ақшасы мемлекеттік меншік болып табылады, бюджеттер мен басқа қорлардың құрамына кірмейді.

2. Бюджеттен тыс қорлардың қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасында реттеледі.

3. Бюджеттен тыс қорлардың аудитін «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы жүзеге асырады.

 

66-бап. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры

1. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры - әлеуметтік аударымдарды шоғырландыруды, асыраушысынан айырылған жағдайда отбасы мүшелерін - асырауындағыларды қоса алғанда, өздеріне қатысты әлеуметтік тәуекел жағдайы туындаған міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік төлемдерді тағайындау мен жүзеге асыруды жүргізетін заңды тұлға.

2. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметі туралы есептілік Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

3. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының болжамды және нақты түсімдері мен шығыстары туралы ақпарат:

шоғырландырылған бюджеттің құрамына енгізіледі;

республикалық бюджет туралы заң жобасына қоса берілетін материалдардың құрамына енгізіледі;

шоғырландырылған бюджеттің атқарылуы туралы есептің құрамына енгізіледі;

республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есептің құрамына енгізіледі;

осы Кодекстің 40-бабына сәйкес жариялануға жатады.

 

67-бап. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры

1. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры - аударымдар мен жарналарды шоғырландыруды жүргізетін, сондай-ақ медициналық көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартында көзделген көлемдерде және талаптармен медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілерінің көрсетілетін қызметтерін сатып алу мен оларға ақы төлеуді және Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған өзге де функцияларды жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйым.

2. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметі туралы есептілік Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасына, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

2025.14.07. № 206-VIII ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2026 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

3. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының республикалық жəне жергілікті бюджеттермен өзара қатынасы заңды тұлғаларға берілетін трансферттер арқылы жүзеге асырылады.

Заңды тұлғаларға берілетін трансферттерді бөлу арқылы бюджеттен әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына шығыстарды жоспарлау, бюджет қаражатының пайдаланылуы туралы есептілік жасау тәртібін, оның нысандары мен ұсынылу мерзімдерін, сондай-ақ бюджет қаражатын пайдаланудың барысы мен нәтижелері туралы берілетін ақпаратқа қойылатын талаптарды денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бюджеттік жоспарлау және бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органдармен келісу бойынша әзірлейді және бекітеді.

4. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының болжамды және нақты түсімдері мен шығыстары туралы ақпарат:

шоғырландырылған бюджеттің құрамына енгізіледі;

республикалық бюджет туралы заң жобасына қоса берілетін материалдардың құрамына енгізіледі;

шоғырландырылған бюджеттің атқарылуы туралы есептің құрамына енгізіледі;

республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есептің құрамына енгізіледі;

осы Кодекстің 40-бабына сәйкес жариялануға жатады.

 

68-бап. Жәбірленушілерге өтемақы қоры

1. Жәбірленушілерге өтемақы қоры - Қазақстан Республикасының Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы заңнамасында көзделген тәртіппен ақша түсімдерін есепке жатқызу және жәбірленушілерге өтемақы төлемін жүргізу үшін мемлекеттік қазынашылықта ашылған қолма-қол ақшаны бақылау шоты.

2. Мыналар Жәбірленушілерге өтемақы қорына салықтық емес түсімдер болып табылады:

1) сот өндіріп алатын мәжбүрлі төлемдер;

2) Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 71, 78, 80, 81, 82, 90, 142, 156 және 165-баптарында көзделген процестік міндеттерді орындамағаны және сот отырысында тәртіп бұзғаны үшін, адвокатты, прокурор мен сотталушыны қоспағанда, жәбірленушіге, куәға, маманға, аудармашыға және өзге де адамдарға сот салатын ақшалай өндіріп алулар;

3) өзіне қатысты соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген және түзеу жұмыстары түрінде жаза тағайындалған сотталған адамнан ақшалай өндіріп алулар;

4) «Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабына сәйкес регрестік талаптар тәртібімен өндіріп алынған ақша;

5) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер.

3. Жәбірленушілерге өтемақы қорының нақты түсімдері мен шығыстары туралы ақпарат:

шоғырландырылған бюджеттің атқарылуы туралы есептің құрамына енгізіледі;

республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есептің құрамына енгізіледі;

осы Кодекстің 40-бабына сәйкес жариялануға жатады.

 

69-бап. Арнаулы мемлекеттік қор

1. Арнаулы мемлекеттік қор - Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен Қазақстан Республикасының әлеуметтік, экономикалық жобаларын, сондай-ақ заңсыз иемденілген активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның шығыстарын қаржыландыру мақсатында ақша түсімдерін есепке жатқызу және оларды жұмсау үшін осы Кодекске сәйкес мемлекеттік қазына шылықта ашылған қолма-қол ақшаны бақылау шоты.

Арнаулы мемлекеттік қордың қаражатын трансферт түрінде өтеусіз және қайтарымсыз негізде республикалық бюджетке жіберуге жол беріледі.

2. Мыналар Арнаулы мемлекеттік қорға салықтық емес түсімдер болып табылады:

1) жеке және (немесе) заңды тұлғалардан Арнаулы мемлекеттік қордың мақсаттарына мемлекеттік меншікке өтеусіз берілетін ақша;

2) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық бойынша шығарылған, заңды күшіне енген сот актісі негізінде тәркілеу нәтижесінде мемлекеттік меншікке түскен ақша;

3) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық бойынша шығарылған, заңды күшіне енген сот актісі негізінде тәркіленген мүлікті өткізуден мемлекеттік меншікке түскен ақша;

4) ақша, оның ішінде «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының басқа да заңдарында белгіленген тәртіппен қайтарылған мүлікті өткізуден түскен ақша;

5) басқарушы компанияның меншігіне өзге мүлікті өткізуден түскен не Қазақстан Республикасының активтерді қайтару туралы заңнамасына сәйкес оның активтерді басқару жөніндегі қызметі нәтижесінде түскен ақша.

3. Бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бірінші басшысы осы Кодекстің 41-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

4. Арнаулы мемлекеттік қордың нақты түсімдері мен шығыстары туралы ақпарат:

шоғырландырылған бюджеттің атқарылуы туралы есептің құрамына енгізіледі;

республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есептің құрамына енгізіледі;

осы Кодекстің 40-бабына сәйкес жариялануға жатады.

 

 

ЕРЕКШЕ БӨЛІК

 

4-БӨЛІМ. БЮДЖЕТТІ ӘЗІРЛЕУ, ҚАРАУ, БЕКІТУ,

НАҚТЫЛАУ, ТҮЗЕТУ, СЕКВЕСТРЛЕУ

 

14-тарау. БЮДЖЕТТІ ЖОСПАРЛАУ ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

 

70-бап. Бюджетті жоспарлау негіздері туралы жалпы ережелер

1. Бюджет жүйесінің қағидаттарын сақтауға негізделген, бюджетті әзірлеу, қарау, бекіту, нақтылау, түзету, секвестрлеу жөніндегі іс-шаралар кешенін орындау бюджетті жоспарлау болып табылады.

2. Бюджет түсімдерін жоспарлау осы Кодекстің 52-бабына сәйкес айқындалатын түсімдер болжамының негізінде жүзеге асырылады.

Байланысты гранттарды өтеусіз техникалық көмек түрінде алған кезде ғана, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта көзделген жағдайларда бюджетке түсетін түсімдерді тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) құны түрінде көрсетуге жол беріледі. Бұл ретте шығыстарда алынған тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) құнына тең көлемде бюджеттік бағдарлама (кіші бағдарлама) көзделуге тиіс.

3. Бюджет шығыстарын жоспарлау Қазақстан Республикасының, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тиісті кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық даму параметрлері, мемлекеттік органдардың даму жоспарлары, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың даму жоспарлары, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің болжамды шоғырландырылған есептілігі, заттай нормалар, ең төмен әлеуметтік стандарттар, инженерлік-коммуникациялық, көліктік және өзге де инфрақұрылым стандарттары, елді мекендерге арналған өңірлік стандарттар жүйесі негізінде шығыстарға шолу, осы Кодекстің 43, 44, 45 және 46-баптарына сәйкес жүргізілетін мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау, мониторингтеу және нәтижелерді бағалау қорытындылары ескеріле отырып жүзеге асырылады.

Жергілікті бюджетті жоспарлау кезінде азаматтардың бюджет қаражатын бөлуге қатысуы (халық қатысатын бюджет) қамтамасыз етіледі.

Халық қатысатын бюджетті іске асыру тәртібін бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.

Заттай нормалар қажетті материалдық немесе материалдық емес игіліктерді тұтынудың немесе пайдаланудың заттай көрсеткіштерін білдіреді.

Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, заттай нормаларды орталық мемлекеттік органдар бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша әзірлейді және бекітеді.

Орталық мемлекеттік органдар бекіткен заттай нормалардың ережелері жергілікті атқарушы органдарға қолданылады.

Жергілікті атқарушы органдардың тиісті салаға (аяға) жетекшілік ететін орталық салалық мемлекеттік органдармен және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органмен келісу бойынша заттай нормаларды орталық мемлекеттік органдардың заттай нормаларымен нормаланбаған шығыстар бойынша әзірлеуіне жол беріледі.

Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын ведомстволық бағынысты ұйымдар үшін заттай нормаларды жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органмен келісу бойынша әзірлейді және бекітеді.

Заттай нормаларды әзірлеу тәртібін бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.

Ең төмен стандарттар - кепілдіктер мен құқықтардың іске асырылуын қамтамасыз ететін, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген көрсетілетін қызметтердің, ақшалай төлемдердің және өзге де талаптардың ең аз көлемі.

Ең төмен стандарттар желінің ең төмен нормативтері міндетті түрде қолданыла отырып әзірленеді.

Ең төмен әлеуметтік стандарттар Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.

Инженерлік-коммуникациялық, көліктік инфрақұрылымдардың ең төмен стандарттарын тиісті орталық салалық мемлекеттік органдар әзірлейді және бекітеді. Елді мекендерге арналған өңірлік стандарттар жүйесін өңірлік саясат жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлейді және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

Елді мекендерге арналған өңірлік стандарттар жүйесін әзірлеу тәртібін және оған мониторинг жүргізу тәртібін өңірлік саясат жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлейді.

4. Бюджетті жоспарлауды ұйымдастыру және бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің және бюджетті жоспарлау жөніндегі уәкілетті органдардың қызметін үйлестіру бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі тиісті жергілікті уәкілетті органдарға жүктеледі.

5. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі тиісті жергілікті уәкілетті органдар тиісті бюджеттердің теңгерімділігін қамтамасыз етеді.

6. Ағымдағы қаржы жылында қабылданған, әкімшілік-аумақтық бірліктерді құруға және таратуға, олардың шекараларын белгілеуге және өзгертуге, оларға атау беру мен олардың атауын өзгертуге байланысты Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларын, Қазақстан Республикасы министрлерінің және орталық мемлекеттік органдардың өзге де басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтарын, орталық мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық қаулыларын, жергілікті өкілді органдардың шешімдерін, жергілікті атқарушы органдардың актілерін іске асыруға республикалық және (немесе) жергілікті бюджеттердің шығыстарын жоспарлау кезекті жоспарлы кезеңге арналған республикалық және (немесе) жергілікті бюджеттердің жобаларын қалыптастыру шеңберінде жүзеге асырылады.