Қазақстан Республикасының
Заңы
Киберқауіпсіздік туралы
(2026.12.07. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
2026.09.01. № 256-VIII ҚР Заңымен тақырыбы жаңа редакцияда (2026 ж. 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
Осы Заңға өзгерістер енгізу туралы:
2026.24.06. № 326-VIII ҚР Заңын қараңыз (2026 ж. 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі)
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
2-бап. Қазақстан Республикасының киберқауіпсіздік туралы заңнамасы
3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
2-тарау. КИБЕРҚАУІПСІЗДІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
5-бап. Киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік реттеудің міндеттері
6-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы құзыреті
7-1-бап. Уəкілетті органның құзыреті
7-3-бап. Жергілікті атқарушы органдардың киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы құзыреті
7-4-бап. Киберқауіпсіздіктің мемлекеттік жедел орталығы
7-5-бап. Киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету орталығы
7-7-бап. Киберқауіпсіздіктің компьютерлік оқыс оқиғаларына ден қою жөніндегі ұлттық қызмет
7-8-бап. Киберқауіпсіздіктің оқыс оқиғаларына ден қою қызметі
9-бап. Киберқауіпсіздіктің ұлттық үйлестіру орталығы
10-бап. Киберқауіпсіздіктің салалық орталығы
14-бап. Мемлекеттік техникалық қызмет
14-1-бап. Киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ұлттық даму институты
16-бап. Цифрлық объектілердің меншік иелерінің құқықтары мен міндеттері
17-бап. Цифрлық объектілердің иегерінің құқықтары мен міндеттері
18-бап. Аса маңызды цифрлық объектілердің меншік иесінің жəне (немесе) иегерінің міндеттері
20-1-бап. Жай электрондық қолтаңбаны пайдалану
4-тарау. КИБЕРҚАУІПСІЗДІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ СУБЪЕКТІЛЕРІ МЕН ОБЪЕКТІЛЕРІ
28-1-бап. Киберқауіпсіздікті зерттеуші
28-2-бап. Киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы лицензиялау
29-бап. Мемлекеттік органдардың бірыңғай көліктік ортасы
30-1-бап. Ұлттық бейнемониторинг жүйесі
30-2-бап. Цифрлық оқиғаларды журналға енгізу
38-бап. «Цифрлық үкіметтің» цифрлық объектісіне қойылатын киберқауіпсіздік талаптары
8-тарау. КИБЕРҚАУІПСІЗДІК ТАЛАПТАРЫНА СƏЙКЕСТІККЕ СЫНАҚТАР ЖҮРГІЗУ, КИБЕРҚАУІПСІЗДІК АУДИТІ
49-бап. Киберқауіпсіздік талаптарына сəйкестікке сынақтар жүргізу
50-бап. Киберқауіпсіздік аудиті
52-бап. Цифрлық орта саласындағы сәйкестікті растау
9-тарау. ЦИФРЛЫҚ ОБЪЕКТІЛЕРДІ ҚОРҒАУ
53-бап. Цифрлық объектілерді қорғау мақсаттары
54-бап. Цифрлық объектілерді қорғауды ұйымдастыру
54-1-бап. Цифрландыру жəне киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларындағы бірыңғай талаптар
55-бап. Цифрлық объектілерді қорғау шаралары
56-бап. Дербес деректерді қамтитын цифрлық ресурстарды қорғау
56-1-бап. Интернеттің қазақстандық сегментінің кеңістігінде домендік аттарды қорғау
60-1-бап. Цифрландыру саласындағы мемлекеттік бақылау
60-3-бап. Мемлекеттік органдарға қатысты цифрландыру саласында мемлекеттік бақылау жүргізу тəртібі
11-тарау. КИБЕРҚАУІПСІЗДІК САЛАСЫН ДАМЫТУ ЖƏНЕ ОСЫ САЛАДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ
61-бап. Киберқауіпсіздік саласын дамытуды мемлекеттік қолдау
62-бап. Цифрлық технологиялар саласын кадрлық және ғылыми қамтамасыз ету
63-бап. Киберқауіпсіздік саласындағы халықаралық ынтымақтастық
13-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
65-бап. Қазақстан Республикасының киберқауіпсіздік туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
67-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
2026.09.01. № 256-VIII ҚР Заңымен кіріспе алып тасталды (2026 ж. 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2026.09.01. № 256-VIII ҚР Заңымен 1-бөлімнің тақырыбы алып тасталды (2026 ж. 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
2026.09.01. № 256-VIII ҚР Заңымен 1-бап жаңа редакцияда (2026 ж. 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ақпаратты қорғау құралы - ақпаратты қорғауды қамтамасыз етуге арналған жəне пайдаланылатын бағдарламалық қамтылым, техникалық жəне өзге де құралдар;
2) артықшылықты құқықтары бар пайдаланушы - цифрлық объектіге қол жеткізу құқықтары жоғары, оның жұмыс істеуінің штаттық пайдалану жағдайларын қамтамасыз ететін пайдаланушы;
3) аса маңызды цифрлық объектілер - жұмыс істеуінің бұзылуы немесе тоқтауы қолжетімділігі шектелген дербес деректерді жəне заңмен қорғалатын құпияны қамтитын өзге де мəліметтерді заңсыз жинауға жəне өңдеуге, əлеуметтік жəне (немесе) техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың туындауына немесе қорғаныс, қауіпсіздік, халықаралық қатынастар, экономика, шаруашылықтың жекелеген салалары үшін немесе тиісті аумақта тұратын халықтың тыныс-тіршілігі, оның ішінде жылумен жабдықтау, электрмен жабдықтау, газбен жабдықтау, сумен жабдықтау, өнеркəсіп, денсаулық сақтау, байланыс, банк саласы, көлік, гидротехникалық құрылысжайлар, құқық қорғау қызметі, «цифрлық үкімет» инфрақұрылымы үшін елеулі теріс салдарға алып келетін цифрлық объектілер;
4) Бастапқы кодтардың ұлттық репозиторийі - бастапқы кодтарды жəне олардан құрамдалған цифрлық объектілердің орындалатын кодтарын сақтау орны;
5) домендік атау - Интернетті адрестеу қағидаларына сəйкес қалыптастырылған, белгілі бір желілік мекенжайға сəйкес келетін жəне Интернет объектісіне атауы бойынша жүгінуге арналған символдық (əріптік-цифрлық) белгіленім;
6) зиянды бағдарлама - цифрлық деректерге санкцияланбаған қол жеткізуді, оларды жоюды, бұғаттауды, модификациялауды не көшіруді жүзеге асыруға, сондай-ақ цифрлық объектілердің жұмыс істеуін бұзуға мүмкіндік беретін жасалған немесе қолданыстағы бағдарлама немесе енгізілген өзгерістері бар бағдарламалық өнім;
7) Интернетке қол жеткізудің бірыңғай шлюзі - Интернетке жəне (немесе) Интернетке шығатын байланыс желілеріне қол жеткізу кезінде цифрлық объектіні қорғауға арналған аппараттық-бағдарламалық кешен;
8) киберқауіпсіздік - цифрлық объектілердің құпиялылығын, тұтастығын немесе қолжетімділігін бұзудан қорғалу жай-күйі;
9) киберқауіпсіздік аудиті - цифрлық объектілердің қорғалу жай-күйінің киберқауіпсіздік талаптарына сəйкестігін бағалау;
10) киберқауіпсіздік зерттеушісі - киберқауіпсіздікті зерттеушілермен өзара іс-қимыл жасау бағдарламасына қатысатын киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы маман;
11) киберқауіпсіздік қатері - киберқауіпсіздіктің оқыс оқиғасының туындауына алғышарттар жасайтын жағдайлар мен факторлардың жиынтығы;
12) киберқауіпсіздік оқиғаларын басқару жүйесі - цифрлық объектінің оқиғаларды тіркеу журналдарын жинау жəне талдау арқылы киберқауіпсіздік оқиғаларын автоматтандырылған түрде анықтауға арналған бағдарламалық қамтылым немесе аппараттық-бағдарламалық кешен;
13) киберқауіпсіздік оқиғаларының мониторингі - киберқауіпсіздік оқиғаларын басқару жүйесі арқылы киберқауіпсіздік оқиғаларын анықтау жəне сəйкестендіру мақсатында цифрлық объектіні тұрақты қадағалау;
14) киберқауіпсіздік оқиғасы - киберқауіпсіздіктің ықтимал бұзылуын немесе киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысы болуы мүмкін бұрын белгісіз жағдайды көрсететін, цифрлық объектінің жай-күйінің сəйкестендірілген туындауы;
15) киберқауіпсіздікті зерттеушілермен өзара іс-қимыл жасаубағдарламасы - киберқауіпсіздікті зерттеушілердің цифрлық объектілердегі осалдықты анықтау үшін олармен өзара іс-қимыл жасауды қамтамасыз ететін ұйымдастыру-техникалық іс-шаралар;
16) киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуді мониторингтеу жүйесі - цифрлық технологияларды қауіпсіз пайдалану мониторингін жүргізуге бағытталған ұйымдастырушылық жəне техникалық іс-шаралар;
17) киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету орталығы - шетелдік заңды жəне жеке тұлғалардың қатысуынсыз Қазақстан Республикасының резиденті болып табылатын, цифрлық объектілерді қорғау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға немесе заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі;
18) киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уəкілетті орган (бұдан əрі - уəкілетті орган) - киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жəне салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
19) киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ұлттық даму институты - киберқауіпсіздік саласын дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлға;
20) киберқауіпсіздіктің оқыс оқиғаларына ден қою қызметі - шетелдік заңды жəне жеке тұлғалардың қатысуынсыз Қазақстан Республикасының резиденті болып табылатын, осы Заңда белгіленген құзыретке сəйкес киберқауіпсіздіктің оқыс оқиғасына ден қоюды жүзеге асыратын заңды тұлға немесе заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі;
21) киберқауіпсіздіктің оқыс оқиғасы - цифрлық объектінің киберқауіпсіздігіне теріс əсер ететін оқиға немесе оқиғалар жиынтығы;
22) киберқауіпсіздіктің оқыс оқиғасына ден қою - цифрлық объектілердің жəне олардағы цифрлық деректердің штаттық жұмыс істеуін қорғау жəне қалпына келтіру үшін қабылданған іс-қимылдарды қоса алғанда, киберқауіпсіздіктің оқыс оқиғасын барынша азайту немесе жою үшін қабылданған іс-əрекеттер, цифрлық объектілердің киберқауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін оқиғаларды немесе бұзушылықтарды анықтауды, талдауды жəне оларға қарсы іс-қимыл жасау үшін шаралар қабылдауды қамтитын процесс;
23) киберқауіпсіздіктің салалық орталығы - ведомстволық бағынысты ұйымдарға жəне (немесе) реттелетін басқару саласына қатысты киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыруды жəне үйлестіруді жүзеге асыратын заңды тұлға немесе мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшесі;
24) киберқауіпсіздіктің ішкі аудиті - ұйым өз мүддесі үшін жүзеге асыратын, ұйымдағы цифрлық объектілердің киберқауіпсіздігінің ағымдағы жай-күйінің сапалық жəне сандық сипаттамаларын бақылаудың объективті, құжатталған процесі;
25) кибермəдениет - цифрлық ортада қауіпсіз жəне жауапты мінез-құлық нормалары мен құндылықтарының жиынтығы;
26) қорғау бейіні - цифрлық объектілердің құрауыштары болып табылатын бағдарламалық жəне техникалық құрал- дардың қауіпсіздігіне қойылатын ең төмен талаптардың тізбесі;
27) мемлекеттік техникалық қызмет - Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған мемлекеттік заңды тұлға;
28) осалдық - цифрлық объектінің киберқауіпсіздікке қатер төндіретін кемшілігі;
29) техникалық құралдар - цифрлық деректерді жинау, өңдеу, сақтау, коммутациялау жəне беру үшін пайдаланылатын құрылғылар;
30) технологиялық процестерді басқарудың автоматтандырылған жүйесі - нақты уақыт режимінде өндірістік процестерді автоматтандыруға, басқаруға, бақылауға жəне мониторингтеуге арналған цифрлық инфрақұрылым объектісі;
31) цифрлық объектілер сыныптауышы (бұдан əрі - сыныптауыш) - цифрлық объектілерді сəйкестендіруге, санатқа бөлуге, сипаттауға жəне есепке алуға бағытталған санаттардың жүйеленген тізбесі;
32) цифрлық оқиғаларды журналға енгізу - кейіннен талдау, ауытқуларды анықтау жəне киберқауіпсіздіктің оқыс оқиғаларын зерттеу мақсатында цифрлық объектілерде болып жатқан оқиғалар туралы цифрлық жазбаларды жүйелі түрде жазу, жинау жəне сақтау процесі;
33) «цифрлық үкіметтің» электрондық поштасының бірыңғай шлюзі - киберқауіпсіздік талаптарына сəйкес «цифрлық үкіметтің» электрондық поштасын қорғауды қамтамасыз ететін аппараттық-бағдарламалық кешен.
2026.09.01. № 256-VIII ҚР Заңымен 2-бап жаңа редакцияда (2026 ж. 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2-бап. Қазақстан Республикасының киберқауіпсіздік туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының киберқауіпсіздік туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан жəне Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың осы Заң алдында басымдығы болады. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тəртібі мен талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
2026.09.01. № 256-VIII ҚР Заңымен 3-бап жаңа редакцияда (2026 ж. 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
Осы Заңның қолданылу аясы Қазақстан Республикасының аумағында цифрлық объектілердің өмірлік циклінің барлық кезеңінде мемлекеттік органдар, жеке жəне заңды тұлғалар арасында туындайтын киберқауіпсіздік саласындағы қоғамдық қатынастар болып табылады.
2026.09.01. № 256-VIII ҚР Заңымен 4-бап жаңа редакцияда (2026 ж. 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4-бап. Киберқауіпсіздік саласындағы қоғамдық қатынастарды мемлекеттік реттеудің мақсаты мен қағидаттары
1. Қазақстан Республикасының орнықты дамуын қамтамасыз ететін цифрлық объектілердің қорғалуына қол жеткізу жəне қорғалуын қолдау киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы қоғамдық қатынастарды мемлекеттік реттеудің мақсаты болып табылады.
2. Киберқауіпсіздік саласындағы мемлекеттік реттеу мынадай негізгі қағидаттарға негізделеді:
2) цифрлық технологияларды қолдану кезінде жеке адамның, қоғамның жəне мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
3) жеке адам, қоғам мен мемлекет құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің теңгерімі жəне олардың цифрлық ортадағы өзара жауапкершілігі;
4) жеке тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, сондай-ақ заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтау;
5) жеке жəне заңды тұлғалардың киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы қызметке қатысу жəне оның нəтижелерін пайдалану құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің теңдігі.
2026.09.01. № 256-VIII ҚР Заңымен 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда (2026 ж. 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2-тарау. КИБЕРҚАУІПСІЗДІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
2026.09.01. № 256-VIII ҚР Заңымен 5-бап жаңа редакцияда (2026 ж. 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5-бап. Киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік реттеудің міндеттері
Мыналар киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік реттеудің міндеттері болып табылады:
1) цифрлық объектілерді жəне аса маңызды цифрлық объектілерді олардың өмірлік циклінің барлық кезеңінде қорғау;
2) киберқауіпсіздік саласын қалыптастыруға жəне дамытуға жəрдемдесу;
3) киберқауіпсіздіктің заманауи шешімдерін дамыту жəне өндірістік процестерге ендіру үшін жағдайларды қамтамасыз ету;
5) киберқауіпсіздік саласындағы бірыңғай ғылыми, техникалық, мемлекеттік технологиялық саясатты қалыптастыру жəне іске асыру;
6) мемлекеттік органдардың, жеке жəне заңды тұлғалардың цифрлық объектілерінің киберқауіпсіздігін қамтамасыз етуді мониторингтеу;
7) киберқауіпсіздіктің оқыс оқиғаларының, оның ішінде əлеуметтік, табиғи жəне техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар, төтенше жағдай немесе соғыс жағдайы енгізілген жағдайларда алдын алу жəне оларға жедел ден қою;
8) киберқауіпсіздік саласындағы шешімдер мен кадр əлеуетін дамыту;
9) халықаралық ынтымақтастыққа қатысу;
10) Қазақстан Республикасының киберқауіпсіздік туралы заңнамасын жетілдіру.
2026.09.01. № 256-VIII ҚР Заңымен 6-бап жаңа редакцияда (2026 ж. 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын əзірлейді жəне олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады;
2) киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ұлттық даму институтын айқындайды;
3) цифрландыру жəне киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларындағы бірыңғай талаптарды бекітеді;
4) киберқауіпсіздіктің оқыс оқиғаларына ден қоюдың дағдарысқа қарсы ұлттық жоспарын бекітеді;
5) Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында жəне Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде өзіне жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
7-бап. 2026.09.01. № 256-VIII ҚР Заңымен алып тасталды (2026 ж. 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 7-1-баппен толықтырылды; 2026.09.01. № 256-VIII ҚР Заңымен 7-1-бап жаңа редакцияда (2026 ж. 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7-1-бап. Уəкілетті органның құзыреті
Уəкілетті орган:
1) мемлекеттің ішкі жəне сыртқы саясатының Қазақстан Республикасының Президенті айқындаған негізгі бағыттары мен мемлекеттің əлеуметтік-экономикалық саясатының, оның қорғаныс қабілетінің, қауіпсіздігінің, қоғамдық тəртіпті қамтамасыз етудің Қазақстан Республикасының Үкіметі əзірлеген негізгі бағыттары негізінде жəне оларды орындау үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырады;
2) стратегиялық, реттеушілік, іске асыру жəне бақылау функцияларын жүзеге асырады;
3) цифрландыру жəне киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларындағы бірыңғай талаптарды əзірлейді;
4) аса маңызды цифрлық объектілердің тізбесін, сондай-ақ цифрлық объектілерді аса маңызды объектілерге жатқызу қағидалары мен өлшемшарттарын бекітеді;
5) «цифрлық үкіметтің» цифрлық объектілері мен аса маңызды цифрлық объектілердің киберқауіпсіздік талаптарына сəйкестігіне сынақтар жүргізу əдістемесі мен қағидаларын бекітеді;
6) Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетімен келісу бойынша мемлекеттік органдардың цифрлық объектілерінің киберқауіпсіздігі оқиғаларына мониторинг жүргізу қағидаларын бекітеді;
7) Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетімен келісу бойынша «цифрлық үкіметтің» цифрлық объектілерінің жəне аса маңызды цифрлық объектілердің киберқауіпсіздігін қамтамасыз ету мониторингін жүргізу қағидаларын бекітеді;
8) цифрландыру жəне киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларындағы бірыңғай талаптардың орындалуын мониторингтеуді жүргізу қағидаларын бекітеді;
9) цифрландыру жəне киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларындағы бірыңғай талаптардың орындалуын мониторингтеуді жүзеге асырады;
10) цифрландыру саласында, сондай-ақ электрондық құжатқа жəне электрондық цифрлық қолтаңбаға қойылатын талаптардың сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
11) Қазақстан Республикасының цифрландыру жəне киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларындағы заңнамасының талаптарын бұзушылықтар анықталған кезде орындау үшін нұсқамалар жібереді;
12) əлеуметтік, табиғи жəне техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар, төтенше жағдай немесе соғыс жағдайы енгізілген кезде цифрлық объектілерді басқару жөніндегі қызметті үйлестіруді жүзеге асырады;
13) «цифрлық үкіметтің» цифрлық объектілерін өнеркəсіптік пайдалануға беруге қатысады;
14) цифрлық ресурстарды алу, көшіру, тарату, модификациялау, жою немесе бұғаттау жөніндегі құқыққа сыйымсыз əрекеттердің алдын алуды қоса алғанда, цифрлық объектілердің меншік иелеріне, иегерлеріне жəне пайдаланушыларына цифрлық технологияларды қауіпсіз пайдалану мəселелерінде жəрдемдесуді ұйымдастырады;
15) киберқауіпсіздіктің оқыс оқиғаларына ден қоюдың дағдарысқа қарсы ұлттық жоспарын əзірлейді;
16) домендік атаулардың əкімшісін жəне тіркеушісін айқындайды, Интернеттің қазақстандық сегментінің кеңістігінде домендік атауларды тіркеу, пайдалану жəне бөлу қағидаларын бекітеді;
17) цифрлық ресурстарды сақтаудың бірыңғай ұлттық резервтік платформасының жұмыс істеу қағидаларын, аса маңызды цифрлық объектілердің цифрлық ресурстарын резервтік көшірудің кезеңділігін бекітеді;
18) Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетімен келісу бойынша Интернетке қол жеткізудің бірыңғай шлюзінің жəне «цифрлық үкіметтің» электрондық поштасы бірыңғай шлюзінің жұмыс істеу қағидаларын бекітеді;
19) Бастапқы кодтардың ұлттық репозиторийінің жұмыс істеу қағидаларын бекітеді;
20) қорғау бейіндерін жəне қорғау бейіндерін əзірлеу əдістемесін бекітеді;
21) киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету орталықтары, киберқауіпсіздіктің салалық орталықтары мен Киберқауіпсіздіктің ұлттық үйлестіру орталығы арасында киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажетті ақпарат алмасу қағидаларын бекітеді;
22) мемлекеттік техникалық қызметтің сараптамалары негізінде инвестициялық ұсыныстарға жəне бюджеттік инвестициялардың қаржы-экономикалық негіздемелеріне киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында қорытындылар береді;
23) Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органдарының цифрлық объектілерін қоспағанда, мемлекеттік техникалық қызметтің сараптамалары негізінде «цифрлық үкіметтің» цифрлық объектілерін құруға немесе дамытуға арналған техникалық құжаттаманы, оның ішінде техникалық тапсырманы киберқауіпсіздік талаптарына сəйкестігі тұрғысынан келіседі;
24) киберқауіпсіздікті зерттеушілермен өзара іс-қимыл жасау бағдарламасының жұмыс істеу қағидаларын бекітеді;
25) киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ұлттық даму институтының қызметін үйлестіруді жүзеге асырады;
26) цифрландыру жəне киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларындағы талаптарды сақтау бөлігінде бұзушылықтарды жою туралы нұсқама немесе акт белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда, субъектіні нұсқамада немесе актіде көрсетілген əрекеттерді жасауға мəжбүрлеу туралы талап қоюды сотқа береді;
27) «цифрлық үкіметтің» веб-порталында дербес деректер субъектілерін жеке кабинеті арқылы хабардар ету мақсатында қауіпсіздігі бұзылған дербес деректерді өңдейді;
28) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің жəне Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 7-2-баппен толықтырылды; 2026.09.01. № 256-VIII ҚР Заңымен 7-2-бап жаңа редакцияда (2026 ж. 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7-2-бап. Орталық атқарушы органдар мен Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын жəне есеп беретін мемлекеттік органдардың киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы құзыреті
Орталық атқарушы органдар мен Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын жəне есеп беретін мемлекеттік органдар: