«Ғылым және технологиялық саясат туралы» Қазақстан Республикасының 2024 жылғы 1 шілдедегі № 103-VIII Заңы (2026.25.08. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)

Предыдущая страница

 

2-бап. Қазақстан Республикасының ғылым және технологиялық саясат туралы заңнамасы

1. Қазақстан Республикасының ғылым және технологиялық саясат туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Заңнан басым болады. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.

3. Мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру мен орындау кезінде ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы қоғамдық қатынастар «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.

4. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы қоғамдық қатынастар «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптары ескеріле отырып реттеледі.

 

3-бап. Осы Заңның негізгі мақсаттары, міндеттері мен қағидаттары

1. Ғылымды дамыту, елдің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін ғылыми жетістіктер нәтижелерін ендіру бойынша ғылыми-технологиялық саясатты іске асыру және ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық және инновациялық қызметті салааралық үйлестіру осы Заңның негізгі мақсаттары болып табылады.

2. Осы Заң мынадай қағидаттарға негізделеді:

1) процеске барлық қатысушының өзара іс-қимылы кезіндегі транспаренттілік;

2) ғылым саласындағы мемлекеттік ғылыми-технологиялық саясатты іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасау;

3) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелеріне қол жеткізуге, кіріс алуға тартылған тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне кепілдік беру;

4) экономиканың басым секторларында ғылымды, ғылыми-техникалық қызметті экономикалық тұрғыдан ынталандыру;

5) білім беру, ғылым, өндіріс және даму институттарының күш-жігерін интеграциялау.

3. Осы Заңның мақсаттарына қол жеткізу мынадай міндеттерді шешу арқылы іске асырылады:

1) мемлекеттік ғылыми-технологиялық саясатты қалыптастыру және ғылым мен техника саласындағы қатынастарды мемлекеттік реттеу;

2) ғылымның тиімді жұмыс істеуі және ғылыми-технологиялық саясатты іске асыру;

3) іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді дамыту;

4) ғылыми қызметкерлер мен ғылыми ұйымдардың мәртебесін арттыру;

5) ғылымды өндіріспен интеграциялау;

6) ғылымды кадрлық, материалдық-техникалық, ғылыми-техникалық және ақпараттық қамтамасыз ету.

 

4-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

1. Осы Заңның күші Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне және «Өнеркәсіптік саясат туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қайшы келмейтін бөлігінде ғылыми, ғылыми-техникалық қызметті және (немесе) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға қолданылады.

2026.24.06. № 321-VIII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2026 ж. 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

2. Осы Заңмен реттелген, гранттық, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру, іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдарды қаржыландыру қаражатынан, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға арналған гранттардан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына және Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдаланушылардың аударымынан түсетін арнаулы түсімдер есебінен жүзеге асырылатын ғылыми зерттеулерді жүргізу бөлігіндегі құқықтық қатынастарға сатып алуды, оның ішінде мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәртібіне қойылатын талаптарды белгілейтін Қазақстан Республикасы заңнамасының күші қолданылмайды.

 

 

2-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДЫҢ ҒЫЛЫМ, ҒЫЛЫМИ ЖӘНЕ (НЕМЕСЕ) ҒЫЛЫМИ-ТЕХНИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ САЛАСЫНДАҒЫ ҚҰЗЫРЕТІ

 

5-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің ғылым, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет саласындағы құзыреті

 Қазақстан Республикасының Үкіметі ғылым, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет саласында:

1) ғылым, ғылыми-техникалық қызмет саласындағы мемлекеттік саясаттың, сондай-ақ ғылым саласындағы ғылыми-технологиялық саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және оның жүзеге асырылуын ұйымдастырады;

2) әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарына сәйкес ғылымның, ғылыми-техникалық қызметтің басым бағыттарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы стратегиялық, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын айқындайды;

3) Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанынан Қазақстан Республикасының Жоғары ғылыми-техникалық комиссиясын (бұдан әрі - Жоғары ғылыми-техникалық комиссия) құрады және оның ережесі мен құрамын бекітеді;

2026.24.06. № 321-VIII ҚР Заңымен 3-1) тармақшамен толықтырылды (2026 ж. 6 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)

3-1) Ұлттық ғылым академиясының қамқоршылық кеңесінің құрамын айқындайды;

4) Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығын құрады;

5) зерттеу университеті мәртебесін береді және оның даму бағдарламасын бекітеді;

6) Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде өзіне жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

 

6-бап. Уәкілетті органның құзыреті

Уәкілетті орган:

1) ғылым саласындағы мемлекеттік ғылыми-технологиялық саясатты қалыптастыруға және іске асыруға қатысады;

2) ғылым, ғылыми-техникалық қызмет және ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру саласында салааралық үйлестіруді жүзеге асырады және мемлекеттік саясатты іске асырады;

3) мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберінде қалыптастырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды қоспағанда, бюджет қаражаты және астананың, облыстың және республикалық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының мемлекеттік тапсырысы есебінен қаржыландырылатын іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің ғылыми, ғылыми-техникалық жобалары мен бағдарламаларын үйлестіреді;

4) Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академиктерін сайлау қағидалары мен өлшемшарттарын әзірлейді және бекітеді;

5) Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес айқындайтын ғылым мен технологияларды дамытудың стратегиялық басым бағыттарына сәйкес Қазақстан Республикасында ғылымды дамытудың басым бағыттарын, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді әзірлейді және оларды Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның бекітуіне ұсынады.

Биологиялық қауіпсіздік саласын қозғайтын іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің басым бағыттары шеңберінде ғылыми зерттеулерді іріктеу кезінде Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздік саласындағы заңнамасының талаптары ескеріледі;

6) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті базалық қаржыландыру нормаларын әзірлейді және бекітеді;

7) Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның қызметін қамтамасыз етеді;

8) мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберінде қалыптастырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды қоспағанда, бюджет қаражаты есебінен іске асырылатын іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің ғылыми, ғылыми-техникалық жобалары мен бағдарламаларын әзірлеуді ұйымдастырады және қалыптастыру, орындау және аяқтау сатыларында олардың іске асырылуын жүзеге асырады;

9) бюджет қаражаты есебінен, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың ғылым саласындағы міндеттемелері шеңберінде жер қойнауын пайдаланушылардың қаражатынан қаржыландырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын және олардың орындалуы жөніндегі есептерді мемлекеттік есепке алу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

10) іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдардың тізбесін әзірлейді және бекітеді;

11) мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

12) ғылыми-техникалық ақпаратты жинау, өңдеу және талдау жөніндегі іс-шаралар кешенін жүзеге асыратын ұйымды айқындайды;

13) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына «зерттеу университеті» мәртебесін беру қағидалары мен өлшемшарттарын әзірлейді және бекітеді;

14) технологиялардың әзірлігі мен ұйымдардың технологиялық әзірлігі деңгейлерін айқындау әдістемесін әзірлейді және бекітеді;

15) ұлттық ғылыми кеңестердің қызметін үйлестіреді;

16) салалық уәкілетті органдардың, астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар шеңберінде жүзеге асырылатын жұмысын үйлестіреді;

17) ғылыми тағылымдамадан өтуге арналған шығыстардың нормалары мен үлгілік шарттарды әзірлейді және бекітеді;

18) «Үздік ғылыми қызметкер» жыл сайынғы сыйлығын беру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

19) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті базалық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті гранттық қаржыландыру және ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру, іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдарды қаржыландыру қағидаларын (бұдан әрі - ғылымды қаржыландыру қағидалары) әзірлейді және бекітеді;

2026.24.06. № 321-VIII ҚР Заңымен 19-1) тармақшамен толықтырылды (2026 ж. 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді)

19-1) ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының және ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің өзге де аккредиттелген субъектілерінің бюджет қаражаты есебінен іске асырылатын ғылыми зерттеулер мен ғылыми жұмыстарды орындау үшін қажетті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларын мемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша әзірлейді және бекітеді;

20) бюджет қаражаты есебінен, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың ғылым саласындағы міндеттемелері шеңберінде жер қойнауын пайдаланушылардың қаражатынан қаржыландырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын және олардың орындалуы жөніндегі есептерді мемлекеттік есепке алуды ұйымдастырады;

21) мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберінде қалыптастырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды қоспағанда, бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын орындалған ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар жөніндегі есептерді бекітеді және жариялайды;

2026.24.06. № 321-VIII ҚР Заңымен 22) тармақша өзгертілді (2026 ж. 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

22) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға жәрдемдесу бағдарламаларын жүзеге асыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді, сондай-ақ ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға жәрдемдесу бағдарламаларының іске асырылуына мониторингті жүзеге асырады;

23) бюджет қаражаты есебінен және берілетін салықтық жеңілдіктер шеңберінде қаржыландырылатын ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді ұйымдастыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

24) аса маңызды және кеңінен қолданылатын өнертабыстар авторларына арналған жыл сайынғы конкурстарды өткізеді;

25) ғылыми әдептің үлгілік қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

26) ғылыми тағылымдамаларды ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралар кешенін жүзеге асыратын ұйымды (әкімшіні) айқындайды;

27) мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды ұйымдастыру және жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

28) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін аккредиттеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

29) ұжымдық пайдаланымдағы ғылыми зертханалар туралы үлгілік ережені әзірлейді және бекітеді;

2026.24.06. № 321-VIII ҚР Заңымен 29-1) тармақшамен толықтырылды (2026 ж. 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді)

29-1) мемлекеттік тапсырыс шеңберінде сатып алынған ғылыми жабдықты пайдалану және ұжымдық пайдаланымдағы ғылыми зертханаларға, академиялық артықшылық орталықтарына қолжетімділік беру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

30) диссертациялық кеңес туралы үлгілік ережені әзірлейді және бекітеді;

31) дәрежелерді беру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

32) үміткерлерді іріктеу және олардың ғылыми тағылымдамалардан өту қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

33) ғылыми атақтар (қауымдастырылған профессор (доцент), профессор) беру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

34) еңбегіне ақы төлеу базалық қаржыландыру шеңберінде жүзеге асырылатын жетекші ғалымдарға қойылатын талаптарды әзірлейді және бекітеді;

35) философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесін алуға қорғалған диссертацияларды мемлекеттік тіркеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

36) ғылыми бағыттар сыныптауышын әзірлейді және бекітеді;

37) ұлттық ғылыми кеңестер туралы ережені әзірлейді және бекітеді;

2026.24.06. № 321-VIII ҚР Заңымен 37-1) тармақшамен толықтырылды (2026 ж. 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді)

37-1) ғылымның және ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландырудың бағыттары жөніндегі ұлттық ғылыми кеңестердің тізбесін әзірлейді және бекітеді;

38) апелляциялық комиссия туралы ережені әзірлейді және бекітеді;

39) ғылыми-техникалық кеңес туралы үлгілік ережені әзірлейді және бекітеді;

40) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды әдіснамалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады;

2026.24.06. № 321-VIII ҚР Заңымен 41) тармақша өзгертілді (2026 ж. 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

41) коммерцияландыру жобаларына мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама, сараптама жүргізу, сұралатын қаржыландыру көлемі сомасының негізділігіне бағалау жүргізу бойынша қазақстандық және шетелдік сарапшылар көрсететін қызметтер құнының әдістемесін әзірлейді және бекітеді;

42) ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын орындау және аяқтау сатыларында олардың іске асырылуына мониторингті жүзеге асыру туралы ережені әзірлейді және бекітеді;

43) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды гранттық қаржыландыруды қолдап отырудың көрсетілетін қызметтері құнын айқындау әдістемесін әзірлейді және бекітеді;

2026.24.06. № 321-VIII ҚР Заңымен 43-1) тармақшамен толықтырылды (2026 ж. 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді)

43-1) ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы венчурлік қаржыландыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

2026.24.06. № 321-VIII ҚР Заңымен 43-2) тармақшамен толықтырылды (2026 ж. 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді)

43-2) ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалардың сұралатын қаржыландыру көлемінің (құнының) экономикалық негізділігін бағалау әдістемесін әзірлейді және бекітеді;

2026.24.06. № 321-VIII ҚР Заңымен 43-3) тармақшамен толықтырылды (2026 ж. 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді)

43-3) ұлттық ғылыми кеңестер қараған ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалардың іске асырылуын мониторингтеу қорытындыларын бекітеді;

2026.24.06. № 321-VIII ҚР Заңымен 43-4) тармақшамен толықтырылды (2026 ж. 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді)

43-4) ұлттық ғылыми кеңестің шешіміне сәйкес ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалардың қаржыландыру көлемін (құнын) бекітеді;

44) осы Заңның және Қазақстан Республикасы заңнамасының мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;

45) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

 

7-бап. Салалық уәкілетті органның құзыреті

Салалық уәкілетті орган:

1) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет саласында ұсыныстар әзірлеуге және мемлекеттік саясатты, ғылым және ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру саласындағы ғылыми-технологиялық саясатты іске асыруға, тиісті салада ғылыми зерттеулер жүргізу жөніндегі жұмысты үйлестіруге қатысады;

2) тиісті салада іргелі және (немесе) қолданбалы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын қалыптастыруға қатысады;

3) ғылыми-техникалық кеңесті құрады және оның ережесін бекітеді;

4) бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды әзірлеуді ұйымдастырады және олардың тиісті салада іске асырылуын жүзеге асырады;

5) бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын, тиісті салада орындалған ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар жөніндегі есептерді бекітеді;

6) ұлттық ғылыми кеңестердің құрамдарына қосу үшін кандидатуралар бойынша ұсыныстарды уәкілетті органға енгізеді;

7) базалық қаржыландыру субъектілері мен іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдардың тізбелерін қалыптастыру жөніндегі ұсыныстарды уәкілетті органға енгізеді;

8) ғылымды қаржыландыру қағидаларын әзірлеуге қатысады;

9) тиісті саладағы ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға жәрдемдесу бағдарламаларының іске асырылуына мониторингті жүзеге асырады;

10) мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу қағидаларын әзірлеуге қатысады;

11) ұлттық ғылыми кеңестер туралы ережені әзірлеуге қатысады;

12) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

 

8-бап. Астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының ғылым, ғылыми-техникалық қызмет саласындағы құзыреті

Астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары ғылым, ғылыми-техникалық қызмет саласында:

1) өңірде ғылымды дамытудың басым бағыттарын айқындайды және өңірде іске асырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды қаржыландыруды ұйымдастырады;

8-баптың 2) тармақшасы 2025 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді

2) ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласында ұсыныстар әзірлеуге және мемлекеттік саясатты іске асыруға, өңірде қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізу жөніндегі жұмысты үйлестіруге қатысады;

3) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру саласындағы мемлекеттік саясатты тиісті аумақта жүргізуді қамтамасыз етеді;

4) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын қаржыландыру үшін жеке кәсіпкерлік субъектілерінің гранттары мен инвестицияларын тарту бойынша жәрдем көрсетеді, оларды қоса қаржыландыруға қатысады;

5) өнім шығаруды және (немесе) жаңа технологияларды ендіруді жүзеге асыратын бірлескен өндірістер құру мақсатында жеке кәсіпкерлік, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерімен өзара іс-қимыл жасауын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды жүзеге асырады;

6) жеке кәсіпкерлік (оның ішінде шетелдік субъектілердің), квазимемлекеттік сектор субъектілерінің ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерімен өзара іс-қимыл жасауын қамтамасыз ету үшін астанада, облыстарда және республикалық маңызы бар қалаларда ғылым жөніндегі кеңестерді құрады;

7) қызметі ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру (практикада қолдану) болып табылатын заңды тұлғаларды, оның ішінде стартап-компанияларды құруға және (немесе) олардың жарғылық капиталына қатысады;

8) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға жәрдемдесу бағдарламаларының іске асырылуына мониторингті жүзеге асырады;

9) уәкілетті органмен және салалық уәкілетті органдармен бірлесіп, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды әдістемелік қамтамасыз етуге қатысады;

10) ғылымды дамытудың басым бағыттары жөнінде ұсыныстар енгізеді;

8-баптың 11) тармақшасы 2025 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді

2026.12.06. № 309-VIII ҚР Заңымен 11) тармақша өзгертілді (2026 ж. 13 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

11) астананың, облыстың және республикалық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының мемлекеттік тапсырысы шеңберінде қолданбалы ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар әзірлеуді, оның ішінде ғылыми жетекшілердің басшылық етуімен орта білім беру ұйымдарындағы білім алушыларды қатыстыра отырып әзірлеуді және олардың іске асырылуын жүзеге асыруды ұйымдастырады;

8-баптың 12) тармақшасы 2025 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді

12) астананың, облыстың және республикалық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының мемлекеттік тапсырысы шеңберінде орындалған қолданбалы ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар жөніндегі есептерді бекітеді.

2026.24.06. № 321-VIII ҚР Заңымен 12-1) тармақшамен толықтырылды (2026 ж. 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді)

12-1) ғылыми қалашықтың даму стратегиясын келіседі;

2026.24.06. № 321-VIII ҚР Заңымен 12-2) тармақшамен толықтырылды (2026 ж. 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді)

12-2) ғылыми қалашықтың даму стратегиясын іске асыру туралы есепті жыл сайын әзірлейді;

8-баптың 13) тармақшасы 2025 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді

13) Қазақстан Республикасының заңнамасында жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде жүзеге асырады.

8-баптың екінші бөлігі 2025 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді

Астананың, облыстың және республикалық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының мемлекеттік тапсырысы шеңберінде қолданбалы ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды қаржыландыру және олар бойынша есептерді бекіту тәртібі ғылымды қаржыландыру қағидаларына сәйкес белгіленеді.

 

 

3-тарау. ҒЫЛЫМИ ЖӘНЕ (НЕМЕСЕ) ҒЫЛЫМИ-ТЕХНИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ СУБЪЕКТІЛЕРІ

 

9-бап. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері

1. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері болып табылады.

2. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілеріне шығармашылық еркіндікке, жосықсыз бәсекелестіктен қорғауға, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметке қатысуға, оның ішінде бюджет қаражаты есебінен және Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де көздерден қаржыландырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларға арналған конкурстарға қатысуға тең құқыққа кепілдік беріледі және олар қамтамасыз етіледі.

3. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерінің Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен және шарттарда зияткерлік меншік объектілерін сату немесе сатуға ұсыну құқығын қоса алғанда, оларды пайдалануға құқығы бар.

4. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерінің ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатерді болғызбау жөніндегі қызметі Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

5. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерінің ғылыми және өндірістік қызметте пайдаланылатын патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдердің ұлттық және жұмыс коллекцияларын қалыптастыру, жүргізу және күтіп-бағу жөніндегі қызметі Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздік саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

6. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері болып табылатын, халықаралық шарттар шеңберінде іске асырылатын іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің ғылыми, ғылыми-техникалық жобалары мен бағдарламаларын жүзеге асыратын заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен ғылыми-білім беру консорциумдарын құруға құқылы.