Қазақстан Республикасының 2025 жылы 18 сәуірдегі 214-VIII Салық Кодексі

Предыдущая страница

9) алынған тауарлар, орындалған жұмыстар, көрсетілетін қызметтер үшін ақы төленгенін, оның ішінде салықтың төленгенін растайтын құжаттарды қоса бере отырып, салықтық өтінішті ұсынады.

Осы баптың ережелері салық төлеушілер болып табылмайтын грант алушыларға немесе орындаушыларға да қолданылады.

 

131-бап. Дипломатиялық өкілдіктерге жəне олардың персоналына салықты қайтару

1. Мыналарға:

1) дипломатиялық өкілдіктерге;

2) бірге тұратын отбасы мүшелерін қоса алғанда, осы өкілдіктердің дипломатиялық, əкімшілік-техникалық персоналына жататын адамдарға, бірге тұратын отбасы мүшелерін қоса алғанда, консулдық лауазымды адамдарға, консулдық қызметшілерге (бұдан əрі осы баптың мақсатында - персонал) Қазақстан Республикасының аумағында сатып алған тауарлар, орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер үшін салық қайтарылуға жатады, бұл ретте осындай қайтару халықаралық шарттарда немесе салық бойынша жеңілдіктер беру кезінде өзаралық қағидатын растайтын құжаттарда көзделуге тиіс.

Салықты қайтаруды Сыртқы істер министрлігі бекіткен тізбеге енгізілген дипломатиялық өкілдіктердің тұрған жері бойынша салық органы жүзеге асырады.

2. Кейбір дипломатиялық өкілдіктерге қатысты өзаралық қағидаты негізге алынып, салықты қайтару мөлшері мен шарттары бойынша шектеулер белгіленуі мүмкін.

Салықты қайтару бойынша шектеулер белгіленетін дипломатиялық өкілдіктердің тізбесін уəкілетті органмен келісу бойынша Сыртқы істер министрлігі бекітеді.

3. Егер осы баптың 2-тармағында өзгеше белгіленбесе, өкілдіктерге салықты қайтару əрбір жеке шот-фактурада жəне ақы төлеу фактісін растайтын құжаттарда, салықты қоса алғанда, сатып алынған тауарлардың, орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің сомасы, шот-фактураны жазып беру күніне қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 8 еселенген мөлшерін құрайтын немесе одан асып кететін жағдайларда жүргізіледі.

Осы тармақта белгіленген шектеулер байланыс, электр энергиясы, су, газ жəне өзге де коммуналдық көрсетілетін қызметтер үшін төлемақыға қолданылмайды.

4. Салық органдары есепті тоқсанда сатып алынған тауарлар, орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер бойынша дипломатиялық өкілдіктің жиынтық ведомостары (тізілімдері) (бұдан əрі осы баптың мақсатында - дипломатиялық өкілдіктің жиынтық ведомостары) жəне шот-фактуралар мен салықтың төленгенін растайтын құжаттардың көшірмелері (бұдан əрі осы баптың мақсатында - растайтын құжаттар) негізінде салықты қайтаруды жүзеге асырады.

Дипломатиялық өкілдік персоналының отбасы мүшелеріне қатысты Сыртқы істер министрлігі берген аккредиттеу құжаттарының көшірмелері қосымша ұсынылады.

Дипломатиялық өкілдіктің жиынтық ведомостарын дипломатиялық өкілдіктер тоқсан сайын жасайды, оған дипломатиялық өкілдіктің басшысы не соған уəкілеттік берілген өзге де лауазымды адамы қол қояды жəне қағаз жеткізгіште жасалған кезде мөрмен куəландырылады.

Дипломатиялық өкілдіктің жиынтық ведомосының нысанын уəкілетті орган белгілейді.

Дипломатиялық өкілдіктің жиынтық ведомостары жəне растайтын құжаттар, дипломатиялық өкілдік персоналының отбасы мүшесінің (мүшелерінің) Қазақстан Республикасында болу мерзімі аяқталған жағдайларды қоспағанда, есепті тоқсаннан кейінгі айдың ішінде Сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық өкілдіктермен жұмыс жөніндегі ұйымына беріледі.

5. Өзаралық қағидаты расталғаннан кейін Сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық өкілдіктермен жұмыс жөніндегі ұйымы дипломатиялық өкілдіктердің тұрған жері бойынша салық органына ілеспе құжатпен бірге дипломатиялық өкілдіктің жиынтық ведомостарын жəне растайтын құжаттарды ұсынады.

Дипломатиялық өкілдіктер салық органдарына құжаттарды қазақ жəне (немесе) орыс тілдерінде ұсынады.

Шет тілдерінде жасалған жекелеген құжаттар болған кезде дипломатиялық өкілдіктің мөрімен куəландырылған қазақ жəне (немесе) орыс тілдеріне аудармасы ұсынылады.

6. Өкілдіктерге салықты қайтаруды салық органы дипломатиялық өкілдіктің жиынтық ведомостары мен растайтын құжаттарды алған күннен кейінгі отыз жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.

7. Дипломатиялық өкілдік ұсынған құжаттарда бұзушылықтар анықталған, оның ішінде салық сомалары бөлек жолмен бөліп көрсетілмеген кезде салық органы тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді берушіге қарсы салықтық тексеруді жүзеге асырады.

8. Салық органдары дипломатиялық өкілдіктің жиынтық ведомостарын, растайтын құжаттарды тексергеннен кейін жəне тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді берушіге қарсы салықтық тексеру жүргізгеннен кейін Сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық өкілдіктермен жұмыс жөніндегі ұйымына салық сомаларын қайтару жəне (немесе) қайтарудан бас тарту туралы хабарлайды.

Салық сомаларын қайтарудан бас тартылған кезде салық органдары қандай бұзушылықтар бар екенін жəне қандай құжаттар бойынша оларға жол берілгенін хабарлайды.

9. Егер осы баптың 6-тармағында белгіленген қайтару мерзімі ішінде қарсы салықтық тексеруді жүргізу барысында анықталған бұзушылықтар жойылмаса, салықты қайтару бұзушылықтар анықталмаған не жойылған сомалар шегінде жүргізіледі.

Егер бұзушылықтар қарсы салықтық тексеру аяқталғаннан кейін жойылса, салықты қайтару дипломатиялық өкілдіктің ұсынылған қосымша жиынтық ведомосы жəне растайтын құжаттар негізінде жүргізіледі.

10. Тауарлар сатып алынған, жұмыстар орындалған, қызметтер көрсетілген тоқсанда қайтаруға ұсынылмаған салық сомасын дипломатиялық өкілдіктің жиынтық ведомосы жəне растайтын құжаттар негізінде дипломатиялық өкілдіктер қайтаруға ұсынуы мүмкін.

11. Салықты қайтаруды салық органы дипломатиялық өкілдіктердің жəне (немесе) дипломатиялық өкілдіктер персоналының Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тəртіппен Қазақстан Республикасының банк ұйымдарында ашылған тиісті шоттарына жүргізеді.

 

 

11-тарау. САЛЫҚТЫҚ МІНДЕТТЕМЕНІ ОРЫНДАУ МЕРЗІМДЕРІН ӨЗГЕРТУ

 

132-бап. Төлеу бойынша салықтық міндеттемені орындау мерзімдерін өзгерту туралы жалпы ережелер

1. Төлеу бойынша салықтық міндеттемені орындау мерзімдерін өзгерту - салықтарды жəне (немесе) төлемақыларды төлеудің осы Кодексте белгіленген мерзімін неғұрлым кешірек мерзімге ауыстыру не салықтық берешекті өтеу мерзімдерін ұзарту.

2. Төлеу бойынша салықтық міндеттемені орындау мерзімдерін өзгерту:

1) салықтарды жəне (немесе) төлемақыларды төлеу бойынша кейінге қалдыру (бөліп төлеу);

2) импортталатын тауарлар бойынша қосылған құн салығын төлеу мерзімін өзгерту;

3) мемлекеттік баж төлеу бойынша кейінге қалдыру нысандарында жүзеге асырылады.

3. Салықтарды жəне (немесе) төлемақыларды төлеу бойынша салықтық міндеттемені орындау мерзімдерін өзгерту:

1) өнім өндіру кезінде пайдаланылатын импортталатын тауарлар бойынша қосылған құн салығы бойынша меншікті өндіріс тауарларын өндіруші - салық төлеушіге бір күнтізбелік жылға дейінгі кезеңге кейінге қалдыруды;

2) Қазақстан Республикасының оңалту жəне банкроттық туралы заңнамасында көзделген берешекті қайта құрылымдау рəсімі шеңберінде кейінге қалдыруды (бөліп төлеуді) беру жағдайларын қоспағанда, салық төлеушіні оларды уақтылы төлемегені үшін өсімпұл төлеуден босатпайды.

 

133-бап. Салықтарды, төлемақыларды жəне (немесе) өсімпұлды төлеу бойынша кейінге қалдыру (бөліп төлеу)

1. Салықтарды, төлемақыларды жəне (немесе) өсімпұлды төлеу бойынша кейінге қалдыру (бұдан əрі осы тараудың мақсатында - кейінге қалдыру) - уəкілетті орган он екі айдан аспайтын мерзімге кейінге қалдыруды беретін деңгейлес мониторингке қатысушыны қоспағанда, салық органының алты айдан аспайтын мерзімге тиесілі сомаларды толық көлемде біржолғы төлеу үшін неғұрлым кешірек мерзімді белгілеуі арқылы салық төлеушіге салықтарды, төлемақыларды жəне (немесе) өсімпұлды төлеу мерзімін өзгерту.

Салықтарды, төлемақыларды жəне (немесе) өсімпұлды төлеу бойынша бөліп төлеу (бұдан əрі осы тараудың мақсатында - бөліп төлеу) - уəкілетті орган он екі айдан аспайтын мерзімге кейінге қалдыруды беретін деңгейлес мониторингке қатысушыны қоспағанда, салық органының отыз алты айдан аспайтын мерзімге өсімпұлдың тиесілі сомаларын тең үлестермен төлеудің кезеңдік (ай, тоқсан) мерзімін белгілеуі арқылы салық төлеушіге салықтарды, төлемақыларды жəне (немесе) өсімпұлды төлеу мерзімін өзгерту.

Кейінге қалдыруды (бөліп төлеуді) беру тəртібі мен шарттарын уəкілетті орган айқындайды.

2. Қаржылық жағдайы салықты жəне (немесе) төлемақыны белгіленген мерзімде төлеуге мүмкіндік бермейтін, алайда оларды төлеу мүмкіндігі кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу берілетін мерзім ішінде пайда болады деп пайымдауға жеткілікті негіздер бар салық төлеушіге салықтарды жəне (немесе) төлемақыларды төлеу бойынша кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу мынадай негіздердің бірі болғанда:

1) салық төлеушіге еңсерілмейтін күш (əлеуметтік, табиғи, техногендік, экологиялық сипаттағы төтенше жағдайлар, əскери іс-қимылдар жəне еңсерілмейтін күштің өзге де мəн-жайлары) салдарынан залал келтірілген;

2) салық төлеушінің тауарларды өндіруі, жұмыстарды орындауы немесе қызметтерді көрсетуі жəне (немесе) өткізуі маусымдық сипатта болған;

3) дара кəсіпкер ретінде тіркеу есебінде тұрмайтын жеке тұлғаның мүліктік жағдайы (Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес өндіріп алуға болмайтын мүлікті есепке алмағанда) салықты біржолғы төлеу мүмкіндігін жоққа шығаратын;

4) сот берешекті қайта құрылымдау рəсімін қолдану туралы шешім қабылдаған;

5) салық төлеуші қызметінің негізгі түрі Қазақстан Республикасының заңдарына сəйкес стратегиялық маңызы бар экономика саласына жататын;

6) салық төлеуші қосымша салықтық есептілік ұсынған;

7) салық төлеуші тексеру нəтижелері туралы хабарламада көрсетілген салықтардың жəне (немесе) төлемақылардың есепке жазылған сомаларымен келіскен кезде берілуі мүмкін. Осы тармақшаның ережелері салық төлеуші ретінде тіркелген күнінен бастап кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді беру туралы өтініш берілген күнге дейінгі кезең бес жылдан кем болатын салық төлеушілерге қолданылмайды.

3. Кейінге қалдыру (бөліп төлеу) мынадай салықтарды:

1) төлем көзінен ұсталатын салықтарды;

2) ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағынан импортталатын тауарларға акциздерді;

3) ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағынан импортталатын тауарларға қосылған құн салығын;

4) қол қою бонусын;

5) Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сəйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына түсетін салықтарды қоспағанда, ұсынылған салықтық есептілікке сəйкес салық төлеуші есептеген, сондай-ақ уəкілетті мемлекеттік органдардың деректері бойынша салықтық тексерулердің нəтижелері бойынша салық органы есепке жазған салықтарға, төлемақыларға жəне (немесе) өсімпұлға қолданылады.

Кейінге қалдыру (бөліп төлеу) мынадай:

жер учаскелерін пайдаланғаны үшін;

қоршаған ортаға теріс əсер еткені үшін төлемақылар бойынша беріледі.

Кейінге қалдыру (бөліп төлеу) бір немесе бірнеше салық жəне (немесе) төлемақы бойынша беріледі, сондай-ақ салықтың жəне (немесе) төлемақының төлеуге жататын барлық сомасына не оның бір бөлігіне қатысты берілуі мүмкін.

4. Кейінге қалдыру (бөліп төлеу):

1) деңгейлес мониторингке қатысушыға - мүлік кепілінсіз жəне банк кепілдігінсіз;

2) өзге салық төлеушіге:

мүлік кепілінсіз жəне банк кепілдігінсіз;

салық төлеушінің жəне (немесе) үшінші тұлғаның мүлкін кепілге қою арқылы жəне (немесе) банк кепілдігімен беріледі.

5. Салық төлеуші салықтарды, төлемақыларды жəне (немесе) өсімпұлды төлеу бойынша салықтық міндеттеменің орындалуын қамтамасыз етуге берген банк кепілдігі мынадай талаптарға сəйкес келуге:

1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптар сақтала отырып берілуге;

2) кері қайтарып алынбайтын болуға;

3) мұндай кепілдіктің қолданылу мерзімі салықтық міндеттемені орындау мерзімдері өзгерген кезде салық органы белгілеген салықтарды, төлемақыларды жəне (немесе) өсімпұлды төлеу мерзімі өткен күннен бастап алты айдан кейін аяқталуға;

4) банк кепілдігі шарты бойынша төлеуге жататын ең жоғары ақшалай сома кепілгердің салықтарды, төлемақыларды жəне (немесе) өсімпұлды төлеу бойынша салықтық міндеттемені толық көлемде орындауын қамтамасыз етуге тиіс.

Банк кепілдігі шарты бойынша төлеуге жататын ең жоғары ақшалай соманың мөлшері бөліп төлеуді берген салық органының жазбаша келісуі бойынша осындай кепілдікпен қамтамасыз етілген салықтардың жəне (немесе) төлемақылардың төленген сомалары ескеріле отырып өзгертілуі мүмкін.

6. Кепілге берілетін мүлік мынадай талаптарға сəйкес келуге:

1) жоғалудан немесе зақымданудан сақтандырылуға, өтімді болуға;

2) мұндай мүліктің нарықтық құны, салық төлеуші белгіленген мерзім өткенге дейін салықтардың, төлемақылардың жəне (немесе) өсімпұлдың барлық сомасын төлеген жағдайды қоспағанда, салықтық міндеттемені орындау мерзімдерін өзгерту бойынша салық органы қабылдаған шешімнің қолданылу кезеңіндегі өсімпұлды, сондай-ақ салықтық міндеттемені орындау мерзімдерін өзгерту бойынша салық органы қабылдаған шешімнің қолданысы мерзімінен бұрын тоқтатылған кезде оны өткізуге арналған шығыстарды ескере отырып, төлеу мерзімі ауыстырылатын салықтардың, төлемақылардың жəне (немесе) өсімпұлдың сомасынан кем болмауға тиіс.

Мыналар:

тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету объектілері;

электр, жылу жəне өзге де энергия түрлері;

тыйым салынған мүлік;

салық органы қойған шектеулерді қоспағанда, уəкілетті мемлекеттік органдар шектеулер қойған мүлік;

үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салынған мүлік;

жеке тұлғаның, дара кəсіпкердің, жеке практикамен айналысатын адамның жалғыз тұрғынжайы;

тез бүлінетін шикізат, тамақ өнімдері кепіл нысанасы бола алмайды.

Салықтарды, төлемақыларды жəне (немесе) өсімпұлды төлеуді қамтамасыз ету үшін кепілге берілген мүлік қайта кепілге қоюға жатпайды.

Салықтардың, төлемақылардың жəне (немесе) өсімпұлдың төленуін қамтамасыз ету үшін мүлікті кепілге қою шарты уəкілетті орган бекіткен салықтардың, төлемақылардың жəне (немесе) өсімпұлдың төленуін қамтамасыз ету үшін мүлікті кепілге қоюдың үлгілік шартына сəйкес жасалады.

7. Деңгейлес мониторингке қатысушыны қоспағанда, салық төлеушіге кейінге қалдыруды (бөліп төлеуді) беруден бас тарту үшін мыналар негіз болып табылады:

1) уəкілетті орган айқындаған кейінге қалдыруды (бөліп төлеуді) беру тəртібінде көзделген негіздерге сəйкес келмеуі жəне талаптарды сақтамауы;

2) өтініш берген күнінің алдындағы екі жыл ішінде, салық органы белгілеген салықтарды, төлемақыларды жəне (немесе) өсімпұлды төлеу мерзімін бұзуына байланысты оған бұрын берілген кейінге қалдырудың (бөліп төлеудің) қолданысын мерзімінен бұрын тоқтату фактісінің болуы.

Деңгейлес мониторингке қатысушыға кейінге қалдыруды (бөліп төлеуді) беруден бас тарту үшін уəкілетті органға өтініш берген күнінің алдындағы екі жыл ішінде, салық органы белгілеген салықтарды, төлемақыларды жəне (немесе) өсімпұлды төлеу мерзімін бұзуына байланысты оған бұрын берілген кейінге қалдырудың (бөліп төлеудің) қолданысын мерзімінен бұрын тоқтату фактісінің болуы негіз болып табылады.

8. Кейінге қалдырудың (бөліп төлеудің) қолданысы:

1) кейінге қалдыруды (бөліп төлеуді) беру туралы шешімнің қолданылу мерзімі өткен соң;

2) мынадай:

кейінге қалдыруды (бөліп төлеуді) беру туралы шешімде белгіленген мерзім өткенге дейін салық төлеуші салықтардың, төлемақылардың жəне (немесе) өсімпұлдың барлық сомасын төлеген кезде;

заңды күшіне енген сот актісі бойынша;

кейінге қалдыруды (бөліп төлеуді) беру туралы шешімде көзделген салықтарды, төлемақыларды жəне (немесе) өсімпұлды төлеу мерзімі бес жұмыс күнінен астам мерзімге бұзылған кезде мерзімінен бұрын тоқтатылады.

9. Салық төлеуші белгіленген мерзім өткенге дейін салықтардың, төлемақылардың жəне (немесе) өсімпұлдың барлық сомасын төлеген жағдайды қоспағанда, кейінге қалдырудың (бөліп төлеудің) қолданысы мерзімінен бұрын тоқтатылған кезде салық органы:

1) салық төлеушіге кейінге қалдырудың (бөліп төлеудің) қолданысын тоқтату туралы хабарлайды;

2) екінші деңгейдегі банкке (кепілгерге) банк кепілдігі бойынша ақшалай соманы төлеу туралы талапты жібереді.

Банк кепілдігі бойынша міндеттемені екінші деңгейдегі банк (кепілгер) көрсетілген талапты алған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде, мұндай талап кепілгерге оның қолданылу мерзімі өткен соң қойылуын қоспағанда, орындауға тиіс.

10. Салық төлеуші кейінге қалдырудың (бөліп төлеудің) қолданысын тоқтату туралы хабархатты алған күннен бастап үш жұмыс күні өткен соң салықтарды, төлемақыларды жəне (немесе) өсімпұлды төлеу туралы міндеттемені орындамаған кезде салық органы салық төлеушінің жəне (немесе) үшінші тұлғаның кепілге қойылған мүлкіне өндіріп алуды қолданады.

Салық төлеуші жəне (немесе) үшінші тұлға кепілге қойған мүлікті өткізу салық төлеуші жəне (немесе) үшінші тұлға кепілге қойған мүлікті, сондай-ақ уəкілетті орган айқындаған, салық төлеушінің (салық агентінің) билік етуі шектелген мүлікті өткізу тəртібімен жүзеге асырылады.

 

134-бап. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағынан импортталатын тауарларды қоспағанда, импортталатын тауарлар бойынша қосылған құн салығын төлеу мерзімін өзгерту

1. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағынан импортталатын тауарларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында өндірісі жоқ немесе Қазақстан Республикасының қажеттіліктерін жаппайтын, импортталатын тауарлар бойынша қосылған құн салығын төлеу мерзімін өзгерту салық төлеуші өнімді өндіру кезінде осындай тауарларды пайдаланған жағдайда жүргізіледі.

2. Тауарлар Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында айқындалған тəртіппен өнім өндіру мақсаттары үшін импортталған деп танылады.

Қазақстан Республикасының аумағына импортталатын, осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген, қайта өңдеуге арналған тауарлардың, сондай-ақ осындай тауарларды импорттайтын Қазақстан Республикасы салық төлеушілерінің тізбесін уəкілетті органмен келісу бойынша мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уəкілетті орган бекітеді.

3. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағынан импортталатын тауарларды қоспағанда, импортталатын тауарлар бойынша қосылған құн салығын төлеу мерзімін өзгерту тəртібі мен мерзімдерін уəкілетті орган айқындайды.

 

135-бап. Мемлекеттік баж төлеу бойынша кейінге қалдыру

1. Мемлекеттік баж төлеу бойынша кейінге қалдыру жеке тұлғаның мүліктік жағдайын немесе ірі кəсіпкерлік субъектісін қоспағанда, заңды тұлғаның қаржылық жағдайын негізге ала отырып, соттарда мемлекеттік баж төлеу мерзімін мемлекеттік баж төлеу бойынша кейінге қалдыру туралы сот актісімен өзгертуді білдіреді.

Мемлекеттік баж төлеу мерзіміне қатысты мемлекеттік баж төлеу бойынша кейінге қалдыру туралы сот актісінің көшірмесі істі қарау орны бойынша салық органдарына жіберілуі тиіс.

2. Мемлекеттік баж төлеу бойынша кейінге қалдыру, егер жеке тұлғаның мүліктік жағдайы немесе заңды тұлғаның қаржылық жағдайы талап қою кезінде мемлекеттік баж төлеуге мүмкіндік бермейтін болса, алайда оны төлеу мүмкіндігі осындай кейінге қалдыру берілген мерзім ішінде туындайды деп пайымдауға жеткілікті негіздер болса, мынадай негіздердің бірі болғанда:

1) дүлей зілзаланың, технологиялық апаттың салдарынан залал келтірілген;

2) жеке тұлғаға жалақы уақтылы төленбеген;

3) жұмыссыз адам ретінде есепке қойылған;

4) жеке тұлғаның ауыр сырқаты болған жəне үш айдан астам ем алған;

5) заңды тұлғаға берген тауары, орындаған жұмыстары, көрсеткен қызметтері үшін ақша төленбеген;

6) заңды тұлғаның тауарларды өндіруі жəне (немесе) өткізуі, жұмыстарды орындауы немесе қызметтерді көрсетуі маусымдық сипатта болған;

7) атаулы əлеуметтік көмек берілген кезде мемлекеттік баж төлеуді кейінге қалдыру туралы сот актісі шығарылған күннен бастап бір жылдан аспайтын мерзімге беріледі.

Бұл ретте жеке немесе заңды тұлға мемлекеттік баж төлеу бойынша кейінге қалдыру мерзімі аяқталғанға дейін мемлекеттік баж сомасын ішінара жəне (немесе) мерзімінен бұрын төлеуге құқылы.

 

 

12-тарау. КАМЕРАЛДЫҚ БАҚЫЛАУ

 

136-бап. Камералдық бақылау

1. Камералдық бақылау - салық органы салықтық нысандарды, сондай-ақ салық төлеушінің (салық агентінің) қызметі туралы басқа да құжаттар мен мəліметтерді зерделеу жəне талдау негізінде жүзеге асыратын іс-шара.

2. Камералдық бақылаудың мақсаты салық төлеушіге (салық агентіне) салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді есептеу бойынша салықтық міндеттемелерді дербес орындау құқығын беру болып табылады.

 

137-бап. Камералдық бақылау жүргізу тəртібі жəне нəтижелері

1. Камералдық бақылау:

1) салық органдарында, оның ішінде салықтық нысандарда бар мəліметтерде;

2) өзге де уəкілетті мемлекеттік органдардың салық салу объектілері жəне (немесе) салық салуға байланысты объектілер туралы мəліметтерінде;

3) əртүрлі ақпарат көздерінен алынған салық төлеушінің (салық агентінің) қызметі туралы мəліметтерде қамтылатын деректерді салыстыру арқылы жүргізіледі.

2. Камералдық бақылауды салық органы осы Кодексте белгіленген салықтық есептілікті ұсыну мерзімі өткеннен кейін тиісті салықтық кезең үшін жүргізеді.

Салықтық кезеңдегі камералдық бақылау осындай кезең бойынша талап қоюдың ескіру мерзімі ішінде жүргізіледі.

3. Камералдық бақылау нəтижелері бойынша алшақтықтар анықталған кезде, деңгейлес мониторингке қатысушыны қоспағанда, салық төлеушіге (салық агентіне) камералдық бақылау нəтижелері бойынша анықталған алшақтықтар туралы хабарлама (бұдан əрі осы баптың мақсатында - хабарлама) ұсынылады.

4. Мыналар хабарламаның орындалуы деп танылады:

1) хабарламада көрсетілген алшақтықтармен келіскен жағдайда - салық төлеушінің (салық агентінің) Қазақстан Республикасы салық заңнамасының анықталған бұзушылықтарын:

алшақтықтар анықталған салықтық кезең үшін хабарлама бойынша салықтық есептілікті ұсыну;

қосылған құн салығын қайтару туралы салық төлеушінің (салық агентінің) талабы бойынша бюджеттен бұрын қайтарылған қосылған құн салығының сомасын, сондай-ақ осындай сомаларды салық төлеушіге (салық агентіне) аудару күнінен бастап төлеу күніне дейінгі əрбір күн үшін өсімпұлды бюджетке төлеу;

өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер үшін - арнаулы мобильді қосымшада деректерді көрсету жəне (немесе) салық пен əлеуметтік төлемдерді төлеу;

тиісті салық режиміне көшу мақсатында осы Кодекстің 716-бабында көзделген əрекеттерді жасау арқылы жоюы;

2) хабарламада көрсетілген алшақтықтармен келіспеген жағдайда - осы баптың 6-тармағының бірінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, салық төлеушінің (салық агентінің) хабарламаны ұсынған салық органына Қазақстан Республикасы салық заңнамасының бұзылуына алып келмейтін алшақтықтардың себеп тері туралы түсінік (бұдан əрі осы баптың мақсатында - түсінік) ұсынуы.

Хабарламада көрсетілген алшақтықтардың бір бөлігімен келіскен жағдайда, салық төлеушінің (салық агентінің) алшақтықтарды анықталған бөлігінде жоюы жəне қалған бөлікте алшақтықтардың жоқтығы жөнінде түсінікті ұсынуы хабарламаның орындалуы деп танылады.

5. Салық төлеушінің (салық агентінің) түсінігінде:

1) салық төлеушінің (салық агентінің) жəне хабарламаны ұсынған салық органының сəйкестендіру деректері;

2) түсінік ұсынылатын хабарламаның күні мен нөмірі;

3) хабарламада көрсетілген алшақтықтармен келіспеу себептері;

4) күні, қолтаңбасы;

5) хабарламамен келіспеудің негізділігін растайтын құжаттардың тізбесі (бар болса) қамтылуға тиіс.

Салық органдарының хабарламаны орындау үшін құжаттарды талап етіп алдыруына тыйым салынады.

6. Корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шығыстарды шегерімге жатқызу жəне мыналар:

1) жазып берілуі бойынша əрекетті (əрекеттерді) заңды күшіне енген сот актісімен немесе қылмыстық қудалау органының сотқа дейінгі тергеп-тексеруді ақталмайтын негіздер бойынша тоқтату туралы қаулысымен жеке кəсіпкерлік субъектісі іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызметтерді көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей жасаған (жасалған) деп танылған шот-фактураның жəне (немесе) өзге құжаттың негізінде;

2) заңды күшіне енген сот актісі негізінде жарамсыз деп танылған мəмілелер бойынша;

3) заңды күшіне енген сот актісінде белгіленген, басшысының жəне (немесе) құрылтайшысының (қатысушысының) мұндай заңды тұлғаны тіркеуге (қайта тіркеуге) жəне (немесе) оның қаржылық-шаруашылық қызметін жүзеге асыруға қатысы жоқ салық төлеушімен іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызметтерді көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей жасалған операциялар бойынша;