«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 27 желтоқсандағы № 125-VI Кодексі (2026.07.09. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)

Предыдущая страница

6. Осы баптың 5-тармағында көзделген қаражатты пайдалануды және бөлуді геология саласындағы ұлттық оператор жүзеге асырады.

 

72-бап. Мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастры

1. Мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастры:

1) пайдалы қазбаларды мемлекеттік есепке алу, олардың көрініс табуы туралы және жер қойнауы кеңістігінің объектілері туралы мәліметтерді;

2) жер қойнауын геологиялық зерттеу, көмірсутектерді, пайдалы қатты қазбаларды, кең таралған пайдалы қазбаларды барлау және (немесе) өндіру, жер қойнауы кеңістігін пайдалану, сондай-ақ кен іздеушілік үшін пайдалануға берілген жер қойнауы учаскелері туралы мәліметтерді;

3) көмірсутектерді және пайдалы қатты қазбаларды, кең таралған пайдалы қазбаларды өндірудің, кен іздеушіліктің, зиянды заттарды, радиоактивті қалдықтарды көмудің және сарқынды суларды жер қойнауына ағызудың жойылған объектілері туралы мәліметтерді;

4) техногендік минералдық түзілімдерді орналастырудың жұмыс істеп тұрған объектілерін мемлекеттік есепке алу туралы мәліметтерді қамтиды.

2. Пайдалы қазбаларды мемлекеттік есепке алу пайдалы қазбалардың кен орындары, негізгі және олармен тұтасып жатқан пайдалы қазбалардың саны мен сапасы, олардың құрамындағы құрауыштар, өнеркәсіптік маңызы бар кен орнының тау-кен техникалық, гидрогеологиялық, экологиялық және басқа да сипаттамалары, олардың орналасуы, зерттелу дәрежесі, өнеркәсіптік игерілу дәрежесі, өндіру, шығындар, өнеркәсіптің пайдалы қазбалармен қамтамасыз етілуі туралы, сондай-ақ пайдалы қазбаларды өндіру немесе олардың ресурстарын және (немесе) қорларын қайта бағалау нәтижесінде есепті жылда пайдалы қазбалар ресурстары мен қорларын бағалаудағы өзгерістер туралы мәліметтерді қамтиды.

Пайдалы қазбалардың әрбір көрініс табуы бойынша пайдалы қазбалардың болжамды (перспективалы) ресурстары, олардың көрініс табуының гидрогеологиялық және басқа да сипаттамалары туралы геологиялық-экономикалық деректер тіркеледі.

Жер қойнауы кеңістігінің объектілері туралы мәліметтер жер қойнауы қуысының орналасу координаттары мен сипаттамалары туралы, оларда өндірістік, шаруашылық және басқа да объектілер мен заттардың орналасу, оларда технологиялық және өзге де процестерді жүзеге асыру мүмкіндіктері туралы деректерді қамтиды.

3. Жер қойнауының әрбір учаскесі бойынша кеңістік шекараларда жер қойнауы учаскелерін айқындауға мүмкіндік беретін сәйкестендіру сипаттамалары, оның мөлшері мен орналасқан жері, жер қойнауын пайдаланушы, жер қойнауын пайдалану құқығы солардың негізінде берілген құжаттар туралы мәліметтер, жер қойнауын пайдалану құқығының кепілі туралы мәліметтер, жер қойнауын пайдаланушы ұсынған есептілік және өзге де құжаттама, геологиялық ақпарат тіркеледі.

4. Көмірсутектерді, пайдалы қатты қазбаларды, кең таралған пайдалы қазбаларды өндірудің жойылған объектілері туралы мәліметтерге жойылған өндіру объектілерін орналастыру жоспарлары, жою актілері және өндіру салдарын жою туралы басқа да деректер жатады.

5. Мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрының мәліметтерін қалыптастыру жер қойнауына мемлекеттік геологиялық зерттеу, мониторинг жүргізу, жер қойнауын пайдаланушылар осы Кодекске сәйкес ұсынатын есептілік және өзге де мәліметтер есебінен қамтамасыз етіледі.

2025.30.12. № 249-VIII ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (2026 ж. 2 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

6. Пайдалы қазбалар қорларын мемлекеттік есепке алу жөніндегі ақпаратты беруді жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган өзі белгілеген тәртіппен айқындайды.

2025.30.12. № 249-VIII ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (2026 ж. 2 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

7. Мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрын жүргізу Қазақстан Республикасының минералдық-шикізаттық базасының жай-күйін есепке алу мақсатында жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.

2023.28.12. № 52-VIII ҚР Заңымен 8-тармақпен толықтырылды (2024 ж. 28 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді)

8. Пайдалы қазбаларды мемлекеттік есепке алуға негізгі және олармен тұтасып жатқан пайдалы қазбалардың саны мен сапасы туралы мәліметтерді енгізуді жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган осы Кодекстің ережелерін ескере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады.

2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 8-тармақпен толықтырылды (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді); 2024.08.07. № 121-VІІІ ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

8-1. Пайдалы қатты қазбаларды өндіру кезінде ысырапты есепке алу тау-кен жұмыстарының жоспарына қосымша болып табылатын кен орындарын əзірлеудің техникалық жобаларында көзделген нормаланатын ысыраптар туралы деректер негізінде жүзеге асырылады.

Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген кен орындарын əзірлеудің техникалық жобалары жер қойнауын зерттеу жөніндегі уəкілетті орган айқындайтын тəртіппен оның бекітуіне жатады.

Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уəкілетті орган нормаланатын ысыраптар туралы деректері бар кен орнын əзірлеудің техникалық жобасы жəне негіздеуші құжаттар ұсынылғаннан кейін он бес жұмыс күні ішінде жер қойнауын пайдаланушыға нормаланатын ысыраптар мөлшері бойынша негізделген қарсылық жіберуге құқылы. Осындай қарсылық көрсетілген мерзімде жіберілген жағдайда нормаланатын ысыраптарды жер қойнауын зерттеу жөніндегі уəкілетті орган ұқсас жобалар бойынша нормаланатын ысыраптар туралы қолда бар деректер негізінде не бұрын ұсынылған мəліметтерге сүйене отырып, дербес айқындайды.

2023.28.12. № 52-VIII ҚР Заңымен 9-тармақпен толықтырылды (2024 ж. 28 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді)

9. Геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелері, минералдық ресурстар және минералдық қорлар туралы жария есептіліктің қазақстандық кодексіне (KAZRC кодексі) сәйкес құзыретті тұлға дайындаған және жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға ұсынылған пайдалы қатты қазбалардың ресурстарын және (немесе) қорларын бағалау туралы есепте қамтылған ресурстар мен қорлар бойынша деректер пайдалы қазбаларды мемлекеттік есепке алуға мынадай тәртіппен енгізілуге жатады:

1) жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға келіп түскен пайдалы қатты қазбалардың ресурстарын және (немесе) қорларын бағалау туралы есеп күнтізбелік отыз күн ішінде қаралады;

2) жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген мерзім ішінде пайдалы қатты қазбалардың ресурстарын және (немесе) қорларын бағалау туралы есепті қабылдау және пайдалы қатты қазбалардың ресурстарын және (немесе) қорларын пайдалы қазбаларды мемлекеттік есепке алуға енгізу туралы немесе пайдалы қатты қазбалардың ресурстарын және (немесе) қорларын бағалау туралы есепті оған уәжді қарсылықпен қайтару туралы шешім қабылдауға тиіс;

3) егер уәкілетті орган осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген мерзім ішінде пайдалы қатты қазбалардың ресурстарын және (немесе) қорларын бағалау туралы есепті уәжді қарсылықпен қайтарса, пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны алуға өтініш беруші немесе жер қойнауын пайдаланушы оны пысықтауға не Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның қарсылығына шағым жасауға құқылы;

4) егер пайдалы қатты қазбалардың ресурстарын және (немесе) қорларын бағалау туралы есепте жүргізілген өндіруді және ысырапты ескере отырып, ресурстардың шамасы бұрын бекітілген өнеркәсіптік санаттар қорларына қатысты жиырма бес пайыздан астам азайған болса, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган жер қойнауын пайдаланушыны, пайдалы қатты қазбалардың ресурстарын және (немесе) қорларын бағалау туралы есепті дайындаған және тексерген құзыретті тұлғаларды осындай өзгерістердің негізділігі тұрғысынан тыңдауды жүргізеді және пайдалы қазбаларды мемлекеттік есепке алуға қабылдау туралы немесе қабылдаудан бас тарту туралы уәжді қорытынды шығарады. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның қорытындысына мүдделі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шағым жасай алады.

Жер қойнауын пайдаланушыны, пайдалы қатты қазбалардың ресурстары және (немесе) қорлары туралы есепті дайындаған және тексерген құзыретті тұлғаларды тыңдау жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүргізіледі.

 

73-бап. Мемлекеттік жер қойнауы мониторингі

2022.21.12. № 167-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2023 ж. 2 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1. Мемлекеттік жер қойнауы мониторингі мемлекеттік жер қойнауы қорын ұтымды басқаруды қамтамасыз ету және олардың өзгерістерін уақтылы анықтау, келеңсіз процестер салдарын бағалау, олардың алдын алу және жою үшін жер қойнауының жай-күйін, оның ішінде Жерді қашықтан зондтау деректерін пайдаланып байқау жүйесін білдіреді.

2. Мемлекеттік жер қойнауы мониторингін жүзеге асыру тәртібін жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.

 

2025.30.12. № 249-VIII ҚР Заңымен 74-бап жаңа редакцияда (2026 ж. 2 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

74-бап. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу

1. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу жер қыртысын және онда болып жатқан процестерді зерттеу мақсатында жүргізілетін, жер қойнауының геологиялық құрылымы, құрамы, жай-күйі мен ресурстары туралы мәліметтерді алуға, жаңартуға және жүйелеуге, пайдалы қазбалардың қалыптасу және орналасу заңдылықтарын анықтауға, сондай-ақ ел аумағының минералдық-шикізаттық әлеуетін айқындауға бағытталған іргелі, қолданбалы, тақырыптық, далалық және зертханалық зерттеулер жиынтығын білдіреді.

2. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу мемлекеттің меншігіндегі, иелігіндегі және пайдалануындағы геологиялық ақпаратты жүйелеу, жинақтап қорыту және талдау ескеріліп жүзеге асырылады.

3. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу мемлекеттік жоспарлау құжаттары шеңберінде жүргізіледі.

4. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу:

1) жұмыстар жүргізілетін аумақ шегінде жер қойнауы туралы геологиялық ақпаратты жаңартып отыру;

2) геологиялық карталар жасау;

3) пайдалы қазбалардың болжалды (болжамды) ресурстарын анықтау мақсатында жүзеге асырылады.

5. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуді ұйымдастыру мен жүргізуді геология саласындағы ұлттық оператор жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады.

Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуді пайдалы қазбаларды барлау жөніндегі операциялар жүргізілетін аумақтарда пайдалы қазбалардың болжалды (болжамды) ресурстарын анықтау тұрғысынан жоспарлау мен жүргізуге тыйым салынады.

Жерасты суларына арналған жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуді ұйымдастыру мен жүргізуді жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган су қорын қорғау және пайдалану саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп айқындайтын тәртіппен геология саласындағы ұлттық оператор жүзеге асырады.

6. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу осы Кодекске сәйкес пайдалануға берілген жер қойнауы учаскелерін қоса алғанда, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағы бойынша жүргізіледі. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу жөніндегі жұмыстарды жүргізу жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын субъектілердің қызметіне кедергі келтірмеуге тиіс.

7. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу жүргізу жоспарланатын аумақ жұмыстардың мақсаттары, міндеттері, сипаты мен мерзімдері көрсетіле отырып, жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасында айқындалуға жатады.

8. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуді жүргізу нәтижелері жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу аяқталған соң орындалған жұмыстар актісіне қол қойылған күннен бастап екі ай ішінде жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасында ашық қолжетімділікте орналастырылуға тиіс.

9. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын геологиялық барлау жұмыстары кезеңділігінің қағидаларына сәйкес жүргізіледі.

2026.07.07. № 337-VIII ҚР Заңымен 10-тармақпен толықтырылды (2026 ж. 7 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)

10. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу жұмыстарының жобасы жер қойнауын зерттеу жөніндегі уəкілетті орган айқындайтын тəртіппен кешенді сараптамаға жатады.

Кешенді сараптама нəтижелері бойынша берілген сараптамалық қорытындылар жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеудің қаралған жобаларын бекітуге негіз болуға тиіс.

Кешенді сараптаманың оң қорытындысынсыз жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу жұмыстарының жобаларын бекітуге жəне іске асыруға жол берілмейді.

 

75-бап. Геологиялық ақпарат

1. Кез келген жеткізгіште тіркелген және осындай мәліметтерді сәйкестендіруге мүмкіндік беретін деректемелері бар жер қойнауы мен олардың учаскелерінің,кен орындарының және пайдалы қазбалар көріністерінің заттай құрамы, геологиялық құрылысы мен тарихы, геологиялық, геохимиялық, геофизикалық, гидрогеологиялық, геоморфологиялық және тектоникалық ерекшеліктері туралы мәліметтер геологиялық ақпарат болып табылады.

Геологиялық ақпараттың табиғи жеткізгіштеріне бұрғылау ұңғымаларының керндері, пайдалы қазбалардың, көмірқышқылды газдардың, меркаптандардың, судың сынамалары, жыныстар мен минералдардың үлгілері, тас материалдың сынамалары мен коллекциялары, шлифтер, аншлифтер, минералдық ерітінділер мен ұнтақтар жатады.

Геологиялық ақпараттың жасанды жеткізгіштеріне далалық байқаулар, сынамалау, сынамаларды талдау, геофизикалық байқауларды тіркеу журналдары, геологиялық есептер, геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелері туралы есептер, пайдалы қазбалардың ресурстары мен қорларын бағалау туралы есептер, бастапқы далалық деректердің және геологиялық ақпаратты өңдеу, түсіндіру, талдау және жинақтап қорыту нәтижелерінің қағаз және электрондық жеткізгіштері жатады.

2. Геологиялық ақпарат, егер ол бюджет қаражаты есебінен алынса немесе осы Кодекске сәйкес мемлекет меншігіне берілген болса, мемлекеттік меншікте болады (мемлекеттік геологиялық ақпарат).

Жер қойнауын пайдаланушының қаражаты есебінен алынған геологиялық ақпарат жеке меншікте болады (жекеше геологиялық ақпарат).

Осы Кодексте көзделген тәртіппен мемлекеттік органдарға ұсынылатын геологиялық есептілікте және өзге де құжаттамада қамтылатын жекеше геологиялық ақпарат мемлекетке мерзімсіз иеленуге және пайдалануға беріледі.

2025.30.12. № 249-VIII ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2026 ж. 2 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

3. Мемлекеттің меншігіндегі, иелігіндегі және пайдалануындағы геологиялық ақпаратты есепке алу мен сақтауды жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.

Мемлекеттің меншігіндегі, иелігіндегі және пайдалануындағы геологиялық ақпаратты жүйелеуді, жинақтап қорытуды және беруді геология саласындағы ұлттық оператор жүзеге асырады.

3-тармақтың үшінші бөлігі 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі

Мемлекеттің меншігіндегі, иелігіндегі және пайдалануындағы геологиялық ақпаратты есепке алу, сақтау, жүйелеу, жинақтап қорыту және беру тәртібін жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.

Геологиялық ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету және оны электрондық нысанда беру жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы арқылы жүзеге асырылады.

Геология саласындағы ұлттық оператор кейіннен мүдделі тұлғаларға осы Кодексте белгіленген тәртіппен беру үшін мемлекеттің меншігіндегі, иелігіндегі және пайдалануындағы геологиялық ақпаратты жинауды жүзеге асырады.

Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның жекешелендіруге жатпайтын ведомстволық бағынысты ұйымы геология саласындағы ұлттық оператор болып табылады.

4. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу нәтижесінде алынған геологиялық ақпараттың және оның жеткізгіштерінің болуын, оны есепке алу мен сақтауды, сондай-ақ жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган өкілдерінің зерттеу немесе тексеру үшін оған кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз етуге міндетті. Жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу нәтижесінде алынған геологиялық ақпаратты және оның жеткізгіштерін сақтау және есепке алу тәртібін жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган айқындайды. Көмірсутектерді немесе пайдалы қатты қазбаларды, кең таралған пайдалы қазбаларды барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы осы бапта көзделген жағдайларды қоспағанда, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың немесе лицензияның қолданылуы кезеңінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу нәтижесінде алынған геологиялық ақпараттың табиғи жеткізгіштерін иеліктен шығаруға құқығы жоқ. Жер қойнауын пайдаланушы геологиялық ақпараттың керндер, жыныстар мен минералдардың үлгілері, сынамалар, тас материалының коллекциялары, шлифтер, аншлифтер, минералдық ерітінділер мен ұнтақтар түріндегі табиғи жеткізгіштерін Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге зерттеу және талдау мақсатында ғана шығаруға құқылы. Мұндай зерттеу мен талдаудың нәтижелері осы Кодекске сәйкес жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға ұсынылатын геологиялық есептерге енгізілуге жатады.

Геологиялық ақпараттың жыныстар мен минералдар үлгілері, тас материалының коллекциялары, шлифтер, аншлифтер, минералдық ерітінділер мен ұнтақтар түріндегі табиғи жеткізгіштерін Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге шығаруға ниеттенген жер қойнауын пайдаланушы ол жөнінде жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органды болжанған әкету күніне дейін бір ай қалғанда жазбаша түрде хабардар етуге міндетті. Хабарламада шығарылатын табиғи жеткізгіштерді зерттеулердің сипаты, зерттеу жүргізудің болжалды мерзімі, зерттеу нәтижелері туралы есепті дайындау мерзімі, зерттеу жүргізетін ұйым туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.

Жер қойнауын пайдаланушының геологиялық ақпараттың сынамалар түріндегі табиғи жеткізгіштерін иеліктен шығаруы және (немесе) сынамаларды Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге әкетуі жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның рұқсатымен жүзеге асырылады. Жер қойнауын пайдаланушы рұқсат алу үшін жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға өтінішпен жүгінеді, онда шығарылатын сынаманың көлемі мен оны зерттеулердің сипаты, зерттеу жүргізудің болжалды мерзімі, зерттеу нәтижелері туралы есепті дайындау мерзімі және зерттеу жүргізетін ұйым туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.

Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган өтініш келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде рұқсат беру туралы немесе рұқсат беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган мынадай негіздер бойынша:

1) рұқсат беруге арналған өтініш осы тармақтың талаптарына сәйкес келмесе;

2) иеліктен шығарылатын және (немесе) әкетілетін сынаманың көлемі болжалды зерттеудің сипатына айқын сәйкес келмесе;

3) болжалды зерттеулер Қазақстан Республикасында жүргізілсе;

4) бұрын берілген рұқсат бойынша жүргізілген зерттеудің және сынамалар талдауының нәтижелері туралы мәліметті қамтитын геологиялық есептер ұсынылмаған болса, рұқсат беруден бас тартады.

5. Өзіне тиесілі керндерді иеліктен шығаруды немесе жоюды жүргізуге ниеттенген жер қойнауын пайдаланушы осындай ниеті туралы жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органды бір ай қалғаннан кешіктірмей жазбаша хабардар етуге міндетті. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган жер қойнауын пайдаланушыдан көрсетілген керндерді талапта көзделген мерзімде өз меншігіне өтеусіз беруді жазбаша талап етуге құқылы. Бұл мерзім бір айдан кем болмауға тиіс.

Жер қойнауын пайдаланушы тиісті жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды болжалды тоқтатуға дейін үш ай қалғанда жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органды өзінде бар далалық байқаулар, сынамалау, сынамаларды талдау, геофизикалық байқаулар, тіркеу журналдары геологиялық ақпараттың бастапқы далалық деректерінің қағаз және электрондық жеткізгіштері немесе бұрғылау ұңғымаларының керндері туралы жазбаша хабардар етуге міндетті. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган мұндай хабарламаны алған күннен кейін бір ай ішінде жер қойнауын пайдаланушыдан геологиялық ақпараттың аталған жеткізгіштерін өз меншігіне өтеусіз беруді жазбаша талап етуге құқылы. Бұл талап оны алған күннен бастап бір ай ішінде орындалуға тиіс.

Керндерді Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге әкету жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның осы баптың 4-тармағының үшінші, төртінші және бесінші бөліктерінде көзделген тәртіппен берілетін рұқсатымен жүзеге асырылады.

6. Жасанды жеткізгіштердегі геологиялық ақпаратты Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге әкету, егер Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасында өзгеше көзделмесе, шектеулерсіз жүзеге асырылады.

7. Осы бапта көзделген шектеулер кен іздеушілікті және жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі операцияны жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушыларға қолданылмайды.

 

76-бап. Жер қойнауын пайдаланушының есептілігі

1. Жер қойнауын пайдаланушылар осы Кодексте көзделген жағдайларда жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар туралы есептілік ұсынуға міндетті.

Жер қойнауын пайдаланушы ұсынатын есептілік мерзімді немесе бір реттік болуы мүмкін.

Мемлекеттік органға ұсынылатын мерзімді есептілікте жер қойнауын пайдаланушының белгілі бір кезең ішіндегі (есепті кезең) қызметінің нәтижелері туралы ақпарат қамтылады.

Жер қойнауын пайдаланушы бір реттік есептілікті мемлекеттік органға нақты бір мәселе бойынша жүргізілген жұмыстың нәтижесі туралы хабарлау мақсатында ұсынады.

Есептіліктің құрамы және оны ұсыну тәртібі жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың түрлері ескеріле отырып, осы Кодекстің Ерекше бөлігінің ережелерінде айқындалады.

2. Жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органның жазбаша сұрау салуы бойынша осындай сұрау салуды алған күннен бастап жиырма жұмыс күнінен кешіктірмей, жүргізілген жұмыстарды және жер қойнауын пайдалану бойынша шығыстарды растайтын құжаттаманы тексеру үшін ұсынуға міндетті.

3. Кен іздеушілікті және кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды қоспағанда, пайдалы қазбаларды барлау мен өндіру жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар құзыретті органға Өндіруші салалар ашықтығының бастамалары стандартында көзделген, «Аудиторлық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес аудитор болып табылатын тұлға растаған есептілікті ұсынуға міндетті.

Осы есептіліктің нысанын және оны толтыру жөніндегі нұсқаулықты Қазақстан Республикасындағы Өндіруші салалар қызметі ашықтығының бастамалары стандартын іске асыру бойынша уәкілеттік берілген мемлекеттік орган әзірлейді және бекітеді.

2023.28.12. № 52-VIII ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды (2024 ж. 28 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді); 2025.30.12. № 249-VIII ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2026 ж. 2 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

4. Қызметінің нәтижесінде пайдалы қатты қазбалардың ресурстарын және (немесе) қорларын бағалау туралы есептер дайындалған жер қойнауын пайдаланушылар олардың электрондық көшірмелерін геология саласындағы ұлттық операторға ұсынуға міндетті.

Көрсетілген есептер және онда қамтылған мәліметтер құпия болып табылмайды және осы Кодекске сәйкес ашып көрсетілуге жатады.

 

77-бап. Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензиялар мен келісімшарттар туралы ақпаратқа қолжетімділік жасау

2023.28.12. № 52-VIII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2024 ж. 28 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2025.30.12. № 249-VIII ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2026 ж. 2 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1. Берілген жер қойнауын пайдалану құқықтары туралы ақпаратқа ашық қолжетімділік жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасында қамтамасыз етіледі.

2. Жер қойнауын пайдалану құқығы туралы ақпарат жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың түрлері ескеріле отырып, мынадай мәліметтерді:

1) берілген лицензияның мазмұны және жер қойнауын пайдалануға арналып жасалған келісімшарт туралы;

2) мыналарды:

өздеріне (өзіне) тиесілі бақылау нысанын және тәсілін;

жеке тұлғалар үшін - тегін, атын және әкесінің атын (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), азаматтығын;

заңды тұлғалар үшін - заңды тұлғаның атауын және орналасқан жерін қамтитын, жер қойнауын пайдаланушыны бақылаушы тұлғалар және ұйымдар туралы;

3) ұсынылған есептілікке сәйкес, жер қойнауын пайдаланушы жылдар бойынша жүргізген шығыстардың жалпы сомасы туралы;

4) жер учаскелерін пайдаланғаны үшін жылдар бойынша төлемақының (жалдау төлемдері) төленген сомалары туралы;

5) қамтамасыз етудің түрін, қамтамасыз ету сомасын, оның қолданылу мерзімін және қамтамасыз етуді берген ұйымның атауын қамтитын, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар салдарын жоюды қамтамасыз ету туралы;

6) мыналарды:

кепілді тіркеу күнін;

жеке тұлғалар үшін - кепіл ұстаушының тегін, атын және әкесінің атын (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) және азаматтығын;