«Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі» Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 9 қаңтардағы № 253-VIII Кодексі

Предыдущая страница

3) мемлекеттік инвестициялар есебінен құрылыстағы баға белгілеу және құрылыс объектілерін салу саласындағы экономика бойынша ғылыми зерттеулерді ұйымдастырады;

4) Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасын әзірлеуді және түзетуді (жаңартып отыруды) ұйымдастырады;

5) аумақты дамытудың өңіраралық схемаларын әзірлеуді және түзетуді (жаңартып отыруды) ұйымдастырады және Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітуге енгізеді;

6) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінде Қазақстан Республикасының әлеуетін басым пайдалану туралы Қазақстан Республикасы заңнамасы талаптарының орындалуын бақылауды жүзеге асырады;

7) құрылыстағы бағаны белгілеу жөніндегі мемлекеттік нормативтік құжаттарды әзірлеуді ұйымдастырады және бекітеді;

8) құрылыстағы бағаны мониторингтеу үшін құрылыс материалдарын, бұйымдарын, конструкцияларын, жабдықтарын өндіруді (дайындауды) және беруді жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілерінің тізбесін қалыптастыру және жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

9) мемлекеттік инвестициялар есебінен құрылыс объектілерін салу құнын айқындау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

10) жаңа ғимараттар мен құрылысжайларды, олардың кешендерін, инженерлік және көліктік коммуникацияларды салуға, сондай-ақ бұрыннан барларын өзгертуге (реконструкциялауға, кеңейтуге, техникалық қайта жарақтандыруға, жаңғыртуға және күрделі жөндеуге) арналған құрылыс жобаларының ведомстводан тыс кешенді сараптамасын жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

11) мемлекеттік инвестициялар есебінен құрылыс объектілерін салуға арналған жобалау-сметалық құжаттаманы бекіту тәртібін айқындайды;

12) қала құрылысы жобаларының кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

13) құрылыс жобаларының ведомстводан тыс кешенді сараптамасын жүргізуге үміткер заңды тұлғаларды аккредиттейді;

14) цифрландыру саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп, Қазақстан Республикасының аумағында жылжымайтын мүлік объектілерінің мекенжайын белгілеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

15) ерекше реттеудің және (немесе) қала құрылысын регламенттеудің жекелеген объектілерін салуға арналған жобалау-сметалық құжаттаманы кезең-кезеңімен әзірлеу мен келісудің жеке жоспарларын бекітеді;

16) осы Кодекске және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асырады;

17) инженерлік-геологиялық іздестірулерді жүзеге асыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

18) мемлекеттік қала құрылысы кадастрын құрады, оның жүргізілуін бақылауды жүзеге асырады;

19) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектілерінің, сондай-ақ мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргізуді жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорынның қызметін нормативтік-техникалық және әдіснамалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады;

20) сәулет-жоспарлау тапсырмасын және келісілген эскиздік жобаны кері қайтарып алуды және (немесе) оның күшін жоюды жүзеге асырады;

21) Қазақстан Республикасы заңнамасының, мемлекеттік нормативтік құжаттардың нормаларын, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінде белгіленген шарттар мен шектеулерді жол берілген бұзушылықтарға және олардан ауытқуларға байланысты бұзушыларға шаралар қолдану туралы шешім қабылдайды;

22) мемлекеттік құрылыс инспекторларын аттестаттайды;

23) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы лицензияланатын қызмет түрін жүзеге асыруға қойылатын біліктілік талаптарын бекітеді;

24) мемлекеттік және өңіраралық маңызы бар аумақтарды қала құрылысына игеру кезінде аумақтар мен табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды өткізеді;

25) құрылыс салуды ұйымдастыру және құрылыс саласындағы рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидаларын бекітеді;

26) тапсырыс берушінің қызметін ұйымдастыру және функцияларын жүзеге асыру қағидаларын бекітеді;

27) құрылыс жобаларының ведомстводан тыс кешенді сараптамасын, сондай-ақ қала құрылысы жобаларының кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу жөніндегі жұмыстардың құнын айқындау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

28) бірінші және екінші жауапкершілік деңгейіндегі объектілердегі ғимараттардың және құрылысжайлардың сенімділігі мен орнықтылығын техникалық қадағалау және техникалық зерттеп-қарау жөніндегі инжинирингтік көрсетілетін қызметтер мен сараптама жұмыстарын жүзеге асыратын заңды тұлғаларды аккредиттеу жөніндегі қағидалар мен рұқсат беру талаптарын әзірлейді және бекітеді;

29) бірінші және екінші жауапкершілік деңгейіндегі объектілердегі ғимараттардың және құрылысжайлардың сенімділігі мен орнықтылығын техникалық қадағалау жөніндегі инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді және техникалық зерттеп-қарау жөніндегі сараптама жұмыстарын жүзеге асыратын заңды тұлғаларды аккредиттейді;

30) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы жобаларды басқаруды жүзеге асыратын заңды тұлғаларды аккредиттеу жөніндегі қағидаларды әзірлейді және бекітеді;

31) «бір терезе» қағидаты бойынша жобаларды әзірлеу және олардың сараптамасын ұйымдастыруға арналған порталды жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

32) бұзылуы жедел ден қою шараларын қолдануға алып келетін талаптардың тізбесін айқындайды, сондай-ақ осы шараның қолданылу мерзімін (қажет болған кезде) көрсете отырып, талаптарды нақты бұзушылықтарға қатысты жедел ден қою шарасының нақты түрінің талабын айқындайды.

Бұзылуы жедел ден қою шараларын қолдануға алып келетін талаптардың тізбесіне Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 143-бабына сәйкес мемлекеттік бақылау нысанасы болып табылатын талаптар енгізіледі;

33) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын таңдайды;

34) «толық бітіріп берілетін» құрылыс жобаларын іске асыру тәртібін айқындайды;

35) дизайн-кодты әзірлеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

36) құрылыс жобаларының ведомстводан тыс кешенді сараптамасын жүзеге асыратын сараптама ұйымдарының басшыларына қойылатын талаптарды бекітеді;

37) жобалау саласында консультациялық қызметтер көрсету тәртібі мен құнын айқындайтын қағидаларды әзірлейді және бекітеді;

38) құрылыс объектілерінің техникалық күрделілігін айқындау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

39) қала құрылысы жобаларын (елді мекендердің бас жоспарларын, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын) әзірлеу, келісу және бекіту қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

40) сертификаттау құқығына конкурс өткізу қағидаларын және сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мамандарды (сарапшыларды) сертификаттау құқығына арналған шарттың үлгілік нысанын әзірлейді және бекітеді;

41) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мамандарды (сарапшыларды) сертификаттау құқығына конкурс ұйымдастырады және өткізеді;

42) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мамандарды (сарапшыларды) сертификаттау құқығына конкурсқа қатысушыларға қойылатын біліктілік талаптарын әзірлейді және бекітеді;

43) сертификаттауды өткізу тәртібін және сертификаттаудан өтуге үміткер кандидаттарға қойылатын біліктілік талаптарын әзірлейді және бекітеді;

44) сертификаттау орталығының үлгілік жарғысын әзірлейді және бекітеді;

45) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымдардың бағыттарын айқындайды;

46) қала құрылысы жобаларын, жобалау алдындағы және жобалау-сметалық құжаттаманы, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі объектілерін мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесінде тіркеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

47) мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргізу және одан ақпаратты және (немесе) мәліметтерді беру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

48) құрылыс жобаларының ведомстводан тыс кешенді сараптамасы, сондай-ақ қала құрылысы жобаларының кешенді қала құрылысы сараптамасы бойынша сараптама қорытындыларын ресімдеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

49) құрылыс жобаларының ведомстводан тыс кешенді сараптамасына, сондай-ақ қала құрылысы жобаларының кешенді қала құрылысы сараптамасына қатысу үшін сараптама комиссияларын (сараптама топтарын) құру және мамандарды (сарапшыларды) (мамандандырылған институттар мен ұйымдарды) тарту қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

50) сараптама ұйымдарын аккредиттеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

51) «бір терезе» қағидаты бойынша құрылысты жүргізуді ұйымдастыруға арналған портал мен цифрлық жүйелерді жүргізу тәртібін айқындайтын қағидаларды әзірлейді және бекітеді;

52) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы нормативтік құқықтық актілерді, нормативтік және әдіснамалық құжаттарды әзірлейді және бекітеді;

53) сәулет, қала құрылысы, құрылыс және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауы істері жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың қызметіне Қазақстан Республикасының заңнамасымен оларға жүктелген функцияларды тиісінше орындау бөлігінде бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады;

54) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы лицензиялардың тізілімін жүргізеді;

55) сәулет, қала құрылысы, құрылыс және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауы істері жөніндегі жергілікті атқарушы органдарға нұсқамалар береді және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген әкімшілік ықпал ету шараларын қолданады;

56) мемлекеттік инспекторлардың құрылыс саласындағы қызметті тоқтата тұру туралы актісінің нысандарын әзірлейді және бекітеді;

57) мемлекеттік қала құрылысы кадастрының дерекқорына енгізу үшін ақпарат және (немесе) мәліметтер беру мәселелері бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдардың іс-қимылдарын үйлестіреді;

58) сәулет, қала құрылысы, құрылыс және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауы істері жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың қызметіне бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

59) сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын мемлекеттік құрылыс инспекторларын аттестаттаудан өткізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

60) салынып жатқан (салынуы белгіленген) объектілер мен кешендерге мониторинг жүргізу тәртібін айқындау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

61) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мемлекеттік саясатты жүргізу кезінде орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметіне басшылық жасауды және іс-қимылдарын үйлестіруді жүзеге асырады;

62) қалалар мен елді мекендердің аумағын абаттандырудың үлгілік қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

63) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мемлекеттік нормативтік құжаттарды әзірлейді және бекітеді;

64) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы аккредиттелген ұйымдардың тізілімін жүргізеді;

65) бас сәулетшілер мен бас мемлекеттік құрылыс инспекторларына қойылатын біліктілік талаптарын келіседі;

66) Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасын әзірлеу, келісу және бекіту қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

67) аумақты дамытудың өңіраралық схемаларын әзірлеу, келісу және бекіту қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

68) құрылыс жобаларының мемлекеттік банкін қалыптастыру, жүргізу және үлгілік жобалар мен жобалау-сметалық құжаттаманы беру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

69) әзірленген және бекітілген қала құрылысы жобаларының (елді мекендерді егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының, дамыту және оларда құрылыс салу схемаларының) Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасының талаптарына сәйкестігін бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады;

70) республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ерекше мәртебесі бар облыстық маңызы бар қаланың сәулеттік келбетін қалыптастыру және қала құрылысына жоспарлау қағидаларын келіседі;

71) ғимараттардың және құрылысжайлардың сенімділігі мен орнықтылығын техникалық зерттеп-қарауды жүзеге асыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

72) құрылыс объектілерін кейіннен кәдеге жарату (сүру) жөніндегі жұмыстар кешенін жүргізуге шешім беру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

73) жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу және жылжымайтын мүлікті мемлекеттік техникалық зерттеп-қарау саласындағы қызметті мемлекеттік реттеуді және бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органмен келісу бойынша құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алу актісінің нысандарын әзірлейді және бекітеді;

74) құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы және орындалған жұмыстардың құрылыс жобасына сәйкестігі туралы қорытындылардың, сәйкестік туралы декларацияның нысандарын әзірлейді және бекітеді;

75) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

 

25-бап. Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана мәслихаттарының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметіндегі құзыреті

1. Облыстардың мәслихаттары:

1) елді мекенді дамыту тұжырымдамасын (мастер-жоспарын), халқының есептік саны бір жүз мың тұрғыннан асатын облыстық маңызы бар қалалардың бас жоспарының жобасын және оның түзетуін келіседі;

2) облыс, аудандар аумағын қала құрылысына жоспарлаудың облыс әкімдігі ұсынған кешенді схемаларын бекітеді;

3) халқының есептік саны бір жүз мың тұрғынға дейінгі облыстық маңызы бар қалалардың бас жоспарларын және олардың түзетуін бекітеді;

4) облысты абаттандыру және инженерлік жағынан қамтамасыз ету қағидаларын, сондай-ақ тұрғын үй қорын, тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы өзге де құрылыс объектілерін, инженерлік коммуникацияларды сақтау және күтіп-ұстау қағидаларын бекітеді;

5) облыс әкімдігі ұсынған, Қазақстан Республикасының орман қорына кірмейтін жасыл екпелерді облыстың елді мекендерінің шекаралары шегінде жасау, күтіп-ұстау және қорғау қағидаларын бекітеді;

6) тұрғынжайды реновациялау бағдарламасын бекітеді;

7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету жөніндегі өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

2. Республикалық маңызы бар қалалардың, астананың мәслихаттары:

1) қаланы дамыту тұжырымдамасын (мастер-жоспарын), қаланың бас жоспарының жобасын, қала шегін және қала маңындағы аймақтың шекараларын, сондай-ақ қала аудандарының шекараларын белгілеу және өзгерту жобаларын келіседі;

2) қала әкімдігі ұсынған, қаланы абаттандыру және инженерлік жағынан қамтамасыз ету қағидаларын бекітеді;

3) қаланы абаттандыру және инженерлік жағынан қамтамасыз ету қағидаларын, сондай-ақ тұрғын үй қорын, тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы өзге де құрылыс объектілерін, инженерлік коммуникацияларды сақтау және күтіп-ұстау қағидаларын бекітеді;

4) сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органмен келісілген, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың сәулеттік келбетін (елді мекеннің құрамдас бөліктерін) қалыптастыру және оларды қала құрылысына жоспарлау қағидаларын бекітеді;

5) қала әкімдігі ұсынған, Қазақстан Республикасының орман қорына кірмейтін жасыл екпелерді қала шекаралары шегінде жасау, күтіп-ұстау және қорғау қағидаларын бекітеді;

6) тұрғынжайды реновациялау бағдарламасын бекітеді;

7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету жөніндегі өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

 

26-бап. Облыстық маңызы бар қалалар мәслихаттарының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметіндегі құзыреті

1. Халқының есептік саны бір жүз мың тұрғыннан асатын облыстық маңызы бар қаланың мәслихаттары:

1) қала шегі мен қала маңындағы аймақтың шекараларын, ведомстволық бағынысты елді мекендердің шекараларын белгілеу және өзгерту жобаларын келіседі;

2) кешенді қала құрылысы сараптамасынан өткен қала құрылысы жобаларын, сондай-ақ қала аумағын абаттандыру және инженерлік жағынан қамтамасыз ету қағидаларын бекітеді;

3) халқының есептік саны бір жүз мың тұрғыннан асатын облыстық маңызы бар қаланың әкімшілік бағынысындағы тұрғын үй қорын, тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы өзге де құрылыс объектілерін, инженерлік коммуникацияларды сақтау және күтіп-ұстау қағидаларын бекітеді;

4) сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органмен келісілген, Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ерекше мәртебесі бар облыстық маңызы бар қаланың сәулеттік келбетін (елді мекеннің құрамдас бөліктерін) қалыптастыру және оны қала құрылысына жоспарлау қағидаларын бекітеді;

5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету жөніндегі өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

2. Халқының есептік саны бір жүз мың тұрғынға дейінгі облыстық маңызы бар қаланың мәслихаттары:

1) елді мекеннің (халқының есептік саны бір жүз мың тұрғынға дейінгі облыстық маңызы бар қаланың) бас жоспарының жобасын, қала шегін және қала маңындағы аймақтың шекараларын белгілеу және өзгерту жобасын келіседі;

2) қаланы және қала маңындағы аймақты абаттандыру және инженерлік жағынан қамтамасыз ету, сондай-ақ халқының есептік саны бір жүз мың тұрғынға дейінгі облыстық маңызы бар қаланың әкімшілік бағынысындағы тұрғын үй қорын, тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы өзге де құрылыс объектілерін, инженерлік коммуникацияларды күтіп-ұстау қағидаларын бекітеді;

3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету жөніндегі өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

 

27-бап. Аудан мәслихаттарының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметіндегі құзыреті

Аудан мәслихаттары:

1) аудандық маңызы бар қалаларды дамытудың және оларда құрылыс салудың қала құрылысы жобаларын, оның ішінде халқының саны бес мың адамнан асатын ауылдық елді мекендердің бас жоспарларын, халқының саны бес мың адамға дейінгі елді мекендерді дамыту және оларда құрылыс салу схемаларын (оңайлатылған бас жоспарын) бекітеді;

2) инженерлік жағынан қамтамасыз ету және коммуникациялар схемаларын бекітеді;

3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету жөніндегі өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

 

28-бап. Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдіктерінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметіндегі құзыреті

1. Облыс әкімдіктерінің құзыретіне мыналар жатады:

1) облыстың, аудандардың аумақтарын қала құрылысына жоспарлаудың кешенді схемасын, облыс аумағындағы елді мекендердің белгіленген тәртіппен бекітілген бас жоспарларын іске асыру жөніндегі қызметті үйлестіру;

2) сәулет, қала құрылысы және құрылыс, құрылыс индустриясының өндірістік базасын дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

3) кейіннен Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітуге ұсыну үшін халқының есептік саны бір жүз мың тұрғыннан асатын облыстық маңызы бар қаланың бас жоспарының жобасын облыстық мәслихатқа келісу үшін енгізу;

4) облыстық мәслихатпен келісілген, халқының есептік саны бір жүз мың тұрғыннан асатын облыстық маңызы бар қалалардың бас жоспарларын әзірлеуді ұйымдастыру және Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекіту үшін ұсыну;

5) облыстардың, аудандардың аумақтарын қала құрылысына жоспарлаудың кешенді схемаларын, сондай-ақ халқының есептік саны бір жүз мың тұрғынға дейінгі облыстық маңызы бар қалалардың мәслихаттарымен келісілген және кешенді қала құрылысы сараптамасынан өткен, халқының есептік саны бір жүз мың тұрғынға дейінгі облыстық маңызы бар қалаларды дамытудың бас жоспарларының жобаларын және олардың түзетулерін әзірлеуді ұйымдастыру және облыстық мәслихатқа бекітуге ұсыну;

6) екі және одан көп облыстың аумақтарын (не олардың бөліктерін), агломерацияны аумақты дамытудың өңіраралық схемаларының жобаларын келісу;

7) аумақтарды абаттандыру және инженерлік жағынан қамтамасыз ету қағидаларын, сондай-ақ тұрғын үй қорын, тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы өзге де құрылыс объектілерін, инженерлік коммуникацияларды сақтау және күтіп-ұстау қағидаларын облыстық мәслихатқа бекіту үшін ұсыну;

8) Қазақстан Республикасының орман қорына кірмейтін жасыл екпелерді облыстың елді мекендерінің шекаралары шегінде жасау, күтіп-ұстау және қорғау қағидаларын облыстық мәслихатқа бекіту үшін ұсыну;

9) республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бас жоспарларының жобаларын облыс аумағы, резервтік аумақтар, қала маңындағы аймақ, сондай-ақ олар ықпал ететін аймаққа жатқызылған өзге де аумақтар есебінен оларды дамыту бөлігінде келісу;

10) халқының есептік саны бір жүз мың тұрғыннан асатын облыстық маңызы бар қалалардың бас жоспарларының жобаларын келісу;

11) аумақта жоспарланып отырған құрылыс салу не өзге де қала құрылысы өзгерістері туралы халыққа хабар береді;

12) кешенді қала құрылысы сараптамасынан өткен қала құрылысы жобаларын бақылау және іске асыру;

13) аумақта құрылыс салу, құрылыс объектілерін, инженерлік және көліктік коммуникацияларды кеңейту, техникалық қайта жарақтандыру, жаңғырту, реконструкциялау (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау, қайта бейіндеу), реставрациялау және күрделі жөндеу туралы, сондай-ақ аумақты инженерлік жағынан дайындау, абаттандыру және көгалдандыру, құрылысы аяқталмаған объектілерді консервациялау, облыстық маңызы бар құрылыс объектілерін кейіннен кәдеге жарату жөніндегі жұмыстар кешенін жүргізу туралы шешім қабылдау;

14) облыстық маңызы бар құрылыс объектілерін сүру туралы актілерді есепке алуды және тіркеуді жүргізу;

15) халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін қолжетімділіктің қамтамасыз етілуін міндетті түрде ескере отырып, құрылыс объектілерін пайдалануға қабылдап алу актілерін есепке алуды жүргізу;

16) облыс аумағында мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың жұмысына жәрдем көрсету;

17) мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесін толықтыру, сондай-ақ оны мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде пайдалану үшін ақпарат және (немесе) мәліметтер енгізу;

18) жер учаскелерін бөліп беру және олардың нысаналы мақсаттарын өзгерту бойынша ай сайынғы есептерді сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органға ұсыну;

19) сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен салынып жатқан (салынуы белгіленген) құрылыс объектілері мен кешендерінің мониторингін жүргізу;

20) халықаралық және республикалық деңгейдегі жарыстарды өткізуге арналған спорт құрылысжайларын жобалауға арналған техникалық ерекшелік пен техникалық тапсырманы аккредиттелген ұлттық спорт федерацияларымен келісу;

21) мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыру, құрылыс объектілерінде сәулет-қала құрылысы тәртібін бұзушыларға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген әкімшілік ықпал ету шараларын қолдану;

22) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында лицензиялауды жүзеге асыру;

23) Қазақстан Республикасы заңнамасының, мемлекеттік нормативтік құжаттардың нормаларын, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында белгіленген талаптар мен шектеулерді жол берілген бұзушылықтарға және олардан ауытқуларға байланысты бұзушыларға Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген шараларды қолдану туралы шешімдер қабылдау;