2) бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органдардың бюджеттік бағдарламаларның әкімшісі бюджеттік кредиттеу арқылы іске асыруды ұсынатын бюджеттік бағдарламаларды бюджеттік кредиттеу өлшемшарттарына сәйкестігі тұрғысынан қарауын қамтиды.
Бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органның бюджеттік инвестициялық жобаларды бюджеттік кредиттеудің және қаржы агенттіктерінің мемлекеттік инвестициялық саясатты іске асыруының орындылығын айқындауы Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлғаның экономикалық сараптамасының қорытындысы негізінде жүзеге асырылады.
Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органдардың техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуді талап ететін бюджеттік инвестициялық жобаларды бюджеттік кредиттеудің және қаржы агенттіктерінің жергілікті бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік инвестициялық саясатты іске асыруының орындылығын айқындауы экономикалық сараптаманың қорытындысы ескеріліп жүзеге асырылады;
3) бюджет комиссиясының бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның немесе мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органның бюджеттік сұранымы мен қорытындысын қарауын;
4) бюджет комиссиясының бюджеттік кредиттер беруге бағытталған бюджеттік бағдарламаны бюджет жобасына енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлеуін қамтиды.
156-бап. Бюджеттік кредит беру рәсімі
1. Бюджеттік кредит беру рәсімі мынадай кезеңдерді қамтиды:
1) бюджеттік кредиттің негізгі шарттарын айқындау;
2) қарыз алушыны, оның ішінде бар болса, соңғы қарыз алушыны айқындау;
3) кредиттік шартты және онымен байланысты шарттарды жасасу;
4) қарыз алушыға бюджеттік кредит беру.
2. Бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган бюджеттік кредиттерді беру жөніндегі рәсімдерді, оның ішінде оларды беру кезіндегі қажетті құжаттардың тізбесін бюджет саясаты жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша айқындайды.
3. Шет мемлекетті бюджеттік кредиттеудің тәртібі мен талаптары бюджеттік кредит беру туралы халықаралық шартта белгіленеді.
157-бап. Бюджеттік кредитті пайдалану
Қарыз алушы бюджеттік кредит қаражатын бюджеттік бағдарламада және кредиттік шартта көзделген мақсаттарға ғана пайдаланады.
Соңғы қарыз алушы бюджеттік кредит қаражатын бюджеттік бағдарламаға және Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес кредиттік шартта көзделген мақсаттарға ғана пайдаланады.
Қарыз алушы мен соңғы қарыз алушы бюджеттік кредитті нысаналы мақсаты бойынша пайдаланбаған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңдарына және кредиттік шарттың талаптарына сәйкес жауаптылықта болады.
158-бап. Бюджеттік кредитке қызмет көрсету
1. Бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органның, мемлекеттік қазынашылықтың немесе сенім білдірілген өкілдің (агенттің) бюджеттік кредит қаражатының пайдаланылуын есепке алу және қарыз алушының кредиттік шарт талаптарына сәйкес негізгі борышты, сыйақыны және басқа да төлемдерді өтеуге төлемдерді жүзеге асыру жөніндегі қызметі бюджеттік кредитке қызмет көрсету деп танылады.
Есепке жазылатын сыйақы, комиссиялық төлемдер, тұрақсыздық айыбы (айыппұлдар, өсімпұлдар) сомаларын есепке алмағанда, алынған және өтелмеген бюджеттік кредит сомасы негізгі борыш болып табылады.
2. Негізгі борышқа қызмет көрсету кредиттік шарт талаптарына сәйкес белгілі бір уақыт кезеңіндегі сыйақының, өзге де төлемдердің жиынтық төлемдерін білдіреді.
3. Бюджеттік кредитті өтеу және оған қызмет көрсету графигіне (кредиттік шартқа) сәйкес мерзімі басталған, қарыз алушы мен соңғы қарыз алушы төлемеген төлемдер сомасы берешек (мерзімі өткен берешек) болып табылады.
4. Сыйақыны есепке жазу тәртібі кредиттік шартта белгіленеді.
159-бап. Бюджеттік кредитті өтеу
1. Қарыз алушының кредиттік шартқа және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бюджеттік кредит бойынша негізгі борышты өтеуі бюджеттік кредитті өтеу болып табылады.
2. Қарыз алушы мен соңғы қарыз алушы бюджеттік кредитті өтемеген, уақтылы өтемеген жағдайда, Қазақстан Республикасының заңдарына және кредиттік шарттың талаптарына сәйкес жауаптылықта болады.
3. Бюджеттік кредитті өтеу талаптарын бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
160-бап. Кредитордың бюджеттік кредитті өтеу жөніндегі талаптарының тоқтатылуы және кепілдіктің тоқтатылуы
1. Кредитордың бюджеттік кредитті өтеу жөніндегі талабы қарыз алушы мен кредитор бір тұлға болған жағдайда, қарыз алушы кредиттік шарт бойынша міндеттемелерді тиісінше орындаған кезде не қарыз алушы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес немесе сот актісі негізінде таратылған кезде тоқтатылады.
Өндіріп алу үмітсіз деп танылған бюджеттік кредиттер бойынша берешекті өтеу жүзеге асырылмайды.
Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган бюджеттік кредиттерді өндіріп алу үмітсіз деп тану тәртібін айқындайды.
Қарыз алушы қайтыс болған не ол қайтыс болды деп жарияланған жағдайда, кредитордың мемлекеттік білім беру және студенттік кредиттер бойынша талаптарын тоқтату сенім білдірілген өкілдің (агенттің) деректері негізінде бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның шешімі бойынша жүзеге асырылады.
2. Қарыз алушы таратылған жағдайда, кредитордың бюджеттік кредитті өтеу жөніндегі талабының тоқтатылуы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген міндеттемелердің орындалуын бағалау жөніндегі алдын ала рәсімдер жүргізілгеннен кейін:
1) республикалық бюджеттен берілген бюджеттік кредиттер бойынша - кредитордың шешімі негізінде;
2) жергілікті бюджеттен берілген бюджеттік кредиттер бойынша мәслихат шешімінің негізінде жүзеге асырылады.
3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген, таратылған қарыз алушылардың берешегі, кредитордың немесе бюджеттік бағдарлама әкімшісінің талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту немесе ішінара қанағаттандыру туралы заңды күшіне енген сот шешімінің негізінде талаптар тоқтатылған қарыз алушылардың берешегі, сондай-ақ өндіріп алу үмітсіз деп танылған бюджеттік кредиттер бойынша берешек кредитордың есептен шығаруына жатады.
161-бап. Бюджеттік кредиттерді бақылау
1. Кредитор, бюджеттік бағдарламаның әкімшісі және (немесе) сенім білдірілген өкіл (агент) бюджеттік кредиттің нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылуын және ол бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етудің болуын бақылауды бюджет саясаты жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырады.
2. Бюджеттік кредитті нысаналы мақсаты бойынша пайдаланбау фактілері анықталған кезде кредитор, бюджеттік бағдарламаның әкімшісі немесе сенім білдірілген өкіл (агент) қарыз алушыдан кредиттің құқыққа сыйымсыз пайдаланылған сомасын кредиттік шартта белгіленген мөлшерде айыппұл ала отырып өндіріп алады.
162-бап. Бюджеттік кредиттерді мониторингтеу және есепке алу
1. Бюджеттік кредиттер бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган белгілеген тәртіппен міндетті түрде тіркелуге, есепке алынуға және мониторингтелуге жатады.
Бюджеттік кредиттер бойынша осы Кодекске сәйкес бюджеттік мониторинг және нәтижелерді бағалау жүзеге асырылады.
2. Кредиторлар қарыз алушылар мен сенім білдірілген өкілдер (агенттер) бөлінісінде берілген барлық бюджеттік кредиттердің тізілімдерін жүргізеді.
3. Қарыз алушылар, сенім білдірілген өкілдер (агенттер), соңғы қарыз алушылар ақпарат нысандарын бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган белгілеген тәртіппен береді.
163-бап. Байланысты және байланысты емес гранттар туралы жалпы ережелер
1. Грант - донорлар Қазақстан Республикасының мемлекеттік ұйымдарына беретін өтеусіз қаржылай немесе техникалық көмек.
Өтеусіз қаржылай көмек - донорлардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік ұйымдарына тауарлар беруді, жұмыстар орындауды және қызметтер көрсетуді қаржыландыру үшін ақша беруі.
Өтеусіз техникалық көмек - донорлардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік ұйымдарына тауарлар беруді, жұмыстар орындауды және қызметтер көрсетуді жүзеге асыруы немесе ұйымдастыруы.
Донорлар - шет мемлекеттер, олардың үкіметтері мен агенттіктері, халықаралық және шетелдік мемлекеттік ұйымдар, қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясына қайшы келмейтін шетелдік үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар мен қорлар.
2. Байланысты емес гранттар - Қазақстан Республикасы Үкіметінің грант берген донордан одан әрі қарыз алуын немесе республикалық және жергілікті бюджеттерден қоса қаржыландыруды көздемейтін гранттар.
Байланысты емес гранттарды тарту, пайдалану, мониторингтеу және пайдаланылуын бағалау бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Байланысты гранттар - Қазақстан Республикасы Үкіметінің грант берген донордан одан әрі қарыз алуын немесе байланысты грантты іске асыруға бағытталған тиісті бюджеттік бағдарлама шеңберінде республикалық және жергілікті бюджеттерден қоса қаржыландыруды көздейтін гранттар.
Байланысты грант туралы келісім - Қазақстан Республикасына өтеусіз қаржылай немесе техникалық көмек беру көзделген, мемлекеттік орган мен донор арасындағы шарт.
164-бап. Байланысты гранттарды жоспарлау
1. Орталық мемлекеттік органдардың донорлардың өтеусіз қаржылай және техникалық көмек беру туралы ұсыныстарына негізделген байланысты гранттар тартуға арналған өтінімдерді қалыптастыру, беру және іріктеу жөніндегі қызметі байланысты гранттарды жоспарлау болып табылады.
2. Байланысты гранттарды тартуға арналған өтінімдерді орталық мемлекеттік органдар жергілікті өкілді және атқарушы органдардың өтінімдерін ескере отырып, бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсынады.
Ақпараттық жүйелерді құруға немесе дамытуға бағытталған немесе оларды көздейтін байланысты гранттарды тартуға арналған өтінімдерге ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органның салалық қорытындысы қоса беріледі.
3. Бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган байланысты грантты тартуға арналған өтінімнің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына, донорлардың байланысты гранттар беру саясатына сәйкестігі негізінде, байланысты гранттарды тартуға арналған өтінімдерді іріктеуді жүзеге асырады.
165-бап. Байланысты гранттарды тарту
1. Бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган байланысты гранттарды тартуға іріктелген өтінімдер негізінде донорларға байланысты гранттарды беруге арналған өтінімдерді жібереді.
2. Донор байланысты грантты тартуға арналған өтінімді мақұлдаған жағдайда, оны тартудың орындылығын тиісті бюджет комиссиялары айқындайды.
Бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган тиісті бюджет комиссияларының өтінімдерді мақұлдау қорытындылары бойынша байланысты гранттарды тартуға арналған өтінімдердің тізбесін бекітеді.
3. Бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган тиісті бюджет комиссияларының ұсыныстары негізінде бір жыл ішінде байланысты гранттарды тартуға арналған өтінімдердің бекітілген тізбесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізуі мүмкін.
4. Байланысты грант туралы келісім республикалық немесе жергілікті бюджеттер бекітілгеннен кейін жасалады.
166-бап. Байланысты гранттарды пайдалану
1. Мемлекеттік ұйымдар - гранттарды алушылар байланысты грант туралы келісімге және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес байланысты гранттарды пайдалануды жүзеге асырады.
2. Мемлекеттік ұйымдар - байланысты гранттарды алушылар:
1) байланысты грант туралы келісімде көзделген, өздеріне қабылдаған міндеттемелерді уақтылы орындауға;
2) алынған байланысты гранттардың нысаналы әрі тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етуге;
3) байланысты гранттар есебінен сатып алынған жабдықтар мен материалдардың балансқа қойылуын қамтамасыз етуге;
4) гранттар есебінен сатып алынатын тауарлар импорты кезінде кедендік декларациялауды уақтылы жүзеге асыруға;
5) ай сайын бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органға байланысты гранттарды пайдалану туралы ақпаратты ұсынуға міндетті.
3. Байланысты грантты пайдалану аяқталған соң мемлекеттік ұйымдар - байланысты гранттарды алушылар - бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органға, ал ақпараттық жүйелерді құруға және дамытуға бағытталған немесе оларды көздейтін байланысты гранттар бойынша - сонымен қатар ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органға донордың уәкілетті өкілі және өтінімі бойынша байланысты грантты тарту жүзеге асырылған орталық мемлекеттік немесе жергілікті өкілді немесе атқарушы органның бірінші басшысы қол қойған байланысты гранттың пайдаланылуы туралы түпкілікті есепті ұсынады.
167-бап. Байланысты гранттардың пайдаланылуын мониторингтеу және бағалау
1. Байланысты гранттардың пайдаланылуын мониторингтеу:
1) орталық мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың байланысты гранттарды пайдалану барысы мен нәтижелері туралы ақпаратты жинауын және өңдеуін;
2) орталық мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың байланысты гранттарды пайдалану барысы мен нәтижелері туралы есептерді - бюджет саясаты және бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органдарға, сондай-ақ осы Кодексте көзделген жағдайларда, ақпараттандыру және байланыс саласындағы уәкілетті органға ұсынуын көздейді.
2. Есептілікті ұсыну тәртібін, мерзімдерін және нысандарын, сондай-ақ байланысты гранттарды пайдалану барысы мен нәтижелері туралы ұсынылатын ақпаратқа қойылатын талаптарды - бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен бірлесіп бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган, сондай-ақ осы Кодексте көзделген жағдайлар үшін ақпараттандыру және байланыс саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
3. Бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган байланысты гранттардың пайдаланылуын бағалауды бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган мен бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады.
4. Бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган байланысты гранттарды бағалау нәтижелеріне негізделген оларды пайдалану туралы жиынтық есепті қалыптастырады және оны бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсынады.
5. Байланысты гранттарды пайдалану туралы жиынтық есеп және байланысты гранттардың пайдаланылуын бағалау нәтижелері осы Кодекстің 40-бабына сәйкес жариялануға жатады.
8-БӨЛІМ. ӨТПЕЛІ ЖӘНЕ ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
32-тарау. ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
168-бап. 2025 қаржы жылында республикалық және жергілікті бюджеттерді атқару, нақтылау, секвестрлеу және түзету ерекшеліктері
1. 2025 қаржы жылына арналған республикалық және жергілікті бюджеттер бюджет құрылымы бойынша жұмыс істейді, ол мынадай бөлімдерден тұрады:
салықтық түсімдер;
салықтық емес түсімдер;
негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер;
трансферттер түсімі;
бюджеттік кредиттер;
бюджеттік кредиттерді өтеу;
4) қаржылық активтермен жасалатын операциялар бойынша сальдо:
қаржылық активтерді сатып алу;
мемлекеттің қаржылық активтерін сатудан түсетін түсімдер;
5) бюджет тапшылығы (профициті);
6) бюджеттің мұнайға қатысты емес тапшылығы (профициті);
7) бюджет тапшылығын қаржыландыру (профицитін пайдалану):
қарыздар түсімі;
қарыздарды өтеу;
бюджет қаражатының пайдаланылатын қалдықтары.
2. Кірістер, бюджет кредиттерін өтеу сомалары, мемлекеттің қаржылық активтерін сатудан түсетін түсімдер, қарыздар бюджет түсімдері болып табылады.
Салықтық, салықтық емес түсімдер, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер, трансферттік түсімдер бюджет кірістері болып табылады.
Нысаналы трансферттерді қоспағанда, кірістер нысаналы мақсатқа ие болмайды. Кірістердің жаңа түрлерін енгізу, қолданылып жүргендерінің күшін жою немесе оларды өзгерту осы Кодекске міндетті түрде өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізіле отырып жүзеге асырылады.
«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) белгіленген салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес белгіленген кедендік баждар, кедендік алымдар, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа сәйкес белгіленген арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары салықтық түсімдер болып табылады.
Алдағы кедендік баждарды, кедендік алымдарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу есебіне Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес енгізілетін аванстық төлемдер де салықтық түсімдерге жатады.
Негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдерге жатпайтын, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі), Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында көзделгеннен басқа, осы Кодексте және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілерінде белгіленген бюджетке төленетін міндетті, қайтарымсыз төлемдер, шетелдіктер үшін туристік жарналар, сондай-ақ трансферттерден басқа, бюджетке өтеусіз негізде берілетін ақша салықтық емес түсімдер болып табылады.
Бюджетке:
1) мемлекеттік мекемелерге бекітіп берілген мемлекеттік мүлікті сатудан;
2) мемлекеттік материалдық резервтен тауарларды сатудан;
3) мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерін жеке меншікке сатудан немесе оларды тұрақты немесе уақытша жер пайдалануға беруден не оларды Қазақстан Республикасының заңдарында немесе халықаралық шарттарда көзделген тәртіппен өзге де тәсілмен өткізуден;
4) мемлекетке тиесілі материалдық емес активтерді сатудан түсетін ақша негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер болып табылады.
Трансферттер түсімдері бюджеттің бір деңгейінен басқасына, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке түсетін трансферттер түсімдері болып табылады.
Бюджеттен алынған кредиттер бойынша негізгі борышты қайтаруға, сондай-ақ заңды тұлғалардың төленген мемлекеттік кепілдіктер, экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдіктер бойынша талаптарды орындауына байланысты бюджетке түсетін түсімдер бюджеттік кредиттерді өтеу сомалары болып табылады.
Заңды тұлғалардың, оның ішінде халықаралық ұйымдардың, мүліктік кешен түріндегі мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындардың мемлекеттік меншіктегі қатысу үлестерін, бағалы қағаздарын, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындардың жедел басқаруындағы немесе шаруашылық жүргізуіндегі өзге де мемлекеттік мүлікті сатудан бюджетке түсетін түсімдер мемлекеттің қаржылық активтерін сатудан түсетін түсімдер болып табылады.
Мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды шығаруға және (немесе) қарыз шарттарын жасасуға байланысты бюджетке ақша түсімдері қарыздар болып табылады.
3. Мыналар республикалық бюджетке түсетін салықтық түсімдер болып табылады:
1) мұнай секторының ұйымдарынан түсетін түсімдерді қоспағанда, бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен бірлесіп мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін тізбе бойынша ірі кәсіпкерлік субъектілерінен түсетін корпоративтік табыс салығы.
Осы тармақшаның бірінші абзацында көзделген ірі кәсіпкерлік субъектілерінің тізбесі алдыңғы жылдың 1 мамырынан кешіктірілмей бекітіледі және жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы заңның қолданылуы кезеңінде өзгертілуге жатпайды.
2) қосылған құн салығы, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген тауарларға, орындалған жұмыстар мен көрсетілген қызметтерге және Қазақстан Республикасының аумағына импортталатын тауарларға қосылған құн салығы;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағына импортталатын тауарларға акциздер;
5) мұнай секторының ұйымдарынан түсетін түсімдерді қоспағанда, үстеме пайда салығы;
6) мұнай секторының ұйымдарынан түсетін түсімдерді қоспағанда, бонустар;
7) мұнай секторының ұйымдарынан түсетін түсімдерді қоспағанда, пайдалы қазбаларды өндіру салығы;
8) мұнай секторының ұйымдарынан түсетін түсімдерді қоспағанда, экспортқа рента салығы;
9) мұнай секторы ұйымдарынан түсетін түсімдерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының жасалған келісімшарттар бойынша өнімді бөлу жөніндегі үлесі;
10) мұнай секторының ұйымдарынан түсетін түсімдерді қоспағанда, өнімді бөлу туралы келісімшарт бойынша қызметін жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушының қосымша төлемі;
11) автокөлік құралдарының Қазақстан Республикасының аумағымен жүріп өткені үшін алым;
12) телевизия және радио хабарларын тарату ұйымдарына радиожиілік спектрін пайдалануға рұқсат бергені үшін алым;
13) теле-, радиоарнаны, мерзімді баспасөз басылымын, ақпараттық агенттікті және желілік басылымды есепке қойғаны үшін алым;
14) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды мемлекеттік тіркегені, сондай-ақ оларды қайта тіркегені үшін алым;
15) қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысын, сондай-ақ ұялы байланысты бергені үшін төлемақы;
16) радиожиілік спектрін пайдаланғаны үшін төлемақы;
17) цифрлық майнинг үшін төлемақы;
18) әкелінетін және әкетілетін тауарларға кеден баждары;
19) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес төленетін кедендік алымдар;
20) ішкі нарықты қорғау шараларын қолдануға байланысты төленетін арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары;
21) осы тармақтың бірінші бөлігінің 18), 19) және 20) тармақшаларында санамаланған алдағы төлемдерді, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына импортталатын тауарларға қосылған құн салығы мен акциздерді төлеу есебіне Еуразиялық экономикалық одақтың және Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес енгізілетін аванстық төлемдер;
23) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартқа сәйкес, Қазақстан Республикасында жасалған ресми құжаттарға Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген мемлекеттік органдардың апостиль қойғаны үшін мемлекеттік баж;
24) ғарыш объектілерін және оларға құқықтарды мемлекеттік тіркегені үшін алым;
25) банк және сақтандыру нарықтарына қатысушылар үшін рұқсат беру құжаттарын, келісім бергені үшін алым;
26) көмірсутектер саласындағы жекелеген кіші қызмет түрлерімен айналысу құқығына байланысты лицензияны бергені үшін лицензиялық алым;
27) «Астана» халықаралық қаржы орталығының инвестициялық резиденті болып табылатын шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның резиденттігін растайтын құжатты бергені үшін алым.
Мыналар республикалық бюджетке түсетін салықтық емес түсімдер болып табылады:
1) республикалық меншіктен түсетін кірістер:
республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың таза кірісі бөлігінің түсімдері;
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің таза кірісі бөлігінің түсімдері;
республикалық меншіктегі акциялардың мемлекеттік пакеттеріне төленетін дивидендтер;
республикалық меншіктегі заңды тұлғаларға қатысу үлесіне төленетін кірістер;
республикалық меншіктегі мүлікті жалға беруден түсетін кірістер;
екінші деңгейдегі банктердегі шоттарда мемлекеттік сыртқы қарыздардың қаражатын орналастырғаны үшін, Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіндегі депозиттері бойынша және бірыңғай қазынашылық шоттағы ақшаның күн сайынғы қалдығына сыйақылар;
республикалық бюджеттен берілген кредиттер бойынша сыйақылар;
қару-жарақ пен әскери техниканы сатудан түсетін кірістер;
республикалық меншіктен түсетін басқа да кірістер;
2) республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуінен түсетін түсімдер;
3) республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер ұйымдастыратын мемлекеттік сатып алуды өткізуден түсетін ақша түсімдері;
4) мұнай секторының ұйымдарынан, Жәбірленушілерге өтемақы қорына, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына және Арнаулы мемлекеттік қорға түсетін түсімдерді қоспағанда, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бюджетінен (шығыстар сметасынан) ұсталатын және қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер салатын айыппұлдар, өсімпұлдар, санкциялар, өндіріп алулар;
5) мүлікті жария еткені үшін алым;
6) мұнай секторының ұйымдарынан, Жәбірленушілерге өтемақы қорына, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына және Арнаулы мемлекеттік қорға түсетін түсімдерді қоспағанда, республикалық бюджетке түсетін басқа да салықтық емес түсімдер.
Мемлекеттік материалдық резервтен тауарларды сатудан түсетін ақша негізгі капиталды сатудан республикалық бюджетке түсетін түсімдер болып табылады.
Мыналар республикалық бюджетке түсетін трансферттердің түсімдері болып табылады:
1) облыстық бюджеттерден, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттерінен түсетін трансферттер;
2) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке түсетін кепілдендірілген трансферт;
3) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке түсетін нысаналы трансферт.
Республикалық бюджеттен берілген кредиттерді, үкіметтік қарыздарды өтеуден түсетін түсімдер республикалық бюджетке есепке жатқызылады.
4. Мыналар облыстық бюджетке түсетін салықтық түсімдер болып табылады:
1) облыстық мәслихат белгілеген кірістерді бөлу нормативтері бойынша жеке табыс салығы;
2) бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен бірлесіп мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін тізбе бойынша ірі кәсіпкерлік субъектілерінен түсетін түсімдерді және мұнай секторының ұйымдарынан түсетін түсімдерді қоспағанда, келіп түскен салықтық аударымдардың елу пайызынан аспайтын мөлшерде облыстық мәслихат белгілеген кірістерді бөлу нормативтері бойынша корпоративтік табыс салығы;
3) облыстық мәслихат белгілеген кірістерді бөлу нормативтері бойынша әлеуметтік салық;